Лекция тақырыбы: Кіріспе. Фольклор және фольклортану ғылымы туралы түсінік


ЛЕКЦИЯ Тақырыбы: Қазақ эпосының жанрлары



бет16/21
Дата12.02.2023
өлшемі169,13 Kb.
#67326
түріЛекция
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
Байланысты:
Лекция та ырыбы Кіріспе. Фольклор ж не фольклортану ылымы тура

11.ЛЕКЦИЯ
Тақырыбы: Қазақ эпосының жанрлары.

  1. Көне (архаикалық) эпос.

  2. Қаһармандық эпос.

  3. Романдық эпос.

  4. Тарихи жыр.

Қазақ халқында батырлар жырының кейінгі уақыттағы поэзия түрінде көркем жырлануы өздігінен пайда бола салған жоқ. Батырлар жырының пайда болуы әр түрлі. Олардың бір қайнар көзі- мифтер болса, енді бірі шежірелік аңыздар. Сондай-ақ кейбір зерттеушілер батырлар жырын жоқтау жанрынан пайда болған деген тұжырымды айтады. Батырлар жырларының ендігі түрлері ертегінің, аңыздың өлеңімен жырлану барысында эпикалық жырға айналған.
Зерттеушілер М.Ғабдуллин, Т.Садықов ескі заман эпосының ерекшеліктері жайлы былай дейді: “Ертедегі адамдардың тәуелсіздік үшін күресі, тұрым-тіршілігі, күн көрісі, шаруашылық жайлары, бақташылық, аңшылық кәсібі, дүниеге көзқарасы, наным-сенімі т.б. ұғымдары суреттелген. Бұлардың көпшілігі мифтік фантастикаға негізделеді” – дейді. Міне, осы тектес эпикалық жырлардың “Құламерген-Жоямерген”, “Дотан батыр” сияқты түрлерін Р.Бердібаев көне эпостарға жатқызады.
Архаикалық эпостың жанрлық сипаттары жөнінде әр түрлі ғалымдар өз пікірлерін айтқан. Бұл туралы орыс ғалымдары да әр түрлі пікірлер айтқан. Олардың кейбіреулері мұны “мифологиялық” эпос десе, енді біреулері “батырлық ертегілер”, енді үшінші біреулері “Мемлекет пайда болғанға дейінгі эпос” деп атаған.
Архаикалық эпос пен қаһармандық эпостың бір-бірімен жалғастығы және айырмашылығы болады. Классикалық қаһармандық эпос архаикалық эпос дәстүрінің дамуы мен өңделуінің қайта жасалуының негізінде пайда болып, өз алдына жанрлық түр ретінде бөлінгенімен, өз бойында архаикалық эпостың көп белгілерін сақтап қалады. Архаикалық эпос өзінің бастапқы белгілерін толық сақтап қала алмағанымен, әр түрлі сипаттарын өзгертеді. Эпостық шығармаларда өмір шындығы айы, жылы сол қалпында көрінбестен, тарихи оқиғалар жинақтау түрінде беріледі. Көптеген қазақ батырлар жырының түрлері өте ерте заманда пайда болғандығы оның құрамындағы ертегелік мотивтердің ұшырасып отыруынан байқалады. Мәселен, “Алпамыс батыр” жырының көптеген нұсқаларында көне типтік мотивтер сақталған. Орыс профессоры В.М.Жирмунский алтайлықтардың “Алып Манаш” ертегісі бұл жырдан бұрын дүниеге келген деп есептейді. Мұндай ертегіде мифтік қаһарманның (мыстан) кездесіп отыруы оның мифтік ұғымнан тамыр алғандығын көрсетеді. “Алпамыс батыр” ертегісінде (Алтай халықтарындағы) жерді мүйізімен тіреп тұратын көк өгіз, адам жегіш дәу, т.с.с. мифтік қаһармандар бар. Қазақ халқының батырлар жырының ішінде архаикалық сипаты мол эпостарға “Құламерген”, “Мұңлық-Зарлық” “Құбығұл” т.б. шығармаларды жатқызуға болады. Сондай-ақ “Алпамыс батыр”, “Қозы Көрпеш - Баян сұлу” жырларында архаикалық белгілер көп кездеседі. Алғашқы қауым адамдарының наным-сенімдерін, дүниетанымын білдіретін мифтік, ертегілік, аңыздық оқиғаларға құрылған эпикалық туындыларға тән немесе ортақ мынадай белгілері болады:
Біріншіден, мұндай шығармада қиял-ғажайып ертегілер орын алған;
Екіншіден, көне эпоста дүниенің жаратылуы туралы ұғымдар көрініс тапқан. Мәселен, Аспан, жер және жер асты әлемі;
Үшіншіден, ана еркі ыдырап, ата еркі кезеңінің салты орныға бастаған шақ көрінеді;
Төртіншіден, мұндай эпостарда аңшылық өмір кеңірек көрсетіледі;
Бесіншіден, сиқырлы күштерге деген сенім орын алады (тотемизм, анимизм);
Алтыншыдан, адамның баласыздық тақсыретін тартып, әулиелерге жалыну, жалбарынуын айту, бала сұрау сарындары орын алады;
Жетіншіден, көне эпостарда қаһарманның жедел өсуі, жүйрік ат таңдауы, алысқа аттануы, сияқты мотивтер тұрақты орын алған.
Батырлар жыры елдің сан ғасырлар бойы бастан кешкен тарихын, салт-санасын өзгеше көркем жинақтап, баяндайды. Тарихта орын тепкен белгілі уақиғалардың дәлме-дәл шежіресі, көшірмесі болмағанмен, қаһармандық эпос сондай тіршіліктің мәнін аңғартады. Батырлар жыры тарихтың көшірмесі емес, бірақ тарихқа қатыссыз да емес.
Көптеген ғасырлар бойы бұл шығармалардың ұрпақтан-ұрпаққа ауысып ұмытылмай келуі - оның көркемдік бітімімен байланысты. Батырлар жыры өз бойына қиялдау-бейнелеудің алуан түрлі бірліктерін жинақтаған. Қаһармандық эпосты ел жүрегіне жақындататын ондағы отаншылдық идея. Онда ел бірлігі мен тыныштығы, бақытты өмір орнату мәселесі басты проблема болады. Әрбір жырдың құрылысында идеялық бағытында ерлік әр түрлі көрініс береді. Батырлар жырындағы ерліктің сипаты өзгеше. Мұндағы қаһармандар ел үшін қандай да болмасын қауіпке қарсы, неше түрлі әуре-сарсаңдарға, ауыр сындарға душар болады, соңында жеңіске, мұратына жетеді. Қазақтың қаһармандық эпосының ішінен жұртқа танымал “Алпамыс батыр”, “Қобланды батыр” т.б. шығармалардан классикалық батырлар жырына тән бітім - болмысты байқаймыз.
Қазақ батырлар жырында эпикалық жаулар - қалмақ немесе қызылбас болып келеді. Жаудың сипатынан да эпикалық жинақтауды көреміз. Мәселен, “қалмақ” деп тарих бойынша жоңғарларды атаған болса, жоңғарлар мен қазақтар арасында ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырда ғана күрес жүрген. Ал батырлар жырының пайда болуы одан әріде жатыр. Кейінгі дәуірлерде дүниеге келген “Қырымның қырық батырындағы” негізгі оқиға өзегі ХҮІ-ХҮ ғасырда болған. Бұл тұстарда Ноғай Ордасының маңында қалмақтар қоныстанбаған болатын. Олар бір-бірінен алшақ жатқан хандықтар еді. Ол кезде қалмақпен ешқандай соғыс жүргізілмеген. Мәселен, Қазан хандығын ХҮІ ғасырдың орта шенінде Иван Грозныйдың әскері жаулап алған еді. Қазан қаласын құтқару үшін аттанған батырлар “Ер Сайын”, “Шора батыр” т.б. батырлар жырында суреттеледі. Оларда да эпикалық жау орыс емес, қалмақ етіліп көрсетіледі. Ал “қызылбастар” деп тарихта парсы халықтарының бір бөлігін атаған. Парсы және түркі халықтарындағы соғыстар тым ерте дәуірлерге кетеді. Кейбір батырлар жырында эпикалық қаһарман қызылбастармен де, қалмақтармен де күреседі.
Эпикалық жинақтау тек қана эпикалық жаудың бойынан ғана емес, эпикалық уақыттан да көрінеді. Батырлар жырындағы эпикалық уақыт та мифтік уақыт сияқты идеялданған уақыт. Эпикалық уақыт - халық санасында “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” тамаша заман еді. Сол халықтық ұғым бойынша заман барған сайын бұзыла түседі. Болашақты “ақыр азаман” күтіп тұр деп саналады. Барлық жақсылық өткен дәуірлерде қалған етіп көрсетіледі. Эпикалық уақыт - осындай идеялармен сабақтас түсінік. Мәселен, эпикалық уақыт көптеген жырларда ноғайлы заманы етіп көрсетеді. Мысалы:
Заман, заман болғанда,
Орманбет хан өлгенде,
Он сан ноғай бүлгенде, -
деген жыр жолдары көптеген батырлар жырында кездеседі. Ғалымдардың айтуынша, жырдағы Орманбет - Ноғайлы ордасында хан болған. Енді бір зерттеушілер оны тарихтағы Алтын Орда ханы Ұлық Мүхамбет деп көрсетеді. Ноғай Ордасы кезінде тату бірлікте тұрған түркі тайпалары кейінгі дәуірде ол заманды жиі еске алып, аңсаумен болған. Бірақ ноғайлы жырындағы оқиғалар көрінісі тек қана Ноғай Ордасында ғана емес одан әрі де, бергі де замнандарды қамти берген.
Қазіргі түркі халықтарының шығу тегі бір эпикалық шығармаларында ру, тайпа, қаһарман аттары тарихи уақыттық тұрғыдан бір-біріне сәйкес келе бермейді.
Эпикалық жинақтау эпикалық сананың керектігін көрсетеді. Өмірде болған кіші-гірім істер, күрестердің барлығы халықтың есінде сақтала бермейді. Өмірде ел есінен мәңгілік кетпестей із қалдырған, жер бетінде бар болу немесе болу жоқ болу таласы секілді оқиғалар ғана жырлаушының назарына ілінген. Сол себепті эпикалық жырларда нақтылықтан гөрі жалпылық басым болып отырады. Эпикалық сана бойынша, батырлардың соғысы - әділетті соғыс етіліп көрсетіледі. Ал, әділетсіздік көрсеткенде, батырлар көбіне сәтсіздікке ұшырап отырады (мәселен, Қобыланды батырдың Көбікте жасаған шабуылы). Батырлар жырында батырлардың іс-әрекеті жеке басы үшін емес, бүкіл тайпа үшін жасалған әрекет етіп көрсетіледі. Батырлар жырының көпшілігіне тән белгілі бір сюжеттік желі бар. Бұл желі жекелеген батырлар жырында көбіре сақталған. Жекелеген батырлар жырымен қатар, қазақ халқында циклдік батырлар жыры да кездеседі. Мәселен, “Қырымның қырық батыры” топтамасына енетін “Аңшыбай батырдың ұрпақтары” сияқты жырлар - осындай циклдік жырлар. “Қарадөң батыр және оның ұрпақтары” жайындағы жырлар - Ноғайлы эпосының ажырамас бір бөлігі. Мұндай жырлар замандар бойына халықтың жау алдында бас имеуі жөнінде және ең үлкен еркіндік - елдің тәуелсіздігі екенін санаға сіңіруде үлкен тәрбиелік роль атқарған.
Батырлар жырында қиял көбірек орын алады. Ол әсірелеу түрінде көрініп отырады. Әсірелеу – батырлар жырына тән бірден-бір көркемдік құрал. Сондай-ақ метафора, метаномия, синекдоха, теңеу, эпитет т.б. көріктеу құралдары батырлар жырында молынан пайдаланылады. Мұндағы қиял өмірде болған шындық ретінде қабылданады.
Тілдік құралдармен бірге, уақыт пен кеңестік батырлар жырында көркемдік роль атқарады. Батырлар жырында уақыттың сығымдалып немесе созылып көрсетілу - оның көркемдігін арттыра түседі. Мәселен, батырдың туылуынан ер жетіп жауға аттанғанға дейінгі уақыты жедел түрде көрсетілсе, жауға ұзақ сапарға аттанып қайта оралғанға дейінгі уақыттың жалжығаны, өткені байқалмайды.
Батырлар жырындағы кеңестік, яғни жер, су мекен аттары шартты түрде беріледі. Мәселен, “Қобыланды батырдағы” Тайбурылдың шауып өткен жолындағы жер-су аттары географиялық картада бір жол бойында емес, әркелкі жерде орналасқан. Бірақ батырдың жолының қиындығын білдіру үшін әр түрлі таулы, сулы, шөлді т.б. жерлерді бір түзудің бойына орналастырып көрсетеді.
Барлық түркі халықтарындағы батырлар жырының ұқсастығы олардың шығу тегінің бірлігінен келіп шыққан. Ғалым Шәкір Ыбыраев өзінің “Эпос әлемі” атты монографиясында жырдың сюжетіндегі мотивтердің орналасу тәртібіне орай сюжеттік инвариант жасаған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет