Лекция Қазақ тілі фонетикасының зерттелу тарихы Қарастырылатын мәселе



бет13/15
Дата13.02.2023
өлшемі112,31 Kb.
#67355
түріСабақ
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
Байланысты:
lektsiyalar

Қазақ жазуы мен емлесінің дамуы.
Қарастырылатын мәселелер:
1.Жазудың маңызы.
2.Қазақ әліпбиі.
3.Қазақ жазуы мен емлесіне байланысты қалыптасқан пікірлер.
Қазақ жазуы мен емлесінің дамуы.
Жазу өте ерте заманда жасалып, ұзақ тарихи даму кезеңдерден өтті. Даму барысында жетілумен бірге оның принциптері де өзгеріп отырды. Оның себебі, қай кез болмасын, жазуда сөздің дыбыстық жағын, яғни айтылу формасын дәл беру басшылыққа алынады. Тілдегі дыбыстар өте күрделі құбылыс. Оның айтылуындай етіп ешбір графика дәл бере алмайды. Сондықтан, айту мен жазу арасында алшақтықтар туындап, уақыт өте ол алшақтықтар тілдің табиғатына, дамуына өзінің кері әсерін тигізеді.
Қазіргі қазақ емле ережесінің тарихына көз жіберсек, оның іргесі 1940 ж. кириллицаға көшкен кезде қаланды. Қазақ тілі емлесінің осы жазу бойынша түзілген қағидаларының 15-16 жылдық тәжірибеден кейін келе-кетігі ескеріліп, біршама реттелген нұсқасы 1957 жылы ұсынылып заңдастырылды, яғни үкімет тарапынан арнайы қаулы қабылданып, бекітілді.
Емле мен сауатты жазу нормалары да көпшілік талқысына көп түсетін болғандықтан, үнемі түзету, толықтыру сияқты жетілу процесін басынан кешіреді. Қазақ тілі емлесі де бұл процестен шеттеп қалмады. 1983 жылы қазақ емле ережелеріне біраз түзетулер мен өзгерістер енгізілген жаңа редакциясы ұсынылды. 1983 жылы 23 тамызда бекітілді. Бүгінгі кезге дейін қолданылып отырған сауатты жазу әрекетіміз осы қаулыға бағынып келе жатыр.
Басқа тілден енген сөздерді қабылдаушы тіл өзінің фонетикалық заңдылықтарына бағындырып қолдануы, көптеген тілдерге ортақ құбылыс. Қазақ тілінде орыс тілінен сөз ауысу процесі ертеректе басталғаны мәлім. Бодандықтың, сауда-саттықтың, қазақ жеріне орыс шаруаларының, әскери адамдарының қоныстануы нәтижесінде қазақтың сөйлеу тіліне біраз тұрмыс-салттық сөздер мен әкімшілікке қатысты атаулар кіре бастады, олар ауызекі тіл арқылы енді. Сондықтан: сәтен, пәуеске, бертін келе, ХІХ ғ. орыс инпериясының ел билеу, сот, әкімшілік, оқу-ағарту, мәдениет жүйесіне қатысты ояз, жандарал, болыс, сот, закон, зауыт сияқты сөздері де қазақи түрге еніп, қалыптасты. Бұл сөздер қазақ тілінің айтылу мен жазылу нормасында сол қалыптасып қалған тұлғалғрын сақтап жазылады, айтылады. Емленің бұл ережесіне ешкім таласпайды.
Талас тудырып отырған – ХХғ.2 жартысында күрт дамыған техника, космология, биология, т.б. ғылым салалары әкелген ағылшын, француз, неміс тілдерінен енген терминдік атаулар осы сөздерді қалай игеріп, қалайша жазып, қалайша дыбысталу тиіс деген сауалдың көтерілуі заңды. Себебі, бұл сөздерді бұл күнде орыс тіліндегі қалпын сақтап жазып, тіпті орысша дыбыстап та келді.
Халықаралық терминдер қазақ тіліне ХХ ғ. басынан бастап молынан ене бастады. 1929 жылы латын жазуына көшкен кезде қабылданған емле ережелеріміз бойынша басқа тілдегі енген сөздерді қазақша естілуінше, айтылуынша жазу тәртібі ұсынылды.
Дұрыс жазу ережелерін тұрақтандырып, нормаға айналдыруда ғылыми пікірталастар да жоқ емес.
1) Ерін үндестігін сақтау.
2) Кірме сөздерді не жіңішке, не жуан дауыстылармен таңбалау керек дейді.
Мысалы: (тәкәппәр, қызмет т.б.)
Тіл мәдениеті, сөйлеу шеберлігі, жазу сауаттылығы – ұлттық мәдениеттің көрсеткіші. Олай болса, кез-келген адам басқа тілден енген сөздерді өз еркімен аудара беруіне еркіндік беруге болмайды.
Р.Сыздықтың пікірі бойынша, орыс сөздерін аударуда, көпшілік қауымға түсінікті, қолданысқа қолайлы, мағынасы дәл келетін, яғни семантикалық сыйымдылығы көтеретін қазақша баламаларды алуға болады деген пікіріне біз де қосыламыз.
Орыс графикасының қазақ даласына алғаш танымал бола бастап, қолданысқа түсуіне көп ықпал еткен қазақтың тұңғыш педагогы Ы.Алтынсарин болды. Ы.Алтынсарин араб алфавитінен ғана емес, жазба әдебиетте жөнді-жөнсіз қолданылып жүрген, бірақ көпшілікке түсініксіз араб, парсы сөздерін бет алды қолдана беруден құтылудың жолын іздеп, нәтижесінде орыс графикасын практика жүзінде пайдаланды.
Қазақ әліпбиі сөз болғанда, А.Байтұрсынұлының есіміне соқпай өтуге болмайды. Ол 1895-1909 жылдар аралығында Ақтөбе, Торғай өңірінде ел ішінде әр сатылы мектептерде бала оқытумен айналыса жүріп, ағартушылық қызметпен де айналысады. Осы жылдары қазақ балалары тұтынған әліппе құралдардың кемшіліктері көп, осы олқылықтарды түзету мақсатында, ең алдымен, графика мәселесін, соның ішінде араб графикасын жөндеп қазақ тіліне лайықтауды қолға алды. Қазақ алфавитінің реформаторы атанған А.Байтұрсынұлы 1910 жылдан бастап қазақ жазуын жетілдірумен айналысты. 1912 жылы араб графикасына негізделген жаңа емле ұсынылды. «Төте жазу» деп аталды. 28 дыбыстан тұратын «Оқу құралы» тұңғыш әліппесі 1912 жылы Орынборда басылып шықты. «Тіл құрал» 3 бөлімнен тұратын оқулық.
Жиырмасыншы ғасырдың басында елімізде қаріп ауыстыру мәселесі күн тәртібінде өте маңызды мәселе болып көтерілгендігі белгілі. Себебі, графиканың әлеуметтік өмірде кең қолданыла бастағандықтан, ғасырдың ғасырға ауызша жеткізіп келе жатқан қазақ тілін графикаға көшіру мәселесі кезек күттірмейтін мәселе болды. Сонымен қатар, жаппай сауатсыздықты жою үкімет тарапынан қолдау тауып, қатаң бақылауға алғандықтан, қазақтың сауатын қай жазу түрінде ашып, бай сөздік қорын жазбаша қалай жеткізу мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Сол уақытта көкейтесті болып табылған бұл мәселеге қазақ интеллегенциясы үлкен мән беріп, өздерінің көзқарастарын «Ақ жол», «Еңбекшіл қазақ» газеттерінің беттерінде білдіріп отырған. Қазақ интеллегенциясы қазақ тілінің ауызша формасын жазбаша формасы дәл қалпында беру жағында, яғни емленің дұрыс болу мәселесін ойлады. Қазақ тіліне жаны ашып, емлеге қатысты шыншыл пікір білдіріп отырған қазақ оқығандарының ішінде А.Байтұрсынұлының есімімен бірге Н.Төреқұлов, Қ.Кемеңгеров, Е.Байдилдин, Ә.Алдоңғаров сынды қазақ оқығарын да атауға болады.
28 дыбыстан тұратын қазақ тілінің дыбыстық жүйесі кирилл графикасының негізінде құралған 42 әріптік әліпбиді қолданып келеді. Бұдан 42 әріптік әліпби, ең алдымен, орыс сөзінің дұрыс жазылуы талабынан туындаған, сондықтан 33+9 принципімен құралған. Мұндағы 33 әріп орыс әліпбиіне сәйкес келсе, қалған тоғыз әріп қазақ тіліне тән дыбыстарға сай келеді. Бұл әдіс Кеңес үкіметінің кезіндегі саясат бойынша жүздеген ұлттардың әліпбиі 33+N принципімен жасалған болатын. Бұл саясат бойынша орталық әліпби, ортақ тіл қолданылғандықтан, уақыт өте ортақ тілдің рөлі артып, ұлттық тілдер көлеңкеге ығыстырылып қалып қояды. Қолданыстағы 42 әріптік жүйе көптеген техникалық қолайсыздықтарды туғызумен қатар, қазақ сөзін дәлме-дәл бере алмайды. Мұны қазақ тілінің орфологиялық сөздігінен көруге болады. «Жазба әдебиеті жоқтық, біздің тіліміздің тазалығын сақтады» деп ХХ ғасырдың басында-ақ дөп басып айтылған Х.Досмұханбетұлының пікірінің шындығына бүгінде көз жеткізіп отырмыз. Жазу әдебиеті қалыптасқан кезден бастап қаймағы бұзыла бастаған тіліміз орыс графикасына көшкелі атадан балаға аманат болып келген, өзінің ерекше ұлы заңдылығымен толысып, дамып келген тіліміздегі сөздер дұрыс айтылмады. Қазақ тілінің айтылуы мен жазылуының арасындағы алшақтықтың туындауы, ана тіліміздің дамуының қазіргі кезден кейінгі кезеңіне зор нұқсан келтірері сөзсіз.
Қазақ әдеби тілінің өзіне тән айтылуы мен жазылуы бар. Күнделікті өмірде сөздің жазылуынан гөрі айтылуы көп қызмет атқаратынына кез келген адамның көзі анық жетеді. Бірақ, әдеби тілдің қалыптасып, дамуына, бүгінгі таңда, жазбаша тіл үлкен әсер етіп отырғандығын да білеміз. Кеңес үкіметінің қазақ даласына алғаш орнағандағы алғашқы қолға алған істері – қазақ даласын сауатсыздықтан арылту саясатын іске асырғаны. Қазақ елінің мәдениетін көтеру ме, болмаса, ұлттың ұлттығынан айырудың бастысы ана тілінен айырып, орыстандыру саясатынан келіп туындаған жағдай ма, оның ақ-қарасын тарих анықтай жатар, тілшілерге керекті басты нәрсе қазақ әдеби тілінің жазбаша формасын дамытуда орыс графикасын қолдану мәдени жағынан ілгерілеумен қатар, ұрпақтан-ұрпаққа мөлдір судай таза, жарға соққан толқындай екпінді, наркескендей өткір бабалар тіліне қиянат жасағанына да көзіміз жетіп отыр. Бүгінгі тарихи кезеңде өмір сүріп отырған кеудесінде қазақы жаны бар, қазақтың қаны бар әрбір азамат қазақ тіліне деген жауапкершілік жүгі мойнында тұрғанын, алдымыздағы ұрпақ алдында есеп беретін кездің де болатынын естен бір сәт те шығармауы керек.
Адамдар айтайын деген ойын бір-біріне ауызша да, жазба түрінде де жеткізе алады, орфография немесе емле, дұрыс жазу қағидаларын белгілейді. Ал дұрыс жазу нормаларының көздейтін негізгі мақсаты айтылмақ ойды жазба түрде дәл айқын жеткізіп беру. Әдетте, жазу жалпыға ортақ болғандықтан, оның ережелері де көпшілікке бірдей болып, қалың жұртшылықтың пайдалануына айналады. Сондықтан, емле ережелері әрі ортақ, әрі тұрақты болуға тиіс. Осыған орай, графиканы таңдау туралы мәселе егемендігімізді жариялаған 1991 жылы алғаш көтеріліп, содан бері әр түрлі беттерінде әр түрлі ұсыныстар мен жобалар жарияланып келеді.
Қазақ жазуын өзгертуге байланысты көзқарастарды үш топқа топтауға болады. Соның біріншісі – латын графикасына көшуді жақтайтындар, екіншісі, үйреншікті болған орыс графикасында қалуды жақтайтындар. Ал,үшінші топқа әр түрлі көзқарастағы және өзінің әліпбиін ұсынып отырған зерттеушілердің пікірлерін жатқызуға болады. Ә.Қайдаров жазуға байланысты пікірлердің екі мәселеге келіп тірелетіндігін көрсетеді. Олар: «1. Жазуды таңдап алу принципіне, оның тұтас және туыстас этностар үшін атқаратын қызметіне, қолданыс аясы мен таралу шегіне, сондай-ақ, бүгінгі қажеттілік пен болашағына қойылар талапқа байланысты мәселелер. 2. Әліпбидің тікелей өзіне қатысты (тіл табиғатына үйлесімділігі, бір-бірінен артықшылығы, дыбыстық, графикалық ерекшеліктері т.б.)». Осыған байланысты, қойылатын талаптар мен алғышарттарды академик былайша саралайды: «1. Жазу бір тілдің ғана емес, тегі бір туыстас бірнеше тілдердің мүддесіне сай қызмет етуі абзал. 2. Жазу бір халықтың әр жерде жасайтын өкілдеріне ортақ болуы. Өйткені, ол ұлттық тұтастықты сақтап қалудың бірден-бір кепілі». Ал жазуға қойылатын мынандай алғышарттарды атап көрсетеді: «Тілдің дыбыстық (фонетикалық) және мағыналық (фонематикалық) табиғаты мен таңбалау (графикалық), сандық ерекшеліктерінің үйлесімді де сәйкес болуын» басты мәселе етіп көрсетеді.
Жұмысымызда айтылғандай, дәстүрлі жазуды ауыстырған сайын қаржылай шығынды былай қойғанда, ұлттық дәстүр мен мәдени жалғастықтың уақытша болса да желісі үзіліп, сауаттылық дәрежесі төмендейтіні белгілі. Сондықтан, жазуды алмастыруға бет бұрған халыққа 50 жылдай қызмет еткен славян жазуы қалай қызмет етті, оны ауыстырудың объективті себептері қандай деген сұраққа жауапты Ә.Қайдаровтың еңбегінен табамыз:
«А) Бұл жазу, сөзсіз, бүгінгі Кеңестер Одағы халықтарының, әсіресе, бұрын жазу-сызуы болмаған ұлыстардың мәдениетін көтеруге игі ықпалын жасады, бірақ ол сол жұрттардың өз еркімен қалап алған жазуы емес, үстем саясаттың жоғрыдан міндеттеген, күшпен таңған жазу болатын;
Ә) Сондықтан да болар, ол әрбір тілдің өз ерекшеліктерін толықтай таңбалай алмады, туыс тілдердің басын қосып, жақындастырудың орнына олардың арасын ашып, алшақтата түсті;
Б) Алфавит таңбалары ұлт тілдерінің емес, орыс тілінің мүддесіне сай алынды, сол себептен де оның ішінде басы артық, керексіз әріптер көп болды;
В) Алфавиттің өзі де, оның негіздегі қағида, ережелер де ұлттық тілдер табиғатына, дамуына нұқсан келтірді (мысалы, қазақ тілінің түбір жүйесін, үндестік заңын, дыбыстар тіркесін табиғи қалпынан айырып, басқаша қалыптасуына себепкер болады), ең бастысы, жас ұрпақтың туған тілін терең түсінуіне кедергі жасады, т.б.;»
Адам қоғамында жазу көп, бірақ кемелденген жазу жоқ. Әрбір жазудың жетістіктерімен қатар, кемшіліктері де болады. Демек, жазудың қадір-қымбаты жеке (не бір топ) тіл тарапынан қойылатын талғам-талаптарға қай дәрежеде жауап беруіне байланысты анықталуы тиіс. Жазудың қасиет-белгілері өзара салыстырып қарағанда ғана айқындала түсетіні туралы Ә.Қайдаровтың пікіріне біз де қосыламыз. Академик қазақ жазуына қызмет еткен үш жазуды былайша өзара салыстырады (түсінікті болу үшін пікірін толық беріп отырмыз):
«1) Алфавиттегі әріп таңбаларының ана тіліміздегі фонемалардың санымен бірдей болуы керек; Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы реттеген араб әліппесі алғаш 28 таңбасынан (оның 8-і дауысты, 20-сы дауыссыз дыбыстар) құралып, кейін оған қосымша орыс-интернационалдық терминдерді дәл беру үшін тағы бес әріп (в,ф,х,ч,һ) қосылған болатын. 1929-1940 жылдары пайдаланған латын алфавитінде 30 әріп (оның 9-ы дауысты, 21-і дауыссыз дыбыс таңбалары) алынса, Шыңжаң Қазақтарының 1960-1980 жылдардағы қолданылған латын жазуында 37 әріп (9-ы дауысты, 28-і дауыссыз) де, төртеуі ханзу тілінің ыңғайына қарай алынған қос дыбысты (іһ, сһ, sh, ng) таңбалары еді. Ал орыс графикасы негізінде қабылданған қазақ алфавитінде 42 таңба (ондағы дауысты дыбыс таңбалары – 15, дауыссыздары – 27, оның ішінде қос дыбыстылары – 9, жіңішке, қатаң белгілері – 2) бар. Осының өзі-ақ тіл табиғатына тән дыбыстар мен оны таңбалаушы әріптер арасындағы сәйкестіктің бұзылуын көрсетіп тұр. Бір тілдің табиғатында үш-төрт түрлі көріністің бірде 28, бірде 37, бірде 42 таңба болуы әрине, заңды құбылыс емес. Демек, бұл жазудың біреуінде болмаса да, біреуінде кінәрат бар. Кейде төл дыбыстардың санынан алынған таңбалардың көп болуы сол тілдің қолданыс шеңберін, яғни басқа тілмен қарым-қатынасын (жетпейтін әріптерді алуы) саналы түрде ескеруге де байланысты. Бірақ онда да ол тек кейбір жалпы және қос дауыссыз дыбысты таңбалар (мысалы, ц, ч, ш, щ, ю, я) есебінен ғана көбеюі мүмкін.
Айта кету керек: тілдегі байырғы дыбыстарды нақтылы таңбалауда Анатолия түріктері қолданатын Латын алфавиті өзінің қайырымдылығымен назар аударады, онда бар болғаны 29 әріп алынып, оның 8-і дауысты, 21-і дауыссыз дыбысты таңбалайды. Біз таңдап отырған алфавиттің қайсысы болса да осы үлгіге мән бергені жөн.
1) Графемалар тілдегі фонемаларды (мағыналы дыбыстарды) әрі дәл, әрі нақты таңбалауы керек.
2) Бір таңбаға (графемаға) мүмкін болса, бір-ақ дербес фонема телінуі керек.
3) Ана тіліне жат қос дыбысты, тіпті үш дыбысты әріптерді қабылдаудан бас тартты.
4) Жазудың таңбалауға қолайлы, оқуға оңтайлы, үйренуге жеңіл болғаны абзал.
5) Жазуға қойылатын замана талабы оны техника негізінде (жазу машинкасы, компьютер, телеграмма, телекс, телефакс, линотип, т.б.) пайдалануды қалайды.
6) Аталмыш үш алфавиттік кемшіліктері мен жақсы қасиеттерін сарапқа салып, оларды тәптіштей зерттеп жүрген мамандар неше түрлі деректерді ортаңа салып, әдетте байқала бермейтін фактілерден қорытынды жасап, әр алуан пікір түйеді.
7) Ең соңғы айтарымыз: жазулардың түр-түрін білудің еш артықшылығы жоқ, бүгінгі жас ұрпаққа оның бірнешеуін білуге тура келеді».
Әр елдің дамуы мен өркендеуі, экономикасының өсуі сол елдің ғылымы мен техникасына және қоғамның ақпараттану деңгейіне тікелей байланысты. Ал, ғылым мен техниканың қолданатын негізгі графикасы – латын графикасы. Осыған байланысты ғалымдардың пікірлер негізінен латын графикасына көшу туралы болып отыр. Бұл туралы 2001 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің алғы сөзінде «Тегінде, бүгінгі саясат пен өмір талабына орай жаңа латын жазуын қабылдау идеясы жүзеге асатыны даусыз шындық (жаңа жазу заңды түрде күшіне енгеннен кейін де 5-6 не 6-7, тіпті 5-10 жыл ішінде бірте-бірте орнығатындығы, бұл кезеңде бұрынғы жазудың да тәжірибеде орын ала беретіні белгілі) деп жауапты редакторлығын басқарған ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, академик Р.Сыздық (сөздіктің төртінші басылымын құрастырушылар – А.Алдашева, А.Әбдірахманова, Б.Қалиев, А.Қалыбаева, Қ.Ниеталиева, Ұ.Салиева, Н.Уәлиұлы) жазды.
Латын графикасының ақпараттар әлеміндегі орны салмақты екенін ескерсек, бұл графиканы қабылдау арқылы Қазақстан ақпарат әлеміне кеңінен құлаш ұратынына күмән келтірсек те болады. Латын графикасына көшудің тағы бір тиімді тұсы бүкіл дүниежүзі танитындықтан, оқулықтарға зәру болып тұрған шетелдегі қазақ диаспорасына да қазақ тілін оқыту мәселесі өз шешімін табар еді.
Латын графикасының қазақ тілінің табиғатына үйлесімді келетінін академик Ә.Қайдаров мақаласында дәлелдеп шығады да, өзінің латын графикасының негізінде қабылдауға болатын қазақ алфавитінің жобасын ұсынады.
Тіл зерттеушісі С.Молжігіт қазақ тілінің дыбыстық жүйесін зерттеуші ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде 28 ғана дыбыс бар, олар 17 дауыссыз, 9 дауысты, 2 жартылай дауысты (й,у) және 4 дифтонг бар екенін айта келе, өзінің латын графикасын қазақ тіліне былайша бейімдеудің жолдарын ұсынады: 29 әріптік жоба бойынша дауысты дыбыстар үндестік заңының негізінде 4 жұпқа бөлінеді. Латын графикасында жоқ жіңішке ә, ө, ү дауыстыларын белгілеу үшін L, h таңбаларын енгізеді. Бұл дыбыстарды компьютерде орнату қолайлы.
«Ағылшын тілінің жүйесіндегі 44 дыбысты белгілеу үшін 26 әріп қолданылатынын ескеретін болсақ, онда 28 дыбыстық қазақ тілі үшін бұл мәселені шешу әлдеқайда жеңіл» деп ойын қорытады.
Қазақ жазуының латын тілінен көшкенін түркі халықтарының да зерттеушілері жақтап, айтқан пікірлерін газет беттерінен кездестіруге болады. Айталық, профессор Ф.Әли жарты ғасыр бойы қолданылып келе жатқан кириллицада қимайтын ешнәрсе қалмағандығын, оны орыстандыру саясатының басты құралы деп қарап, тәуелсіздікке қол жеткен шақта одан құтылудың бірде-бір жолы жазу ауыстыру деп көрсетеді де, латын жазуына көшуді ұсынады. Екінші жағынан, ол түрік халқымен, оның мәдениетімен жақындастыратынын айтады.
Қазақ тілінің жазбаша формасын таңбалап жүрген орыс графикасының орнына А.Мектептегі ежелгі түрік сына жазуына көшу туралы өзінің пікірін ұсынады. «Ежелгі түрік руна жазуының жетілгені сондай, жарық дүниенің тарының қауызына сиғызғандай географиялық конфигурация, дизайндық көркемдігі, символдық өлшемі, дыбыстық, графикалық үйлесімі ерекше тұжырымға құрылған дей келе, өзінің алфавиттік жүйесін ұсынады. А.Мектептегі өз ойын былайша қорытындылайды: «Қазақ-төрүк руника жазуы шын пейілмен танып, құндылығы ретінде игеруге пәтуалы шешуші қадам жасамай, ұлттық рухтың салтанат құрып, өзгеге жіпсіз байлаулы ой-сана тәуелсіздігі мен мемлекеттік тіл мәртебесіне ана тіліміздің жетуі екі талай».
Зерттеуші Ә.Жүнісбек «Төл жазусыз түгелдік болмас» деген мақаласында: «жазу – тілдің ішкі құрылысының көрінісі (моделі) болуы шарт. Қазақ (түркі) тілінде буынның құрамындағы дауысты, дауыссыз дыбыстар бір-біріне кірігіп, үндесіп айтылады дей келе, көне түркі ескерткіштерінде қолданылған графиканың шебер жасалғанымен, бұл графикаға көше алмаудың мынандай себептерін көрсетеді: «1) Көне түркі жазуының әріптері түгелденіп болған жоқ; 2) Көне түркі жазуының жеке әріп үлгілеріңде, түгел әліпбиінің де құрастыру емлесінің басы ашылмай отыр; 3) Кейбір әріптерінің тұрқы жылдам жазуға икемделмеген; 4) Үндестік заңына тән төрт әуездің қайсысы қай әріпке тән екендігі тиянақтала қойған жоқ». Автор мақаласының жалғасында түркі тілдерінің толық табиғатын таныта алатын және « ғылыми (фонологиялық) негізі – сингармонизм, қаланар кірпіші – буын, ұстанар желімі – үндестік сазы (жуан, жіңішке, еріндік, езулік)» болатын өз әліпбиін ұсынады. Зерттеуші жазуға байланысты өз ойын былайша қорытындылайды: «орыс жазуына байланысты алған емлеміз бен әліпбиіміздің ана тілімізге тигізген бүгінгі зардабын көре отырып, қазіргі орыс жазуында қала береміз деудің реті енді келе қоймас. Екіншіден, араға жарты ғасыр салып, араб әліпбиіне оралудың тағы жөні жоқ. Өйткені, қазіргі ұрпақ үшін араб жазуы көп жазудың бірі ғана. Үшіншіден, өркениеті дүниесі деп аталатын латын жазуын қанша жетілдіріп, икемдеп алғанымызбен, тегі бөлек тағы бір әліпбиді алмастырамыз да қоямыз. Әліпби ауыстыруға шын бел бусақ, онда ата жазуымыздың көне ізіне қайта түсіп, төл қалып-үлгіні қайта қабыл алғанымыз жөн».
Біз жоғарыда қазақ жазуына байланысты қазіргі кезде көтеріліп жатқан мәселелерді, соның ішінде, заман талабынан туындап отырған ең басты мәселе – емленің қайта қаралу керектігін және қазақ тілінің табиғатынан алшақтап бара жатқан жазуды өзгертуге байланысты бүгінде айтылып жүрген пікірлерге толық тоқталып өттік. Графиканың түрін таңдау атүсті шешілетін оңай шаруа емес. Оны көпшіліктің талқысына сала отырып, зерттеушілерімізбен, ғалымдарымызбен ақылдаса отырып, жан-жақты терең зерттеп шешу керек. Қорытынды ретінде айтарымыз – «қасиетті ана тіліміздің бойына лайықты, табиғатына, замана талабына сай, тілінің бақилығын аңсайтын халқымызға қызмет етіп, мәдениет мерейін көтеретін шын мәніндегі дәстүрлі, ең қажетті ұлттық жазуды қалыптастыру мұрат». Сонда ғана, емлеміз де тұрақты, қазақ тілінің де ғасырлар бойы қаймағы бұзылмаған күйінде дамуына кең жол ашылады.
Орфографиялық ережелер белгілі принциптер негізінде түзіледі. Көптеген тілдердің емле заңдарында екі-үш, кейде үш-төрт түрлі принцип негіз болады. Олар: фонематикалық, фонетикалық, морфологиялық, тарихи-дәстүрлі т.б.
Морфологиялық принцип бойынша сөз бөлшектің түбір тұлғалары сақталып жазылады, фонематикалық принцип бойынша жазуда дыбыстардың бір сөз ішіндегі немесе сөз аралықтарындағы бір-біріне тигізетін әсерлері ескерілмей олардың негізгі фонемалық түрі сақталады.
Фонетикалық принцип бойынша сөз бөлшектерінің дыбыстық өзгеріске ұшырауы есепке алынып, олар айтылуынша жазылады, ал тарихи-дәстүрлік принцип бойынша жазу сөз бөлшектерінің түбір тұлғасын сақтау ережесіне де естілуінше жазылу ережесіне де сай келмейді, мұнда сөздердің бір кездері қалыптасып үйреншікті болып кеткен жазылу түрі сақталады.
Қазақ орфографиясының негізгі принциптері: морфологиялық, тарихи-дәстүрлік, фонетикалық, фонематикалық принциптері де ескеріледі.
Морфологиялық принцип сөз бөлшектерінің, яғни түбір, жұрнақ, жалғауларының түбір тұлғаларының сақталып жазылуын талап етеді. Мысалы: жұмыс, іш, аш деген түбірлерге –шы, -шен, -са деген қосымшалар жалғанғанда, аралық дыбыстар бір-біріне әсер етіп, жұмұшшы, ішшен, ашша болып айтылады. Бірақ, сөздердің түбірлері мен жалғанған қосымшалар өз тұлғаларын сақтап, жұмысшы, ішсен, ашса болып жазылады.
Фонетикалық принцип бойынша жазуда бір сөз ішінде дыбыстардың әр түрлі варианттары ескерілмейді, сөз бөлшектеріндегі фонемаларының негізгі реңкі сақталады. Мысалы: қашанғы, түнгі, күнге деп жазылған сөздер морфологиялық принцип пен фонетикалық принциптердің тоғысып келетін сәттері жиі кездеседі. Сондықтан, қазақ емле нормаларының негізі – морфологиялық фонематикалық деп атауға болады. Мысалы, біріккен сөздер мен қос сөздердің әр құрамды бөліктері өз тұлғаларын сақтап жазылады, аралық дыбыстардың бір-біріне әсері ескерілмейді. Айталық, қаракүйе, қарақұйрық, орынбасар деген сөздер басқаша естілгенімен морфологиялық фонематикалық принциппен жазылады.
Қазақ орфографиясында фонетикалық принципте кеңінен қолданылады. Ол принципке жалғаулар, сондай-ақ жұрнақтардың көпшілігі сөздің соңғы буыны жуан-жіңішкелігіне қарай және соңғы дыбысына қарай түрленіп келетіндігі, сөз соңындағы қ, к, п қатаңдарын дауыстыдан басталатын қосымшалар жалғанғанда ұяңданып, ғ, г, б болып өзгергендігі, бірқатар кірігіп кеткен біріккен сөздердің компоненттерінің айтылуы бойынша жазылуы және бірқатар кірме сөздердің қазақ тілінің фонетикасына икемделіп жазылуы (пәуеске, самауыр, божы, әділ, пайда, ақпар, ауа) сияқты тұстары бағынады.
Тарихи-дәстүрлі принцип бойынша жазу үрдісі онша үлкен емес. Оған шартты түрде орыс тілінен енген сөздердің орысша тұлғасын сақтап жазылуы 1940 жылы бекітілген ережеге сәйкес, араб, парсы сөздерінің х, һ әріптерімен жазылуына (халық, хабар, хат, Ахмет, Гауһар, Хамит) деген сияқты сөздер жатқызылып жүр.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет