ПРОТОПЛАСТ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІГІ. Протопласт - цитоплазма және ядродан тұратын өсімдік жасушаларының тіршілік процестерін (зат алмасу, қимыл, тітіркену, көбею, өсу, қоректену және т.б.) түзетін негізгі бөлім.
Цитоплазма. Цитоплазма мембраналардан тұратын жасушаның құрамды бөлігі. Мұнда тірі жасушаларға тән тіршілік белгілерінің бәрі бар. Цитоплазманы жарық микроскоппен зерттегенде оның бірыңғай қоймалжың, мөлдір зат гиалоплазмадан тұратындығы анықталды. Онда әр түрлі қызмет атқаратын органоидтар жүйесі (рибосомалар, пластидтер, митохондриялар, Гольджи аппараты және т.б.) орналасқан. Жоғарыда айтылғандай, биологияға «протоплазма» деген ұғымды 1839 жылы чех ғалымы Ян Пуркинье енгізгсе, 1862 жылы Келликер ядроны қоршап жатқан сұйықтықты «цитоплазма» (грекше «cytos» - жасуша, «plasma» - сұйық зат) деп атады.
Цитоплазманың қасиеттері.Тіршілік ерекшеліктерін жоймаған жасушалардың цитоплазмасына тән негізгі қасиетінің бірі оның сұрыптап өткізгіштігі, яғни цитоплазма вакуольге және одан сыртқы ортаға суды еркін өткізуі, ал органикалық, бейорганикалық қосылыстардың молекуласын талғап, жартылай өткізгіштігі. Бұл туралы төменде цитоплазманың мембраналық құрылымында толығырақ айтылған.
Тірі жасушалардағы цитоплазмаға тән тағы бір қасиеттерінің бірі – оның қимылы. Цитоплазмадағы қимылды алғаш рет ашқан Б.Корти (1772), одан кейін Л.Тревиранус байқаған. Цитоплазма екі түрлі айналмалы және тасқынды қимылдайды. Айналмалы (ротациялық) қимыл бір немесе екі-үш вакуольдері бар ересек жасушаларда байқалады. Мұндай жағдайда цитоплазма өзімен бірге пластидтер мен митохондрияларды ілестіре отырып, вакуольді сағат тілінің бағытымен немесе кері бағытта айналып қимылдайды. Тасқынды қимыл жасуша ішінде бірнеше майда вакуольдер болған жағдайда байқалады. Микроскоппен қарағанда жасуша ішіндегі цитоплазма ретсіз, әр бағытта қимылдайды, яғни әр вакуольді айналып қимылдауы бір бағытта болмайды, сондықтан, қимыл ретсіз болып көрінеді.
Гиалоплазма. Гиалоплазма цитоплазманың негізгі заты, матриксі немесе тіршілік ортасы. Оны басқаша цитозол деп те атайды. Ол сулы коллоидты ерітінді түріндегі тұтас сұйықтық, оның ішінде әр түрлі қызмет атқаратын органойдтар жүйесі орналасқан (2-сурет). Гиалоплазманың атқаратын қызметі үлкен: ол органойдтардың өзара байланыстарын, қатынасын қамтамасыз етеді, зат алмасуға, жасушадағы заттарды тасымалдауға қатысады, тітіркенуді сездіреді және тағы басқалар.
Сонымен қатар, гиалоплазмада ферменттер және нуклеин қышқылдары болады. Гиалоплазма химиялық энергияны механикалық энергияға айналдыру есебінен белсенді түрде қозғалуға қабілетті. Оның саны және құрамы жасушаның даму кезеңіне, активтігіне байланысты өзгереді. Егер жасушаның ортасында бір ғана вакуоль болса, онда гиалоплазма жасуша қабықшасының ұзына бойымен бір бағытта айналмалы қозғалады (4-сурет). Ал вакуольдер бірнешеу болса онда гиалоплазма орталық вакуольді кесіп өтетін цитоплазманың сілемдерінің бойымен әр түрлі бағытта тасқынды немесе шашырап (струйчатый) қозғалады. Гиалоплазманың қозғалу жылдамдығы температураға, жарықтың қарқындылығына, оттегімен қамтамасыз етілуіне және басқа да факторларға байланысты болады. Қозғалған кезде гиалоплазма өзімен бірге органойдтарды қозғалысқа келтіреді.