Әл Фарабидің домбырасы(тарихи толғау)
Әуенін тіршіліктің – қозғалысын–
Әлемнің ырғақты нұр – қозғау күшін,
Түзіпті Әл Фараби нота жасап:
Тізіпті үн – толқынның өз мәнісін.
Ғылымға қалдырып ол мол мұрасын,
Ұғымға танытты әуен, тон – ырғасын.
Қас сақты өнерімен мәңгі баурап,
Жасатты “қоңыр үнді” домбырасын.
Аршадан аспап тұрқын ойы алды,
Шыршадан қақпақ қағып оюлады.
Күй көрік–Қос ішекті домбыраны,
Үйреніп өнерпаздар ойын салды.
Ұқсатып Хорасанның танбұрына,
Ұстартып қазағының ән жырына.
Дастанын өмірдің ол күймен әрлеп,
Аспабын қосты әуенін сан қырына.
“Домбыра пернелерін үйлестіріп,
Оң бұра, –деді ол,-тартсаң, күй есіліп.
Ғажап құт дарытады күй қуатын
Қазақтық қанға серпін үлестіріп”…
Жаралған күй боп өмір бұралаңы,
Ғаламнан домбыраға құлап әні.
Толқиды: өмірге ұқсас қос ішек те
Мол күйді жүйемелдеп бұралады.
Достарыңызбен бөлісу: |