Реформацияның борышы. Княздық реформация. Германиядағы реформациялық қозғалысты үш кезеңге бөлуге болады: 1 кезеңі 1517-1521 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңде М. Лютерьдің антикатоликтік сөздері қысқа мерзімге болса да католик шіркеуіне қарсы неміс қоғамының барлық өкілдерін біріктірді. Олардың әрқайсысы Лютерьдің ұрандарын өзінше түсінді, реформацияны да солай қабылдады. М. Лютерьдің алғашқы көпшілік алдындағы реформациялық сөзі Виттенберг университетінде 1517- жылы басталып, 95 тезистен тұрды және индулгенциямен сауда жасауға қарсы бағытталды. өзінің тезистерін жұртшылыққа ұсына отырып Лютерь папамен қарым қатынасын үзілді – кесілді бұзғысы келген жоқ. Бірақ Лютерьдің әртүрлі богословияның профессорлары мен айтыс тартысы барыншы өткір, шиеленіскен сипат ала түсті. Айтыс–тартыстың барысында Лютерь бірте- бірте ортадоксальды католиктік позициялардан алыстай берді. 1519- жылы Лейпциг қаласындағы диспутта ол шіркеу папасыз да өмір сүре алады деп жариялады. 1520- жылы папа Лев Х (Медич) Лютерьді шіркеуден аластаған булласын шығарған кезде, Лютерь оған ешқандай мән берген жоқ. Лютерь папаның булласын Виттенберг университетінің ауласында студенттер алдында салтанатты түрде отқа жағып жіберді. Көп ұзамай Лютерь оған қарсы жауап памфлет жазып оны “Антихристің булласына қарсы” деп атады. Лютерь папаның өзін антихрист деп жариялап, көзсіз батылдыққа барды. Лютерьдің танымалдылығы шырқау шыңына жетті. Плебейлерден феодалдарға дейін неміс қоғамының барлық топтары оның маңайына топтасты. К. Маркстың айтуынша “Лютерь лақтырған жәй тасы нысанаға дөп түсті. Бүкіл неміс халқы қозғалысқа келді”.
Сабырлы лютерьлік реформациялық лагерьге қарама- қарсы, екі қияс лагерь қалыптасты, бірі- басында император тұрған реакцияшыл феодалдың- католиктік лагерь, екіншісі Т. Мюнцерь (1490-1525) басқарған революцияшыл, плебейлік–шаруалар реформациялық лагері.
Реформацияның 2-ші кезеңі басталып, ол 1521-1525 жылдарды қамтиды. Реформацияның шырқау шыңы 1525- жылғы шаруалар соғысы болды. Шаруалар соғысы ең бірінші кезекте Саксония – Тюрингия ауданында күшті қарқын алып, Германиның оңтүстік- батыс және орталық аудандарында қамтиды (Швеция, Франкония). Лютерьдің шіркеуге қарсы үндеуі екі саяси көтерілісті туғызды, біріншісі – Франц фон Зиккинген бастаған төменгі феодалдардық рыцарьлардың көтерілісі (1523), екіншісі- 1525 жылғы шаруалар соғысы. Жоғарыда айтқандай рыцарьлардың көтерілісі жеңіліске ұшырап, осы уақыттан бастап рыцарьлар қандай да бір болмасын саяси дербестігінен айрылды.
1525 жылдың 6-7 наурызында Миммингем қаласында Швабия шаруалары жасақтарының жиналысы шақырылып, шаруалар талаптарының жиынтығы – “он екі баб” бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада шаруалар тартылып алынған қауымдық жерлерді қайтаруды барщинаны, оброкты және айыптарды шектеуді талап етті. Бұл бағдарлама айқын сабырлылығымен көзге түсті. Шаруалар помещиктердің жерлерін тәркілеуді талап еткен жоқ, сөйтіп кейбір феодалдық міндеткерліктердің сақталуына қарсылық білдірмеді. Осы уақытта неғұрлым радикальды шаруалар бағдарламасы – “Баптық хаттар” дайындалып жатты. Бағдарлама тікелей Томас Мюнцердің басшылығымен дайындалды. Т. Мюнцерь қандайда бір болмасын феодалдармен келісімге келуге бас тартты. Князьдардың, рыцарьлардың, дін иелерінің жерлері түгелдей қауымдарға қайтарылуы тиіс. “Баптық хаттарда” барщинамен оброк туралы ештеңе айтылмады. Шаруалардың “христиандық одағына” бағынғысы келмеген феодалдардың барлығы халық жауы ретінде қуғын- сүргінге ұшырайтын болды. Т.Мюнцерь жеке меншікті де мойындаған жоқ. Ф. Энгльстің айтуынша Томас Мюнцерьдің әлеуметтік- саяси бағдарламасы коммунизмге жақын келді. Т.Мюнцерьдің трагедиясы сонда, оның бұлыңғыр абстракциялы бағдарламасын шаруалар бұқарасының түсінуі өте қиын болды. Оған қарағанда шаруаларға Лютерьдің ілімі, оның неміс тіліне аударған библиясы түсінікті болды. Алайда, күрестің барысында М.Лютерь ашықтан ашық князьдар жағына шығып, шаруалар мүддесінен қашықтап кетті. Оның шаруалар мүддесінен кетуінің ескерткіші “Шаруалардың ұры – қарылар тобына қарсы” памфлеті болды. Лютерь көзқарастарының эволюциясы- бүкіл бюргерліктің эволюциясы мен әлсіздігі болды.
Тирольдегі шаруалар көтерілісін өз заманының көрнекті ойшылы, әрі күрескері Михаэль Гейсмайер басқарды. Оның “земстволық құрылым” бағдарламасы түбірлі саяси өзгерістерді талап еткен аса маңызды құжаттардың бірі еді. Ерен қолбасшылық қабілеті болған М.Гейсмайер өзінің шағын отрядымен 1532- жылға дейін қарсыласты. Ол Габсбургтер жіберген жалдамалы жендеттің қолынан қаза тапты.