Өсімдіктер және жануарлар дүниесінің ұқсастығы мен айырмашылығы. Географиялық ортаның тірі табиғатын өсімдіктер және жануарлар дүниесі деп бөлу ертеден қалыптасқан. Шығу тегінің ортақтығына байланысты өсімдіктер мен жануарлардың арасында көптеген ұқсастықтар, сонымен қатар едәуір айырмашылықтар да бар. Оларға тән негізгі тіршілік ерекшеліктеріне: зат алмасу, қоректену, өсу мен даму, қимыл, тітіркену, көбею, өзгергіштік және оның тұқым қуалауы, қартаюы мен өлуі жатады.
Өсімдіктердің жануарлардан негізгі айырмашылығы – бұл жасуша құрамында хлорофиллдің болуы. Ол өсімдіктерге жасыл рең береді. Жасыл рең өсімдіктердің басым көпшілігіне (2/3-не) тән.
Қоректену тәсіліне қарай тірі организмдер үлкен екі топқа бөлінеді: Олар: автотрофтар және гетеротрофтар. Автотрофты организмдерге жоғары сатыдағы жасыл өсімдіктер, балдырлар және жасуша құрамында пигменттері (бояу заты) бар бактериялар жатады. Олар өз кезегінде фототрофтар және хемотрофтар деп екіге бөлінеді.. Гетеротрофты организмдерге кейбір жоғары сатыдағы өсімдіктер, саңырауқұлақтар, бактериялардың басым көпшілігі және жануарлар жатады. Бұлардың жасуша құрамында хлорофилл болмайды. Сондықтан жасыл өсімдіктер жасайтын дайын органикалық заттармен ғана қоректенеді. Гетеротрофты өсімдіктер паразитті және сапрофитті деп бөлінеді. Өсімдіктерде миксотрофты (аралас) қоректену тәсілі кездеседі, мұндай өсімдіктер өздері органикалық заттар түзіп және жарым-жартылай гетеротрофты қоректенеді (жасыл эвглена және т.б.) Қоректену тәсіліне қарай өсімдіктердің келесі тобы симбиотрофтар деп аталады. Бұған эпифиттер, яғни тіршілік ортасында минералдық заттар мүлдем жоқ, коректік затқа өте кедей, сілтіленген топырақтар мен шымтезекті, мүкті жерде өсетін өсімдіктер жатады. Олар қосымша азотты қоректік тамырлары арқылы симбиозды (селбөсу) тіршілік ететін саңырауқұлақтар немесе бактериялар арқылы қабылдайды. Сол сияқты органикалық және бейорганикалық заттармен қатарласа қоректенетін жасыл өсімдіктер де бар. Оларға шықшылдық, дүңгіршек, венера шыбын жұты, непентес және т.б. сол сияқты насеком қоректі өсімдіктер жатады.