Сөз – тiл бiлiмiнiң нысаны
Сөз – күрделi тiлдiк категория. Өйткенi сөз зерттеу нысаны болмайтын тiл бiлiмiнiң саласы жоқ. Оның мағына-сын, дыбысталуын, шығу төркiнiн, даму, өзгеру тарихын, жасалу, түрлену жолдарын, сондай-ақ сөз бойындағы өзгерiстер мен процестердi тiл ғылымының түрлi салалары қарастырып, зерттейдi. Лингвистикалық морфологияның жеке-дара нысаны – сөз.
Ғалым А.Ибатов сөз туралы ғылыми пiкiрлердi алты бағытта топтастырады:
1.Сөйлемнiң ең шек минимумы (предельный минимум предложения)
2. Синтаксистiң минимальды единицасы;
3. Сөйлеудiң минимальды единицасы;
4. Өз бойында фонетикалық, семантикалық және грамматикалық белгiлердi бiрiктiре алатын единицасы;
5. Шындықтың элементiн көрсетiн единицасы;
6. Сөйлеудiң бiрбүтiн және дербес элементi [Ибатов, 1983, 32-б.].
Академик Н.Т.Сауранбаевтың сөз туралы пiкiрi: “Сөйлемдегi ойдың бөлшегi болатын белгiлi ұғымның дыбыстық көрiнiсiн сөз деймiз” [Сауранбаев, 1953, 56-б.] болса, А.Ысқақов сөз туралы екi бiрдей тұжырым жасайды:
1. Сөздер адамның сезiмi арқылы қабылданған заттардың, олардың әр алуан қасиеттерiнiң, сапаларының, әрекеттерiнiң бейнесi;
2. Белгiлi бiр ұғымның атауы (белгiсi я таңбасы) ретiнде қолданылатын дыбыстық комплекстi сөз деймiз” [Ысқақов, 1991, 7-б.].
Ойдың материалдық көрiнiсi – сөз. Анықтамаларда сөздердiң жеке (дара) түрiнiң қасиеттерi басты назарда болады да, күрделi түрiнiң ерекшелiктерi қамтылмайды. Сондықтан анықтама берерде оның жеке және күрделi түрiнiң қасиеттерi қатар ескерiлуi керек. Айталық, сөз шегi туралы айтылғанда, күрделi сөз шегi ескерiлмеген. Өйткенi кем дегенде екi лексемадан құрылған күрделi сөздердiң дара сөздерден шегi бөлек. Сондықтан шектi басты критерий етiп алу дұрыс болмайды. Сөздiң басты қасиетi ретiнде оның мағыналық тұтастығы, соған сәйкес түрлену тұтастығы алынуы тиiс. Яғни дара сөз болса да, күрделi сөз болса да оның бiр ғана мағынасы болуы тиiс әрi ол бiрбүтiн тұлға ретiнде түрлене алуы керек. Ал ғалым А.Ибатов осы тұтастықтардың қатарына синтаксистiк тұтастықты, яғни сөздiң сөйлемдегi атқаратын қызметiн де қосады [Ибатов, 1983, 20-б.].
Сөздiң функционалдығы оның синтаксистiк тұтастығынан көрiнедi. Осы функционалдығы сөздерге бiр нәрсенi, затты, ұғымды атауына мүмкiндiк бередi. Атау сөздiң ономасиологиялық қасиетiн бiлдiредi. Сөздердiң ономасиологиялық (атаулық) қасиетi оны тiл жүйесiндегi басты тiлдiк тұлғаға айналдырады. Жеке (негiзгi және туынды) және күрделi (қос, бiрiккен, құранды) сөздерге қойылатын талаптар осы деңгейдiң шеңберiнде қарастырылуы тиiс.
Осы айтылғандардан мынадай қорытынды шығаруға болады:
Сөз дегенiмiз лексикалық, морфологиялық және синтаксистiк тұтастықтағы лексика-грамматикалық бiрбүтiн бiрлiк (единица).
Сөздiң екi түрлi басты мағынасын ажырату жөн. Ол үшiн мына фразаны алайық: Мен орнымнан тұра бастаған кезде, анау екеуi де орындарынан тұрып, маған жақындады.
Осы фразада неше сөз барын екi түрлi жолмен анықтауға болады:
1. Бұл сөйлемде (фразада) 11 сөз бар: Мен, орын, тұр, баста, кез, анау, екеу, орын, тұр, маған, жақында.
2. Мен, орын, тұр, кезде, анау, екеуi, жақындады – 7 сөз бар. Себебi, мен және маған – бiр сөздiң екi түрлi формасы, орнымнан мен орындарынан да бiр ғана орын сөзiнiң екi түрлi формасы, тұрып пен тұра тұр етiстiгiнiң формалары, ал де сөз емес, жалғаулық шылау.
Бiр ғана фразаның құрамын неге әр түрлi етiп көрсетуге болады? Себебi, бiрiншi жауапта сөздi нақты мәтiндiк бiрлiк ретiнде алып отырмыз, бұл жердегi сөздердi сөз формалары деуге болады.
Ал екiншi жауапта сөз абстрактiлi негiз ретiнде алынып отыр. Бұл жердегi сөздiң мағынасында бiрнеше нақты элементтер қамтылады. Мәтiндегi жекелеген сөздердiң (мысалы, орын) бiр ортақ семантикалық өзегi (ядросы) бар. Бұларды ғылыми еңбектерде лексикографиялық бiрлiктер немесе лексемалар деп атайды. Лексема бiрнеше сөзформадан (мысалы, тұра бастады сияқты), тiптi сөз тiркестерiнен жасалатын аналитикалық формалардан да құрала бередi.
Ойды жеткiзудiң ең кiшi тiлдiк бiрлiгi – сөйлем, ал сөйлемнен кiшi тiлдiк бiрлiктер сөз де, сөз тiркесi де ойды жеткiзе алмайды, тек жеке немесе күрделi ұғымды ғана бiлдiрiп, тұтас ойдың бiр бөлшегi ғана болады.
Сөйлем сөздерден, сөздер тiркесiнен құралады, ойды жеткiзу сөйлем құрамындағы сөздердiң бiр-бiрiмен грамматикалық қарым-қатынасқа түсуiнiң нәтижесiнде iске асады.
Мысалы:
Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса (Абай) дегенде сөздер бiр-бiрiмен грамматикалық жақтан байланысып, ойды анық жеткiзу мүмкiндiгi туындаған. Егер сөздер грамматикалық қатынасқа түспесе, ой жеткiзудiң мүмкiндiгi жойылып, олардың қай-қайсысы да бөлек-бөлек тұрған, жеке-дара сөздер болып шығар едi: Көлеңке, бас, ұзар, алыс, көз, жасыр.
Сөздердiң фонетикалық, фонологиялық, лексикалық, стилистикалық ерекшелiктерi бар. Сол ерекшелiктердiң iшiнде сөздiң морфологиялық сипаты оның морфологиялық тұтастығы мен бүтiндiгiнен көрiнедi. Осы белгiлерi сөздердiң морфологиялық құрылымын түзедi.
Сөздiң морфологиялық құрылымы сөздiң мәтiнде қандай формада тұрса, сол күйiнде сөз болып танылатын түрi. Яғни, сөздiң лексика-грамматикалық (түбiр мен негiз) ғана емес, оның грамматикалық бөлiктерi, сөз формалары (жалғау, функционалды-грамматикалық, сөз түрлендiрушi жұрнақ) да қамтылады. Сөз мәнмәтiнде (контексте) қандай грамматикалық формада тұрса, сол күйiнде морфологиялық талдауға түсуi тиiс. Мысалы: құлаққа, далаға, жолда, қимылдарда, т.б.
Сөздiң морфологиялық құрамы сөздiң қандай морфемалық бөлшектерден құралатындығына байланысты анықталады. Сөздердiң морфологиялық құрамы негiзгi екi элементтен тұрады: түбiр (негiз) тұлға мен аффикстер. Яғни, сөздердiң морфологиялық құрамын анықтау негiзгi морфемалар мен қосымша морфемалардың түрi мен сипатын талдаудан тұрады.
Сөздiң құрылымы негiзгi және қосымша морфемалардың сөз құрамындағы орын тәртiбi мен реттелген жүйесiнен тұрады.
Сөйлемдегi ең кiшi мағыналық бөлшек – сөз, өйткенi морфема да, дыбыс та мағынаны бiлдiре алмайды. Айталық, а немесе б, сондай-ақ да, те десек, ойды жеткiзу мүмкiн емес.
Ескерту: Бiрақ бұл жерде түбiр сөздердiң де морфема (түбiр морфема) деп аталатынын ескерте кеткен жөн.
Қысқаша айтқанда, сөздердiң осындай қасиеттерi оны тiл бiлiмiнiң барлық саласының да зерттеу нысаны етедi, өйткенi сөз – дыбыстан да, фонемадан да, сөз тiркесi мен сөйлемнен де бөлек, мағынасы бар ерекше тiлдiк бiрлiк.
Достарыңызбен бөлісу: |