12- лекция. Әдеби мектеп. Қазақ әдебиетіндегі әдеби мектептер. (2 сағат) Жоспар: Методологиялық мектептердің бағыт-бағдар. Методологиялық мектептердің негізі.
А. Потебняның еңбектері.
ХХ ғасырдың басындағы ғылыми теориялық ағымдар.
Ш.Уәлиханов және басқа қазақ ағартушылардың қазақ әдебиеті жайлы ой-пікірлері.
Мәдени дамуы өткен ғасырда Россиямен бір арнаға түсе бастаған Қазақстандағы қолтума қоғамдық ой, оның ішінде эстетикалық пікір тарихында қазақтың асқан ғалымы Шоқан Уәлихановтың (1835-1865), атақты ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889), ұлы ақын Абай Құнанбаевтың (1845-1904) алатын орны айрықша, биік.
Ш.Уәлихановтың сөз өнері жайлы ғылымға қатысты еңбектері екі сала (ауыз әдебиетін жинақтау және жинаған нұсқаларын өзінше парықтау) екені мәлім.
Ш.Уәлиханов поэзияны жалпы жұрттың рухани сусыны ретінде ғана емес, халықтың көркем тарихы, халық тағдырының сырлы шежіресі ретінде байыптап, сол арқылы сөз өнерінің таным және тәрбие тарапындағы мәні мен маңызын белгілеуі, сондай-ақ қазақ поэзиясын бес түрге (жоқтау, жыр, өлең, қара өлең, қайым өлең) бөліп, бұлардың әрқайсысына өзінше мінездеме беруі – әдебиет теориясына қатысты толғамдар.
Ы.Алтынсариннің әдебиеттануға қосқан үлесі жұртқа мәлім ағартушылық еңбектерімен сабақтас. Осы ретте ерекше атап айтарлық нәрсе – ұлы педагогтің тарихта тұңғыш рет орыс алфавитімен жазып, бастырып шығарған «Қазақ хрестоматиясы».
Әдебиет оқулығын жасау қамында жүріп Ы.Алтынсарин қазақтың ауыз әдебиетін жинау, жариялау ісіне көп еңбек сіңірді. Ы.Алтынсарин іс жүзінде қазақтың әдеби тілінің тазалығы, әдеби шығармалардың халықтығы, тәрбиелік мәнінің биіктігі үшін күресті.
Халқымыздың ұлы классигі Абай Құнанбаев өзінің бүкіл ақындық өнерімен қазақ әдебиетіндегіреализм принциптерін бұлжытпай, мейлінше ұтымды жүзеге асырды. Әдебиеттің халықтығын ту ғып көтерді; поэзия бәрінен бұрын халық өмірінің айнасы болуын, поэзияда бәрінен бұрын, халықтық мәні бар келелі шындықтар суреттелуін талап етті. Осындай мықты реалистік принцип тұғырында тұрған ұлы ақын өзі өмір сүрген қоғамның кескін-келбетін жіті танып, қазақ даласындағы тап қайшылығын көру дәрежесіне дейін шырқап барды.
Абай – сыншыл ақын. Ол өзінің бүкіл ақындық өнерімен әдебиеттің қоғамдық-өзгертушілік күшінің өлшеусіз мол екендігін танытты. Ақынның әлеуметтік бітімін, қайраткерлік міндетін белгіледі; оның өзі өмір сүріп отырған ортадағы кеселді, кертартпалықты, әділетсіздікті көріп қана қоймай, оған өз қолымен үкім шығарып, өзгелердің ыза-кегін шақыруды талап етті.
Абай- жаңашыл ақын. Ол өзінің бүкіл ақындық өнерінің өн бойында әдебиеттегі игі дәстүрді одан әрі дамытып, мазмұн мен пішіннің бірлігін мықтап ұстанды, және іс жүзінде осының асқан үлгілерін өз қолымен сомдап соғып көрсетті. Бұл жолда Абай, бәрінен бұрын, қазақтың әдеби тілінің шынайылығын жан сала қорғады, өлең сөзін әр түрлі «жамау-құраудан», «баяғы ескі бише бос мақалдап», құр босқа жжан жалдап, тіл безеуден құтқарды, поэзияда тек қана «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын «келістірудің» жолдарын нұсқады, суреткерлік шеберлік «құпияларын» ашып көрсетті, сөйтіп, пішіні келіскен әдеби шығармалардың мазмұны тағы да халық тағдыры болуын қалады.
Кемеңгер классиктің ғылыми маңызы өлшеусіз тарихи еңбегі қазақ поэзиясын ғасырлар бойғы ауыз әдебиетінің аз-ақ алдындағы дәрежеден маңдай алды европалық, профессионалдық биікке бірақ ырғытып әкеткені баршаға аян.