Лекция Тақырыбы: Құқықтың түсінігі және белгілері


Құқықтың нысандары (қайнар көздері)



бет4/7
Дата14.09.2023
өлшемі37,79 Kb.
#107856
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7
2. Құқықтың нысандары (қайнар көздері).
Құқықтың нысаны мен қайнар көздері өзара байланысты болып келеді, бірақ өзіндік айырмашылықтары бар. Құқықтың нысаны құқықтың мазмұны қалай ұйымдастырылған жəне қалай көрініс табатынын көрсетсе, құқықтың қайнар көздері болса құқықтың қалыптасуын, шығуын, оның мазмұны мен нысанын анықтайтын факторлар жүйесін көрсетеді. Сонымен, құқықтың нысаны дегеніміз – мемлекетпен танылған заң нормаларының бекітілуі амалы болып табылады, ал құқықтың қайнар көздері – бұл құқықтың шығуы, қалыптасуы болып танылады. Заң ғылымында құқықтың қайнар көздерінің (нысанының) мынадай түрлері бар: құқықтық əдет-ғұрып, құқықтық прецедент, нормативтік келісім-шарт, нормативтік-құқықтық акті жəне құқықтық доктрина.
1. Құқықтық əдет-ғұрып əлеуметтік нормалардың ең ежелгі түрі болып табылады. Бастапқыда құқық белгілі бір халықтардың əдет-ғұрыптарының қарапайым жиынтығы болды, кейін мемлекет пайда болғаннан соң ол құқық қорғала бастады. Мысалы, қазақ халқының құқықтық мұрасы болып табылатын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Əз-Тəуке ханның Жеті жарғысы» құқықтық əдет-ғұрып болып табылады. Əдет-ғұрыптар атадан балаға ауызша түрде беріліп отырған. Кейін бұл əдет-ғұрыптар жалпыға бірдей міндетті жүріс-тұрыс ережелері түрінде əрекет етіп, мемлекетпен қорғала бастады, нəтижесінде əдет-ғұрыптар құқықтық бола бастады. Бірақ барлық əдет-ғұрыптар құқықтық болған жоқ, тек мемлекетпен танылған əдет-ғұрыптар ғана құқықтық мəнге ие болды. Қазіргі кезде əдет-ғұрыптар құқықтың қайнар көздері ретінде Африка, Латын Америка елдерінде, Жапония, Қытай мемлекеттерінде кеңінен қолданыс тапқан. Қазақстан Республикасында құқықтық əдет-ғұрып құқықтың қайнар көзі болып табылмайды.
2. Құқықтық прецедент дегеніміз – сот немесе əкімшілік органның шығарған шешімі болашақта ұқсас істерді шешу үшін үлгі болып табылады. Құқықтық прецеденттің соттық жəне əкімшілік түрлері бар. Соттық прецедент дегеніміз – азаматтық не қылмыстық іс бойынша соттың шығарған шешімі, ал əкімшілік прецедент дегеніміз – атқарушы билік органы немесе əкімшілік сотпен қабылданатын шешім болып табылады. Бұл шешімдердің заңдық күші болады.
Сот прецедентінің мынадай белгілері бар:
1) ол жоғарғы сот инстанциясымен қабылданады;
2) ол арнайы жинақтарда ресми түрде жариялануы керек
3) прецедент ұқсас істер бойынша төменгі тұрған соттарға қолдану міндетті болып табылады. Прецедент құқықтың қайнар көздері ретінде АҚШ-та, Австралияда, Ұлыбританияда, Канадада жəне т.б. елдерде кеңінен қолданысқа ие болып табылады. Қазақстан Республикасында құқықтық прецедент құқықтың қайнар көзі болып табылмайды.
3. Нормативтік шарт – тараптардың тең жағдайда ерікті түрде келісімге келуін көздейтін құқық нормасының бір түрі болып табылады. Заң саласында мемлекет ішінде жəне халықаралық деңгейде түрлі нормативтік шарттар, атап айтқанда халықаралық шарттар мен келісімдер, жұмыс беруші мен жұмысшы ұжымның арасында жасалатын ұжымдық шарттар жасалып жатады. Нормативтік шарттар құқықтың қайнар көзі ретінде мына салаларда қолданылады:
1) конституциялық құқықта – орталық пен жергіліктің арасында өзара қарым-қатынастың ерекшеліктерін анықтайтын шарттар жасалады;
2) еңбек құқығында – еңбектік қатынастар ұжымдық шарттар мен келісімдер арқылы реттеледі. Қазақстан Республикасында нормативтік шарттар құқықтың қайнар көзі болып табылады.
4. Нормативтік құқықтық акті – мемлекетпен қатаң белгіленген тəртіппен қабылданатын, құқық нормаларынан тұратын ресми құжат болып табылады. Нормативтік құқықтық актілер заң жəне заңға негізделген актілер болып екіге бөлінеді. Заң дегеніміз –мемлекетпен атап айтқанда заң шығарушы органмен немесе халықпен референдумда ерекше тəртіппен қабылданатын, жалпыға бірдей міндетті болып табылатын, ең жоғарғы заңдық күшке ие, маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актінің бір түрі болып табылады.
Заңның мынадай түрлері бар:
1) Конституция – мемлекеттің ең негізгі заңы, конституциялық құрылысты, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, басқару нысаны мен мемлекеттік құрылымды бекітетін саяси – құқықтық акт;
2) конституциялық заңдар – Конституцияда қарастырылатын жəне онымен тікелей байланысты болатын заңдар;
3) ағымдағы заңдар – конституциялық заңдардың орындалуы үшін қабылданады жəне қоғам өмірінің түрлі салаларын реттейтін жай заңдар болып табылады.
Заңға негізделген актілер – заңның орындалуы үшін қабылданатын қосымша актілер болып танылады. Заңға негізделетін актілердің мынадай түрлері бар:
1) ҚР Президентінің жарлықтары мен өкімдері;
2) ҚР Үкіметінің қаулылары мен өкімдері;
3) Министрліктердің, ведомствалардың, комитеттердің бұйырықтары, нұсқаулықтары мен ережелері;
4) жергілікті мемлекеттік билік органдарының шешімдері мен қаулылары;
5) белгілі бір кəсіпорынның, мекеменің жəне ұйымның қабылдаған нормативтік ұйғарымдары – локальді нормативтік актілер жəне т.б.
Қазақстан Республикасында нормативтік құқықтық актілер құқықтың қайнар көзі болып табылады.
5. Құқықтық доктрина – атақты заңгер-ғалымдардың еңбектеріне немесе жалпыға танылған құқықтық ілімдеріне мемлекеттің рұқсатымен құқықтық нормаларды қолдану үрдісінде ресми түрде жүгінуге болатын құқықтың ерекше нысаны болып табылады. Құқықтық доктрина англосаксондық жəне мұсылмандық құқықтық жүйелерде кеңінен қолданылады. Қоғамдық қатынастар құқықтық нормалармен реттелуі тиіс.
Құқық нормасы дегеніміз – мемлекетпен белгіленген жəне қамтамасыз етілетін, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған жалпыға бірдей міндетті, формальді анықталған жүріс-тұрыс ережелері болып танылады.
Құқық нормасының құрылымы үш элементтен тұрады:
1) гипотеза – оның əрекет етуі шартын, яғни уақытын, орнын, субъектілік құрамын көрсететін құқық нормасының элементі.
2) диспозиция – субъектілердің құқықтары мен міндеттерін бекіту арқылы мінез-құлқын анықтайтын, гипотезада белгіленген заңды айғақтардың бар болғанында пайда болатын құқық нормасының элементі. Диспозиция құқық нормасының негізгі элементі, ол болмаса құқық нормасы да болмайды.
3) санкция – диспозицияны жүзеге асырушы субъекті үшін салдарды көрсететін құқық нормасының элементі. Санкция – жазалау шарасы болып табылады.
Құқық нормасы мынадай түрлері бар:
1) құқықтық реттеу пəні бойынша: конституциялық, əкімшілік, азаматтық, қылмыстық құқықтық нормалар жəне т.б болып бөлінеді;
2) құқықтық реттеу əдістері бойынша: императивтік, диспозитивтік, мадақтау, ұсыныстық болып бөлінеді;
3) қызмет етуіне қарай: туынды, жалпы жəне арнайы нормалар болып бөлінеді;
4) сипатына қарай: материалды жəне процессуалды нормалар болып екіге бөлінеді. Құқықтық норма құқықтық қатынастың пайда болуының негізі болып танылады. Құқық нормасы қоғамдық қатынастың құрамдас бөлігі болып табылатын құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған. Құқықтық қатынастар дегеніміз – құқық нормаларымен реттелетін, қатысушыларының тиісті субъективтік құқықтары мен заңи міндеттері бар қоғамдық қатынас болып табылады.
Құқықтың қайнар көздері – бұл құқық нормаларының бекітілу жəне көрініс табуының мемлекет шығарған немесе ол таныған ресми-құжаттық нысандары, оларға заңды, жалпыға міндетті мағына беру.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет