Байланысты: Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы
Х ғасырдың аяғында оғыздар Киев князі Святославпен келісім жасап, Хазар қағандығын да ойсырата жеңген. Оғыздардың жер үшін жүргізген жорықтарының көп жағдайда сәтті болуы олардың саяси беделін де көтере түскен. Орыс жылнамаларында князь Владимир 985 жылы түркі-оғыздармен одақтаса отырып, Еділ, Кама бойындағы бұлғарларды талқандағаны айтылады. Алайда үзақ жылдарға созылған соғыстар, коптеген алым-салықтар халық наразылықтарын туғызады. Нәтижеде, Х ғасырдың соңымен ХI ғасырдың басында Әли ханның тұсында Оғыз мемлекеті әлсірейді. ХI ғасырдың екінші жартысында күшейе бастаған қыпшақтар оғыздарды Сырдария, Арал бойынан біржолата ығыстырады. Қимақтардың жеке тайпа ретінде тарих сахнасына шығуы Батыс Түркі қағанаты шығыс бөлігінің 656 жылы ыдырай бастаған кезі. Қимақтар IХ ғасырдан бастап өз алдына жеке мемлекет болып өмір сүрген. "Худуд Әл-Алам"да Қимақ мемлекетінің орталығы Имақия қаласы болғаны айтылған. Жазба деректертерде қимақтардың екінші орталығы Алакөлдің шығыс жағындағы Қарантия қаласы деп көрсетілген.
Қимақ сөзінің этимологиялық негізі туралы ғылымда белгілі, тиянақты пікір қалыптаспаған. Қимақтардың этникалық құрамы туралы дерек Гардизидің “Зайн-Әл-акбар” атты еңбегінде аңыз түрінде кездеседі.
“Худуд Әл-Алам” мен Әл-Идриси IX ғасырда, Ертіс пен Жоңғар Алатауының арасында 12 қимақ тайпалары бірлестігінен жаңа Қимақ мемлекеті құрылғанын хабарлайды. Мемлекеттің жоғарғы билігі хақанның қолында болған. Билік мұрагерлік дәстүрмен ауысып отырған. Хақаннан кейінгі билік, қимақ мемлекетінің құрамына енген тайпалар бірлестігін басқарған жабғулардың қолында болған. Олардың кейінгі жеке-жеке ру-тайпаларды шад, түтіктер билеген, яғни:
қаған — жабғұ — шад — түтік
Басқарудың бұл жүйесі, қимақ мемлекетіндегі патриархалдық феодализмнің дамуынан келіп пайда болған.
IХ ғасырдың аяғындағы тарихи-георафиялық еңбектерге қарағанда қимақ мемлекеті өзінің территориялық жағынан ұлғайғандығын көрсетеді. Қимақ тайпаларының бірлестігі Орал тауының қыраттарынан Арал теңізінің далалы аудандарына дейін, Орталық және Шығыс Қазақстан мен Жетісудың солтүстік-шығыс аудандарының арасындағы ұлан-ғайыр, кең алқапты алып жатқан. Алайда, бұл көрсітілген территорияның барлық жерінде таза қимақ тайпалары дерліктей тығыз тұрған деген ой тумауы керек. Жазба деректерде қимақтардың негізгі тығыз тұрған жерлері деп Ертістің орталық ағысы мен Жетісудың солтүстік- шығыс аудандары аталады.
Қимақтар бұл кезде мәдени, әлеуметтік-экономикалық жағынан өздеріне жақын, саяси биліктері де ұқсас қырғыз, ұйғыр, қарлұқ, оғыз, қарахан мемлекттерімен іргелес көрші болыпқана қоймай, олармен тікелей қарым-қатынаста, байланыста болды. Сондықтан да олардың әдет-ғұрпын, салт-санасын, тілі мен діни наным-сенімдерін бірынғай деуге болар еді. X ғасырдың соңында Қимақ мемлекеті біршама әлсірей бастады. Басты себебі, жаңадан құралған басқару аппаратының әлі де болса осалдығы, оның ішкіқайшылықтардың бетін дер кезінде ашып, оған тойтарыс бермеуі болды.
Шаруашылығы: Қимақтар көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданды. Жылқы мен қой өсіруге баса назар аударылды. Олардың мыңдаған үйір-үйір жылқылары мен қора-қора қойлары Ертіс өзенінің арғы-бергі жағалауларында қаптап жайылып жүрген. Ибн Әл-Факих қимақтардың денелері ірі, қүйрықты қойларды өсіретіндігін хабарлайды. И. Маркворт қимақтардың қысқы жайылымы Орал мен Желі өзенінің бойы десе, ал жазда Ертіс бойын жағалай жайылатындығын жазған.
Әл-Жакуптың жазуына қарағанда, қимақтар егін шаруашылығының ішінде әсіресе тары өсіруге үлкен көңіл болген. Сондықтан да олардан осы күнге дейін тары, тарышы деген үғымдар сақталған. Жалпы, қазақтарда Қазан төңкерісіне дейін тары өсіру кәсібі басым болған. Қимақтар тасбұршақ, ақ, қара түсті жүзімдер және күріш өсірген. Бидай (бұғдай, арпа), егін (экин) сияқты сөздер қимақтардан бері белгілі.
Мәдениеті: Жазба деректер қимақтардың тұрақты мекендері мен қалалары туралы көптеген хабар береді. Мәселен: Мехак Ибн Әл-Хусайн мен Әл-Марвази қимақтардың жеркепелерде тұратындығын жазса, ал атақты Әл-Идриси қимақтардың Қарантия, Дамури, Сараус, Банджар, Дахлан сияқты т.б. 30-дан астам қалаларының болғандығын, олардың ішінде 12 қаланы, хақанның астанасы мен Ертістің орта ағысына орналасқандығын хабарлайды. Қимақ қалаларының басым көпшілігі өзен-көлдердің жағасына, сауда жолының бойына, қазба байлығы мол жерлерге салынған. Бұл кезде сауда тек айырбас түрінде ғана болып қоймай, қолданыста ақша да болған. Әл-Идриси деректеріне қарағанда, Гаган қаласында жібектен киім тігетін шеберхана болған. Қалалар ағаш шеберлерінің, темір ұсталарының, зергерліктің орталығы болған. М. Қашғаридің жазуына қарағанда, қимақтар темір қорытатын жерді "Тамурлук" деп атаған.
Қалалар қағанның саяси-әкімшілік орталығы болған. Қалаларда қағанның намангерлері, әскер басшылары, салық жинаушылары тұрған. Қалалардың құрылыс жүйелері бекініспен салынған.
Қимақтар пұтқа табынған, сонымен бірге, ата-бабаның әруағына сиынып, оларды қастерлеген. Сондай-ақ, олар көкке, тәңірге, күнге, отқа табынған. Бұлардың айғағы, обалардың жанынан кездесіп жүрген тас келіншектер мен адам бейнесіндегі тас мүсіндерден байқауға болады.
Қорытындылай келгенде, қимақтардың діни наным-сенімдерінің көптеген кәделері қазақ халқының өмірінде толығымен сақталған.
Жазба деректерге қарағанда, ХI ғасырдың бірінші жартысынан бастап Орталық Азиядан батысқа қарай кейбір тайпалардың жылжи бастауы байқалады. Ал тайпалардың жылжуына басты себеп Х ғасырдың басында Шығыста, Қытайдың Солтүстігінде Кидан (Лео) немесе Қарақытай мемлекетінің пайда болуы. Олар өздерінің шекарасын батысқа қарай ұлғайта бастайды. Тайпалардың қоныс аударуы түралы орта ғасырлық араб-парсы, орыс, армян, венгер, сирия, византия деректерінің барлығында дерлік хабар бар. Солардың ішінде Әл-Марвизидің жазғаны біраз тиянақты және көніл бөлерліктей. Ол “Қытай жерінен ауып келген түркі тілдес тайпалардың ішінде бір топ Кундер бар, олар христиан нанымындағы адамдар. Өздерінің жайылымды жерлерінің тарлығынан ауып келген”,-дейді.
Беруни жылжыған шығыс түрік тайпаларына қайлар, құндар, қырғыздар, қалмақтар, тоғыз-оғыздар, түркімендер, фарабтар және хазарларды кіргізген.
Әл-Идриси қайлардың қимақтармен іргелес тұрғандығын және тәуелді болғандығын жазған. Қимақтар әлсірей бастаған кезде батысқа қарай бағыт алған. Өздерімен бірге жылжымай, Орталық Ертістегі көршілес қимақ тайпаларының бір бөлігі қыпшақтарды да ала кеткен.