Тақырыбы: Моғолстан, Көшпелі Өзбектер мемлекеті. Ноғай Ордасы және Сібір хандығы.
Моғолстан және Ноғай Ордасы
Көшпелі Өзбектер мемлекеті
Сібір хандығы
1. Алтын Орда ыдырап, Ақ Орданың әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанда бой көтерген мемлекеттік құрылымдардың бірі -Ноғай ордасы еді. Ноғай ордасы XIII ғасырдың екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл жағдай әмір Едіге тұсында XIV ғасырда жалғасып, оның баласы Нұр ад-дының (1426-1440) кезінде аяқталды.
Ноғай ордасы Еділ мен Жайық арасындағы созылып жатқан жалпақ дала мен құмды, таулы жерлерді мекендеді. Оның халқы солтүстік батыста - Қазанға, оңтүстік шығыста -Арал, Атырау өңірлерінің солтүстігіне, тіпті, Маңғыстау мен Хорезмге дейінгі жерлерде көше-қонып жүріп мекендеді. Сыр бойындағы қалалар мен қамалдардың да бірқатары осы Ноғай ордасына қарады. Оның орталығы - Жайықтың төменгі сағасындағы Сарайшық қаласы.
Ноғай ордасының негізін қалаған Едіге 1396-1411 жылдар аралығында Алтын Ордада бүкіл билікті өз қолынан шығармай, оны өзі тағайындаған хандар арқылы басқарып келді. "Беклер бегі" ұлы әмір атанған Едіге көрші ұлыстардың өміріне де ықпал етіп отырған.
Едіге түрік тектес халықтардың тарихи зердесінде өшпес із қалдырды. "Ел қамын жеген Едіге" - деп ардақтаған халық оның тұлғасын "Артынан келіп қарасам, қаһардан пайда болғандай, алдынан келіп қарасам, лапылдан пайда болғандай", - деп сүйсіне жырға қосты. Ол 1399 жылы Литва-Польша әскері мен Тевтон ордені рыцарьларының біріккен жасақтарына күйрете соққы берді. 1408 жылы Едіге орыс әскерлерін талкандап, Мәскеуге дейінгі жерлерді жеңісті жорықпен жүріп өтті. Оның есімі тарихи шежіре-жылнамалардың бәрінде де үлкен құрметпен аталады.
Ноғай ордасы негізінен Маңғыттардан тұрды. Сонымен қатар оның құрамына Қоңырат, Найман, Арғын, Қанлы, Алшын, Қыпшақ, Кенгерес, Қарлұқ, Алаша, Тама және басқа ру тайпалары кірді. Олардың басшылары арасында билік пен жер үшін толассыз тартыстар жүріп жатты. Осы алауыздық оның да түбіне жетті. ХV ғ. бірінші жартысында Ноғай ордасының орнына Қазан, Қырым, Астрахан хандықтары құрылды. Ноғай ордасы да этникалық емес, көбіне саяси құрылым еді. Оны мекендеген тайпалар қазақ халкының қалыптасуының күрделі этникалық процесінде де өз әсерін тигізбей қалған жоқ.
XIV ғасырдың ортасында ыдыраған Шыңғысхан империясының жерінде тағы бір хандық — Моғолстан мемлекеті құрылды. Ол Шағатай әулеті иеліктерінің шығыс бөлігінде қалыптасты. Бұл мемлекеттің негізін қалаған моңғол әмірлерінің бірінің баласы - Тоғылық-Темір хан (1348-1362 жж.). Ол Шығыс Түркістаннан бастап Жетісу өңірінен Оңтүстік Сібірге дейінгі көлемі зор, таулы-тасты, өзенді-көлді, ашық далалы, орман-тоғайлы жерлерді мекендеген түркі тектес тайпалардың басын қосты. "Моғолстан" тарихи жағрафиялық термині "моңғол" атауынан шыққан. "Моңғол" есімі Орта Азия мен Қазақстанда түрік және парсы тілдеріндегі тарихи туындылардың бірінде "моғол" деп айтылып жазылатын болған.
ХІV-ХV ғасырларда Моғолстан құрамына Шығыс Түркістан, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан және Орта Азияның кейбір жерлері кірді. Моғолстан орта ғасырлық авторлардың деректерінде мемлекеттің құрылу кезеңіне қарай "Моғол" атты этникалық саяси біртұтастыққа бірігудің ұзақ араласу және сіңісу процесінен өткен жергілікті түрік және түріктелген моңғол тайпаларының мемлекеттік-саяси бірлестігі болды, Оған кіретін тайпалар: дұғлаттар (дулаттар), қаңлылар (бекшіктер), керейттер (керейлер), арғындар (арғинут), баириндер, арлаттар, барластар, булғашылар және басқалары. Кейбір тайпалардың, мәселен, үйсіндердің аты аталмағанымен, олардың да осы бірлестікте болғанына ешбір күмән жоқ.
Сонымен XIV ғасырдың орта шенінде Жетісу, Қырғыз жерлерін қамтып жатқан Моғолстан мемлекетінің құрылуы, Дешті Қыпшақтарды біріктірген Ақ Орданың пайда болуымен қатар жүзеге асқан Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға болғаны даусыз. Моғолстан ордасының орныққан орталығы — Алмалық қаласы,
Бұрыңғы Шағатай ұлысының жерлеріне толық билікті жүргізуді көксеген Тоғылык-Темір Мәуеренахр өлкесін Шынғыс әулеті Денішмендінің атынан билеп отырған Қазағанның көзін құртуды, сол арқылы бұл өңірді Моғолстанға қосып алуды ойлады. Сөйтіп, ол 1358 жылы астыртын кісі жіберіп Қазаған әмірді өлтірді. Бір жыл өткеннен кейін үлкен соғыстардың бірінде Қазағанның мұрагері, оның ұлы Абдолла да қаза тапты. Осыдан кейін Мәуеренахр бірнеше тәуелсіз облыстарға бөлініп кетті. Бұл жағдайды пайдаланып қалуды көздеген Тоғылық-Темір оларды бағындыруға кірісті. Ал осы кезде Орта Азияның болашақ әміршісі Ақсак Темір өзінің шағын шоғырымен Кеш қаласының әміріне қызмет етіп жүрген болатын. Тоғылық әскерлері Кешті алып, оның әмірі Хожа-Барлас жөнді қарсылық көрсете алмай қашқанда Темір оған ілеспеді. Ол Тоғылық әмірге қызметке кіріп, Шахрисяб түменінің қолбасшысы болып тағайындалды. Мұның өзі оған барлас тайпасына көсем құқығын берді. Бұл тұста ол 25 жаста еді. 1361 жылы Мәуеренахрға екінші рет шабуылға аттанып, оны бағындырған Тоғылық әмір оған билеуші етіп баласы Ілияс-қожаны қалдырды. Бұл жолы ол Темірді Кеш қаласының бастығы етіп тағайындады. 1362 жылы Тоғылық-Темір қаза тауып, Моғолстанда билік Ілияс-қожаға көшкенде Мәуеренахрға билеуші болып Қазағанның немересі Хұсайын тағайындалды. Осы тұста қарындасына үйленіп Хұсайынмен дос болған Темір онымен бірге Моғолстанға қарсы шығып, Мәуеренахрды өздерінің кол астына біріктіруге кірісті. Осындай тынымсыз шайқастардың бірінде оның екі саусағы кесіліп бір аяғы жаншылды. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып, ақсақ болып қалған соң, ол содан бастап Темирлан (дұрысы Темирленг, "ленг" парсыша - ақсақ) Ақсақ Темір атанды.
Ақсақ Темір мен Хұсайын Моғолстан әскерлерін талқандап, Мәуеренахрдағы жергілікті әмірлерді тізе бүктірді. Енді Хұсайын мен Ақсақ Темір арасында билік үшін күрес күшейіп, арты ашық шайқасқа айналды. Осы шайқастардың бірінде Темір Балқы қаласында Хұсайынды өлтіріп, Мәуеренахрға ие болды. Хұсайынның жақтастарын құртып, жақындарын жоғары мәртебеге ие етіп, ол өз билігін нығайтты. Темір билік биігіне өрлегенде мұсылман дініне сүйенді. Ол діндар емес еді. Дін тиым салған талай күнәларға белшесінен бата жүріп көптеген мешіттер, діни оқу орындарын салдырды. Түркістанда Қожа Ахмет Иассауидің мазарын салдырған да соның өзі.
Ақсақ Темір басқан ізінен қан сорғалатып көп елдерді жаулап алды. Мәуеренахрдан өзінің қанды жорығын бастаған ол әмірші болған 35 жыл ішінде (1370-1405 жж.) Моғолстанды, Хорезмді, Персияны, Әзірбайжанды, Гератты, Грузияны, Арменияны, Ақ Орданы, Ауғанстанды, Үндістанды, Египетті, Бағдатты, Сирияны, Кіші Азияны жаулап алып, табан астына салды. Мыңдаған адамдарды қырып, талай мың адамды құл қылып, қалаларын ойрандады, бак-дәулетін шашты.
Әмір Темір түркі тектес халықтардың, оның ішінде қазақтардың тағдырына зор кеселін тигізді. Алтын Орданың құлауына себепші болды. Қазақстанның оңтүстігінде гүлденіп тұрған Отырар, Сайрам, Асы, Сауран, Еділ бойындағы Сарай Берке, Астрахань сияқты қалаларын қиратты. Ақ Орданың бытшытын шығарып оның ханы Тоқтамыстың түбіне жетті.
XIV ғасырдың аяғына қарай Азия мен Еуропа құрлығының елеулі бөлігін жаулап алып Әмір Темір құрған орасан зор мемлекет, 1405 жылы ол өлгеннен кейін бытырап тарап кетті. Оның басты себебі Әмір Темір ұрпағының билікке таласып қырқысуы еді.
2. Феодалдық бытыраңқылықтың күшеюі XV ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның Солтүстік-Батыс және Орталық аймағында Әбілхайыр хандығының пайда болуына әкелді. Қазақстанның орталық, батыс және солтүстік-батыс бетінде бірнеше тәуелсіз феодалдық иеліктер құрылып, олардың арасында билік үшін күрес толассыз жүріп жатты. Осындай жағдайда Жошы әулетіндегі Шайбанның ұрпағы Дәулет-Шайх-оғланның баласы Әбілхайыр саяси өмір сахнасына шықты. Орталық және Солтүстік Қазақстан тайпаларын билеп отырған топтардың қолдауымен ол 1428 жылы Тура өңірінде (Батыс Сібір) хан болып жарияланды. Оның хандығының құрамына Қият, Маңғыт, Шынбай, Найман, Қарлұқ, Үйсін тағы басқа сол сияқты тайпалар енді.
Шығыс Дешті-Қыпшақтың феодалдық бытыраңкы жерлерін біріктірген "көшпелі өзбектер мемлекетінің" яғни Әбілхайыр хандығының Қазақстан тарихында елеулі орны бар. Оның иелігі Ноғай ордасының шығыс бетін, батыста -Жайыққа, шығыста - Балқашқа дейінгі, оңтүстікте - Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысына, солтүстікте -Тобыл мен Ертістін орта ағысына дейінгі жерлерді қамтыды.
Әбілхайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Оның қолынан билікті алу үшін күрескен әр түрлі топтар мен күрес жүргізуге тура келді. Жошы әулеті - оның ішінде Ибак-хан, Береке-сұлтан, Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей тағы басқалары - Әбілхайырға үнемі қарсы шығып отырды. 1446 жылы ол өзіне қарсы болып жүрген күшті шонжарлардың бірі — Мұстафа ханның әскерлерін талқандады. Сол жылы Әбілхайыр хан Сырдария өзені мен Қаратау бауырындағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды. 50-жж. Әбілхайыр Мәуренахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқанд пен Бұхараға талау-тонау шапқыншылықтарын жасайды.
1456-1457 жылдарда ойраттармен болған шайқастарда жеңіліске ұшыраған Әбілхайыр елдің бірлігін қамтамасыз ете алмады. Оған наразы Керей мен Жәнібек сұлтандар және олардың қол астындағы көшпелі халықтың бір бөлігі Моғолстанға қоныс аударып, Шу мен Қозыбас (Талас) өзендерінің бойына барып орнықты. Осыдан кейін көп ұзамай 1468 жылы Әбілхайыр көп жорықтарының бірінде қайтыс болды да, "Көшпелі өзбектер мемлекеті" ыдырап кетті.
3. Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік-батыс Сібірдің ұлан байтақ аумағын ерте ғасырлардан бері саны көп түркі тайпалары мекендеген. Шыңғыс хан жорықтары мен Алтын Орда мемлекетінің алғашқы кезеңінде көптеген тайпалар Ертіс пен Обьтың аралығындағы жайылымды жерлерде көшіп-қонып, осы жерлерге иелік еткен болатын. Сібір тайпаларымен көрші болып, оларға елеулі ықпал еткен қыпшақ тайпалары олармен аралас қүралас өмір сүрді. Солтүстік Қазақстан аумағын мекендеген қыпшақтар: құлан-қыпшақ, торайғыр-қыпшақ, сағал-қыпшақ, мадияр-қыпшақ және қытай-қыпшақ бірлестіктеріне бөлінді. Соны мен бірге бұл аумақтарда керейттер де басты роль атқарды. Солтүстік Қазақстан аумағын керейттер мен бірге маңғыттар мен наймандар және меркіттер мен оңғыттар да мекендеді.
Басты рольді керейттер атқарған бұл тайпалық бірлестігінің негізін қалаған Тайбұғы болды және ол сол әулеттің алғашқы құрушысы болып саналады. «Сібір шежіресінің» авторлары мен ел аузындағы аңыздарда Тайбұғының қазақ даласынан келгендігі және Шымға-Тура қаласын салғандығы туралы айтылады. Жоғарыда айтылған аумақтар моңғол шапқыншылығынан кейін Жошы құрамына енеді, бірақ елді басқару тайбұғылық түрік әулетінің қолында қалады. Сібірді алғашқы зерттеушілердің бірі Г.Ф. Миллердің жазбаларында Тайбұғы ұрпақтарыныңда осы жерлерді иеленгенін және Тайбұғы әулетінің ең соңғы билеушісі Сейтақ (Саид- Ахмет) болғандығы туралы деректер кездеседі.
Алтын Орда сарайында және оның иеліктерінде болып жатқан күрделі оқиғалардың барлығы да Сібір хаңдығына әсер етпей қойған жоқ. Едігеден жеңілген Тоқтамыс 1398 жылы Сібірге қашады және тайбұғылықтар әулетінен қолдау тауып осы жерден үлес те алады. Және сол кездегі шежірелерде Түменге жақын жерлердің бірінде Тоқтамыстың қаза болғандығы туралы айтылады. XV ғасырдың бас кезінде Жошы ұлысы мен Шайбан әулеті ұрпақтарының арасында өзара билік үшін күрес күшейе түседі. Осы кезде Ақ Орда ханы Барақтың тықсыруынан кейін Шайбан ұрпағы Махмұд Қожа Тайбұғы иелігіне қашып келіп, мұнда ноғайлықтардың қолдауымен хан болып жарияланады. Шайбан әулетінің тағы бір ұрпағы Әбілқайыр 1428 жылы Тұраға әскери жорық жасап, Махмұд қожа әскерлерімен шайқасып, оны тұтқындап өлтіреді. 1468 жылға дейін Сібір хандығы Әбілқайыр хандығының құрамында болды.
Әбілқайыр хан елгеннен кейін Сібір аумағының едәуір бөлігі Ибақ ханға көшеді және ол көп ұзамай тайбұғылықтарды биліктен шеттетіп иелікті жеке өзі басқара бастайды. Ибақ билігі кезінде Сібір аумағы біртіндеп кеңейіп, Тобыл өңірінің аудандары да енеді және Орыс мемлекетімен байланыс орнатады. Ибақ ханның жеке басқаруына наразы болған Тайбұғы әулеті 1495 жылы едәуір күшпен көтеріліс жасап Шымға - Тураны басып алады және Ибақ хаңды өлтіреді. Осыдан кейін Сібір хандығындағы билік хандықтың соңғы жылдарына дейін тайбұғылықтар әулетінде сақталады. Сібір хандығы XVI ғасырдың соңыңда Ресейдің Батыс Сібір жерлерін жаулап алуынан кейін өмір сүруін тоқтатады.
Достарыңызбен бөлісу: |