Лекция жинағы Пән: «Қазақстан тарихы»


Тақырыбы: Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының бірінші кезеңі (1731-1837 жж.) және екінші кезеңі (1837-1870 жж.)



бет23/81
Дата06.01.2022
өлшемі0,64 Mb.
#12222
түріЛекция
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   81
Байланысты:
kazedu 201595

Тақырыбы: Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының бірінші кезеңі (1731-1837 жж.) және екінші кезеңі (1837-1870 жж.).


  1. XVIII ғ. –XIX ғ. басындағы Қазақстаннның әлеуметтік-саяси жағдайы

  2. Сырым Датұлы бастаған Кіші Жүз қазақтарының отарлық езгіге қарсы күресі

  3. Исатай мен Махамбет басқарған көтерілісі

  4. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі

  5. Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарган Сырдария және Есет Көтібарұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі (1853-1858 жж.)


1. Жоңғар баскыншьшарының қазақ жеріне шапқыншылығының тоқтамауы қазақ билеушілерін Ресеймен одақ кұруға мәжбүр етті. Ресей мемлекетінің кең-байтақ қазақ жеріне деген қызығушылығы орыс мемлекетінің өзінің батыстағы сәтсіз әрекеттерінен кейін Орта Азия мемлекеттері мен сауда және елшілік қатынастар орнатуымен одан әрі күшейе түсті.

Орта Азия елдерімен сауда жасау тек Қазақстан аумағы арқылы өтетін болғандықтан, орыс үкіметі сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысты.

Жүз жылдан астам уакыттан кейін Тәуке хан I Петр патшаға сауда байланыстарын нығайту туралы хат жібереді. 1689-1690 жылдары Тобылға Тұман батыр бастаған елшілік келеді. Бірақ бұл елшіліктердің әрекеті табысты болмады, өйткені олардың келісімдері заң жүзінде нақты бекітілмеді. 1714 жылы I Петр патша Ертіс бойымен полковник Бухгольц бастаған үш мың адамдық әскери отряд жіберді. 1716 жылы олар Омбы және Ямышев бекіністерін салды. 1717 жылы полковник И.Ступин бастаған тағы бір экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция 1717 жьшы Железинск, 1718 жылы Семей бекіністерін орнатады. 1719-1720 жылдары И Лихаревтің әскери экспедициясы Өскемен және Коряков бекіністерінің негізін қалады. Осы уақытта Бекович-Черкасск бастаған экспедицияға Каспий теңізінің шығыс жағалауын зерттеуге және Арал теңізін картаға түсіруге тапсырма берілді.

XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың бірінші ширегіңде патшалық Ресей қазақ жерлеріне қызығушылық танытып, шекара маңында алғашқы бекіністерін сала бастады. Қазақ жасақтарының Аңыракай шайқасындағы жеңісі жоңғар шапқыншылығының қаупін біржолата жоя алмады. Сондықтан да Әбілқайыр хан Петербургке Сейітқұл Қойдағұлов пен Құтлымбет Қоштаев бастаған елшілік жібереді. 1731 жылы 19 ақпанда Анна Иоановна Кіші Жүзді Ресей бодандығына қабылдайтыны туралы сенім грамотасына қол қойды. Грамотада былай деп жазылған: «Біріншіден, біздің императорымызға адал қызмет етесіздер. Екінщіден, Ресей өз азаматтары, сіздерді ренжітпейді. Үшіншіден, ал егер ренжітсе, сіздерді император өз қамкорлығына алып қорғайды. Төртіншіден, сіздер ресейліктермен, башқұрттармен және қалмақтармен бейбітшілікте боламыз деп ант бересіздер».

1731 жылы 10 қазанда Әбілқайыр хан, оның ағасы Құдайназар, Бөгенбай, Есет батырлар және 27 қазақ ақсүйектері Ресей азаматтығын қабылдау жөніңдегі актіге қол қояды. Ырғыз өзенінің бойындағы Әбілқайыр ханның Ордасыңда қойылған акті кезінде қазақ сұлтандары мен ақсүйектері арасында алауыздықтың бар екендігі айқын аңғарылады. Бұл туралы Тевкелев елшілік миссиясы туралы есебінде жазып қалдырады. 1732 жылы 24 қарашада кері кайтқан Тевкелев елшілігімен бірге Әбілқайыр хан жіберген қазақ елшілігі де Уфаға келді. Петербургте өткен келіс-сөздердің нәтижесіңде 1734 жылы Кіші Жүздің Ресей азаматтығына кіру мәселесі түпкілікті шешілді. Әбілқайыр хан сауда керуендерін қорғауға, алым-салыктар төлеуге міндеттенді, ал Ресей үкіметі Әбілқайыр үшін Ор өзенінің жағасыңда бекініс салуға уәде берді.

Қазақ даласында патша өкіметінің отарлау саясаты үш бағытта: біріншіден, гарнизондар мен күшейтілген бекіністі әскери шептер құрылысын тездетіп салу және тұрақты қазақ-орыс (Орынбор, Жайық, Батыс-Сібір, кейін Жетісу) мекендерін құру жолымен, екіншіден, саяси әкімшілік реформалар жасау, сыртқы округтер мен приказдарды одан әрі құру, басқарудың дистанциялық жұмыс түрін енгізу жолымен, үшіншіден, қазақ даласын өзіне қосу, ал Орта Азия мемлекеттерімен сауда-саттықты кеңейту жолымен жүргізілді. Түгелдей барлық билікті ресейлік әкімшіліктің қолына шоғырландыру саясатын жүзеге асыру сұлтаңдардың, ру шонжарларының, билердің наразылығын тудырды. Өйткені оларды патша өкіметі орындары сот-әкімшілік қызметіне қатыстырмауға тырысты.

Хиуа мен Қоқан қол астындағы қазақ шаруалары бұл елдердің феодалдарына қарсы күреске талай рет көтерілді. 1821 жылғы көтеріліс айрықша тегеурінді болды, оған Түркістан, Шымкент, Әулие-ата маңындағы қазақ шаруалары қатысты. Көтерілісті Тентектөре басқарды, оның басшылығымен 12 мыңға жуық көтерілісші шайқасты. Көтерілісшілер Сайрам қаласын шабуылмен алып, оны өздерінің әскери-стратегиялық тірегіне айналдырды.

XIX ғасырдың басында Хиуа мен Қоқан хандары өздерінің қол астына кірмейтін қазақ және қырғыз жерлеріне олжа салу үшін жорықтар жасаса, енді олар Казақстанның онтүстігі мен Қырғызстан жерін өзіне қаратуды көздеді. Ал онтүстік қазақтары Қазақстанның басқа жүздерімен бірге біртұтас елдікті сақтап, Ресеймен бірігуге ұмтылды. 1818 жылы Ұлы жүз қазақтары өздерін Ресей қол астына қабылдауын сұрап, патша өкіметімен келіссөз жүргізіп, 1819 жылдың 18 қаңтарында Сүйін Абылайханов сұлтан өзіне қараған 55462 адаммен Ресейге адал болатыны жөнінде ант берді. 1824 жылы I Александр Ұлы жүздің Жетісуда көшіп-қонып жүрген 14 сұлтанын (165 мың ер адамы бар) Ресейдің қол астына қабылдауы туралы куәлікке қол қойды. 1830 жылы патша өкіметі Орта жүздің бірқатар облыстарының халқынан (25400 үй, 80481 ер адам) ант қабылдады. 1845-1847 жылдары Ұлы жүздің барлық рулары дерлік (оңтүстікте көшіп-қонып жүрген, әлі де Қоқан хандығының қол астындағылардан басқалары) Ресейге қарады. Сөйтіп, XIX ғасырдың алғашқы жартысының аяғына таман, атап айтқанда, 1847 жылы Орта жүз қазақтарының басым көпшілігі орыс бодандығына көшті де, Қазақстанның Ресеймен бірігу процесі аяқталу сатысына қадам басты.

Патша өкіметі қазақ даласын түпкілікті билеу үшін әуелі әр түрлі реформалар жургізіп, қазақтың елдік-этникалық ұйытқысын ірітіп, ұлыстарды бөлшектеп, оларды губернияларға, округтерге теліп, ұлтанды елді тұтастықтан айырды.

Оның алғашқысы — 1731 жылдан 1822 жылға дейін созылған ел билеу жүйесіндегі протектораттық дәуір, яғни күшті мемлекеттің әлсіз мемлекетке формальды түрде болса да қамқорлық жасау саясатын жүргізу еді. Қазақ жұртының арасына өз білімдар адамдарын қаптатып, ғылымды бет перде етіп алға ұстап, соның тасасында тұрып, елдің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мінез-құлқын жан-жақты зерттеп, қазақ халқынын осал тұстарын пайдалануға тырысты. Оны меңгергеннен кейін хан тағына үміткер ханзадалар мен сұлтандар арасында ши жүгіртіп, оларды тақ таласына итермеледі. Солардың ішінде шенге құмар, атаққұмарлары ерекше бағаланып, бұлардан патша өкіметі ештемені де аяған жоқ. Патша отаршылары қазақ жұртшылығының арасына алауыздық ұрығын осылайша енгізе бастады.

Патша үкіметінің қазақ елінің басына тәуелділік ноктасын біржола кигізуі 1822 жылдан 1867 жылға дейін созылды. Сөйтіп, патша үкіметінің отаршылдық саясатының екінші кезеңі басталды. Бұл кезде ол әскер күші арқылы елдін ішкі тірлігіне араласып, жергілікті қазақ шаруаларын қонысынан қуа бастады. Олардың орнына ішкі Ресейде жоқшылыққа ұшыраған орыс босқындарын әкеп орналастырды.

Отарлаудың осы әскери-әкімшілік кезеңінде патша өкіметінің тірек пункттері ретінде әскери бекіністердің іргесі қалана бастады. Оларды тұрақтандыру үшін шекаралық белгілермен бөлді. Біртіндеп бекіністер Казақстанның ішкі аймактарына тамыр жайды. Бастапқы кезде бұл бекіністер Орал, Ертіс сияқты өзен-арналарына орналасты. Содан кейін өлкенің ішкі аудандарында тұрақты бекініс құрылыстары бой көтерді.

Әскери-әкімшілік отарлау XIX ғасырдың екінші жартысына дейін жалғасты. 1831 жылы Аягөз өзенінің жағасында Аягөз бекінісі салынып, 1847 жылы Қапал бекінісінің іргетасы қаланды. 1854 жылы Алатау бауырында Верный әскери бекінісі орнатылды. 1855 жылы Лепсі, Үржар станциялары бой көтерді. Жетісу өлкесінде 1847 жыл мен 1867 жыл аралығында қазақ-орыстар тұратын 14 станица бекіністері салынды. Бұл Ресей империясы отарлаушы әкімшілігінің өкіметін нығайтуға көмектесті.

Қазақстанды отарлаудың және Шу мен Талас аймақтарының қазақтарына ресейлік ықпалды таратудың басты тірегі Верный бекінісі болды. Осы жерден орыс әскерлерінің Шу аңғары арқылы Қоқандық бекіністер - Әулиеатаға. Шымкент пен Ташкентке қарай шабуылы басталды. 1863-1864 жылдары полковник Черняевтің жасақтары қоқандық бекіністер — Созақты, Шолаққорғанды, Әулиеата және Шымкентті, ал патша офицері Веревкиннің жасақтары Түркістанды алды. Сөйтіп, Шығыс-Сібір мен Сырдария шептері қосылды. Ұлы жүзді Ресейдің жаулап алуы, жалпы Қазақстанды қосып алу осылай аяқталды.

Өзінің отарлау саясаты барысында патша өкіметі ең әуелі Қазақстан жеріндегі хандық билікті жоюға кірісті. Хан билігі орыс шенеунігі басқарған уақытша кеңестің қолына көшті. Осындай кеңес құру арқылы Кіші жүз бен Орта жүз хандықтарының саяси дербестігін түпкілікті жою мақсатын көздеді. 1815 жылы Орта жүз ішіндегі Уәлидің билігін әлсіретуге тырысып, екінші хан етіп Бөкейді тағайындады. Орта жүздің хандары Бөкей 1817 жылы, Уәлихан 1819 жылы қайтыс болған соң, патша өкіметі жаңа хан сайлатпай, Орта жүзді бірнеше әкімшілікке бөліп, оларды басқарып- бақылауға патша әкімдерін қойды.

1822 жылы орыстың белгілі мемлекет қайраткері М. М. Сперанскийдің басшылығымен "Сібір қырғыздары туралы жарғы", 1824 жылы "Орынбор қырғыздары жөніндегі жарғы"- деген құжат негізінде патша үкіметі қазақ жерін басқару тәртібі жөніндегі заң шығарды. Осы заң бойынша Орта жүз бен Кіші жүз хандықтары жойылды. Кіші жүзде (соңғы хан Шерғазы Айшуақов) хандық биліктің орнына Ресейдегі сияқты әкімшілік саяси басқару жүйесі қалыптасты. Ал Орта жүзде "аға сұлтан" деген басқарушы қызмет енгізілді. Орта жүз жекелеген әкімшіліктерге бөлініп, Омбы қаласының ішкі округтері деп саналды. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Ауыл старшындары қазақтардан сайланды. Болыстыққа сұлтандар тағайындалып, бұл қызмет шын мәнісінде атадан балаға мирас болып қалдырылып отырды.

XIX ғасырдың басында Қазақстанның Ресейге бірігуінің аяқталуы жақын болатын. Осымен байланысты қазақ елі жалпы ресейлік қоғамдық еңбек бөлінісіне ене бастады. Пошта, жол қатынасының дамуы, сауданың, экономикалық байланыстың орнығуы іске асты.

Қазақ елі негізінен мал өсіруші өлке еді. Егіншілік шаруашылық айналымына енді-енді еніп келе жатты. Егінші қазақтарды жатақтар деп атады. Жатақтардың көбінде көлігі, құрал-саймандары болмады. Сондықтан олар жинаған өнімнің тең жартысына дейін беріп, көлікті, күрделі құрал-сайманды байлардан, ауқатты шаруалардан жалға алатын

XVIII ғасырдың соңы — XIX ғасырдың басында Ресеймен шекаралық сауда орталықтарында Қазақстаннан тек бір жыл ішінде 1,5 миллионнан астам мүйізді ірі қара мал және 100 мыңнан аса жылқы сатылған. Бұл кезде Қазақстан Ресей астығының негізгі тұтынушысына айналды. Барлық шекаралық сауда орындары арқылы мұнда жыл сайын 400-500 мың сомға астық жеткізілді.

Халыктың бай, кедей болып жіктелуінің күшеюі, жартылай көшпелі елге ақша-тауар қатынастарының барған сайын батыл енуі қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымын өзгертіп, әлеуметтік қайшылықтарды шиеленістірді және қауымдық-рулық қалдықтарының күйреуіне себебін тигізді.

Бұл өзгерістер бірден бола қалған жоқ. Елде тап тартысының, яғни кедей шаруалар мен ауқатты қанаушы топтардың арасындағы қайшылықтың күшеюі, қазақ шаруаларының отаршылдық саясатқа қарсы күресі барысында іске асты. Орыс мемлекетінің отарлау саясаты қазақтың ел басқару ісіне қойған адамдарының небір өрескелдіктерді істеуіне жол ашты. Олар алым-салықты көбейтіп, патша әкімшілігінің, жергілікті әкімдердің пайдасына халыктың малын, каржысын алып, өздерін бет қаратпай бағынышты етіп ұстағысы келді. Ал, қазақ шаруалары өздерінің адамдық құқын пайдаланып, біз де бір атаның ұрпағымыз деп зорлық-зомбылыққа көнгісі келмеді, әділдік пен адалдықты көргісі келді. Міне, осыдан келіп, қазақ халкының ұлт-азаттық қозғалысы басталды.

Сонымен бір жарым ғасырға дерлік созылған Қазақстанның Ресеймен бірігу процесі негізінен XIX э. 60-жылдары аяқталды. Осы кезден Ресей империясының қазақ жерін отарлаудың үшінші кезеңі басталды. Бірақ оның көптеген өзіндік күрделі әрі қайшылықтарға толы ерекшеліктері бар еді.



2. Қазақтың өз жерінде көшіп - қонуына, мал жайылымдарын пайдалануына тыйым салуы Ресей мемлекеті отаршылдық әкімшілігінің қазақ жерін отарлаудағы алғашқы тәсілдерінің бірі болды. Сонымен бірге Жайықтың арғы бетіне өтуге патша өкіметінің тыйым салуы, Орал және Жайық қазақтарының, патша өкіметіне берілген башқұрттардың ашықтан - ашық тонаушылық әрекеттері, халықты тонауы, зорлық жасауы күшейе түсті.

Нұралы хан мен оған жақын сұлтандар ғана тыйым салған жерлерге көшіп қонуға рұқсат алды. Қазақтардың өз бетімен Жайықтан өтуіне байланысты қазақ-орыс әскерлері мен қазақтар арасыңда қақтығыстар жиі болып тұрды. Негізгі күн көрісі мал және оған қажетті жайылымдардан айыру халықтың наразылығын туғызып, отарлық езгіге қарсы күрестің басталуына себеп болды.

Қазақтардың отарлық езгіге қарсы кең көлемдегі күресі Ресейдегі Е.Пугачев бастаған 1773-1775 жылдардағы көтеріліспен тұспа-тұс келді. Е.Пугачев таратқан үндеулер Кіші Жүз бен Орта Жүз қазақтарының бұдан бұрын пісіп жетілген көтерілісінің басталуына түрткі болды. 1773 жылы қыркүйекте басталған Пугачев көтерілісінің алғашқы айларыңда-ақ қазақтар бүкіл орыс-қазақ шекарасыңдағы бекіністерге шабуылдар жасай бастады.

Пугачев әскерлерінің 1774 жылы жазда Царицин түбіндегі жеңілісінен кейін де қазақтардың күресі тоқтаған жоқ. 1775 жылы қаңтарда Пугачевті Мәскеу қаласыңда жазалағаннан кейін ғана патша өкіметі қазақ даласының ішкі жағына жазалау отрядтарын жібере алды. Патша өкіметінің жазалаушы отрядтарына қазактар елеулі қарсылық білдірді. Жазалаушы отрядтарға Нұралы хан үлкен көмек көрсетеді. Елеулі қарсылыққа қарамастан қазақтар ішке қарай көшуге мәжбүр болды. Патша өкіметі көтерілісті халық санасынан өшіру үшін Жайық қаласын Орал қаласы деп атау туралы шешім шығарды. Орынбор губерниясы таратылып қазақ жері Сібір және Уфа генерал-губернаторлықгарына бағындырылды.

1773-1775 жыддардағы көтерілістен кейін біршама саябырлаған патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған күрес 1783-1784 жылдары қайта жандана бастады. Бұл көтерілістің феодалдық және отаршыддыққа қарсы сипаты болды. Нұралы ханның патша өкіметіне арқа сүйеуі, оның отарлық саясатқа қолдау білдіруі оның Кіші Жүздегі беделінен жұрдай айырды. Бұның озі Нұралы ханның саяси оқшаулануына, халық бұқарасының қайтадан бас көтеріп, Кіші Жүзде хан билігін жоюды талап еткен наразылығына алып келді.

Кіші Жүзде басталған бұл көтерілісті Байбақты руының старшины 1773-1775 жылдардағы көтерілістің белсенді қатысушыларының бірі, халыққа шешендігімен де, батырлығымен де белгілі болған Сырым Датұлы басқарды. 1783 жылдың көктемінде Жайық казактарынын қазактардың «ішкі жаққа» өтіп кеткен 4 мың жылқысын айдап әкетуі, оның аддыңдағы қатал қыста көп малынан айырылып күйзеліп отырған казақтардың жағ-дайын одан әрі ауырлата түсті. Осындай жағдайда Кіші Жүз қазақтары-ның алғашқы толқуы басталып, ол отарлық езгіге қарсы күреске ұласты.

1785 жылдың басында Сырымның отряды 2700 адам, Барақ батырдың отряды 2 мың адам, Тіленші батырдың отряды 1500 адам, барлығы 6 мың адамнан асады. Күрестің күшеюінен қауіптенген Нұралы хан патша өкіметінен көтерілісті басу үшін Орынбордан әскер жіберуін сұрайды. Патша әскерлерімен ашық күресті қаламаған Сырым Датұлы алғашқы кезде партизандық күрес тәсілдерін қолданып, аз ғана отрядымен Сахарный бекінісі мен Антонов қамалдарына шабуылдар жасайды. Сырым Датұлы өзі 500 жігітімен жазалаушы отрядтарының тылына өтіп кетіп әскери бекіністерді шабуылдайды. Патшаға, ханға, жазалаушы отрядқа қарсы Сырым Датұлы көтерілісшілерінің күресі халықтан қолдау тауып, көп ел Нұралы ханнан бөліне көшеді.

1785 жылы жазда ру басшыларының жиыны өтеді. Жиында генерал-губернатордың көтерілісшілерге арналған «ашық хаты» талқыланды. «Ашық хатты» талқылаған көтерілісшілер патша өкіметіне өз талаптарын да қойды. Бұл талаптардың ең бастысы қазақтарға Еділ мен Жайық аралығындағы жерлерді қайтару, Орал қазақ әскерлерінің тонаушылығын тоқтату және Нұралы ханды хан билігінен тайдыру болды. Ру басшыларының талқысынан кейін Кіші Жүз үш бөлікке: Байұлы, Жеті ру және Қаракесек болып бөлінді. Патша өкіметі Кіші Жүздегі бұл әкімшілік бөліністі ресми бекітіп, оның ру басшылары болып Байұлында Тормамбет би, Жетіруда Тіленші би, Қаракесекте Сегізбай би сайланды.

1786 жылы Нұралы хан Орынборға қашып Калмыков бекінісін паналайды. 1786 жылы 3 маусымда II Екатерина патша Нұралыны хандық биліктен түсіру жөніндегі жарлыққа қол қойып, оны Уфаға жібереді, ол сонда 1790 жылы өледі. Жағдайды пайдаланып қалуға тырысқан патша өкіметі Кіші Жүзде хандық билікті жоюды ұйғарып, басқарудың жаңа формаларын жасауды Орынбор генерал-губернаторы Игельстромға тап-сырады. Игельстром жобасы бойынша бүкіл Кіші Жүз аумағы үш бөлікке бөлінген басқарудың жаңа формасы шекаралық сот жобасы ұсынылды. Ру басшылары да осыған кірді. Шекаралық сотқа бағынатын сот шешімін орындаушыларды жалақы алатын төраға мен екі заседатель басқаруға тиіс болды. Бірақ Игельстром ұсынған басқарудың бұл жүйесі өмірге бейімсіз болып шықты, даладағы бүкіл билік ру басшыларының қолына көшті. Басқарудың бұл жүйесіне сұлтандар да қарсылық білдірді, олар хандық билікті қайта талап етті. Сұлтандардың бұл талабын Нұралы ханның інісі Ералы басқарды. Ералы да қазаққа тендік әперуді ойлаған жоқ. Оның тұсында да қазақтардың жайылымдық жерлері тарылды. Жайық бойында мал жаюға, Жайықтан балық аулауға, мал суаруға тиым салынды.

Казақ даласындағы бақылауды қолдан шығарып алудан қауіптенген патша өкіметі хандық билікті қалпына келтіруді ұйғарды. 1789 жылы казан айында Игельстром Кіші Жүзді басқарудың жаңа жобасын ұсынды. Жобада хан билігі қалпына келтіріліп, Кіші Жүз алты бөлікке бөлінді. Хан басшылық жасайтын Бас басқарма құрылды. Жоба бойынша сонымен бірге патша өкіметі Кіші Жүздегі хан мен сұлтанның билігіне қысым жасаудан бас тартты. Бірақ бұл жоба да іске аспай қалды. 1790 жылы бір топ билер Сәмеке ханның ұлы Есім сұлтанды хан етіп жариялайды. Патша өкіметі бұл сайлауды мойындамай, Нұралы ханның інісі Ералыны хаңдыққа бекітті. Бұл көтерілісшілердің наразылығын тудырады және олар Ералы ханның ордасына қарай жылжиды. Бұл кезде Сырым Датұлы хан билігін жою идеясынан ауытқып, хан билігін шектейтін хан кеңесін құруды ұсыңды.

Осыған байланысты қазақтардың наразылығы күшейе түсті. Олар жасақтар құрып, Сырымның төңіргіне топтасты. 1791 жылдың наурыз айында Сырым батыр патшаның әскери жазалаушы күштерінен бейбіт ауылдарды сақтау үшін, Табын мен Кердері руларына шығысқа Мұғалжар тауларына қарай ойысуды ұсынды. Батырдың қазақ ауылдарын ойрандаудан алыс ұстауға бағытталған бұл саясаты кейіннен өзін ақтады. 1792 жылы Сырымның қарулы күштері құрамына мыңнан астам жасақ жиналды. Сол жылы қыркүйек айында Сырым жасақтары Елек қамалына шабуыл жасады. Бірақ ол сәтсіздікпен аяқталды.

