Жасушаның органикалық заттары. Бейорганикалық заттармен бірге клетка құрамында органикалық заттар: белок, көмірсу, липидтер, нуклеин қышқылдары және витаминдер болады.
Ақуыздар клетканың органикалық заттары ішінде маңызы жөнінен бірінші орын алады. Ақуыз клетканың органоидтарында, клетка ішіндегі және аралығындағы сұйықтарда кездеседі. Клеткадан сыртқа шығарылатын ферменттер, гормондар т.б. өнімдері негізінен ақуыздан синтезделеді. Ақуыздар көміртегі, оттегі, сутегі, азот, күкірттен тұрады. Сонымен қатар ақуыз құрамында фосфор, темір, магний және т.б. химиялық заттар кездеседі.
Көмірсулар жануарлар клеткасында 1-5% шамасында, ал өсімдік клеткасында 70%-ке дейін жетеді. Көмірсулар үш класқа бөлінеді: моносахаридтер, дисахаридтер және полисахаридтер.
Моносахаридтерге пентоздар, триоздар, гексоздар, гептоздар жатады. Пентоздар, рибоза және дезоксирибоза нуклеин қышқылдарының құрамына кіреді. Гексоза, глюкоза қан құрамында болады.
Дисахаридтерге өсімдік клеткасындағы сахароза мен мальтоза және жануар клеткасындағы лактоза, ал полисахаридтерге крахмал, гликоген, целлюлоза жатады. Крахмал клетка қосындылары ретінде өсімдік клеткаларында, гликоген жануар клеткаларында кездеседі. Целлюлоза өсімдік клеткаларының сыртқы қабығында болады. Көмірсулар клеткада энергия көзі болып табылады. 1 гр көмірсу тотыққанда 4,2 ккал энергия бөлініп шығады. Сонымен қатар көмірсулар клетканың құрылыс материалы қызметін де атқарады.
Липидтер жануарлар мен өсімдік клеткаларының құрылысының құрамына кіреді. Липидтер суда ерімейді. Липидтерге май, лецитин, холестерин жатады. Липидтер энергия көзі ретінде маңызы үлкен. Сонымен бірге майдың су көзі ретіндегі маңызы зор. 1 кг май тотыққанда одан 1,1 кг-дай су түзіледі. Мысалы: түйелер өркештеріндегі майдың көмегімен 10-12 күн су ішпей жүре алады. Нуклеин қышқылдарын (латынша “нуклеус”-ядро) 1870 ж. Мишер алғаш рет клетка ядросынан тапқан. Нуклеин қышқылдарын тұқымқуалаушылық заттар деп атайды. Себебі олар клетканың тұқымқуалаушылық қасиеттерін сақтауда және оларды беруде басты роль атқарады. Атап айтқанда нуклеин қышқылдары белоктар синтезделуін қадағалау арқылы оның дәл аналық клеткадағыдай синтезделуін қамтамасыз етеді. Нуклеин қышқылдарының екі түрі бар: дезоксирибонуклеин қышқылы (ДНҚ), рибонуклеин қышқылы (РНҚ). Кейбір вирустарда екі нуклеин қышқылдары болады. ДНҚ клетка ядросында хромосомалардың құрамында, сондай-ақ митохондриялар мен хлоропластта болады. РНҚ ядрошықтарда, рибосомаларда және цитоплазмада кездеседі.