Сөз – тiл бiлiмiнiң нысаны
Сөз – күрделi тiлдiк категория. Өйткенi сөз зерттеу нысаны болмайтын тiл бiлiмiнiң саласы жоқ. Оның мағына-сын, дыбысталуын, шығу төркiнiн, даму, өзгеру тарихын, жасалу, түрлену жолдарын, сондай-ақ сөз бойындағы өзгерiстер мен процестердi тiл ғылымының түрлi салалары қарастырып, зерттейдi.
Академик Н.Т.Сауранбаевтың сөз туралы пiкiрi: “Сөйлемдегi ойдың бөлшегi болатын белгiлi ұғымның дыбыстық көрiнiсiн сөз деймiз”.
Сонымен, сөз дегенiмiз – сөйлем құрауға негiз болатын мағыналы бөлшек, тiлдiк жүйедегi грамматикалық мағыналардың түзiлуiне ұйтқы болатын тiлдiк бiрлiк.
Ойдың материалдық көрiнiсi – сөз. Сөздiң функционалдығы оның синтаксистiк тұтастығынан көрiнедi. Осы функционалдығы сөздерге бiр нәрсенi, затты, ұғымды атауына мүмкiндiк бередi. Атау сөздiң ономасиологиялық қасиетiн бiлдiредi. Сөздердiң ономасиологиялық қасиетi оны тiл жүйесiндегi басты тiлдiк тұлғаға айналдырады. Сөз дегенiмiз лексикалық, морфологиялық және синтаксистiк тұтастықтағы лексика-грамматикалық бүтiн бiрлiк.
Ойды жеткiзудiң ең кiшi тiлдiк бiрлiгi – сөйлем, ал сөйлемнен кiшi тiлдiк бiрлiктер сөз де, сөз тiркесi де ойды жеткiзе алмайды, тек жеке немесе күрделi ұғымды ғана бiлдiрiп, тұтас ойдың бiр бөлшегi ғана болады.
Сөйлем сөздерден, сөздер тiркесiнен құралады, ойды жеткiзу сөйлем құрамындағы сөздердiң бiр-бiрiмен грамматикалық қарым-қатынасқа түсуiнiң нәтижесiнде iске асады.
Сөздiң морфологиялық құрамы сөздiң қандай морфемалық бөлшектерден құралатындығына байланысты анықталады. Сөздердiң морфологиялық құрамы негiзгi екi элементтен тұрады: түбiр (негiз) тұлға мен аффикстер. Яғни, сөздердiң морфологиялық құрамын анықтау негiзгi морфемалар мен қосымша морфемалардың түрi мен сипатын талдаудан тұрады.
Сөздiң құрылымы негiзгi және қосымша морфемалардың сөз құрамындағы орын тәртiбi мен реттелген жүйесiнен тұрады.
Сөйлемдегi ең кiшi мағыналық бөлшек – сөз, өйткенi морфема да, дыбыс та мағынаны бiлдiре алмайды. Айталық, а немесе б, сондай-ақ да, те десек, ойды жеткiзу мүмкiн емес.
Достарыңызбен бөлісу: |