9 ЛЕКЦИЯ
Тақырып: Ертегілік проза және оның түрлері.
Жоспары:
Ертегінің көркемдік сипаттары. Қиял-ғажайып ертегілер.
Хайуанаттар жайындағы ертегілер.
Батырлық ертегілер.
Тұрмыстық, новеллалық, сатиралық ертегілер.
Ертегінің түп-төркіні алғашқы қауымдық құрылыс кезінде пайда болған. Классикалық аңыздық прозадан оның басты айырмашылығы – олардағы қиялдың үлесіне байланысты болады. Аңыздық прозадағы қиял ертегідегі қиялдан мүлдем басқа. Ерекшелігі - ертедегі қиял аңыздағы қиялдағыдай шындық ретінде рөл атқармайды, тек көркемдік рөл атқарады. Бірақ ертегілердің ішіндегі жанрлық түрлерде де қиялдың үлесі әр түрлі болып келеді. Мысалы, ерте дәуірде туған ертегілерде қиял көбінесе көне наным-сенімдерге байланысты болып келеді. Ал, сатиралық ертегіде ондай көне наным-сенім әсері көрінбейді.
Ертегі жанрын фольклортанушылардың көпшілігі аңыздық прозаның көркемдік тұрғыдан әбден дамыған түрі деп есептейді. Сондықтан ертегі аңыздық прозадан әлдеқайда кең тараған. Мұнда ғибрат берумен қатар, эстетикалық ләззат беріп те отырады. Өмірдегі реалды нәрсені өзгертіп, әсірелеп көрсету - ертегінің басты қасиеті. Ертегідегі қиял идеялық та қызмет атқарады. С.Қасқабасов ертегіде сюжеттен гөрі композицияның рөлі күшті болады деп есептейді.
Халық прозасының бұл жанрына жататын шығармалардың шығу тегі адамзат тарихының аңшылық өмірі кезінде жатыр. Бұл ертегі түрлері адамдардың аң аулаумен күн көрген кезінде пайда болған. Ол кезде адамдар кейбір жануарларды өзімен туыстас деп, тіпті арғы бабамыз деп есептеген, қадірлеген. Ерте кезде миф сияқты, аң аулау кезінде аңдарға сиынып, оларды мақтап айтқан өлең, әңгімеге ел сенген. Бірақ ол кезде аңдар туралы әңгімеде тұспалдау болмаған. Әңгімедегі аңдардың іс-әрекеті ол кезде шын деп қабылданған. Өйткені бұл әңгімелер тотемизмге, магияға негізделеді. Адамзат қоғамы дамыған сайын бұрын қасиетті деп саналған нәрселер басқаша қабылданған, сынға да ілінген. Бір кездегі аңдар жайлы әңгімелер магиялық сипатынан айрылып, аллегориялық мәнге ие болады. Бұрынғы сүйікті жануардың кейбір түрі ирония арқылы суреттеледі. Жануарлар туралы мифтер мен әңгімелердің жануарлар туралы ертегіден айырмашылығы, алшақтығы - тура мағына мен ауыспалы мағынаның, шын образ бен оның тұспалы арасында болады. Ертегіде адамдар мен олардың әрекеттерді тұспалдап көрсетіледі. Оларда таптық қоғамның көрінісі байқалады. Жануарлар жайындағы ертегілерді 3 топқа бөлуге болады:
1. Мифтік қасиетін жоғалтқан этиологиялық ертегілер.
2. Дүние жүзі халықтарының жануарлар жөніндегі эпосын құрайтын классикалық ертегілер.
3. Мысал ертегілер.
Этиологиялық ертегілерде синкреттік қасиет басым, тұрақты композициялық құрылым жоқ. Олар этиологиялық мазмұны жағынан мифке жақын. Жануар-кейіпкерді суреттеу, мінез-құлқын бағалау жағынан ертегілік қасиеті байқалады. Бұл ертегіде аллегориялық сипат басым. Оған айтушы да, тыңдаушы да сенбейді. Этиологиялық ертегілердің классикалық ертегілермен ұқсас тұстары көп. Классикалық ертегілердің аяқталуы кейде этиологиялық болып келеді. Жануарларға берілетін мінездеме көбіне бұл екеуінде бірдей болып отырады. Этиологиялық ертегілер кейде қиял-ғажайып ертегілерінің де оқиғасын пайдаланады. Сол арқылы әр түрлі адамдық проблемаларды көтереді. Бұл ертегілерде қиял-ғажайып ертегілерінің кейіпкерлері айдаһар, дию т.б. суреттеле береді. Мәселен, “Қарлығаштың құйрығы неге айыр?” деген ертегіде “қарлығаш неге адамға үйір?”, “оның құйрығы неге айыр?”, “маса неге ызыңдайтын болып қалған?”, – деген сияқты 3 сұраққа бірдей жауап беріледі. Жануарлар жайындағы этиологиялық ертегілердің мазмұны мен композициясы суреттелетін жануар не себепті белгілі бір сипаттармен ерекшеленеді деген сұраққа жауап беруге бағындырылады.
Хайуанаттар туралы классикалық ертегілер саны жағынан ел арасында көп тараған. Барлық халық фольклорына тән. Бұл ертегілердің сюжеті мен мағынасы көп халықтарда ұқсас. Ол - қоғамдық-саяси жағдайдың ұқсастығынан туған. Ол қоғамдық-саяси жағдайдың ұқсастығынан туған. Хайуанаттар жайындағы классикалық ертегілердің әлеуметтік-моральдық мәні айқын байқалады. Кейде таптық қатынастар да көрініс табады. Бұл ертегілердің сатиралық сипаты белгілі биікке көтерілген. Ертегілердегі мораль мен утопия жыртқыштар мен озбырдың жеңіліске ұшырауынан көрінеді. Бұл ертегілердің сипаттамасы жалпы ертегілермен ұқсас болып келеді. Ертегілерде көп тараған түлкі айламен үнемі жақсылыққа жетеді, кейде өзі де жеңіліске ұшырайды. Түлкі бейнесінде жеңіске жету сипаты қалыптасқан заңдылықты көрсетеді. Түлкі өзінен күштілерден қулығын асырса, өзінен әлсізден жеңіліс тауып отырады. Бұл - жалпы ертегіге тән эстетикалық заңдылық.
Хайуанаттар жайындағы ертегілердің жалпы халықтық сипатымен бірге ұлттық сипаты да байқалады. Әсіресе, мекен мәселесін суреттеуде көбінесе қазақтың шексіз кең даласы суреттеледі, жануарлар жайындағы классикалық ертегілердің құрылымы күрделі емес. Оларда тізбекті (кумулятивті) композиция жиі кездеседі. Жануарлар туралы классикалық ертегілердің дені балаларға арналған. Мұндай ертегілерде өлең элементтері де жиі араласып отырады. Оның айтылу мақсаты - афоризмді дәлелдеу. Мысалы ертегілердің қайнар бұлағы - әр түрлі халықтардың әдеби шығармалары: Үнді халқының “Тотынама”, “Калиха мен Димна” т.б. кітаптарындағы.
Қиял-ғажайып ертегілер - шығу тегі жағынан ертелік прозаның ең көне түрі. Ол алғашқы қауымдық қоғам дәуірінде пайда болды. Олар жанрлық жағынан біркелкі емес. Бұл жанрдың сюжеттік көркемдігіне, құрылысына батырлық жарлар үлкен әсер еткен. Бұл ертегілерде батырлық жырындағыдай тұрақты прологтар мен эпилогтар бар. Мұндай ертегілер көбірек сақталған. Оларда кейінгі рулық қоғам белгілері де кең орын алған. Ертегі прологында қаһарманның кәрі ата-анасы мен кейіпкердің туу тарихы туралы баяндалады. Эпилогта кейіпкер мен оның жанындағылардың әрі қарайғы тағдыры сюжеттеледі.
Қиял-ғажайып ертегілерінің бас қаһармандары: аңшы, мерген, жауынгер батыр, кенже бала, тазша бала т.б. бұқара өкілдері. Ертеде табиғаттың дүлей күштерімен алысып, күнделікті өмір үшін аң-хайуандармен күрескен кезде халықтың арманы соларды жеңетін күшті батыр, балуан, мерген болды. Ал кейінгі дәуірде, рулық қоғам тұсында халықтың арманы - өз елін бөтен елден, жаудан қорғайтын батыр болды. Мұндай кейіпкерлер ыдырап бара жатқан қоғамның дәстүрін қуушы. Ол - қазақ өміріндегі қарашаңырақтың иесі - кенже бала.
Қиял-ғажайып ертегілердегі басты тақырып - сиқырлы заттардың көмегімен бас кейіпкердің неше түрлі қиындықтарды жеңіп, мұратына жетуі. Егер қаһарман бар күшін пайдаланып, керемет қиындықтарды жеңсе, ол батыр атағына ие болады да, мұндай қаһарманы бар ертегі өз ерекшелігімен дараланып, “батырлық ертегі” деп аталады.
“Батырлық ертегі” деген термин фольклорда төрт түрлі мағынада қолданылады. Бұл жанрға В.М.Жирмунский Оңтүстік Сібірдегі түркі-монғол халқының көне эпосын жатқызады. Ал орыс зерттеушісі А.Астахова батырлық ертегі түріне халық эпосының батырлары туралы кейінгі дәуірде пайда болған ертегілерді жатқызады. Бұған қоса қаһармандық мазмұндағы қиял-ғажайып ертегілер де қосылып жүр. Қазақ ертегілері құрамында жүрген батырлық ертегілер бар екенін М.Әуезов те айтқан. “Батырлық ертегі” атауын ең алғаш қолданған зерттеуші – В.В.Радлов.
Батырлық ертегінің басты тақырыбы - ерлікпен үйлену, құбыжықтармен, жалмауыздармен күресу, рудың елдік намысын қорғау. Қаһармандықпен үйлену болашақ батырдың қалыңдық іздеп сапар шегуінен басталады. Мұның арғы тегінде өз руынан қыз алу тиым салатын ғұрып заңы жатыр.
Батырлық ертегіде қиял-ғажайып ертегіге қарағанда, бас қаһарман тек құбыжықтармен ғана соғысып қоймай, тарихи реалды жаулармен де күреседі. Олар стадиялық жағынан қиял-ғажайып ертектері мен қаһармандық эпос аралығындағы жанр. Батырлық ертегі алғашқы қауымдық қоғам ыдырай бастағанда пайда болып, кейінгі дәуірдің қасиетін мол сіңірген. Батырлық ертегінің бастауы миф пен хикая, ал екінші бір өзегі - қиял-ғажайып ертегілер. Соған қарамастан, өз бетінше де дамыған.
Батырлық ертегінің басты кейіпкері - батыр ғана емес, сиқырлы сырларды білетін ерекше адам. Ол әруақтарға емес, жеке басына, күшіне сенеді. Олардың ерлігі, күші әсірелене баяндалады.
Батырлық ертегілердің тақырыптық ауқымы онша кең емес. Мұнда екі сала бар: бірі - болашақ некелік сынақтан өтуі, екіншісі - әр түрлі ғажайып мақұлықтармен және жау әскерімен соғысуы. Бұл екі салада екі түрлі дәуірдің белгілері бар: жұбайлық неке дәуірі пайда болған кезі және рулық қоғам.
Батырлық ертегі батырлар жырының қайнар көзі болған. Қазақтың батырлық ертегісін шығу тегі мен сюжетіне қарай үлкен 2 топқа бөлеміз:
1. Көне (архаикалық) батырлық ертегі.
2. Кейінгі дәуірде жырдан туған ертегілер.
Архаикалық батырлық ертегінің сюжеті кейіпкердің бүкіл өмірбаянын қамтиды.
1. Пролог. Кейіпкердің тууы;
2. Кейіпкердің үйлену тарихы;
3. Кейіпкердің үйленгеннен кейінгі өмірі (жаумен соғысы, қартаюы).
Екінші топтағы ертегілердің сюжеті кең емес. Онда өмірбаяндық циклдың ауқымы тар. Екінші топтағы ертегілер батырлар жырының прозалық түрі. Батырлар жырындағы сияқты көмекші ат, сондай-ақ батырдың жұбайы да идеал түрінде көрсетіледі.
Ертегілік прозада композициялық құрылымы мен мазмұны жағынан оқшауланып тұратын көптеген ертегілер бар. Солардың бірі - тұрмыс-салт ертегілері. Тұрмыс-салт ертегілерінің қиял-ғажайып ертегілерінен ең басты айырмашылығы - мұнда қиял-ғажайып элементтері жоққа тән болады. Оның қиял-ғажайып ертегілерінен айырмашылығы мұнымен ғана шектелмейді. Ал тұрмыс-салт ертегілерінің басты белгілері қиял-ғажайып ертегілерінен қаншалықты ерекшеленсе, бір топ ертегілер тұрмыс-салт ертегілерінен соншалықты ерекшеленеді. Мұндай ертегілердің тұрмыс-салт ертегілерінен бірнеше айырмашылығы бар: біріншіден, онда тұрмыс-салт ертегісіне тән емес қиял-ғажайып элементтері көп, оқиғалары таңғажайып. Екіншіден, бұл ертегілердің сюжеті өте күрделі, бір-бірінен асқан оқиғалар тізбегінен тұрады. Үшіншіден, кейіпкерлері тұрмыс-салт ертегісіндегі қаһарманнан басқа, олар өз мұратына ақылмен жетеді. Дұшпанын ақылмен жеңеді. Мұндай ертегілерді - новеллалық ертегілер деп атаймыз.
Новеллалық ертегідегі нәрселердің көбі тосын, ерекше. Мұнда фантастика да бар, бірақ сапасы қиял-ғажайып ертегіден басқаша. Мұндағы қиял өте көркемделіп кеткен, көне мифтік ұғымдармен, діни нанымдармен тектік байланысын үзген. Сондықтан құбылушылық нәрселер тек кейіпкердің өз басының қасиеттері деп саналады. Новеллалық ертегілерде өте қызғылықты, қорқынышты жағдайлар, адамның тағдыры, жанұясы және т.б. керемет оқиғалар баяндалады. Олардың тақырыбы әр алуан. Оларды халықтық фольклорлық роман деп атаса болады. Мұратқа ұмтылу кейіпкердің, новеллалық ертегілердің көпшілігіне тән. Негізгі мақсаты - ғибрат айту, тәрбие беру. Бұл ертегілердің негізгі ойы - ақылмен мақсатқа жету. Новеллалық ертегілерде композициялық құрылым өте күрделі, бір эпизодтың үстіне екіншісі тіркеледі. Кейде кітаби стильдік көрініс береді.
Сатиралық ертегілер. Новеллалық ертегілерде адам басынан кешкен қызық ақылмен байланысты болса, сатиралық ертегілерде әр түрлі әлеуметтік топтағы адамдарды әшкерелеп, ауыл өмірін бейнелейді. Новеллалық ертегілер мораль уағыздауды мақсат тұтса, сатиралық ертегілер қоғамдық дертті әшкерелеуді көздейді. Новеллалық ертегідегі оқиға хан сарайы мен қалада өтеді, ал сатиралық ертегідегі оқиғаның орны – кәдімгі ауыл. Кейіпкері – бай, молда. т.б. Сатиралық ертегіде әлеуметтік топтар тартысы көбірек орын алған.
Достарыңызбен бөлісу: |