Лекция 9 Л54 Лингвистикадағы ғылыми зерттеу негіздері : «Аударма ісі»


Жалпы тіл білімі және жеке тіл білімі



бет3/8
Дата10.12.2023
өлшемі33,98 Kb.
#136821
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8
Жалпы тіл білімі және жеке тіл білімі
Зерттеу мақсатына қарай тіл білімі жалпы және жеке болып екіге бөлінеді. Жалпы тіл білімі адам баласының тілі, тілдің даму заңдылықтары, тіл элементтерінің өзара қатынасы, тілді зерттеудің әдіс-тәсілдері т.с.с. мәселелерді зерттеумен айналысады.
Жалпы тіл білімі – жалпы тілдерге ортақ, универсалды мәселелерді зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Жалпы тіл білімі тілдің мәні мен қызметін, оның пайда болу заңдылықтары мен даму заңдарын айқындайды, тілді зерттеудің әдіс-тәсілдерін белгілейді, дүние жүзі тілдерінің шығу тегі мен туыстық дәрежесіне қарай оларға классификация жасайды, тілдің ғылымдар жүйесінде алатын орнын анықтайды.
Жеке тіл білімі нақты бір тілдің (мысалы: қазақ, орыс, ағылшын) немесе туыстас тілдердің (мысалы: башқұрт, ноғай тілдері) жүйесі мен құрылысын, оның даму заңдарын зерттейді. Жеке тіл білімі мен жалпы тіл білімінің зерттеу нысандары әртүрлі болғанмен, олардың арасында өзара байланыс бар. Жалпы тіл білімі көптеген тілдердің зерттеу нәтижелерін есепке алып, оларды жинақтап, жалпы теориялық қорытындылар мен топшылаулар жасайды. Жалпы тіл білімінің теориялық қорытындылары мен топшылаулары жеке тілдерді зерттеуге бағыт-бағдар береді. Жеке тіл білімі жалпы тіл білімінің теориялық қағидаларына сүйеніп, ол қағидаларды зерттеу жұмыстарына негіз етіп алады.

Диахрониялық және синхрониялық тіл білімдері
Тіл білімі тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын, оның тарих бойында өзгеруі мен дамуын зерттейді. Тіл, тілдік құрылым уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отырады. Сондықтан да, оны зерттегенде оған тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан қарау жеткіліксіз, сонымен қатар тілге оның шығу тегі, дамуы тұрғысынан да қарау қажет.
Тарихи тіл білімі – тіл тарихы туралы ғылым. Зерттеу нысанасы – бүкіл тіл жүйесіндегі тарихи өзгерістер. Тілді шығу тарихы мен тарихи даму тұрғысынан зерттейтін тіл білімі диахрониялық тіл білімі деп аталады. Тілдегі құбылыстардың шығу тегін, тарихи өзгеруі мен дамуын білу оның қазіргі күйін, қыр-сырын жете танып білуге мүмкіндік береді.
Тілді белгілі бір дәуірдегі қалпы тұрғысынан зерттеп, сипаттама беретін тіл білімі синхрониялық тіл білімі деп аталады. Синхрония бойынша бір мезгілде қатар өмір сүруші құбылыстардың арасындағы қатынастар қарастырылады. Тілді зерттегенде ондағы құбылыстарды диахрониялық тұрғыдан да, синхрониялық тұрғыдан да қарастыру қажет және ол өте маңызды болып табылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет