Жасуша теориясы. 1839 жылы неміс ғалымдары зоолог Т.Шванн және ботаник М.Шлейден өсімдіктер мен жануарлардың микроскопиялық құрылысы туралы мәліметтерді жинақтап және талдап, клетка теориясын тұжырымдады. Қазіргі кезде клетка теориясының басты қағидалары мынадай:
1.Жасуша – тіршіліктің ең ұсақ бірлігі. 2.Жасушаның көбеюі бастапқы жасушаның бөлінуі арқылы жүреді. 3.Әртүрлі мүшелерден және организмдерден алынған клеткалардың нәзік құрылымы, пішіндері мен қызметтері өзгеше болғанымен, олардың құрылысының жалпы үлгісі ұқсас: ядро, цитоплазма, плазмалеммадан тұрады.
4.Организм – клеткалардың және клеткалық емес құрылымдардың күрделі жүйесі. Р.Вирхов бұдан 100 жылдан астам бұрын организмді “клеткалар мемлекеті” ретінде қарастырған. Расында, мемлекет сияқты клеткалар бірлестігі – мүшелер арасында да, еңбек немесе қызмет бөлісі байқалады. Клеткалардың әрбір түрі тек қана белгілі бір қызметтерді атқаруға мамандандырылған. Қазіргі кездегі ғылым адам организмін құрайтын мамандандырылған клеткалардың екі жүзден астам түрлері бар екендігін анықтады. Тіршілік етуіне қажет барлық қызметтерді атқара алмағандықтан, мамандандырылған клеткалардың өмірі басқа клеткаларға тәуелді болады. Сондықтан, мамандандырылған клеткалар бірлестігі болып табылатын организмде, клеткалар арасында бір-біріне қызмет ету және информация алмасу өте қажет. Бұл құбылыстар клеткалар мен ұлпалар деңгейінде – клеткааралық әрекеттестік арқылы, ал организм деңгейінде – жүйке және қан арқылы, яғни нейрогуморальды реттелумен өтеді. Нәтижесінде клеткалар ұлпалар мен мүшелердің тұтасқан жүйесіне, яғни көп клеткалы организмге бірігеді.
Жасуша теориясының дамуына Пуркинье (протоплазма), Чистяков (клетканың бөлінуі нәтижесінде екі клетканың пайда болуы), Страсбургер (кариокинез), Вирхов (цитоплазманың ролін), Келликер (митохондрия), Гольджи (Гольджи аппараты) және т.б. ғалымдар өз үлестерін қосты.
Прокариот және эукариоттар. Жасуша – бұл тіршіліктің элементарлы бірлігі. Олар құрылымына қарай прокариотты және эукариоттық клеткаларға бөлінеді.
Прокариоттар – грек тілінен аударғанда “про”- алдын, “карион”-ядро дегенді білдіреді. Прокариоттарға бактериялар мен көк-жасыл балдырлар жатады. Бактериялар бір клеткалы организмдер, оларды тек микроскоп арқылы көруге болады. Сондықтан оларды микроорганизмдер деп атайды. Бактериялардың мөлшері өте кішкене: олардың ұзындығы 1-10 мкм, ал пішіні алуан түрлі болады. Бактерия клеткасын сыртынан тығыз қабықша, ал кейбір түрлерінде оның сыртынан кілегейлі капсула қоршап жатады. Көмірсулардан тұратын қабықшаны плазмалық мембрана астарлап, ол цитоплазмаға тығыз жанасып жатады. ДНҚ клетка орталығында сақина пішіндес бір ғана хромосомаға шоғырланған. Бактериялар клетканың екі бөлікке бөлінуі арқылы көбейеді. Қолайлы жағдайда бактериялар өте тез, әрбір 10-20 минут сайын бөлінеді.
Көк-жасыл балдырлар алуан түрлі тұщы су қоймаларында, теңіздер мен мұхиттарда, топырақта кең таралған. Бұлар құрамында хлорофилл болатын өте ертедегі организмдер. Көк-жасыл балдырлар органикалық заттар мен ластанған су қоймаларында тез көбейеді, сондықтан олар судың ластану дәрежесін анықтайтын индикатор болып есептеледі.
Эукариоттар – грек тілінен аударғанда “эу”-нағыз, “карион”-ядро дегенді білдіреді, оларға бір және көп клеткалы өсімдіктер, жануарлар және адамдар жатады. Эукариоттар бір-бірімен байланысқан үш бөліктен тұрады:
Клетка мембранасы
Цитоплазма
Ядро
Эукариоттардың атқаратын қызметіне байланысты клеткасының пішіні мен орташа мөлшері 10-100 мкм болады. Ең үлкен клетка - бұл жұмыртқа клетка, өйткені онда көптеген қоректік заттар жиналады, мөлшері 150 мкм-ге дейін болады.