Білім беру мазмұнын анықтайтын негізгі құжаттар
Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңы 1999 жылы 7 маусымда қабылданған. «Білім беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мемлекеттік білім беру саясатын анықтайды.
Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы мемлекеттік саясат принциптері:
үздіксіз білім беру;
барлық адамдардың білім алуға тең құқықтығы;
жалпы орта білімнің тегіндігі;
орта білім нің міндеттілігі.
Standart (ағылшын)– норма, үлгі, мөлшер дегенді білдіреді.
Мемлекеттік білім беру стандарты – мемлекеттік нормалар деп танылған және қоғам сұраныстары мен тұлға қажеттігі мен мүмкіндіктеріне сай білім деңгейін анықтайтын негізгі көрсеткіштер жүйесі.
Мемлекеттік білім беру стандартының атқаратын функциялары:
азаматтардың толық мәнді білім алу құқығын қамтамасыз ету;
республика деңгейінде білім беру кеңістігінің тұтастығын қамтамасыз ету, яғни оқу мекемесінің типіне қарамастан барлық оқушылардың ортақ негізгі білім көлемін меңгеруін қамтамасыз ету.
Оқу жоспары – оқу жылының, тоқсандардың, демалыс күндерінің мерзімін, оқытылуға тиісті оқу пәндерінің тізімін, әрбір оқу жылы /сыныптар/ бойынша оқу тәртібін және ретін, әрбір пәнге бүкіл оқу мерзімінде және апта сайын әр пәнге бөлінетін сағаттардың мөлшерін анықтайтын нормативтік құжат.
Оқу жоспары бірнеше түрлерге бөлінеді:
Типтік оқу жоспары білім және ғылым министрлігінде жасалынып, барлық орта мектептерге ортақ болып бекітіледі. Оқу жоспары мектептердің түрлеріне орай да жасалынады. Шағын комплектілі, сегіз жылдық, ұлттық мектептерде жоспар өзінше құрылады.
Оқу жоспарының құрылымы:
Мемлекеттік компонент – еліміздегі орта білім берудің тұтастығын қамтамасыз етеді, яғни мемлекеттік нормалар деп танылған пәндер жүйесін белгілейді.
Ұлттық-аймақтық компонент – елдегі ұлттар мен халықтардың, аймақтардың ерекшелігіне сай, олардың қажеттілігіне сай пәндерді белгілейді.
Мектептік компонент – ол білім беру мекемесінің типіне байланысты пәндерді белгілейді.
Оқу жоспары қоғамның мектеп алдына қойған мақсатымен тығыз байланысты. Оқу жоспарында жеке пәндер педагогикалық заңдылықтарға, бірізділікжәне жүйелілік принциптеріне, оқушылардың жас және таным ерекшеліктеріне, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай орналасады.жеке пәндердің белгілі бір реттілікпен оқу жоспарында берілуі олардың өзара логикалық байланыстылығына тәуелді. Оқу пәндері міндетті және таңдаулы болып бөлінеді.
Оқу бағдарламасы - оқу пәніне байланысты білім, іскерлік, дағдылардың мазмұнын ашатын нормативтік құжат. Оқу бағдарламасы оқу жоспары негізінде жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |