3-лекция. Тақырыбы: Дүниетану пәнінің мазмұны, құрылымы, ерекшелігі.
Лекция мақсаты: оқыту қағидасы және оның түрлері туралы білім, білік, дағдысын қалыптастыру.
Жоспары:
1. Оқу пәнінің мазмұнындағы негізгі принциптер.
2.Оқу пәні мазмұнының басқа пәндерден ерекшелігі.
3.Пәннің тәрбиелік мүмкіндіктері.
4.Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту.
Лекция мәтіні :
1.“Дүниетану” пәні – педагогикалық ғылымдар саласына жататын болғандықтан, оқыту процесінің жалпы заңдылықтарына сүйенеді.Оқыту процесінің заңдылықтары оның принциптерінде бейнеленеді.
Оқытуға қойылатын талаптардың бастапқы белгілі жүйесін оқыту процесінің принциптері деп атайды.Оқыту процесінің бірнеше принциптерін атауға болады.
Оқыту процесінде оқу бағдарламалары мен тақырыптық жоспарда көрсетілген тақырыптар бойынша теориялық және практикалық мәселелер бірізділікпен белгіленеді. Жүйелілік және бірізділік принципі оқыту процесінде балаларды үнемі өз бетімен жұмыс істеуге (сабақ үстінде, үйде кітаппен, зертханада т.б.), сонымен бірге балалардың білімін жүйелі түрде тексеріп, есебін алып отыруда, оларды күнделікті сабақтарға дайындықпен келуге де үйретеді.Әр пәнде жүйелілік және бірізділік принципін ұстанудың маңызы зор. Мысалы, дүниетану пәнінде “адам” тарауын өтпей, “қоғам” тарауын өтуге болмайды, өйткені балалар өзін танып-білмей, қоғамдық қатынастарды түсіну қиынға соғады.
Оқытудың ғылымилық приципі табиғат, қоғам, мәдениет, ойлау дамуының заңдылықтарын білуді талап етеді.Ғылыми принцип оқу бағдарламаларын, оқулықтарды жасағанда еске алынып, оқыту процесінде жүзеге асырылады. Ғылыми принцип оқушылардың таным қабілетінің дамуына, дүниеге көзқарасының және жоғары адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына әсер етеді.
2. Оқыту процесі ғылыми ережелер мен теориялардың оқушылардың көзқарасы мен сеніміне ұласуымен сипатталады.Оқыта отырып тәрбиелеу – бұл баланың өмірге, білімге қатысы, ақыл-ойының қабілеттілігі, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы.
Бастауыш мектептегі “Дүниетану” пәнінің әр тақырыбы қарапайым болып көрінсе де, ғылыми мазмұнға ие. Ал оны оқушыларға жан-жақты талдап түсіндіру мұғалімнің жан-жақты ізденушілігін қажет етеді.
Түсініктілік принципі оқытуды оқушылардың дайындық деңгейіне сай ұйымдастыруды талап етеді. Түсініктілік принципінен ережелер туады.Мысалы:
1.Жеңілден қиынға көшу. Мұнан оқушыларды таным іс-әрекетіне бірте-бірте үйрету, яғни нақты фактілерден жалпы қорытындыға көшу ұғымы туады.Дара фактілерді жинақтау негізінде жеке нәрседен жалпы қорытындыға көшуді индуктивті жол деп атайды.
2.Қарапайымдылықтан күрделілікке көшу. Мәселен, оқушыларға өсімдіктердің көбею жолдарын түсіндіру үшін, оларды ең алдымен өсімдіктердің құрылысымен таныстыру қажет.
3.Белгіліден белгісізге көшу деп оқушылардың өткен сабақтан алған біліміне сәйкес жаңа сабақ материалын меңгеруін, яғни сабақ үстінде білімді терең түсіріп, игеруін айтады.
Педагогикалық процестің дәйектілік принципі жеке адамның әр жақты дамуына, оқыту мен тәрбие үйлесімдігіне ықпал жасайды.Ақыл-ой, адамгершілік және еңбек тәрбиесін тығыз бірлікте қамтамасыз ету педагогикалық роцестің дәйектілік принципінің негізін құрайды.Адамның білімге, әр түрлі іс-әрекетіне сенімділігі, сонымен бірге ақыл-ой тәрбиесі қоғамдық пайдалы және өнімді еңбек процесінде дамиды.
Дүниетану пәнінде осы аталған принциптермен қоса оқытудың мақсаттылық, саналылық және белсенділік, көрнекілік принциптері қоса ескеріледі және басшылыққа алынады.
3.Тәрбие бұл жастарды әлеуметтік өмірге және еңбекке даярлау, оларға қоғамдық – тарихи тәжірибені үйрету процесі.Бастауыш мектеп жасындағы балалармен тәрбие жұмысын дұрыс ұйымдастыру үшін олардың мынандай ерекшеліктерін еске алған жөн: сөзбен істің сәйкесті болуын талап етеді; жөнсіз кінәлаудан жеркену сезімі туады; үлкен адамдардың жіберген қателерін тез байқайды; арманшыл, қиялшыл болады; ұйымшыл келеді; сенімді серік іздейді; өз мүмкіндіктерін , күшін асыра бағалайды; түрлі спорт ойындарына өте ықыласты болады т.б.
Дүниетану пәнінің мұғалімі оқыту барысында өзінің әр сабағында мынадай тәрбие түрлерін оқушыларға беріп отыруы тиіс: дүниетанымдық, эстетикалық, экологиялық, санитарлы-гигиеналық, адамгершілік, еңбек тәрбиесін, т.б. Осы аталған тәрбие түрлерінің бірнешеуіне сипаттама беріп көрейік.
Жас ұрпақтың бойына еңбек ету дағдысын, өмірге дұрыс көзқарасын қалыптастырып, дамытуда еңбек тәрбиесі шешуші фактордың бірі болып саналады. Еңбек тәрбиесі баланың қоршаған дүние мен нақты заттарды танып білуінің бірден-бір сенімді құралы. Бүкіл қоғамдағы адамның жеке өміріндегі барлық материалдық игіліктер мен рухани құндылықтар еңбек арқылы ғана меңгерілетіні белгілі. Демек, еңбек тәрбиесі балалар өмірінің алғашқы жылдарынан-ақ, ойын әрекеті үстінде басталып, кейін еңбек әрекетінде жалғасын табады. Дүниетану сабақтарында әр бір тақырыпты өткенде еңбек тәрбиесі беріліп отырады. Соның ішінде табиғаттағы еңбек арқылы балаларды еңбекке баулу туралы пікірлер педагог-ғалымдардың еңбектерінде қарастырылады. Баланың табиғаттағы еңбегі өсімдіктер мен жануарларды күту, бақшада көкөніс өсіру, үлескені жасылдандыру, аквариумды тазарту сияқты жұмыс түрлерін қамтиды. Табиғаттағы еңбек баланың тек еңбек дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, адамгершілік сезімдерінің дамуына, экологиялық білім негізінің қалануына көмектеседі. Жануарларға күтім жасау, өсімдіктерді өсіру баланы тірі объектімен қатынас жасай отырып, байқағыштыққа, жауапкершілікке үйретеді. Аталған қасиеттер мен талаптар сақталмаса, онда тірі ағзалардың өлуіне әкеп соқтыратынын балалар түсінеді.
Дүниетану сабақтарында санитарлы-гигиеналық тәрбие түрі де беріліп отырады.Оқушыларды жеке бас гигиенасының элементарлы ережелерімен (денені, шашты, тісті, киімді, аяқ кмімін таза ұстай білу), күн режимімен ( таңертеңгілік жуынудың, жаттығудың және астың маңызын ескерту, оқу және демалудың мөлшері мен уақытын үйрету), тамақтану режимімен (орындыққа дұрыс жайғасу, ыдыс-аяқтарды дұрыс пайдалануға икемділік, азық-түлік тағамдарын мөлшерімен және үнемді пайдалану) таныстыру, сонымен қатар оқулықтарға, кітапқа, ойыншықтарға ұқыпты болуға, өрт қауіпсіздігін сақтау ережелерін естерінде сақтап жүруге, бөлме өсімдіктерін күтіп-өсіру, үй жануарларының мінез-құлықтар ерекшеліктерін және оларды күту мен шаруашылықта пайдалану мүмкіндіктерін айту мұғалімнің басты міндеті.
Адамның рухани қалыптасуындағы, оның ерте балалық шақтан табиғатты бақылап, табиғатпен етене араласып оны аялап, оған жәрдемдесіп, қамқорлық көрсетудің маңыз
Табиғатқа ізгілік сезім адамның барлық кейінгі өмірінне де игі әсерін тигізеді, табиғаттың жеке бас қасиетін дамытудағы рөлі мейірбандыққа тәрбиелеуде көрініс табады, оны табиғатқа қатыгездік әрекеттерден сақтандырады, бастауыш мектеп жасындағы балаларға экологиялық тәрбиені меңгертудің маңызы орасан зор. Бастауыш мектеп жасындағы бала табиғатқа деген өзіндік көзқарастарын қалыптастыра бастайды және балада әрекет жасау компоненті маңызды бола бастайды. Ата-анасынан үйге жан-жануар алып беруін өтінуімен қатар, оларғы сүйіспеншілігін оларға жағдай жасау арқылы көрсету, осы кезеңдегі баланың табиғатқа деген қатыстығының қалыптаса бастайтындығы көрінеді. Дүниетану пәнінің әр сабағында экологиялық тәрбие беріліп отырылуы тиіс.
Дүниетану сабақтарында экологиялық тәрбие берудің мақсаты – “адам-қоғам-табиғат” жүйесінде үйлесімділік орнату, табиғи байлықтарды сақтау, молайту және тиімді пайдалануда жауапкершілік сезімін тұғызу. Қазіргі кезде оқушыларда экологиялық мәдениетті қалыптастыру қолға алынып жатыр. Оқушылар қоғам мен табиғаттың даму заңдылықтарын білу, табиғатты қорғау қажеттілігін түсіну, табиғатқа тигізетін өзінің салдарын болжай білу, табиғат пен қарым-қатынасында заңды ережелерді сақтау т.с.с. құрамды бөліктерді білуі қажет.
Оқушылардың экологиялық санасы, ойлауы, сауаттылығы, этикасы және мәдениеттілігі экологиялық білім беру мен тәрбиенің нәтижесінде қалыптасады.
4. Бастауыш сынып оқушыларының қабілеттері екі түрлі әрекетте дамиды. Біріншіден – кез келген бала адамзат баласының осы кезге дейінгі жинақтаған тәжірибесін меңгертуде бағытталған оқу әрекеті арқылы дамиды, білім, білік, дағыдыны қабылдайды.
Екіншіден – кез келген оқушы шығармашылық әрекеттер орындау арқылы өзінің мүмкіндіктерін дамытады. Оқу әрекетінен шығармашылық әрекеттің айырмашылығы: ол баланың өзін-өзі қалыптасуына өз идеясын жүзеге асыруға бағытталған жаңа әдіс-тәсілдер іздейді. Проблеманы өзінше, жаңаша шешуге талпыныс жасайды.
Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылығын арттыра түсу үшін, әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады. Олар мынадай:
Тақырыпты мазмұнына қарай жинақтау.
Арнаулы бір тақырыпта пікірталас тудыру.
Логикалық ойлауын дамытатын ойындарымен берілген тапсырмаларды шешу (сөзжұмбақ, құрастырмалы ойындар).
Берілген тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс (мәтін мазмұнын өңдеу, шығарма, шағын әңгіме мәтінін құру т.б.).
Әңгіменің ұқсастығын салыстыру, бөліктерге бөлу, ат қойғызу.
Қиялдау арқылы сурет салғызу, рөлге бөліп оқыту.
Ұнатқан кейіпкеріне немесе жануарларға, өсімдіктерге мінездеме, сипаттама беру.
Ой шапшаңдығын, сөз байлығын дамытуда жаңылтпаштар, өлең шумақтарын, мақал-мәтелдер, жұмбақтар құрастыру.
Бастауыш мектепте дүниетану сабақтарында оқушылардың шығармашылық жұмыстарына өсімдіктерден гербарийлер жасау, белгілі бір тақырыптарға ( мысалы, жануарлар немесе өсімдіктер әлемі, табиғат көріністері) суреттер жинап альбом жасауы, ұлттық ою-өрнектердің коллекциялары, пайдалы қазбалардың (тас түрлері, көмір, әр түрлі металл сынықтары) колекцияларын жинау т.б. жатады.
Әр жеке адамның шығармашылық кезеңі жаңалық ашуға деген ынтамен серіктес екенін есте сақтау қажет. Әсіресе, бала бойындағы шығармашылық қабілетін бағыттап, тәрбиелеу – қазіргі таңдағы ата-ана мен мұғалімнің ең басты міндеті.
Бастауыш мектеп оқушыларының жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруда дамушы жеке бастың психологиялық құрылымының ішіндегі, оның тұқым қуалаушылық арқылы берілетін қасиеттер, нақты айтқанда, көңіл-күй, ерік, зейін, сол сияқты қоғам тәжірибесі, білім, білік, дағдылар, әлеуметтік бағыт, қызығұшылық, қабілет, түрткі, сенімдермен бірге дүниетаным да ерекше құрылым бөлігі болып саналады.
Дүниетаным жеке адамның табиғи және әлеуметтік құбылыстарын түсіндіру туралы пайымдауы, ой тұжырымы.
2.Дүниетанымның қалыптасуы ұзақ және күрделі процесс, оның нәтижесінде жеке көзқарастар және сенім жүйесі дамиды, қалыптасады, олар жеке жеке адамның әрекет жасауына басшылық болады. Дүниетаным процесінде әр түрлі факторлар, мәселен, әлеуметтік және микроорта мен тәрбие, жаппай ақпарат құралдары т.б. әсер етеді. Олардың әрқайсысы іс-әрекеттеріне әр түрлі әсер етеді.
Оқыту мен тәрбиенің әрбір кезеңінде дүниетанымдық білімнің оқу және тәрбие бағдарламаларында қарастырылып, оқушылардың жас еркшеліктері және күрделі дүниетанымдық ұғымдарды игеру қабілеттері еске алынады.
Бастауыш сынып оқушылары дүние, табиғаттың құбылыстары, біздің еліміздегі, шетелдердегі қоғамдық және саяси өмір туралы, адамның табиғатпен өзара әрекеттесуі, қоғам өміріндегі оның іс-әрекеті туралы ғылыми білімнің бастапқы негіздерін игереді. Оқыту және тәрбие барысында Отан, халық туралы, алдыңғы қатардағы адамдардың дүние жүзі халықтарының бейбітшілік және бақыты үшін күресі туралы оқушылардың түсінігі қалыптасады.
Оқушылардың дүниетанымын қалыптастыруда мұғалім жетекші рол атқарады.Ол рухани жан дүниесі бай идеялық, психологиялық және әдістемелік даярлығы бар, ой-өрісі кең және берік көзқарасты адам болуы керек.
Мұғалімнің оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру және дамыту үшін оқыту мен тәрбие процесін өмірмен тығыз байланысын, еңбек іс-әрекеттердің мәнін түсіндіру керек.
Бақылау сұрақтары:
Дүниетану сабағының тәрбие үрдісіндегі мүмкіндігі қандай?
Дүниетану сабағында тәрбие түрлерін оқытумен ұштастыруда мұғалім рөліқандай?
Бұл пәнді оқытуда қолданылатын принциптерге сипаттама беріңіз.
Дамыта оқыту принциптерінің бұл принциптерден айырмашылығы неде?
Дүниетану сабағының тәрбие үрдісіндегі алатын орны қандай?
Дүниетану сабағында қандай тәрбие түрлерін бала бойына егуге болады?
Достарыңызбен бөлісу: |