Лекция тақырыбы: Әдебиет теориясы пәні және оның атқаратын рөлі, қамтитын мәслелелері Лекция жоспары



бет8/22
Дата13.02.2023
өлшемі202,46 Kb.
#67495
түріЛекция
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   22
Байланысты:
Лекц. Әд.теор.

Лекция жоспары:

  1. Сюжеттің атқаратын басты көркемдік-идеялык функциясы

  2. Сюжет және фабула туралы ой-пікірлер

  3. Қазіргі әдебиеттану ғылымындағы «сюжет» терминінің қолданылуы аясы

  4. Сюжеттің автор дүниетанымы мен идеяға қатыстылығы

  5. Сюжеттің XIX ғасырдағы, XX ғасырдағы анықтамалары

Лекция тезисі:
Әдебиеттану ғылымында сюжетпен қатар аталатын ұғымның бірі фабула, ол туралы деректер Аристотель заманынан бері кездеседі. Фабула (латынша fabula - әңгімелеу, баяндау, тарихты айтып беру) - көркем шығармада суреттелген оқиғаны рет-ретімен жүйелеу, мазмұндау. Мысалы, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесінің фабуласы төмендегідей: «Кедейден шыққан Әбдірахман деген жігіт Есімбек байдың Шұға деген сұлу қызына ғашық болады. Жігітті қыз да сүйеді. Бұл әрине байларға, әкесіне ұнамайды. Олар жала жауып, Әбдірахманды айдатып жібереді. Бұған күйзелген Шұға айықпас дәртке шалдығады. Қызының халіне қиналған Есімбек болысқа айтып, Әбдірахманды босатады. Әбдірахман сүйікті Шұғасына келсе, қайран ару жарық дүниемен біржолата қоштасқан екен, оның өзіне жазып қалдырған хатын оқып, көз жасы көп болады».
Ал енді осы фабуланы Аристотель шығармада «болған жайттарды жымдастыру» дейді, ал Лессинг шығарманың «табанында тұтасып жатқан арқау» десе, Гегель «шығарманың негізі және жаны» дейді. Сол сияқты Н.Островский «болған жайтты ешқандай бояусыз, тұжырып айтып беру» десе, Кайзер сынды ғалым «болған оқиғаны ықшамдап, схемаға түсіру» деп көрсетеді. Сонымен, ақиқат шындықта немесе болатын кез-келген оқиғада фабула бар.
Фабуланың сюжеттен көптеген өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді:

  1. оқиғаны мазмұндау, баяндау тәсіліне, яғни оны өмірде болып жатқан рет-ретімен емес, авторлық шегіністер, орын ауыстырулар арқылы беру. (Ш.Айтматов «Боранды бекет»);

  2. Айтушының болып жатқан оқиғаға қатыстылығымен мұның бірнеше жолы бар: алғашқысында автордың оқиғаға қатыстылығы сезілмейді (М.Әуезов «Абай жолы», екіншісінде автордың эмоциалық көңіл-күйі қоса қабаттасып отырады (М.Әуезов «Қилы заман»), енді бірде айтушы оқиғаның ортасында жүреді (Ғ.Мүсірепов «Қазақ солдаты»);

  3. Шығарманың белгілі бір формада баяндалуы, мысалы, естелік (Ғ.Мұстафин «Көз көрген»), күнделік (Ә.Сәрсенбаев «Офицер күнделігі»)т.б.

Жалпы алғанда фабуланың тәсілдері қолдану арқылы автор оқиғаның баяндауын бірде үдетіп, бірде бәсеңдетіп отырады, сонымен қатар кейіпкер көңіл-күйінің қалтарысын ашып, образ да жан-жақты ашуға септігін тигізеді.
Сюжет (французша sujet -зат) – көркем шығарманың мазмұнын ашып, мазмұнды пішінге көшірудің негізгі түрі, жолы немесе тәсілі. Егер көркем шығарманың мазмұны түрліше мінездер мен типтердің өзара қарым-қатынасынан туған шындық, өмірлік оқиғалар тізбегі десек, осының өзі сюжетте адамдар мен заттардың тұтасқан ішкі-сыртқы қимыл-әрекет жүйесі ретінде, кәдімгі қозғалыс, белгілі бір даму үстінде көрінеді. Сондықтан да болса керек орыс жазушысы М.Горький: «Сюжет дегеніміз - адамдардың өзара қарым-қатынасы, байланысы, қайшылықтары, жек көру, жақсы көру, әр характердің типтің өсу, жасалу тарихы», - деп анықтама береді.
Сюжеттің негізі - өмірлік тартыс, конфликт, кейіпкерлердің қарым-қатынасындағы қақтығыс. Ол тартыс конфликт - әр түрлі адамдардың іс-әрекетіндегі немесе ой-сана, көзқарасындағы қарама-қайшылық. Мұндай қайшылықтар әр түрлі әлеуметтік топтардың ымырасыз күресі, таласы үстінде айқын бой көрсетеді. Кейіпкерлердің қақтығысы қалай қоғамдық өмірдегі күрес-тартыспен қабысып жатады, жеке адамдардың іс-әрекетінен, тағдырынан оқырмандар заманның, дәуірдің шындығын көріп, әлеуметтік қайшылықтардың сырын ұғады. Сюжеттің жүйелі тұтастығы да, сондай-ақ жекелеген сәттері, яғни бастамасы (экспозиция), шиеленісуі, шарықтау шегіне жетуі және шешілуі - аяқталуы да өмірлік тартыс, қайшылықтардың даму-өрістеу заңдылықтарына сәйкескеліп отырады.
Уақиға желісі болған соң, тартыс болған соң оның қандай болсын бастауы, өрістеп шиеленісіп, ширығатын кезі, аяқталуы болатыны түсінікті. Сонымен қатар кейде сюжеттің беташары ретінде аңдату (пролог), ал соңында қосымша түрінде үстемелеу (эпилог) суреттемелер де беріледі. Олардың болуы шартты емес, қажет деп саналса ғана, сюжетке тікелей байланыс болмаса да, жанама эпизод етіп беріледі. Сонымен қатар сюжет пен кейіпкерлер, олардың характерлері арасында тығыз байланыс, сабақтастық бар. Өйткені оқиға дегеніміз адамның басынан кешетін жағдайы, немесе бірнеше адамдардың қарым-қатынасының көрінісі. Ал адамның мінез өзгешелігі, характері оның істеген ісінен, қимыл-әрекетінен айқын танылады, демек сюжет - бірінеше адамдардың қарым-қатынасындағы белгілі бір кезең, әлеуметтік тартыстың бір көрінісі. Сюжеттің аяқталуы, бітіруі дегеніміз баяндалып отырған оқиғалардың бір арнаға сайып, өз шешімін табу.
Алайда сюжеттің аяқталуы, тиянақтылығы әр шығармада әртүрлі, және мұның өзін белгілі дәрежеде шартты нәрсе деп түсінген дұрыс. Көп жағдайда шығармадағы оқиғаларды одан әрі ұластырып, жалғастыру мүмкін болса да, жазушы баяндауын созбай қайырады. Өйткені оқиғаға қатысты кейіпкерлердің өмірін үнемі сарқа баяндау мақсат емес. Әйтсе де кейіпкерлердің характері, бейне тұлғасы дараланып көрінсе, соғұрлым шығарманың сюжеті тиянақты аяқталғандай сезіледі. Ал көптеген романдар оқиға бір-біріне ұласып, жалғасып кете береді де, оқырман шексіз, шетсіз өмір ағысын көріп отырғандай әсер алады. Кейде тіпті шығарма аяқталып біткен тұста да баяндалған кейбір жайттар, оқиғаның жеке түйіндері толық анықталмай қала береді.
Сюжет пен композиция сыр-сипаты көп-көсір, орасан нәзік әрі күрделі творчестволық мәселе.
Өмірдің тұтас көрінісін, адамдардың, оқиғалардың, жағдайлардың, ой-сезімдердің күрделі байланысын көркемдеу үшін алуан түрлі бейнелеу құралдары керек болады. Жазу дағдысына сай әр қаламгердің көркемдегіш құралдары өзінше қолданысқа түсіп, бір-біріне ұқсамайды. Дегенмен, әдебиеттің өзіндік болмысынан өрбіп жататын, барлық қаламгерге ортақ жайлар да бар. Олар: 1. Тіл арқылы ой-сезімге әсер ететін сөздік образдар жасалады. 2. Өмірден алынған құбылыстардың әдеби шығармада жаңа бейнеге ауысуы алдыңғы қатарға оқиғалар қозғалысынан (эпикалық, драмалық шығармаларда) немесе ой-сезім қозғалысынан (лирикалық шығармаларда) туындайтын сюжетті шығарады. Сюжетте жалпы адам болмысы, алуан-алуан тағдырлар, қарама-қайшылықтар мен қоғамдық тартыстардың мәні ашылады. 3. Идеялық-көркемдік ойды жүзеге асыру үшін бірде кейіпкерлер сөзіне, бірде суреттеуге, бірде авторлық баяндауға, бірде диалогқа немесе монологқа, бірде автордың лирикалық толғанысына, бірде кейіпкердің ақыл-өсиетіне, хаттарына, күнделіктеріне жүгіну қажеттігі әр шығарманың құрылымын анықтайды. Бұл әдебиет теориясында композиция деп аталады. Латын тілінде «орналастыру, құру, біріктіру» деген мағына беретін («compositio») композиция - көркемдік түрлердің орналасуы және ара қатынасы, яғни шығарманың мазмұны мен жанрынан өрбитін туынды құрылысы. Композиция шығарманы біртұтас дүниеге айналдыруға ықпал етеді.
Композиция пішіндік (формалық) бөлшектерді тұтастырып, идеяға бағындырады. Ол - әдеби шығарманың құрылысы, оның үлкенді-кішілі бөлім-бөлшектерінің бір-бірімен қисынды түрде қиюластырылып, әр түрлі тәсілмен байланыстырылған тұтастық бірлігі, сол сияқты шығарманың құрылысы шымыр болуы, бас-аяғы, және тараулары жинақы келуі, жекеленген бөлім-бөлшектердің орынды жалғасуына да байланысты. Кезінде Л.Н.Толстой көлемді шығармада алдымен үлкен ірі бөлімдердің пропорциясы, өзара қатынас-байланысы ұтымды, мағыналы болуы қажет деген пікір айтқан. Ол содан кейін ұсақ бөлшектерді реттеп орналастыру, айшықтауға мүмкіндік жол болады дейді. Әдеби шығарманың композициялық құрылысының ұтымдылығы сөз болатын мәселелерді, суреттелетін жағдайларды, кейіпкерлердің іс-әрекетін талғап, таңдай білу, оларды екшеп сұрыптап алу арқылы, қисынын тауып, қиюластыра білу шеберлігіне жалғас келеді және түптеп келгенде бұл жазушының қандай шиеленіскен жағдай болса да түйінін тауып, ақ пен қараны ажыратып, не нәрсенің мәнді, маңызды екендігін терең түсінетін көрегедігіне байланысты болады. Композицияның көркемдік қуаттылығы - әдеби шығармада не айтылғандығы маңызды болса, нені қай тұста айту, әртүрлі жағдай, уақиғаның, іс-әрекеттің қайсысын бұрын, қайсысын кейінірек баяндау -бұлардың үлкен мәні бар. Айталық, басты кейіпкер шығарманың өн бойында үлкен жігерлілік, алғырлық танытып келіп, ал енді ең соңында өмірден торығып, түңілгендей болса, бұдан туатын әсер бір түрлі де, егер осындай торығу, өзін әлсіз сезіну шығарманың орта тұсында болып, кейіпкер қайта сергіп, серпіліп, өзінің күрескер қалпына келсе, мұның оқырманға әсері мүлдем басқаша болатыны түсінікті. Әдеби шығармадағы жеке бөлім, тараулар, уақиғалардың астас, жалғастығы, кейіпкердің ортақтығы арқылы бірігіп, тұтасып жатады. Композициялық тәсілдер алуан түрлі. Солардың ішінде екі нәрсені салыстыра суреттеу немесе қарама–қарсы қойып суреттеу жиі кездеседі. Бұларға қоса, шығарманың композициялық құрылысын белгілеуде елеулі орын алатын ерекшеліктер: уақиға автордың, автордан басқа баяндаушының атынан айтылуы немесе кейбір тұстарда болған жағдайлар шығармадағы кейіпкердің көзімен көрген қалпында алынып, соның ұғым-түсінігі арқылы берілуі.
Композиция – шығарманың сюжеттік баяндаушылық жағымен қоса, оның образдық бітімін, характерлер сипатын да қамтитын ұғым. Әдеби қаҺарман белгілі - бір дәрежеде өзге кейіпкерлермен композициялық салыстырулар жасау арқылы да ашылады.
Әдебиеттің түрлі тектері мен түрлеріне қатысты композиция заңдарының айырмашылықтары да бар. Мысалы, поэзиялық шығармаларда композиция бөлшектерінің қатарына өлең, шумақ та жатады. Драматургияда басты роль диалогқа тиісті болса, романның фабулалық желісі әңгімеде әлдеқайда күрделі болатыны түсінікті.
Композиция ең алдымен сюжетпен тығыз байланысты: сюжет те, композиция да әдеби шығарманың мазмұнын көркем жинақтап, мазмұнды пішінге көшірудің құралы және тәсілі. Оның үстіне, бұлар да мазмұн мен пішін, не тақырып пен идея секілді біріне–бірі көшіп отыратын нәрселер; мәселен, композициялық бүтіндік, тұтастық жоқ жерде сюжет те жоқ. Ал сюжет – сюжет болу үшін оның барлық кезең-кезеңі түп-түгел белгілі - бір композициялық жүйеге түсіп, бірлік табуға қажет. Бұл да сюжет пен композицияға тән бірлік.
Бірақ сюжет пен композицияның өзара бірлігін біле тұра, олардың бір-бірінен өзгешелігі де бар. Біріншіден сюжет кез-келген көркем шығармада бола бермейді. Мысалы:
Өзіндей ұяңсың сен ар-ұяттың,
Өзіндей қиялсың сен табиғаттың.
Өзендей көкірегімде ағып жаттың,
Жалындай көкірегімде жанып жаттың.
Кешкілік серуен құрып бақта жүріп,
Сыр шерттің ақ жаныңмен ақтарылып,
Нұрымен көздеріңнен қалды сонда,
Жазылып жүрегіме автограф. (С.Мәуленов)
Осы бір шабытты жырда сюжет жоқ, композиция бар. Бұдан аңғаратынымыз композицияның барлық шығармаларда түгел болатыны-оның сюжеттен бір өзгешелігі. Екіншіден – композиция сюжеттің өрбу кезеңдерін жүйеге түсіріп қана қоймайды, сюжеттен тыс нәрселерді де өзара қалыптастырып қиюластырып, белгілі - бір арнаға салады. Бұл ретте, композиция сюжеттен гөрі кең ауқымды деп білу қажет.
Сюжетті шығармалардағы оқиға желісін, адамдардың арақатынасын, образдар жүйесін қалыптастыруда ешқандай стандарт жоқ. Әр суреткер өз шығармасының сюжетін өз қалауынша құрады. Демек, сюжеттің композициялық бітімі де әркімде әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлкесі» әдебиеттегі классикалық үлгімен кәдімгі экспозициядан басталса, «Қазақ солдаты» оқырманды жетелей жөнелетін ситуациядан басталады. Ал М.Иманжановтың аяқталмай қалған «Көк белес» романы кульминациядан басталған. Енді бір алуан шығармалар типті сюжеттен тыс прологтан (Ғ.Сланов «Арман ағысы») немесе әлдеқалай арнаудан, беташардан, аңғартудан (С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқанов «Мөлдір махаббат», Ғ.Мұстафин «Көз көрген») я болмаса авторлық шегіністерден (С.Ерубаев «Менің құрдастарым») басталады. Кейбір шығармалардың сюжеті заңды шешіммен біте қоймай эпилогпен аяқталады. (М.Әуезов «Абай», С.Мұқанов «Ботагөз»)
Сюжеттік өрбудің осындай кезең-кезеңдерін дәлірек түсінудің де маңызы зор. Сюжеттің басталуы (латынша exspositio-дәйектеме) - оның кіріспесі іспетті, мұнда әдеби қаҺармандар өзара қарым-қатынасқа көшпес бұрынғы хал-жағдай, тіршілік, қоғамдық орта, болашақ қақтығыстар алаңы, оқиғалар орны суреттеледі. Экспозицияның бір ерекшелігі - ол шығарманың сюжеттік желісіндегі өмірлік тартысқа тікелей ықпал жасамайды, тек мезгіл мен мекенге мегзеу, дерек, дәйек ретінде ғана қалады.
Шығармадағы оқиғаның неден басталуы және келешектегі оқиғалардың үзіліп қалмай, бірі мен екіншісінің жалғасып отыруларын сюжеттік байланыс (завязка) деп айтады. «Шұғаның белгісіндегі» оқиғаның бірінші байланысы - Әбдірахманның Есімбек ауылына келуі, Шұғаның оны сыртынан көріп, ұнатуы. Екінші байланыс - алтыбақан ойынында кездесу т.б.
Шарықтау шегі - (латынша calmen - шың) сюжеттік дамудың ең жоғарғы сатысы, адамдар арасындағы қимыл әрекеттің мейлінше күшейіп, өрбіп жеткен жері, шығармадағы драмалық тартыстың өрістеп шыққан биігі. Шарықтау шегі шығарманың көлеміне қарай, идеялық мазмұнына қарай біреу не бірнешеу болуы мүмкін. Автор шарықтау шегіне ерекше мән беріп, өзінің айтайын деген ойына сәйкес, оқушының көңілін аударайын деген оқиғаны шарықтау шегі етіп алады. «Шұғаның белгісінде» Шұғаның ауруының күн сайын ұлғайып, әкесі мен ағаларының иілуін, Әбдірахманның тұтқыннан босануын оқиғаның шарықтау шегі еткен.
Шешім (орысша развязка) - шығарма сюжетінің де шешуші кезеңдерінің бірі, адамдар арасындағы қарама-қарсы тайталастардың, күрделі күрестердің бітуі, түрліше тағдырлар тартысынан туған нақты нәтиже, оқиғаға қатысушылардың ең ақырғы хал-күйі, барлық көріністердің соңғы сахнасы. Мысалы, «Ревизордың» шешімі – пьеса персонаждарының бәрі жиналған Дуанбасының үйіне жандарм кіріп, енді Хлестаков сияқты жалған ревизор емес, шын ревизордың келгенін хабарлағаннан кейінгі жұрттың бәрі «тастай қатып, сілейіп тұрып қалатын» әйгілі мылқау сахна, «Шұғаның белгісінде» әңгіме Әбдірахманның тұтқыннан босанып еліне келуі, Шұғаның өлімімен аяқталады.
Сонымен жоғарыда сөз болған жайттардан қорытатын түйін: сюжеттік дамудың кезең-кезеңдерін тәртіпке салып, реттеп, қиыннан қиыстырып тұратын нәрсе - шығарманың композициясы. Ал, композициялық шеберлік - шығармадағы барлық бөлшекті бір ғана бүтінге тұтастыру, бәрін бір ғана нәрсеге – негізгі идеяға бағындыру.
Композицияның құрамына сюжеттің кезең-кезеңдері ғана емес, сюжеттен тыс нәрселер де кіреді. Солардың бірі – пролог (грекше prologos – алғы сөз) - көркем шығармаға кіріспелердің бір түрі. Мұнда кейде негізгі сюжетке дейінгі бірнеше оқиға баяндалады. Ондағы мақсат - шығарманың идеялық бағытын оқушының дұрыс түсінуіне бағыт сілтеу. (С.Мұқановтың «Сұлушаш», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі»т.б.)
Пролог пен қатар тоқталатын нәрсе - эпилог (грекше epilogos соңғы сөз) – көркем шығарманы қорытудың бір түрі. Тартыс аяқталып, өзекті оқиғалар біткен соң сюжеттік шешімнен кейін келіп, басты қаҺармандардың одан арғы хал-күйінен қысқаша мәлімет береді, сол арқылы автордың негізгі идеясын толықтыра, тереңдете түседі. (С.Көбеев «Қалың мал»,т.б.)


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет