Қабылдаудың негізгі қасиеттері Қабылдаудың заттық тектілігі. Қабылдаудың бұл қасиеті оның объектив болмыстық көрінісімен түсіндіріледі, яғни сыртқы дүниеден алынатын ақпарат көзі осы объектив дүниенің өзінде болуы. Заттай қабылдау адамның тума қасиеті емес, ол өмір бойы қалыптасып, іс-әрекеттің барша саласында бағыттау-реттеу қызметін атқарады. Қоршаған дүниені заттай тану сол затпен жанасу барысындағы қозғалыс процестерінің негізінде орнығады (И. М. Сеченов). Қозғалыс болмаған жерде біздің қабылдауымыз заттық қасиетінен айрылып, сыртқы ортамен байланысқа келе алмаған болар еді.
Қабылдаудың заттық негізді болуы әрекет-қылықты реттеуде үлкен маңызға ие. Әдетте, біз нақты нысанды басқалардан түрі мен сипатына қарай бөлмейміз, біз үшін бұл жағдайда ең қажеттісі оның тұрмыстық қажеттілікке жарайтын негізгі қасиеттері. Мысалы, пышақ кесуге жараса – пышақ, болмаса әншейін металл. Қабылдаудағы басты міндет осы қасиеттерді тану.
Қабылдаудың тұтастығы.Түйсік, жоғарыда айтқанымыздай, заттардың жеке қасиеттерінен ақпарат жинауға қажет, ал қабылдау да сол заттардың қарапайым бөлшектері жөніндегі біліктерді біріктіру арқылы тұтастай бейне жаратамыз.
Түйсік құрайтын бөліктер өзара өте тығыз әрі күшті байланысқан, мұны біз сезім мүшелерімізге кейбір заттардың бір қасиеті немесе бөлігі ғана әсер етуден-ақ біздің санамызда сол заттың күрделі бейнесі туындайды (мақпал, мәрмәр тас). Мұндай танымның негізінде біздің бұрынғы тәжірибемізде көру мен сипай сезу арасындағы шартты рефлексті қалыптасқан байланыстар жатыр.
Тұтастық – қабылдаудың құрылымды болуымен байланысты. Қабылдау көп жағдайда біздің мезеттік түйсінулерімізге тура келе бермейді әрі сол түйсіктердің қарапайым косындысынан жасалмайды. Адам, әдетте, нақты түйсінуден дербестеніп, дерексізденген қорытынды құрылымды қабылдайды, ал бұл қорытындыға келу біршама уақыт өтуін талап кылады. Егер сіз қандай да бір әуенді тыңдай қалсаңыз, алғашқы естіген нотаңыз келесі нота берілгенше құлағыңыздан кетпей қояды. Әдетте, тыңдаушы үшін ән-күй бірінен соң бірі келетін ноталарымен емес, біртұтас әуенімен мәнді.
Қабылдаудың тұтастығы мен құрылымдығы бейнеленуші қоршаған дүние нысандарының шындыққа сай өзіндік ерекшеліктерінен туындайды.