Патша өкіметі Сырым Бұқара мен Хиуа хандығымен бірігіп, Орыс мемлекетіне қарсы шыға ма деп қауіптенді. Мұндай қауіпке негіз де бар еді. Сырым шығыс беттегі бұл елдердің әміршілерімен астыртын келіссөз жүргізіп, олардың көтеріліс басталған жағдайда көмек көрсететініне уәдесін алды.

Сырым бастаған қазақ жасақтары мен шаруалардың толқуларын басу үшін патша өкіметі кейбір жеңілдіктер жасауға мәжбүр болды. Жайық өзенінің оң жағында мал жаюға, Жайық пен Еділ арасындағы Үлкен және Кіші өзендердің /Қара өзен, Сары өзен/ бойындағы жайылымдарды пайдалануға рұқсат етті. Бірақ бұдан жағдай жақсарған жоқ. Шұрайлы жерлерді, шабындық-жайылымдарды, орман-тоғайларды бұрынғысынша қазақтар, хан, патша адамдары иемденді. Алым-салық, хан төңірегіндегілердің халыққа озбырлығы мен астамшылығы азаймады.

1794 жылы жеккөрінішті Ералы хан өліп, оның орнына1796 жылы хан тағына отырған Есімде езгіні жеңілдеткен жоқ. Бұрыннан қаталдығымен аты шығып жүрген ол халықты одан әрі қан қақсатты. Осының бәрі ұлт-азаттық қозғалысының жаңа күшпен өрлеуіне, жандануына жол ашты. Оның дем беруші көсемі Сырым болды. Оған Байбақты, Есентемір,Серкеш, Алаша, Таз руларының шаруалары қосылды. Олар-


дан шыққан Ерсалы, Қайсарлы сияқты қазақ батырлары Сырымға қалтықсыз қызмет етті.

С. Датов Кіші жүздегі мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен тәуелсіздігі ішкі және сыртқы жағдайлармен байланысты екенін жақсы түсінді. Сондықтан да Ресеймен саяси және экономикалық байланыстарды нығайтуды жақтады, бірақ сонымен бірге, Сырым патша үкіметіне сенбеді. Атап айтқанда, халық бұқарасының қозғалысын басқару кезінде ол Орынбор генерал-губернаторы Игельстроммен кездесуден бас тартты. Патша әкімшілігімен хаттар жазысып, келіссөздер жүргізу арқылы оны бейтарап етуге тырысты. Сонымен қатар Сырым көтерілістің табысқа жетуі тек Қазақстан мен Орта Азия халықтарының, сондай-ақ ағамандардың күшін біріктіргенде ғана мүмкін болатындығын тусінді.

1795 жылы Сырым бастаған көтеріліс қайтадан кең қанат жая бастады. Қазақ жасақтары, әсіресе 1796 ж. Малдың жаппай қырылуына әкеп соққан қысқы ауыр жұттан кейін белсенді қимылдар жасады.

1797 жылы наурыздың 26-сынан 27-сіне қараған түнде көтерілісшілер Есім ханды өлтірді. Бірақ ханның өліміне Сырымның жеке басының ешқандай қатысы болмаған. Көтерілісшілерді жазалау үшін Орал қазақ-орыс әскерінің атаманы Донсков жазалау тобын ұйымдастырды. 1797 жылдың күзінде полковник Скворкин бастаған әскери топ Сырымды қудалауды күшейтті. Жазалаушыларға ханның туыстары, соның ішінде Бөкей сұлтан басқарған жасақтар қосылды. Алайда, Сырым жасақтарының Ойыл өзені бойына көшіп кетуі жазалаушылардың жоспарын іске асырмады. Оған Скворкин тобына қосылған қазақ старшындарының көпшілігінің өз жақтастарымен ауылдарына тарап кетуі де себеп болды. Сөйтіп, жазалаушылардың тағы да бір қимылы сәтсіздікке ұшырады.

1797 жылдьщ күзінде патша үкіметі Кіші жүзде хандық билікті қайтадан қалпына келтіруге бағыт алды, сөйтіп Айшуақты хан етіп бекітті. Осыдан кейін Сырымға қарсы қуғын күшейді. Оған 800 адаммен Қаратай сұлтан қосылды. Бірақ Сырымға олармен шайқасудың сәті түскен жоқ, ол Сыр бойына барып, көтерілісшілерді таратып өзі Хиуа хандығына өтіп кетті. Сол жақта Сырымды 1802 жылы қазақ сұлтандарының итаршылары у беріп өлтірді.

Сырым батыр бастаған 1783-1797 жылдар арасындағы Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы патшаның отарлау саясатына қарсы бағыт алған, қазақ халкының тарихындағы маңызды оқиға болғанын айтуымыз керек.

Көтерілістің негізгі қозғаушы күші феодалдық және отаршылдық езгіден, хандардың, сұлтандардың және патша әкімшілігінің зорлық-зомбылығынан құтылуға талпынған шаруалар еді.

Сырым Датов бастаған көтерілістің жеңіліске ұшырауының көптеген себептері бар. Оның жеткілікті ұйымдаспаған стихиялық сипатта болуы, айқын бағдарламасының жоқтығы қозғалысты мақсатына жеткізе алған жоқ. Балтамен, айбалтамен, айырмен, найзамен т. б. қаруланған қазақ шаруаларының мұздай жарақтанған, зеңбірекпен және мылтықпен қаруланған патша әскерлеріне қарсы тұруы ешқандай мүмкін емес еді, ол көтерілістің жеңіліске ұшырайтынын алдын-ала айқындап берді. Көтерілістің жеңілуінін тағы бір себебі жергілікті қауымдық-рулық меншік ру ақсүйектерінің қоныстарға иелік етуіндегі кедергі, қайшылықтар еді.

3.Еділ өзенінің төменгі Каспийге құятын аймағын 1635 жылдан бастап Жоңғар шапқыншылығы кезінде бөлініп қалған қалмақ ру-тайпалары мекендеген болатын. Оны қазақтар Қалмақ қыры деп атады. 1771 жылы бұл жердегі қалмақтар екіге бөлініп, бір бөлігі Қазақстан жері арқылы өздерінің туып-өскен отаны - Жонғарияға барып қосылды. Ал, екінші бөлігі батысқа қарай ығысып, Дон даласына көшіп кетті. Осы босап қалған жерге 1801 жылдан бастап, патша өкіметінің рұксатымен Кіші жүздің Бөкей сұлтан басқарған бес мың қазақ шаруашылықтары қоныс аударды. Мүның өзі Ішкі /Бөкей/ орданың құрылуына бастапқы негіз болды. 30-шы жылдардың аяғына қарай мұнда 20 мындай шаруашылық пен 80 мың адам қоныстады. Бірақ жер мен жайылымдар біркелкі бөлінбеді. Қысқа мерзім ішінде жердің үштен екі бөлігі қазақ феодалдары мен орыс помещиктері Юсупов пен Безбородконың жекеменшік иелігіне өтті.

Бұл кезде патша үкіметі Ішкі орда мен Кіші жүзді басқаруды өздерінің мүдделеріне қарай бейімдеп жатты. Дистанциялар /аралық басқару жүйесі/ құрылып, оның бастығы қызметі енгізілді. Жайық өзені бойындағы жерлерді Орал қазақ-орыс әскері иемденді. Қазақтарға Жайық өзенінен өтуге және қазақ-орыстардың өзен жағалауындағы белдеулеріне көшіп келулеріне қатаң тиым салынды.

Бұдан басқа қазақ шаруалары орыс помещиктері мен қазақ сұлтандарынан жалға алған жерлерінің құны үшін уақтылы есеп айырысуға тиісті болды.

Батыс Қазакстан жерінде Бөкейдің баласы Жәңгір 1824 жылы хан тағына отырған соң, патша әкімшілігінің қолдауымен, халыктың қоғамдық өмірі мен тұрмысының жекелеген жақтарын, сондай-ақ жергілікті басқарудың дәстүрлі жүйесін қайта құруға кірісті. Ол патша өкімет орындары мен қазақ шонжарларының мүдделерін жаңа әдістермен ұштастыруға күш салды.

1827 жылы Жәңгір хан Нарын құмындағы Жасқұс мекенінде тұрақты хан ордасын орнатып, елді осы орталықтан басқаратын болды. Сол жылы хан кеңесі құрылып, оған 12 ата Байұлы руларынан бір-бір биден кірді.

Жәңгір хан 1845 жылы өлді. Өкіметтік топтар ішкі Ордада хандықты жоюды ұйғарды, хан билігі орыс шенеунігі басқарған Уақытша кеңестің қолына көшті.

Патша үкіметінің жергілікті феодалдар мен шонжарларға сүйене отырып, барынша күш сала жүргізген саясаты отарлық езгінін күшеюіне, қазақ бұқарасының наразылығына әкелді.

Наразылық жер дауынан басталды. Кедей шаруаларға құнарсыз жерлер тиді. 1831 жылы Ресеймен шектес жерлерде сұлтандар мен Орынбор Шекара комиссиясына бағынатын әкімшіліктер құрылып, әкімдер мен старшындар жергілікті басқаруды өз қолдарына алды. Бара-бара одан да сорақы жағдай калыптасты. Жайық бойын иемденген Орал қазақ-орыс әскерлері қазақтарға Жайық өзенінен өтуге немесе оның жағасына көшіп-қонуға тиым салды.

Кіші жүз қазақтарының патша өкіметіне қарсы наразылығын күшейтті. Олардың арасында толқулар басталып, аяғында келіп 1836-1838 жылдары Ішкі Орданы және бүкіл Кіші жүзді қамтыған халық көтерілісі бұрқ ете түсті. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші - қазақ шаруалары. Сонымен қатар оған старшын, билердің де бірқатар өкілдері қатысты. Алайда, кетеріліс тегеуріні әлсірей бастағанда, үстем тап өкілдері Жәңгір мен патша жазалаушы шоғырларының жағына шығып, сатқындық жасады, көтерілістің жеңілісін тездетті.

Көтерілістің басында Беріш руынан шыққан белгілі батырлар Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы тұрды. Исатай 1791 жылы туған. Исатай Таймановтың ең жақын серігі - ақын Махамбет Өтемісұлы (1803-1846 жж.).

1812 жылы Бөкей хан Исатайды Жайық бойындағы руларға старшын етіп тағайындайды. 1814 жыддың аяғында оны Орынбор Шекара комиссиясы бекітіп, уақытша жарлықпен оған мөр тапсырады. 1823 жылы Исатайды сұлтан Шығай Нұралиев қамауға алады, оған кісі өлтірді деген айып тағады. Атырау бекінісінен келген Дон қазақтарының конвойы Орынборға әкетеді. Жол бойында Исатай конвойдан қашып шығып елге оралады. Бірақ, осыдан кейін де Жәңгір ханның Исатайдың соңына түсуі тоқтамады. Өйткені Исатай батыр халықтың мүддесін қорғап, қарапайым шаруалардың жерсіздігі мен байлардың озбырлығына душар болуына байланысты әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресті одан әрі жалғастырды.

Бұл күрестің күшеюіне, әсіресе, 1833жылы Жәнгірхан өз қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлын Каспий теңізі өңірінде көшіп жүрген қазақ руларына билеуші етіп тағайындауы себепші болды. Сөйтіп, қозғалыстың басты мақсаты -хан озбырлығына шек қою, шаруалар жағдайын біршама жақсарту, патша өкіметінің отарлау саясатын тоқтату еді.

Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі өзінің дамуында басты үш кезеңнен өтті. Бірінші кезең -1833-1836 жылдарға келеді және қарулы көтеріліске әзірлік кезеңі ретінде сипатталды. Екінші кезең — көтерілісшілердің ханға қарсы /1837 жылдық бас кезі/ аттануынан бастап, олардың жеңіліске ұшырауына дейінгі - 1837 жылғы қараша айының орта шеңіне дейінгі кезеңі. Үшінші кезең — Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілердің шағын тобының Жайықтың сол жағалауына етуінен /1837 жылғы желтоқсан/ жаңа ұрысқа күш жинаудан Ақбұлақ-Қиыл өзені маңындағы ұрыста біржола жеңілуге дейінгі /1838 жылғы шілде айының орта кезі/ уақытты қамтиды.

Көтерілістің жеңілуіне өздерінің ұсақ мүдделерін көздеп қатысқан старшындар мен билердің сатқындығы да әсер етті. 1838 жылы шілде айының12-сі күні Исатайдың жасақтары мен полковник Геке бастаған қарулы күштер Ақбұлақ деген жерде ақырғы шайқаста кездесті. Зеңбір-ектерден жауған снарядтар көтерілісшілер қатарын бірден сиретіп, үрей туғызды. Осы кезде көтерілісшілердің тыл жағынан қазақ-орыс жүздіктері қимыл жасап, оларды қоршауға ала бастады. Өзінен басым күшке төтеп бере алмаған көтерілісшілер бытырай қашты. Ауыр жараланған Исатайды қылышпен шауып, аяғында атып өлтірді. Сөйтіп, батырдың қолы жеңіліске ұшырады. Көтерілісшілер қатарынан 70-80 адам қаза тапты, бірнеше адам Геке әскерінің колына тұтқынға түсті. Исатайдың ажалына қазақ-орыстың оғы да, қазақтардың сатқындығы да себеп болды. Бірақ оның ерлігі ел жүрегінде мәңгі сақталып қалды.

Сонымен Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісі жеңіліске ұшырады. Исатай мен Махамбет басқарған көтерілістің біртекті еместігі, стихиялылығы, нақты бағдарламасынын жоқтығы, ұйымшылдығының жеткіліксіздігі оның жеңіліске ұшырауының негізгі себептері еді.

4.XIX ғасырдың 30-шы жылдарында патша өкіметі Қазақстанда отарлау саясатын онан әрі өрістетіп, қазақ халқының саяси дербестігін біржола жоюға бағытталған шараларды кеңінен жүргізе бастады. Ресейдің қазак жеріндегі әкімшілігі өзен-көлдерді, құнарлы жерлерді, орман-тоғайды өз қармағына алды, ал оны пайдаланған қазақтарға салық салынатын болды. Әкімшілік басқару жүйесін қайта құру барысында қазақ жерлері округтерге бөлінді.

Ресей отаршылдары Абылай көз жұмғаннан кейін Қазакстанның ең бір шұрайлы жерлеріне бекіністер салуға кірісті. Сөйтіп, Ырғыз, Торғай, Ақмола, Көкшетау, Ортау, Қарқаралы бекіністері бой көтерді. Қазақ жеріне кеулеп еніп келе жатқан патша өкіметінің отаршылдық саясатына ашық қарсы шыққан Абылай ханның баласы Қасым болды.

Кенесары көтерілісінің басты мақсаты - патшалық Ресейдің құрамына қосылып үлгермеген аймақтардың дербестігін сақтау, қазақ жерлерін бекіністер мен жаңа округтік билеу арқылы жан-жақты отарлауды тоқтату еді. Сондай-ақ Кенесарының тағы бір көздеген мақсаты қоқандықтардың тепкісіндегі Оңтүстік өңірдегі қазақтарды босатып, оларды Қазақ хандығына қосу еді.

Кенесары Қасымұлының қозғалысы бүкіл Қазақстанды қамтыды. Он жылға созылған көтерілістің басты қозғаушы күші - бұқара халық болды. 1838 жылы Кенесары туының астына мыңдаған сарбаз жиналған еді. Кенесары жасақтарында қазақтармен бірге қарақалпақтар, түрікмен, қырғыз, өзбек, өкілдері де аз болған жоқ.

1838 жылдың көктемінен бастап Кенесары жасақтары патша әскерлеріне қарсы алдын ала жасалған жоспар бойынша дәйекті күрес жургізді. Олармен шайқаста Ақмола қаласын қиратып, Ақмола округіндегі патша әкімдерімен ауыз жаласып жүрген Қоңырқұлжа сұлтанның ауылын шапты. 1840 жылы күзде көтерілісшілер Ырғыз бен Торғай маңында патша әскеріне, орыс әкімшілігін қолдаушы жергілікті бай-шонжарларға қарсы күресті күшейтті.

Кенесары әкесінің бір жыл қайтыс болуына берген аста жиналған үш жүзден жамағат Кенесарыны ақ киізге салып, бүкіл қазақ халқының ханы етіп сайлады.

Кенесары хан болып сайланғаннан кейін ел билеу тәртібі өзгеріп, алым-салық реформасы іске асырылды. Егіншілікті дамытуға, көрші елдермен сауда-саттық байланысын орнатуға көңіл бөлінді. Керуеншілерді тоқтатып, олардан салық алынатын болды.

Кенесары Ресеймен тату көршілік қатынас орнатуға ұмтылды. Бірақ Орта жүзге билігін жургізіп отырған Батыс Сібір губернаторы Горчаков, Орынбор губернаторы Перовский Кенесарымен қарым-қатынаста екеуі екі түрлі көзқараста болды.

1841-1842 жылдарда Кенесары жасақтары Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Созақты, Сауранды алып, Қоқан хандығының елірме әуселесін басты. Кенесарыға қарсы орыс әскерлерінің жорығы1843ж. 27 маусымда басталды. Тамыз айында Кенесарыға қарсы сұлтандар Жантөрин, Айшуақов, полковник Генс және Бизянов бастаған бес мың әскер жіберілді. Омбы, Петропавл, Қарқаралыдағы әскер куштері де Кенесарыға қарсы жорыққа аттанды. І-ші және 7-ші қырқүйекте Кенесары жасақтары мен патша әскерлерінің арасында күшті шайқастар жүрді. 1844-1845 жылдар қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысы өрлеудің ең жоғарғы шегіне жеткен кезі еді. Кенесары мен оның батырлары 1844 жылы 14 тамызда Екатеринск /Атбасар/ бекінісін тікелей шабуылмен басып алды. Бұл оқиға патша әкімшілігін састырды. 1845 жылы қазан-қараша айларында Кенесары жасақтары Қоқан хандығына жорыққа аттанды. Қорған, Жаңа Жүлек, Созақ бекіністерін алып, Ақмешітті /қазіргі Қызылорда/ қоршауға алды. Бірақ жорықты жалғастыруға осы жақта жұқпалы індеттін күшеюі бөгет жасады. 1847 жылы сәуірде Кенесары жасақтарымен кырғыз жеріне басып кірді. Қырғыздармен қақтығысу Ыстық көлінің тау шатқалы қойнауында және Шу өзенінің бас жағында өтті. Кенесары Тоқмақтың маңында Кеклік сеңгірі деген жерінде үш жақтан қоршалған қайырымсыз қатал қамауға түсті. Қенесары қолы өзінен күші он есе басым жаумен үш күн бойы соғысты. Үлкен ерлікпен жау тобын бұзып шыққан Наурызбай тобы болды. Бірақ аз ғана адамымен Кенесарының жау қолына түскенін естілген ол ағасын қимай жау әскеріне өз еркімен келіп берілді. Патша әкімдерінің кеңесімен қырғыз манаптары екі батырдың да басын шапты. Сөйтіп бәрі бітті.

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы патшаның отарлау саясатына қарсы жүргізілген ең ұзақ соғыс еді.

5. XIX ғасырдың екінші жартысында Сырдария бойындағы қазақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте ауыр болды. Хиуа және Қоқан феодалдары Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы және Ырғыз, Торғай, Емба өзендерінің аңғарларындағы қазақтарды өздеріне қаратуды көздеді. қазақтар тек өз феодалдарына ғана емес, сондай-ақ Хиуа және Қоқан билеушілеріне де зекет және ұшыр төледі. Алым-салық жинау үшін олар әскери күштерді пайдаланды.

Хиуа және Қоқан хандықтарының үстемдігіне қарсы Сырдария қазақтары көтеріліске шыға бастады. Мұндағы қазақтардың көтерілісін Әлім руынан шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлы /1780-1860 жж./ басқарды. Сырдария қазақтары солтүстік-батыс жақтан өз мекендеріне басып алу қаупін туғызған орыс отарлаушылығына қарсы күреске шыға бастады. Өйткені, 1849 жылы Райым бекінісіне Орынбор қазақ-орыстарының алғашқы жиырма алты отбасы қоныстандырылды. Олар бірте-бірте қазақтарды отырған жерлерінен ығыстырды. Қазақ еңбекшілері екі түрлі қанаудың - патша өкіметі және жергілікті өз феодалдарының тепкісін бастан кешірді.

Бұл халық арасындағы наразылықты күшейтіп, аяғында келіп ашық көтеріліске ұшыратты. Орыс отарлаушыларына қарсы Сыр қазақтарының көтерілісі 1856 жылы желтоқсан айында басталды. Көтерілістің басында Жанқожа батыр тұрды. Көтеріліс букіл Қазалы өңірін қамтыды, бұл уақытта Жанқожаның қаруланған жасақтарының саны 1500-ге дейін жетті. Осы шайқастың барысы азғантай топтан құралған көтерілісшілер жасағының жеңілісімен аяқталды.

1856 жылы 19-23 желтоқсан аралығында көтерілісшілер тобы патша әскерлерінің майоры Булатов қолбасшылық еткен екінші бір отрядпен шайқасты.

Көтерілістің кеңінен таралуы Орынбор генерал- губернаторы әкімшілігін қатты састырды. Оның бұйрығымен көтерілісті басу үшін Ақмешіттен генерал-майор Фитингоф бастаған әскери топ жіберілді. Оның құрамында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, үш зеңбірек және екі ракеталық /зеңбірек орнататын/ қондырғы кірді. Көтерілісшілермен шешуші шайқас 1857 жылы 9 қаңтарда Қазалыға жақын жердегі Арықбалық мекенінде жүрді. Көтерілісшілерді жеңген Фитингоф әскерлері енді олардың ізіне түсіп, жазалауға кірісті. Жанқожа бастаған көтерілісшілер Сырдарияның оң жағалауына, ондағы Хиуа хандығының жеріне өтуге мәжбүр болды. Жанқожамен бірге 20 шақты қазақ ауылдары көшіп кетті.

Жанқожа мұнда Хиуа, Бұкара немесе Қоқан хандары тарапынан өзіне одақтастар табуға әрекеттенді, бірақ оның бұл саясатынан ештеме шықпады. Қазақтардың Жанқожа Нұрмұхамедов қолбасшылық еткен көтерілісі осылай аяқ-талды.

Көтерілістің жеңілуінің басты себебі, оның жете ұйымдаспағаны және ол кезде күшті қаруланған патша әскерлеріне, ешқандай зеңбірегі, ататын мылтығы да жоқ, қазақ жасақтарының қарсы тұруы мүмкін емес еді. Көтеріліс Сыр бойы шеңберінен аспады. Соғыс қимылдары барысында ескі мешеу әскери тактика қолдану, ортағасырлық тәртіптерге сүйену көтерілістің жеңілуіне әкелді. Бұдан басқа бай феодалдарының сатқындығы да өз әсерін тигізді.

Жанқожа Нұрмұхамедұлы баскарған 3856-1857 жылдары болған Сырдария қазақтары көтерілісінің тарихи маңызы өте зор. Өйткені ол патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы халық-азаттық қозғалыс еді.

Патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы бас көтерулердің бірі - Есет Көтібарұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі. Бұл көтеріліс 1853-1858 жалдар арасын қамтыды. Көтерілістің шығуының басты себебі -Арал теңізінің батыс жағындағы Үлкен және Күші Борсықты, Сам құмын, Сағыз және Жем өзендерінің бойын мекендеген Шекті руы қазақтарына түтін салығының салынуы жөне жылдан-жылға патша үкіметінің қысымының күшеюімен байланысты еді.

1855 жылдың жазында көтерілісті басу үшін Орынбордағы патша әкімшілігі сұлтан Арыстан Жантөрин басқарған қазақ жасақтарын жіберді. Оған сұлтан Таукин, ал Орал бекінісінен майор Михайлов қазақ-орыс әскерлерімен аттанды. Көтерілісшілер мен патша әскерлері арасында қырғын шайқастар жүрді. Сол жылдың 8 шілде күні Есеттің жасақтары күтпеген жерден А. Жантөрин сұлтанның лагеріне шабуыл жасап, сұлтанды және оншақты би-старшындарды өлтірді. 1858 жылы қырқүйекте Бородин басқарған патша әскерлері Есет батыр бастаған көтерілісшілерді Сам құмында біржолата талқандады. Есет Көтібарұлы патша әкімшілігінің ұсыныстарын қабылдап, келісімге келуге көнді. Ол көтерілістен бас тартып, патша өкіметіне адал қызмет жасауға уәде берді. Кейін бидің қызметін атқарды.

Сөйтіп, патша үкіметінің отарлау саясатына және жергілікті бай-шонжарларға қарсы бағытталған Кіші жүз қазақтарының Есет батыр бастаған тағы бір көтерілісі сәтсіздікпен аяқталды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   81




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет