Лекция тезисі: Әдеби жанр (французша-genre -тек, түр) термин ретінде шартты, екі мағынада қолданылады. 1. Әдебиеттің тектері - эпос, лирика, драма; 2. Әдеби шығарманың түрлері - әңгіме, роман, баллада, поэма, комедия, трагедия т.б.
Әрбір әдеби туындының жанрлық табиғаты әр алуан; көлемді эпикалық шығармада өмірдің күрделі шындығын нақты көркем тұлғаларға жинақталып, олардың өзара қарым-қатынасынан туған қат-қабат оқиғалар арқылы ашылса, лирикада адамның жеке басына тән күйі, нәзік және психологиялық тебіреністер суреттеледі. Ал драмалық шығарма көбіне адамдардың қимыл-әрекетіне, қақтығыстарына - түрліше тағдырлар тұтасына құрылады.
Әдебиеттегі «тек», «түр», «жанр» ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты мәселелерді белгілейді. Алайда, қазіргі таңға дейін осы ұғымдардың жалпыға ортақ қалыптасқан анықтама, шекарасы жоқ. Біреулер, сөздің түпкі мәніне сүйене отырып, «әдебиеттегі тек» дегеннің орнына «жанрды» пайдаланып, оның түрлі қолданыстағы үлгілерін түр және сол түрлердің алуан түрлілігі деп таниды. Келесі біреулердің «тек» ұғымы ретінде бейнелеу тәсілдері, яғни эпикалық, лирикалық, драмалық тәсілдер түсініліп, «түр» мағынасында эпикалық, лирикалық, драмалық әдебиеттің алуан формалары (роман, ода, комедия) қолданылады да, «жанр» ұғымы әдебиеттегі түрлердің әрқилы үлгілері (тарихи роман, сатиралық комедия, саяси ода) ретінде көрінеді.
Азаматтық әдебиетке жүктелген міндеттерінің шешілу жолдарын айқындайтын, қазіргі уақытта пайдаланылып жүрген әдеби бейнелеу тәсілдері немесе эпикалық, лирикалық, драмалық тектері тым ерте дәуірде жасалған. Аталған үш тәсілдің әдебиет тәжірибесінде өзара байланыстылығына және қаламгердің нақты қолданысындағы формалардың сан түрлілігіне қарамастан, аталмыш үш тектің негізгі ұстанымдары өзгеріссіз қалпында ғасырлар бойына әдебиет туындысының сипатын айқындап келеді. Эпос, лирика, драма өзара ұштаса отырып, халықтар өмірінің тұтастай дәуірін (мысалы, Гомердің «Илиадасы», Шекспирдің «Гамлеті», М.Әуезовтың «Абай жолы») аса күрделі қоғамдық үрдістерді бейнелеуден бастап, бір ғана адамның толғаныс-толқыныстарын көрсетуге дейінгі (мысалы, Абай өлеңдері) адам санасы мен өмірді терең, жан-жақты суреттеуде мүмкіндік береді.
Әдебиеттің тектері немесе тәсілдері жеке–дара тұрып әдеби шығарманың формасы бола алмайды, олар тек бейнелеудің ортақ ұстанымдарын танытады. Бұл ұстанымдар әдеби даму процесінде туып-қалыптасып жататын эпикалық, лирикалық, драмалық формалар арқылы жүзеге асады. Эпикалық бейнелеу эпопеяда, мысалда, поэмада, балладада, әңгімеде, повестте, романда, көркем мемуарларда іске асса, лирикалық тәсіл ода, элегия, сатира, эпиграммаларда қолданыс табады. Драманың жалпы ұстанымдары трагедия, комедия, драмада орын алады.
Ұдайы даму үстіндегі әдебиеттің тектері мен түрлерін бөлудің ортақ ұстанымын ажырату оңай емес. Басқа да көркемдік түр элементтері сияқты, түр немесе жанр да мазмұнды ашу құралдарының бірі болып табылады. Өнер түрлерінің даралануы, сондай-ақ әдебиеттің өзінің үш текке бөлінуі – ұзақ тарихи даму нәтижесі.
Әдебиетте өзімізге белгілі үш текке бөлініп, уақыт өте келе сол тектерден алуан үлгідегі түрлер мен жанрлар даралана бастайды.
Әдебиетті текке жіктеу дәстүрі Аристотельдің «Поэзия өнері туралы» трактатынан басталып, әдеби тектерді қалыпты поэтика (нормативная поэтика) рухына негіздей отырып саралауды ұстанған француз классицизмінде, сондай-ақ И.В.Гетеден Г.Гегельге дейін қамтитын неміс классикалық эстетикасында жалғасын тапты. Әдеби тектер ұғымына Ресейде В.Г.Белинский философиялық және гносеологиялық тұрғыдан жаңа мазмұндар қарастырды.
Әрбір әдеби шығарма - белгілі дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі. Әр дәуірдің өз шындығы бар. Бұлар бірін-бірі қайталамайды. Олай болса әр дәуірдің шындығы да бірін-бірі қайталамайды; тектері мен түрлері ұқсас болғанмен Шекспир трагедиясы Мүсірепов жазған трагедиядан, Бальзак романы Әуезов романынан, Абай поэзиясы Жансүгіров поэзиясынан өзгеше екені даусыз.
Әдеби шығарманың өзгешелігін осылайша тарихи тұрғыдан пайымдай тұра, қай дәуірде жазылсын, қандай қоғамдық шындықтан тусын бәрібір, тектес туындыларда адам өмірін бейнелеу жағынан заңды ұқсастық, композициялық құрылымы жағынан бірлік болатынын ескерту қажет: лирика және басқа сан иірім сезімге құрылса, эпос адам өмірінің кезеңіне кеңірек қанат жаяды да, драма нақты қимыл әрекеттен өрістейді. Жинақтай айтқанда, әдеби түр - әдеби тек аясындағы поэтикалық құрылымының тұрақты типі. Әрбір әдеби тектің өзіне тән әдеби түрлері бар. Мысалы эпостың негізгі түрлеріне - эпопея, роман, повесть, әңгіме, поэма, лирикаға - лирикалық өлең лирикалық поэма, жыр, драмаға - трагедия, драма, комедия жатады.
Эпос (грекше – epos - баяндау, әңгімелеу, тарихтап айту) - көркем әдебиеттің байырғы, негізгі тектерінің бірі, дәлірек айтқанда, өмір шындығын мейлінше мол қамтып, кең суреттейтін, адам мінезін мүмкіндігінше терең ашып, жан-жақты танытатын іргелі, күрделі жанр.
Эпостың туу, қалыптасу тарихы тым әріде жатыр. Қай халықтың болсын, баяғы бабалар заманынан бермен қарай ауыздан-ауызға таратып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ғып қалдырып келе жатқан әдеби туынды – эпостық шығармалар.
Адамның көңіл-күйінен туатын лирика мен қимыл-әрекетіне негізделетін драмадан эпостың айырмасы - мұнда шындық кең көлемдегі баяндау, әңгімелеу арқылы жинақталады. Белинский эпикалық шығарманың бір ерекшелігі ретінде драмадағы басты нәрсе - адам болса, эпостағы басты нәрсе оқиға екенін ескертеді. Бұдан шығатын түйін - эпос жан-жақты жанр: эпикалық шығармада адамның өмір жолы кеңінен баяндалады, оның басынан кешкен тағдыр мен тіршілік толық жинақталады, ол қатысқан оқиғалар молынан суреттеледі, қысқасы адамдар арасындағы қарым-қатынастар әр қырынан айқын көрсетіледі.
Өмір шындығын қамту, адам мінезін ашу мүмкіндіктеріне қарай эпикалық жанр үш түрге бөлінеді:
1. шағын көлемді эпикалық түр;
2. орта көлемді эпикалық түр;
3. кең көлемді эпикалық түр.
Эпостың негізгі түрлерінің бірі - тарихи тамыры әріден басталатыны-эпопея. Эпопея (грек сөз, баяндау және жасаймын) бүкіл бір дәуірді кеңінен қамтитын жан-жақты бейнелейтін кең тынысты, сан-салаы эпикалық шығарма. Ежелгі Грецияда халықтың өмірін, қаҺармандарын, ірі тарихи оқиғаларды суреттейтін өлең-жырларды бір желіге тізіп, тұтастыру арқылы жасаған көлемді эпостық жырды «эпопея» деп атаған. Мысалы, Гомердің «Илиада», «Одиссея» атты эпостық жырлары, үнді елінің «Махабхарата», қырғыз халқының әйгілі «Манас» эпосы осындай әдеби туындылар қатарына жатады.
Біздің уақытымызда эпопея деп тарихи уақыттың маңызды кезеңдеерін халық өмірін әр қырынан суреттететін, үлкен тарихи оқиғаны күрделі тағдырлар тоғысын бейнелейтін романдар циклын айтады. Л.Н.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», М.А.Шолоховтың «Тынық Дон» атты шығармалары дәлел бола алады. Қазақ әдебиетінде М.Әуезовтің «Абай жолы» роман–эпопеясы – қазақ халқының жарты ғасырлық өмірінің энциклопедиясы дерлік кесек, көркем туынды.
Бұдан біз эпопея деген ұғымның жазба әдебиетінде тақырып –мазмұнды бейнелеу әдіс-тәсілдері көркемдік ерекшеліктері жағынан мүлде өзгертіп, жаңа сипат алғанын көреміз. Сондай-ақ, академик З.Қабдоловтың «эпопея –эпостың шыңы екенін, оның негізгі қаҺарманы - халық, суреттер шындығы –халық басынан өткен кезеңді құбылыстар» деген пікірін де ешқашан естен шығармауымыз керек.
Проза - қазақ әдебиетінде кешеңдеу туған, бірақ орасаң шапшаң дамыған сала. А.Құнанбаев ғақлиясы, Ы.Алтынсарин әңгімелері, М.Дулатов, С.Көбеев, С.Торайғыров еңбектері жаңа жанрдың алғашқы тәжірибелері болса, қысқа мерзім ішінде Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұрпейісовтың күрделі, кесек туындылары әдебиетімізді алдыңғы сапқа шығарды. Бұл - қазіргі қазақ прозасын,оның ішінде роман жанрының да айрықша сипаты.
Дүние жүзілік әдебиеттегі кең көлемді эпикалық түрдің соңғы ішіндегі дамуына тән тамаша сипат – эпопеяның кемелденуі болса, қазіргі қазақ романы бұл сипатқа да ие.
Роман (фран,- roman, немісше -Roman, ағыл.-novel – орта ғасырларда (ХІ-ХІІ) латын тілінде емес, роман тілдерінде жазылған шығарма осылай аталған) – сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, кең тынысты, кейіпкер бейнесін ол өмір сүрген уақыт, орта ауқымында жан-жақты мүсіндейтін, басқа прозалық жанрларға қарағанда ұзақ уақытты, байтақ кеңістікті қамтитын көлемді эпикалық шығарма. Роман жанрының басталуы ежелден бері, сондай–ақ орта ғасырда өркендеген деп саналады. Антикалық дәуірдегі Петронидің «Сатирикон», Эшенбахтың «Тристан мен Изольда» шығармаларында романының көптеген белгілері бар.
Ол кезде роман жекелеген кейіпкерлер өмірін арқау еткен эпос секілді еді. Эпоста көсемдер, әскер басылар туралы, немесе басқа да тарихи және аңызға айналған қаҺармандар туралы баяндалатын. Ал романда қарапайым адамдардың тағдыры, іс-әрекеті айтылады. Сондай-ақ эпос кең тұрғыда халықтық өмірді қамтыса, роман өз кезеңінің, өз уақытының нақты тарихи оқиғаларын сөз еткен. Эпоста көбіне батырлық характерлер берілсе романда кәдімгі болған жайлар айтылады.
Роман кейіпкері негізінен қоғам өмірімен байланыста алынады. Сөйтіп, ол кейіпкерлер арқылы жалпы қоғамдық-әлеуметтік өмірдің қыр-сырын, сипатын байқай қиын емес. Мәселен, Сервантестің, Бальзактың, Флобердің, Стендальдің, Диккенстің, Толстойдың, т.б. романдарында кейіпкерлер арқылы заманның, қоғам өмірінің қатпарлары ашып көрсетілді.Сондықтан да роман жаңа кезеңнің эпосы секілді.
ХҮІІІ ғасырда роман екі бағытта: 1-әлеуметтік, тұрмыстық, 2-психологиялық бағытта көрінді. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда әдебиеттің романтикалық характері романға басқаша ықпал етті. Сондай-ақ бұл ғасырда романның классикалық түрлері пайда бола бастады. Стендаль, Бальзак, Тургенев, Мопассан дүниежүзілік аренаға шықты.
Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысында орыс романдары Толстой мен Достоевский туындылары әдеби шығармашылыққа айрықша әсер етті. Қазақ әдебиетінде роман жанры ХХ ғасыр басында туып, қалыптасты. Бұл жанр бүгінде қазақ әдебиетінің жетекші саласына айналып отыр. М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы қазақ романының ең биік деңгейін танытқан туынды. Осындай алдыңғы буыннан соң І.Есенберлин, Ә.Нұрпейісов, С.Жүнісов, Қ.Жұмаділов т.б. романистер есімі оқырмандар қауымға белгілі. Романда суреттелетін жайларда жалпы адамзатқа ортақ гуманистік мәселелердің қамтылуы заңды құбылыс. Бұл орайда суреткердің творчестволық қуаты ерекше роль атқарады. Үлкен суреткер ғана роман жанрының жүгін көтереді.
Роман жанрының бірнеше түрлері бар. Мәселен, тарихи роман жанрының жаңа белеске, кең өріске шыққан кезі. Қазіргі таңда да роман өзінің тарихи маңызын жаймаған әдеби құбылыстың бірі болып қала береді.
Повесть (орыс-баяндау) - оқиғаны баяндап айтуға негізделетін қара сөзбен жазылған, көлемді шығарма, эпикалық жанрдың орташа түрі. «Повесть дегеніміз шағын көлемді роман» дейтін Белинский пікірі бар. Көлемі жағынан повесть кейде ұзақтау болып, кішігірім романға жақындаса да, ол композициялық құрылысының жинақылығы, оқиға желісінің біркелкі өрістеп, байсалды түрі баяндалатынымен ерекшеленеді.
Мәселен, әңгімеде көбіне-көп өмірдің бір мезегі суреттелсе романда одан әлдеқайда күрделі әрі көлемді, бүкіл бір кезеңнің оқиғалары кең түрде беріледі. Ал повесть мұнан өзгешелеу және өзіне тән жинақтаушылық жүгі бар. Кейіпкерлер аса көп болмайды, сюжеттік желі негізінен бір арнада өрістейді.
Жалпы кез-келген әдеби туындылар секілді повеске де бір өлшеммен қарауға болмайды. Мұнда жазушының стильдік ерекшеліктері, көркемдік құралдарды құбылтып пайдалануы, түрліше көркемдік ізденістер байқалуы әбден орынды.
М.Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Ж.Аймауытовтың «Күнекейдің жазығы», Ш.Айтматовтың «Жәмила» повестері - үздік көркем туындылар. Сол сияқты қазіргі қазақ повесін одан әрі дамытуға үлес қосып жүрген С.Мұратбаев, Ә.Кекілбаев, О.Бөкеев т.б. қаламгерлерді айтуға болады.
Әңгіме - оқиғаны баяндап айтуға негізделетін, қара сөзбен жазылған шағын көркем шығарма. Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері алдымен оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық сюжеттік құрылысы, кейіпкер жүйесі арқылы айқындалады. Әңгімеде әдетте бас-аяғы жинақы, тиянақты бір оқиға айтылады. Әңгімеде де, басқа жанрлар секілді алдымен адам - оның өмірі мен тағдыры көрінуі тиіс. Әңгіме көлемі шағын шығарма болғанымен қиын жанр, қаламгер үшін нағыз шеберлік мектебі. Сюжет желісі бір арналы, ширақ келіп, тақырыбы мен идеясы айқын болады. Мұнда бір айтылған жайларға қайта оралуға тәптіштеп баяндауға, ұзақ-сонар суреттеме беруге мүмкіндік бола бермейді. Әңгіме жанры аз сурет арқылы көп жайды аңғартады.
Әңгімеде кейде баяндаушының (авторлық «Мен») бейнесі айқын көрінеді. Оның өзі оқиғаға тікелей қатысы болуы мүмкін. Бұл әңгімеге тән сипат. Мысалы, әңгіменің өзгеше бір түрі саналатын новеллада оқиға көбіне-көп үшінші жақтан баяндалады. Негізгі айырмашылық, оқиғаны құру, баяндау тәсілінен көрінеді. Әңгімеде күнделікті өмірден алынған шынайы жағдайлар баяндалса, новеллада сирек кездесетін, таңғажайып тосын жайлар айтылады, әңгімеде оқиға желісі бірте-бірте дамып, тиянақты аяқталса, новелла күтпеген шешіммен бітуі мүмкін.
Қазіргі реалистік әңгіменің бастаулары халық ауыз әдебиетінде жатыр. Көне замандарда-ақ халық өзінің тұрмыс-салт, күнделікті тіршілігі жайлы алуан-алуан ауызша әңгімелер туғызған. Берідегі қазақ әдебиетінде Ыбырай Алтынсаринен бастап Майлин, Әуезов, Аймауытов, Мүсірепов т.б. әңгімелері бұл жанрды байытты, дамытуға үлес қосты. Қысқасы, әңгіме - шағын көлемді эпикалық түрдің айрықша асыл үлгісі; әңгіме, негізінен, қысқаша жазылады, ал «ең парасатты проза - дәл және қысқа жазылған проза» (Пушкин).
Орта көлемді эпостың повестен басқа тағы бір түрі – поэма. (грекше poiema-туынды) өлеңді повесть өмірде болған, не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен келелі оқиғаларды, алуан-алуан адам тағдыры мен заман шындығын көлемді, желілі, эпикалық не лирикалық сипаттағы өлеңмен суреттеу. Поэмалар түрлі-түрлі: сюжеттік, сюжетсіз болады. Поэмаларда жасалатын адам образдары да әр алуан: эпикалық образ да, лирикалық, романтикалық, реалистік образ да болады.
Поэма - лиро-эпикалық жанрдың бір түрі. Ол дүние жүзіндегі барлық халықтардың әдебиетінде кездесетін көне жанр. Мысалы, ежелгі грек әдебиетіндегі «Илиада», «Одиссея» эпикалық поэмалары ертедегі орыс әдебиетіндегі «Игор жорығы туралы жыр» поэмасы т.б. кеңінен мәлім. А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин», А.А.Некрасовтың «Русьте кім жақсы тұрады» атты шығармалары поэма жанрының классикалық үлгісі болып табылады. А.Құнанбаевтың «Ескендір» «Масғұт», М.Сералиннің «Гүлкашима», «Топжарған», С.Торайғыровтың «Кедей», «Адасқан өмір» т.б. шығармалары – қазақ жазба әдебиетіндегі поэманың алғашқы үздік үлгілері. Поэма кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінде өркендеп, кемел жанрға айналды. С.Сейфуллиннің «Көкшетау» І.Жансүгіровтің «Құлагер» С.Мұқановтың «Сұлушаш», Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз», Х.Ерғалиевтің «Құрманғазы», Ж.Молдағалиевтің «Мен қазақпын», Ғ.Қайырбековтің «Дала қоңырауы» т.б. туындылары қазақ кеңес поэзиясындағы поэманың классикалық үлгілері. Сондықтан да, поэма - қазіргі қазақ поэзиясындағы мол өркендеген, кең өріске шыққан шешуші жанрлық түрлердің бірі екені даусыз.
Лирика (грекше lyra-ежелгі гректер үніне қосылып ән салған музыка аспабы) - әдебиеттің Аристотель заманынан келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі, шындықты адамның ішкі көңіл-күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың түрі, көбіне өлеңмен жазылады.
Лирикалық шығармаға ақынның ішкі дүниесінің сыртқы себептерімен, жалпы ақиқат шындықтың әсерімен аса қатты толқуы, автордың өз басының алуан-алуан түйсіктері, күйініш-сүйініштері тән болып келеді. Ақынның көңіл-күйі әрқашан өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның хал-жайына байланысты, өзін қоршаған шындықты саяси-әлеуметтік сырымен сабақтас. Сөз өнерінің өзге тектері (эпос және драма) тәрізді. Лириканың да суреттейтін құбылыстары көп. Эпостық шығармалардың өмірдегі қат-қабат оқиғаларды суреттеуде мүмкіндігі лирикадан мол. Эпикалық шығармалардың көбі сюжетке құрылады. Ал, лирикалық шығарма олай емес, көлемі жөнінен әлдеқайда ықшам. Сюжетке де көп бара бермейді. Оқиғадан гөрі отты сезім басымдау, күллі сюжет сол сезім маңына жинақталады.
Егер эпикалық жанрдың ең басты ерекшелігі уақиғаның қалай баяндалып, суреттелетініне байланысты болса, лирикалық шығарманың күші, қуаттылығы алдымен адамның көңіл-күйін, өмірдегі жағдай құбылыстан алған әсерін бейнелеп жеткізу шеберлігімен ұштасып жатады. Адамның жан сезімін, көңіл-күйін тікелей, лирикаға тән ерекше сыршылдықпен айтып жеткізудің ұтымдылығы өмір құбылыстарын, табиғатты айрықша сергектік, сезімталдықпен қабылдаудан, сезім-әсер байлығынан туады.
Лирикалық шығармада негізінен алғанда жеке адамның көңіл-күйі, сезімі суреттеледі. Ақын көбінесе өз жайын, өзінің айналадағы өмірге, әртүрлі құбылыс-жағдайларға көзқарасын сипаттайды. Бірақ ақын өз жайын, өз басының мұңын, өзінің арманын, қуаныш сезімін жыр етсе де, ол қалайда халықтың тағдырын, қайғы-мұңын, күйзелісін, қуаныш-шаттығын, тілек-мақсаттарын көрсетеді. В.Г.Белинскийдің «ұлы ақын өзі туралы, өзінің жеке басы туралы айтса да, көптің тағдырын, адамзат жайын сөз етеді» деуі тегін айтылмаған.
Нағыз лирикалық туындылар жеке адамның жан дүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл бір ортаны, қоғамды, заманды сипаттап береді. Лирикалық шығарма ақынның ой-сезімін, толғанысын көрсету арқылы жалпы адам баласына, қоғамға тән сипаттарды, заман, дәуір келбетін танытатын қасиет-ерекшеліктерді жақсы аңғартады.
Лирикалық жанрға ауыз әдебиетіндегі өлеңнің барлық түрлері - еңбек туралы, төрт түлік туралы өлеңдер, тұрмыс-салт жырлары, нақыл-өсиет жырлар, т.б. терме, толғау, тақпақ секілді нұсқалар жатады. Жазба әдебиет өркендеген кезде жаңа түрлер - саяси әлеуметтік лирика, философиялық лирика, көңіл-күй лирикасы, махаббат лирикасы, табиғат лирикасы қалыптасып, дамиды.
Лирикалық кейіпкер - поэзиялық шығармалардан көрінетін адамның тұлға бейнесі. Өлең-жырларда ақын көбінесе өз атынан сөйлейді. Басқа адамның бейнесін жасап, соның атынан айту кейде ғана кездеседі. Мысалы, Абай «Болыс болдым мінекей» деген өлеңінде бастан-аяқ болысты сөйлетіп қояды.
Ақын өлеңді өз атынан айтқанда, лирикалық кейіпкерді бейнесі жасалады. Себебі, ол ақынның бейнесі, жинақталған лирикалық кейіпкердің бейнесі болып шығады. Ақын қоғам өмірі, заман, адам туралы толғанғанда, өзін «мен» деп, «біз» дей отырып, сол ортаның адамы, белгілі бір ұрпақ-буынның өкілі ретінде сезіледі. Сондықтан жекеленген өлеңнен қалайда ақынның өмірбаянынан нақтылы дерек іздеу үнемі қисынды бола бермейді.
Лирикалық кейіпкердің характері бір өлең-жырда толық ашыла қоймайды. Шығармада әр қырынан көрінеді. Мысалы, бір өлеңде махаббат сезімі басым болса, бір өлеңде табиғат сұлулығы сезіну басым келеді. Бірақ көптеген өлең-жырларды алғанда, лирикалық кейіпкердің тұтас тұлғасын, көп қырлы бейнесін елестете аламыз.
Драма (грекше drama - қимыл, әрекет) - әдебиеттің үшінші тегі, шындықты айрықша тәсілдермен синтез қалпына келтіріп, шиеленіскен тартыстар үстінде жинақтап, оқиғаға қатысқан адамдардың сөзі мен ісі арқылы көрерменнің көз алдына қолма–қол көрсететін күрделі жанр - «әдебиеттің ең қиын түрі» (М.Горький.)
Драма - өмір құрылысын шиеленіскен тартыстар үстінде жинақтап, кейіпкерлердің әрекеті арқылы бейнелейтін әдеби жанр. Драмалық шығарма театрға арналып жазылады да, сахна өзінің көркемдік деңгейіне көтеріледі. Драма бастапқы кезде хор, диалог, би, ым (пантомимо) аралас келіп, көркем өнердің күрделі саласы ретінде дамыған. Кейін драма бұлардан бөлінді, трагедия, драма, комедия жанрлары қалыптасты. Драма жанры көне Грецияда туып, Эсхил, Софокл, Еврипид трагедиясында, Аристофан комедияларында жоғары көркемдік дәрежеге көтерілді.
Қазақ драматургиясында кейбір пьесалар кеңес революциясынан бұрын жазылғанымен, нағыз драма кеңес дәуірінде туып, қалыптасқан. Драмада күнделікті тұрмыстың әртүрлі құбылыстары жан-жақты бейнеленеді. Сан алуан тартыстар қаҺармандарды ауыр шайқастарға салып, олардың рухани-адамгершілік қуатын сынап көреді, алға қойған мақсат, нысаны үшін күресу үстінде адамдар мінезінің жан-жақты қырлары ашылады. Уақыт, заман талаптары, әлеуметтік шарттар қалыптастырылған нормаларды бұзу сияқты кейіпкерлер әрекеті тартысқа толы оқиғалармен, жағдайлармен шиеленіседі. Тұрмыстық, семьясының, жеке бастың сан қилы қақтығыстарын сюжет арқауы ететін драма ұлғайту (гипербола), өсіру (гротекс), әсірелеу тәрізді көркемдік құралдарды сараң қолданады, оның есесіне нақты детальдер, табиғат бояулары, дәуірді, өмірді реалистікпен бейнелеуге көбірек мүмкіндік береді.
Әдебиетімізде көп жылдар бойы жинақталған дәлелдер, көркемдік-процесс негізінде, қазақ драмасын үш салаға жіктеуге болады:
ҚаҺармандық драма - қажырлы кейіпкердің қиындықтарды жеңген, арман-мақсат, еркіндік үшін арпалысқа жолын бейнелейді. Отан үшін, азаттық үшін күрескен ерлердің жағымды мінездер, игі қадамдары мадақталады. Сұрапыл шайқаста кейіпкерлер көбінесе жеңіске жетіп, салтанат құрады. Басты кейіпкерлер - ер жүректі, үлкен мақсатты, қажырлы, жігерлі адамдар, азаттық үшін алысқан ерлер, Отан соғысының ардагарларі. Мысалы, С.Сеуфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» (1922), М.Әуезовтің «Қобыланды» (1945.Мұқановтың «Күрес күндерінде» (1938) т.б. пьесалар.
2) Саяси әлеуметтік драма - өмірдің жаңа құбылыстарын келісімге келмейтін қарама-қарсы кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы бейнелейді. Өмірде, жақсылыққа деген көзқарастар ашық, айқын айтылады, үлкен шайқас, құрбандықтар болмайды, кейіпкерлер арасындағы кезек сөз (диалог) ұлғайып, философиялық толғанысқа айналады. 34-40-жылдардағы драмаларда таптық, әлеуметтік тартыс үстем болса, кейінгі кезде реалистік ұғым басым түсіп, идея мен образ бірлігі күшейді. Мұндай туындыларға С.Сейфуллиннің «Бақыт жолында» (1917) М.Әуезовтің «Еңлік Кебек» (1917), «Алуа» (1953), С.Жүнісовтың «Өліара» (1985) т.б. пьесалары жатады.
3) Тарихи-ғұмырламалық драма – белгілі тарихи тұлғалардың өмірін арқау етеді. Эстетикалық шындықпен бейнеленген көрнекті адамның іс-әрекеті, күрес жолы, идеялық нысанасы, бүгінгі өмірімізге, ұрпаққа өнеге ретінде алынады. Бұл жанр қазақ әдебиетінде Ұлы Отан соғысынан кейін жақсы дамыды. Мысалы, М.Әуезовтің «Абай» (1950 Собельевпен бірге), С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» (1954), «Сәкен Сейфуллин» (1964), Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді» (1939), «Ақан сері - Ақтоқты» (1942), Ә.Тәжібаевтің «Майра» (1962), Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғани» (1967), Ш.Мұртазаевтың «Қызыл жебе» (1987), пьесалары. Эпос пен лирика сияқты драманың бірнеше жанрлық түрлері бар. Соның бірі – трагедия (грек-tragos -ескі, ode - ән, жыр). Драмалық шығармалардың басқа түрлері сияқты трагедияда күрделі оқиғаны іс-әрекет арқылы көрсетеді. Трагедияның өзіндік жанрлық ерекшелігі - ол өмірдегі шиеленістің күрес-тартысты бір-біріне қарама-қайшы күштердің күресі, қақтығыс-таласын суреттейді, яғни адалдық пен адамдық, ізгілік пен жауыздық арасындағы тартыс бейнеленеді. Өмірдегі ауыр жағдай, адамның басына түскен ауыртпалық баяндалады, шығарма көбінесе негізгі кейіпкердің қазаға ұшырауымен аяқталады. Бірақ жеке адамның трагедиялық халге ұшырауы, күрес жолында мерт болуы оның үміті кесіліп, арманы орындалмайды деген мағына бермей, керісінше, сол адам бүкіл арман-мақсаттың, қаншалықты биік, зор екендігін айқын танытады. Мысалы, «Абай» трагедиясындағы жауыздыққа батыл қарсы тұратын, жазықсызды жан аямай жақтайтын Абайдың бейнесі осындай.
Дүниежүзілік драматургияда трагедияның тұңғыш классикалық үлгілерін көне Грецияның драматургтері Эсхиль (б.э.б. 525-456), Софокл (б.э.б. 496-406), Еврипид (б.э.б. 480-406 ж.ж.) туғызған. (Эсхил- «Бұғауланған Прометейі», Софокл- «Эдип патшасы», Эврипид - «Медея») Берірек дәуірде трагедияның айрықша зор биікке көтерілген тұсы - Шекспирдің творчествасы. Оның әсіресе «Оттелло», «Гамлет» секілді трагедиялары дүниежүзі мәдениетіне қосылған зор үлес болды. М.Әуезовтің «Еңлік Кебегі» мен «Қарагөзі», Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» мен «Ақан сері-Ақтоқтысы» - қазіргі қазақ әдебиетіндегі трагедияның жаңа үлгілері.
Драматургияның бір түрі - комедия (грек - komedia, күлкі,ән) өмірдегі келеңсіз, керексіз құбылыстарды, адам бойындағы қасиетсіздікті, мінездегі мінді сықақпен сынап, келекеге айналдыратын күлдіргі пьеса. Комедия, трагедияға керісінше, «өмірдің биік поэзиялық сәттерін» суреттемейді, қарапайым «күнделік прозасын, ұсақ түйегін, кездейсоқ жайттарын» (Белинский) суреттейді. Комедияның тамаша үлгілері – көне Грециядағы «комедия атасы» Аристофанның (б.э.б. Ү-ІҮ) «Салтаттылар», «Бұлттар», «Бақалар» және басқа шығармалары. Әлем әдебиетінде комедияның көптеген классикалық үлгілері жасалды. Англияда -У.Шекспир, Испанияда –Лопе де Вега, Францияда - Ж.Б.Бьюлер, П.Бомарже, т.б. Орыс әдебиетінде Д.И.Фонвизиннің «Тоғышары», А.Грибоедовтың «Ақылдың азабы», Н.В.Гогольдың «Ревизоры» шебер жазылған туындылар қатарына жатады. Қазақ әдебиетінде алғашқы комедиялық шығарма Б.Майлиннің қаламынан туды. («Шаншар молда», «Неке қияр», «Талтаңбайдың тәртібі» т.б.). М.Әуезовтің «Айман-Шолпаны», Ж.Шаниннің «Айдарбек», «Торсықбай», Ә.Тәжібаев «Той боларда», Қ.Мұхаметжанов «Бөлтірік бөрік астында», т.б. драматургтер көптеген комедиялар жазды. Бүгінде қазақ комедиясы белгілі жанрлық жүйесі бар арналы салаға айналды.