Лекция жинағы 1 -дәріс. Кіріспе. Ғылым философиясы мен методологиясы философиялық білімнің саласы ретінде Кіріспе


Ғылыми танымның идеалдары мен нормалары



бет31/44
Дата30.10.2022
өлшемі0,52 Mb.
#46294
түріЛекция
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   44
Ғылыми танымның идеалдары мен нормалары – әр түрлі нақты тарихи дәуірде қалыптасқан ғылымға тән белгілі концептуалды құндылықтардың, методологиялық ұстанымдардың жиынтығы. Олардың негізгі қызметі – ғылыми зерттеуді ұйымдастыру, реттеу, жақсы нәтижелерге жеткізетін жолдар мен әдістерді нұсқау. Ғылыми зерттеу бір дәуірден екінші дәуірге өткенде оның идеалдары мен қалыптары өзгеріп отырады.
Ғылымның дамуының белгілі бір кезеңіндегі ғылыми танымның идеалдары мен нормаларының біртұтас жиынтығы ойлаудың стилі деп аталады. Ол ғылыми танымда реттеу функциясын орындайды. Интеллектуалдық іс-әрекеттің жалпыға бірдей стереотипін білдіреді. Классикалық, классикалық емес, постклассикалық ойланудың стилі бар.
Ғылымның негізі туралы мәселенің өзегін ғылыми прогресс ұдайы, үздіксіз дамиды деген көзқарас құрайды. Бұл ғылым дамуының кумулятивті моделінде көрініс береді. Бірақ ғылым тарихы оның дамуында үздіксіздіктің бұзылып, ғылымның негіздерінің жойылған уақыты болғанын да жоққа шығармайды.
Соның салдарынан теориялардың өлшемсіздігі туралы пікір қалыптасып, ғылымның дамуы дискретті процесс деп түсіндірілді.
Қазіргі батыс философтары ғылымның негізіне әртүрлі факторларды қоюда: бұл – А.Пуанкаренің конвенциализмі (Конвенционализм (лат. conventio "шарт, келісім") - ғылыми ұғымдар мен теориялық құрылымдар ғалымдар арасындағы келісімнің өз өнімі болып табылатын философиялық тұжырымдама. Олар ішкі дәйекті және қабылдау деректеріне сәйкес келуі керек, бірақ олардан әлемнің шынайы құрылымын көрсетуді талап етудің мағынасы жоқ. Демек, барлық дәйекті ғылыми (сонымен қатар философиялық) теориялар бірдей қабылданады және олардың ешқайсысы мүлдем дұрыс деп таныла алмайды. Конвенционализмнің негізгі идеясы ежелгі дәуірде (астрономияның міндеті — "планеталар ұсынатын құбылыстарды сақтау") және қайта өрлеу дәуірінде (Коперник теориясының аспаптық түсіндірмесі) кездеседі. Қазіргі заманғы конвенционализм Э. Махтың, П. Дюгемнің және Анри Пуанкаренің еңбектерінен басталады. Пуанкаренің пікірінше, кез-келген ғылыми теорияның негізгі ережелері А приори синтетикалық ақиқаты да, постериори шындығының көрінісі де емес. Олар Келісімнің мәні, олардың жалғыз абсолютті шарты-жүйелілік. Мүмкін болатын көптеген ережелерден белгілі бір ережелерді таңдау практикалық тұрғыдан туындайды: теориялардың максималды қарапайымдылығы және оларды сәтті пайдалану қажеттілігі. Неғұрлым тиімді конвенциялар пайда болған кезде, ескілері қабылданбайды.).
Конвенционализмнің эпистемологиялық негізі-белгілі бір құбылысты зерттеу және оны теориялық қайта құру үшін әртүрлі теориялық құралдарды қолдану мүмкіндігі. Сонымен, белгілі бір дәрежеде физикалық шамалардың өлшем бірліктерін ерікті түрде таңдауға болады (қашықтықты футпен, метрмен немесе парсекпен өлшеу), дифференциалдық теңдеулер жүйесін немесе графикті қолдана отырып процесті ұсынуға, құбылысты модельдеу үшін аналогтық машинаны немесе компьютерді қолдануға болады және т. б., Э.Махтың психофизика, Вена үйірмесінің хаттамалық сөйлемдерінің талдауы, М.Поланидің тұлғалық білім, Ст.Тулминнің эпистемологиялық эволюция, Т.Кунның парадигма, И.Лакатостың ғылыми-зерттеу бағдарламасы, Дж.Холтонның ғылымды тақырыпты талдау, П.Фейерабендтің анархиялық плюрализм теориялары.
ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырда ғылым әлемінде кешенді өзгерістер болып, тың жаңалықтар ашылды. Мұның бәрі ғылымның мағыналық негіздерін қайта қарауға жол ашты. Осы толқындардың бірі – конвенциализм. Оның ірі өкілі француз математигі, физигі, методологы Анри Пуанкаре (1854-1912) болды. Конвенциализм – ғылымның негізіне ғалымдар арасындағы өзара келісімді қоюды ұсынған методологиялық бағдарлама. Келісім ақиқаттың өлшемдерімен тығыз байланысты емес, оны тиімділік, қарапайымдылық мәселелері көбірек қызықтырады. Өзінің ұстанымын А.Пуанкаре «Наука и гипотеза» (1902) және «Ценность науки» (1905) тақырыпты кітаптарында баяндады.
Конвенциализмнің қалыптасуына Евклид, Лобачевский, Риман геометрияларының әртүрлі аксиома жүйелері әсер етті. Олардың әрқайсысы тәжірибеге сәйкестірілгендіктен, қайсысы кеңістікті шынайы бейнелейді, қайсысын әлемді физикалық игерудің негізі етіп алуға болады деген сұрақ туындаған. Конвенциализм доктринасы Ньютон механикасының заңдары тілдік келісімдер деп есептеді.
Ньютонның бірінші заңы ешбір сыртқы күш әсер етпейтін зат тік тура қозғалады дейді. Затқа сыртқы күш әсер етпейтінін қалай білуге болады? Яғни, Ньютонның бірінші заңы тік тура қозғалыс туралы келісім болып табылады. Мұндай келісімдер пайдалы болуы керек, өйткені зат пен құбылысты тиімді сипаттау үшін жасалады. Пуанкаре үшін объективтілік – бәріне бірдей болушылық, яғни жалпылық.
Пуанкаренің пікірінше, жаңа нәтижені логикалық жолмен алуға болмайды, сондықтан ғылымның негізіне интуицияны қою тиімді.
Интуицияның көмегімен ол математикада өз идеяларын негіздеуде, дәлелдеуде математика, классикалық механика, термодинамикамен электродинамиканың материалдарын кеңінен пайдаланған. Ол ғылымнан конвенциалды негіздерді алып тастауға болмайды деп есептеген.
Австрия физигі, философы Эрнст Мах (1838-1916) танымды ортаға прогрессивті бейімделу деп қараған. Ғылыми танымның негізі – түйсіктің жаһандық фактісі.
Махтың пікірінше, түйсіктер әлемнің алғашқы элементтері, түйсіктен тыс басқа белгісіз болмысты іздестірудің қажеті жоқ. Түйсік физикалық та, психологиялық та процесс, осыдан әлемнің бұл элементтерінің бейтараптығы туындайды.
Жаратылыстану осы элементтердің кешенді бейнесі.
Көзқарастардың арасындағы байланыс заңын психология, түйсіктер арасындағы байланыс заңын физика ашуы тиіс, ал түйсіктердің өзара байланысын психофизика түсіндіруі тиіс.
«Познание и заблуждение» деген еңбегінде Э.Мах ғылымның идеалы сезімдік қабылдауды таза сипаттау, ал сана ойлауды үнемдеу принципіне бағынады деген ойды тұжырымдады. Ойлардың фактіге бейімделуі – байқау, ал ойлардың өзара бір-біріне бейімделуі – теория. Қарапайым, тәуелсіз пікірлердің аз ғана көлемін тауып, соған оның логикалық қисыны ретінде басқаны алу қажеттігі болған жағдайда ойлауды үнемдеуге мүмкін болады. Осындай реттелген жүйенің – мысалы Евклид жүйесі. Аталған принцип ағзаның өзін-өзі сақтауға ұмтылған биологиялық мұқтаждығынан туындайды. Ойлауды үнемдеу мақсатында кез-келген нәрсені түсіндіруге ұмтылмау керек, көп жағдайда жай ғана баяндай салу жеткілікті. Фактілердегі тұрақтылықты баяндауды ойлауды үнемдеудің жолы деп есептейді Э.Мах.
Ғылымның мақсаты – табиғи құбылыстардағы тұрақтылықты іздеу.
Махтың идеяларын бағалау өте қиын. Ньютонның абсолютті кеңістік идеясын сынағанына қарамастан, ол Эйнштейннің салыстырмалы теориясын қабылдаған жоқ, ал атомдық-молекулярлық теорияны табиғат мифологиясы деп бағалады.
Ғылымның негізін тіл саласында іздестіру Вена үйірмесінің мүшелерінен бастау алды. Вена үйірмесіне Отто Нейрат, Курт Гедель, Герберт Фейгл, Ганс Рейхенбах, Карл Густав Гемпель, Филипп Франк, Альфред Айер, Рудольф Карнап кірді.
Ғылыми танымның негізі – тікелей фактілерді көрсету, яғни хаттамалық сөйлемдерді жасау. Олардың көптеген жағымды сипаттары көрсетілді: хаттамалық сөйлемдер субъектің таза тәжірибесін бейнелейді, басқа барлық білімдерге бейтарап, гносеологиялық бірінші, абсолютті нақты, олардың ақиқаттығында күмән жоқ.
Ғылымның негізі болуы үшін символикалық логиканың көмегімен ғылымның бірыңғай тілін жасау қажіттігі алға шықты. Ғылыми тілді логикалық талдау бағдарламасы дайындалып, ол аналитикалық философия деп аталды. Ол ғылым тілінен екі ұшты қарапайым сөздерді ғана емес философиялық пікірлерді де алып тастауды ұсынды.
Ғылым негізі болатын екінші талап – байқау нәтижелерінің гносеологиялық алғашқылығын мойындау. Нағыз ғылыми білім сезімдік танымға телінді. Ғылыми білімнің барлық көлемі верификация принципі арқылы анықталды. Сезімдік танымда көрсетуге болмайтын логика мен математиканың ережелері – пікір айтудың кестелері ғана. Табиғат заңдары ғылым тілі заңдарына сәйкестендірілуі керек.
ХХ ғасырдың 30-жылдары хаттамалық сөйлемдердің мәні мен мағынасы туралы пікір-талас ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты тілді жетілдіру, оны тұлғалық сипаттан арылтып, барынша бейтараптандыру болды.
Карл Поппердің (1902-1994) сыни рационализмі бойынша, ғылыми білімнің негізінде оның өсуінің гипотетикалық-дедуктивті моделі жатуы керек. Ғылыми болжам ұсынылған сайын оның болашақта терістелу мүмкіндігі үнемі есте болуы тиіс. Ол фальсификация принципінде көрініс табады.
Британ ғалымы, философы Майкл Полани (1891-1976) ғылым негізінде көмескі, тұлғалық білім жатады деп есептейді, яғни ол ғылым негізіне антропологиялық ұстаным енгізеді. Танымдық және ғылыми іс-әрекетте жеке адамның тәжірибесі, табиғи таланты интеллектуалдық мүмкіндігі, ішкі толғанысы, жауапкершілігі өте маңызды. Ғылыми шығармашылық – адам бойындағы энергияның сыртқа атылып, бұрқылдап, буырқанып шығуы.
Соның нәтижесінде табиғаттың, қоршаған ортаның тылсым қасиеттері ашылады. Ешбір оқулық ғылымға сүйіспеншілікті қоздыра алмайды. Ғылыммен табысты айналысу үшін оған шынайы берілгендік, төзімділік, қайсарлық, еңбекқорлық өте қажет. Мұндай нәзік, көзге көрінер, көрінбес адами қасиеттер тек тұлғаның дербес, дара болмысында ғана болады. Яғни ғылымға бет бұруды ғалымның жеке тұлғасы ғана қамтамасыз етеді.
Поланидің пікірінше, ғылыми танымға деген икемділікті, дарынды ешбір тілдің көмегімен сипаттауға болмайды. Ғылыми мақалаларда, оқулықтарда берілген ғылыми білім бұл сана болмысының бір ғана бөлігі, ал оның танымды үнемі жетілдіретін, қоздыратын бөлігі тек ғалыммен жеке сұхбатта, қауышуда, тікелей пікір алысу барысында темірді қыздырған оттай лапылдауы мүмкін. Ол көп жағдайда көмескі, жасырын түрде қала береді. Өйткені, ғалым күнделікті өмірде лапылдап жана бермейді.
Эволюциялық эпистемологияның өкілі, американ философы Стивен Тулмин (1922-1997) танымдық процесс пен биологиялық эволюцияның ұқсастығына сүйеніп, ғылымның негізіне «табиғи тәртіп идеалдарын» қояды. Оның пікірінше, адамның танымдық аппараты – биологиялық эволюция барысында жетілдірілген бейімделу тетігі. Сондықтан оны эволюциялық терминологияны пайдаланып, «популяциялық ұғымдар теориясы» деп атайды. Олардың әр уақытта болып отыру мүмкіндігі сақтау процесі мен мутациялық процестерге ұқсас. Мутациялар сынау мен өзіндік сынау факторларымен тежеледі.
Интеллектуалдық орта күшті популяциялардың жеңіп шығуына мүмкіндік берген уақытта өзгерістер пайда болады. Білімнің дамуындағы «тарихи бастама» идеясын ұсынады. Ғылымдағы ұзаққа созылған ірі өзгерістер кенеттен пайда болған секірістердің нәтижесінде емес, керісінше, әрбір жеке проблемалық ситуациядан қалып кеткен ұсақ өзгерістердің бірте-бірте жиналып, өсе беруінен туындайды.
«Концептуалды популяциялардың» эволюциялық тетігі интеллектуалды және әлеуметтік-экономикалық факторларды өзара әрекеттестіреді. Егер инстуициалдық, әлеуметтік, идеологиялық ұстанымдар тиімсіз болса, онда дау тудыратын мәселелер көп уақытқа дейін шешілмейді. Әлеуметтік факторлар интеллектуалдық жаңашылдықты басып тастайды. Бірақ бұл жағдайда интеллектуалдық факторлардың, яғни ғылыми рационалдылықты дамытушы ғылыми элитаның ролі өте зор. «Жасанды сұрыптаудың» табысты болып тың популяциялық ұғымдардың пайда болуы осы элитаның әрекетімен тығыз байланысты.
Ғылымдағы өзгерістер ғалымдардың ұстанымының өзгеруінен туындайды. Сондықтан Тулмин ғалымдардың беделі мен ықпалына көп көңіл бөледі. Тарихи бірін-бірі ауыстырған ғалымдар түсіндірудің тарихи ауысуын да қамтамасыз етеді. Ғылымның мағынасы интеллектуалды көзқарастар жиынтығының, дәстүрінің келесі ұрпаққа жеткізілуімен түсіндіріледі.
Американың физигі және философы Томас Кун (1922-1995) ғылым негізіне парадигма (Парадигма, үлгі деген сөз) – зерттелетін мәселені шешу үшін үлгі ретінде алынған теория; теориялық көз-қарастардың, методологиялық принциптердің, әдістемелік қабылдаудың және эмпиризмдік нәтижелердің бірігу жүйесі; ғылымның белгілі бір даму кезеңінде ғылыми қауымдастықпен қабылданған және болжамдарды ғылыми ұғыну үшін, ғылыми таным процесінде туатын міндеттерді шешу үшін үлгі, модель, стандарт ретінде пайдаланылатын теориялық және әдістемелік ережелер жиыны) ұғымын енгізді. Ғалым әлемді қабылданған парадигмаға негізделіп, зерттейді.
Парадигма ғалымдардың классикалық еңбектерінде, оқулықтарда көрініс табады. Олар ұзақ уақыт білім беру, зерттеу жүргізу әрекеттеріне ықпал етеді.
Ғылым негізінің тағы да бір маңызды элементі – ғылыми қауымдастық.
Ғылыми қауымдастық нақты бір саланың өкілдерінен және ғылыми жұмыстары мен ізденістері бір-біріне өте жақын ғалымдардың бірігуінен пайда болады.
Парадигма ғылыми теория ұғымынан кең мағынадағы термин. Оған әлеуметтік-психологиялық, этикалық ережелер, қалыптар кіреді. Парадигманың пісіп-жетілуі – ғылыми саланың дамығандығының өлшемі. Белгілі парадигманы таңдау логиканың ықпалымен ғана емес, сонымен қатар, философиялық, құндылықтық факторлармен де түсіндіріледі. Қабылданған парадигма аясында дамып отыратын қалыпты ғылым парадигманың күйреуімен күрт тоқтап қалуы да мүмкін. Бұл белгілі кешенді өзгерістерді, яғни ғылыми революцияларды тудырады.
Британ философы және ғылым тарихшысы Имре Лакатос (1922-1974) ғылым негізіне ғылыми-зерттеулер бағдарламасын қойған. Ғылымның дамуы – ғылыми-зерттеу бағдарламаларының ауысып отыруы.
Пол Карл Фейерабенд – (1924-1994) америкалық философ, методолог, методологиялық плюрализм идеясын ұсынды. Ғылым негізінде теориялардың көбею тетігі жатуы тиіс. Пролиферация (proliferatio; лат. proles ұрпақ + Ferre кию, әкелу, клеткалардың өсуі) теориясы ғылымда бір-біріне мүлдем ұқсамайтын әртүрлі бағыттағы, мақсаттағы теориялар жасала беруі тиіс деп есептейді. Өйткені, олардың бірі болмаса, екіншісі түптеп келгенде тиімді нәтиже береді.
Біртұтас методологиялық ұстанымды қабылдамағандықтан, ғалымға бәрі рұқсат етілген деген ұранды желеу еткендіктен П.Фейерабендтің теориясын «эпистемологиялық анархизм» деп атаған.
Американың философы Джеральд Холтон ғылым дамуын ғылымды тақырыптық талдаумен түсіндірген. Ол ғылымда тұрақтылықты, сабақтастықты, инварианттылықты табуға бағытталған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   44




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет