Сөз және оның морфологиялық құрылымы
Дыбыс – тiлдiң мағыналы бiрлiгi емес, ол ең кiшi фонетикалық бiрлiк, өйткенi жеке дыбыстардың, дыбыстар тiркесiнiң мағынасы болмайды. Керiсiнше, жоғарыда келтiрiлген мысалдардағы жер, тiл сөздерi – заттың атауы, жекеше түрде, атау септiгiнде тұрған зат есiмдер. Осы атау септiк, жекеше тұлғасы, заттық мәнi жер сөзiнiң грамматикалық мағыналары болып табылады. Бұл белгiлер жер сөзiнiң бойында грамматикалық белгiлердiң пайда болғанын көрсетедi. Ал морфология сөздiң нақты лексикалық дербес мағынасын емес, осы лексикалық мағына негiзiнде пайда болатын, жалпы, ортақ қасиеттерi арқылы топтастырылған сөздердiң грамматикалық белгiлерiн зерттейдi. Өйткенi, лексикалық қордағы сөздер, сөздердiң тобы жалпыланып барып, белгiлi бiр грамматикалық мәндерде жұмсалады, сол мәндердiң басын бiрiктiретiн ортақ грамматикалық қасиеттерi (синтаксистiк, морфологиялық) арқылы сөздердiң грамматикалық категориялары пайда болады. Ортақ морфологиялық белгiлерi болуы арқылы сөздер сөз таптарына топтастырылады, жiктелiске түседi. Осылайша сөздердiң морфологиялық құрылымы түзiледi. Яғни морфологияның нысанына айналуы үшiн сөз белгiлi бiр грамматикалық мағынаны иеленiп, сөйлеу процесiнде белгiлi бiр қызмет атқаруы тиiс. Мысалы:
Бiреу ұқпас бұл сөздi, бiреу ұғар.
Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар.
Сөздi ұғар осы күнде кiсi бар ма?
Демеймiн жалпақ жұртқа бiрдей жағар (Абай). Бұл шумақтағы негiзгi ой – сөз туралы. Осы шумақтың жекелеген әр тармағындағы, соның iшiнде Сөздi ұғар осы күнде кiсi бар ма? жолындағы сөздердiң әрқайсысының бiлдiрiп тұрған өз алдына жеке лексикалық мағыналары бар. Бiрiнiң бiлдiретiн мағынасын екiншiсi бiлдiре алмайды. Бiрақ осы сөздердiң сөйлеу процесiне қатысып, белгiлi бiр қызмет атқаруы нәтижесiнде сөйлем құралып, ойды жеткiзуге мүмкiндiк туып тұр. Сөздердiң сөйлеу процесiндегi атқарып тұрған қызметтерi сөздердiң сөйлем iшiнде бiр-бiрiмен байланысуынан, яғни қосымшалардың қолданысынан байқалады. Мысалы, ұғар етiстiгi (түбiрi – ұқ, ар – келер шақ көсемше) өзiмен байланысқа түсетiн тiлдiк бiрлiктiң табыс септiгiнде тұруын (сөздi) керек етедi. Ал сөздi – зат есiм, табыс септiгiнде тұруы арқылы тура объектiлiк мағынаны бередi. Осы – сiлтеу есiмдiгi, күнде – жатыс септiктегi зат есiм, кiсi – жалпы есiм, атау тұлғасында, бар – көмекшi сөз (модаль), ма – сұраулық шылауы. Қосымшалар осы тектес ондаған сөзге жалғана алады. Грамматикалық мағыналардың жеке бiр сөзден көрiнетiн лексикалық мағынадан өзгеше болатыны осыдан байқалады.
Сөздердiң лексикалық мағынасының жалпылануы нәтижесiнде грамматикалық мағыналар пайда болады. Бiрақ алдымен лексикалық мағына, содан кейiн лексикалық мағынаның негiзiнде грамматикалық мағына пайда болады.
ЕСКЕРТУ: Грамматикалық мағына кейде ешқандай қосымшасыз, сөйлем iшiндегi сөздердiң бiр-бiрiне қатысы арқылы да жасала бередi.
Айталық, жер, су, аспан, адам, қала, дала, бала сөздерiнiң лексикалық мағыналары түрлi-түрлi, соған қарамастан, олардың ортақ грамматикалық белгiлерi арқылы қалыптасқан грамматикалық мағыналары осы сөздердi бiр ыңғайда топтастыруға мүмкiндiк туғызып тұр. Ол белгiлер: - заттың атын бiлдiруi; - атау септiгiнде тұруы; - жекеше түрде келуi. Бұл аталған грамматикалық мағыналардың тек келтiрiлген сөздер ғана емес, өзге де сандаған сөздердiң құрамында кездесуi грамматикалық мағынаның ортақ, жалпылама екенiн бiлдiредi. Сондай-ақ сөздердiң қимыл, iс-әрекеттi атауы, сындық, сандық, т.б. мағыналары болуы лексикалық қордағы сөздердi сөз таптарына топтастыруға мұмкiндiк бередi, оларда да жалпылық қасиет бар. Осы қасиеттерiнiң бәрi де сөздердiң грамматикалық құрылымын айқындайды.
Сөздiң морфологиялық құрылымы морфемадан басталады. Морфема туралы ұғым негiзгi морфема мен қосымша (аффикс) морфемаларды бiр-бiрiнен ажыратып алудан басталады.
Сөз түбiр және қосымша морфемаларға бөлiнедi. Бiрақ сөздер кейде негiзгi түбiр тұлғалы (түбiр морфема) түрiнде, ендi бiрде негiзгi түбiр мен қосымша морфемалы түрiнде келедi.
I. СӨЗ = негiзгi морфема = ешқандай қосымшасыз тек таза түбiрден жасалған;
II. СӨЗ = негiз + қосымша морфеманың қосындысынан тұрады.
Яғни, сөз әрi қарай бөлшектеуге келмейтiн түбiрден және түбiр мен сөз тудырушы морфемалардан тұрады. Сөз құрамы жағынан түрлi-түрлi болады. Олар бiр морфемадан, екi морфемадан, үш немесе төрт морфемадан құрала бередi.
Сөз құрамындағы әрбiр морфеманың мағынасы бар. Морфемалардың бiлдiретiн мағынасы да, қызметi де әр түрлi болып келедi. Соған орай морфемалар лексикалық мағынаны және грамматикалық мағына бiлдiретiн морфемалар болып бөлiнедi. Мысалы, қала-шық-тар-ға. Осындағы қала – негiзгi морфема, өзiне тән лексикалық мағынасы бар, шық-тар-ға – 3 түрлi қосымша немесе аффикстiк морфемалар.
Сонымен, сөз дегенiмiз – сөйлем құрауға негiз болатын мағыналы бөлшек, тiлдiк жүйедегi грамматикалық мағыналардың түзiлуiне ұйтқы болатын тiлдiк бiрлiк.
Морфология – тілдік білімді объективтендіретін, ғалам туралы білімді құрайтын сала. Онда морфологиялық категориялар мен тұлғалардың тілде қалай концептуалданатыны туралы білім қоры жинақталып, адамның концептуалды жүйесін құруда маңызды орын алатын, ғалам бейнесін қалыптастыратын «уақыт», «сан-мөлшер», «персоналдылық», «модальділік» т.с.с. негізгі концептілердің тіл туралы білімді құраудағы орны сипатталады.
Концептуалды жүйеден морфологияның концептуалды кеңістігін құрайтын бөлігін айқындауға болады. Алайда ол концептуалды жүйенің басқа бөліктерінен тыс, дербес бола алмайды. Себебі концепті мазмұны біркелкі сипатта емес, оның түрлі бөліктерін объективтендіру үшін тілдің бірнеше деңгейі қатысады. Когнитивті лингвистикада дәстүрлі лингвистикада сараланған лексика, морфология, синтаксис, семантика сияқты салалар өзара бірлікте қарастырылып, тілдік формаларда көрініс тапқан, адамзаттың ойлау жүйесіне тән жалпы ұстанымдар айқындалады. Әрбір тілдік бірлік терең когнитивті үдерістерді айқындап, мағынаның құрылымдалу тәсілін айқындайтын механизм іспетті.
Тілдік білім морфологияның концептуалды кеңістігінде сақталып, репрезентацияланады. Онда тілдік мағына, категориялар мен тұлғалар туралы білімдер сақталып, ғаламның тілде қалай концептуалданатыны көрінеді. Тілдік емес бірліктермен қатар болмыс нысандарының бірі ретінде тіл де концептуалданады. Тілдік білімнің концептуалдану жолдарының бірі – морфология. Морфология деңгейіндегі концептуалдау ерекшелігі – ол білімді құрылымдай отырып, лексикалық жолмен берілген концептуалды материал үшін қабат, тор түзіп, белгілі бір деңгейде лексиканың қажетін өтейді.
Когнитивті тұрғыдан алғанда, морфологияның негізгі бірлігі – морфологиялық категория болып табылады, ол сөз тұлғаларында көрініс тауып, парадигмаға бірігеді. Морфологияны морфема деңгейіне қатысты ғана емес, сөздердің түрлі топтарын репрезентациялайтын тұтас морфологиялық құрылымдар деңгейінде қарастыру қажет. Морфологиялық категориялар мен тұлғалар концептуалды деңгейде, негізгі танымдық үдерістер қатарында сипатталады. Морфологияның ғалам туралы білімді тіркеп, жіктеуі, категорияларға бөлуі осыған байланысты болады. Морфологияның категориялау үдерістерімен байланысы морфологияның ғалам туралы білімді қалай объективтендіріп, топтастыратынын да көрсете алады. Морфологиялық бірліктердің когнитивті қызметі ойлау үдерісімен, адамның интеллектуалды және ментальді қызметімен, ақпаратты өңдеу, сақтау, жіктеуімен байланысты болады. Морфологияда концептуалды жүйенің маңызды бөліктері категорияланады. Сол себепті морфологиялық категориялар мен тұлғалар категориалды мағынаның ерекше деңгейінің жалпылану, репрезентациялану жолы болып табылады. Концептуалды жүйенің категориалды бөлігі морфологиялық жолмен берілетін концептілер түрінде көрініс тауып, морфологияның концептуалды кеңістігін құрайды, морфологиялық репрезентацияның тілдегі когнитивті негізін түзеді.
Әдебиеттер тізімі:
Байтұрсынов А. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы, 2013.
Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 1995
Ибатов А. Сөздің морфологиялық құрылымы. - Алматы, 1983.
Момынова Б., Саткенова Ж. Қазақ тілінің морфологиясы. Оқу құралы. – Алматы: Арыс, 2014.
Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002.
Достарыңызбен бөлісу: |