Диэреза – айтуға ыңғайлы болу үшін сөйлеу кезіндегі дыбыстардың бір-біріне әсері, ассимиляция кезінде пайда болады.
Мысалы: қалмады – қамады.
Эпитеза – протезаға қарама-қарсы, дыбыстың сөздің соңынан қосылуы. Мысалы: қаса батыр (қас батыр), тапа тал түсте (тап тал түсте).
Элизия – (лат.elision – жаншу, итеріп шығару) – бунақтағы сөздердің арасында қатар келген екі дауыстының алдыңғысының түсіп қалуы. Мысалы: қара ала, мына адам. Мұны контактілі элизия дейміз. Ал осы уақытқа дейін редукция деп танылып келген.
Мысалы: орын+ы, ерін+і, мұрын+ы сияқты құбылыстарды контактісіз элизия дейміз.
Метатеза – (грек.metathesis – ауыстырып қою) – сөз ішіндегі дыбыстардың не буындардың өзара орын ауыстыруы.
Мысалы: Әпке – әкпе
Тепкі – текпі
Аферезис – элизияға қарама-қарсы құбылыс, яғни бунақта қатар келген екі дауыстының кейінгісінің түсірілуі. Сирек кездеседі.
Мысалы: Не істейін? – нестейін?
Не ішесіз? – нешесіз?
Гаплология – сөз ішіндегі біркелкі буындардың бірінің түсіп қалуы. Мысалы: Араластыр – арластыр
Балалар – балдар
Апокопа – (гр. қысқарту) – сөздің қысқаруына әкеліп соқтыратын соңғы екпінсіз дауыстының түсіп қалуы (орыс. или – иль, чтобы – чтоб).
Сөздің акценттік-фонетик процесінің нәтижесінде соңғы бір немесе бірнеше дыбыстың түсіп қалған түрі. Мұндай құбылыс батыс тілдерінде жиі кездеседі. Орыс тіліндегі чтобы-ның орнына чтоб деу де осыған жатады. Аз да болса, қазақ тілінде де апокопа ұшырасады. Мысалы, жергілікті тілдік ерекшелік ретінде жұмсалатын бер кел (бері кел-дің орнына), керім (керемет-тің орнына) осының дәлелі.
Қысқарту арқылы жаңа сөздердің жасалуы. Ғылым терминдер мен кәсіби лексикада, публицистикада мұның мысалдары мол кездеседі және олар көп жағдайда шет тілдер мен орыс тілінің әсерінен пайда болып жатады. Мысалы, метро (метрополитен-нің орнына), агроуниверситет (аграрлық университет-тің орнына), физгеография (физикалық география-ның орнына) т.с.с. Мұндай процесс апокоптану процесі деп аталады.