Критериалды бағалау – белгіленген критерийлер негізінде білім алушылардың нақты қол жеткізген нәтижелерін оқытудың күтілетін нәтижелерімен сәйкестендіру үдерісі. Критериалды бағалау жүйесін енгізудің мақсаты әрі қарай оқу үдерісін жетілдіре түсу үшін бағалау критерийлері негізінде білім беру үдерісіне қатысушылардың барлығына білім алушылардың оқу нәтижесі туралы нақты ақпарат алу болып табылады. Үздік қазақстандық және халықаралық тәжірибені кіріктіре отырып құрастырылған критериалды бағалау жүйесі төмендегідей міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді:
1. Білім беру қызметінің сапасын арттыруға жағдай жасайтын объективті және анық бағалау жүйесін іске асыру;
2. Халықаралық тәсілдер мен стандарттарға сәйкес сапалы және бірыңғай бағалау механизмін қалыптастыру;
3. Бағалау әрекетіндегі мұғалімдердің құзыреттілігін арттыру;
4. Өз бетінше білім алу дағдыларын дамыту үшін жағдай жасау және білім алушылардың өз оқуына деген жауапкершілігін арттыру;
5. Үлгерімі төмен білім алушылармен жұмысты жетілдіру;
6. Білім алушылардың күтілетін нәтижелерге, соның ішінде жоғары деңгей дағдыларына (талдау, жинақтау, бағалау) жетуін бағалауға мүмкіндік беретін тапсырмалар үлгілерінің қорын құру;
7. Объективті, үздіксіз және нақты:
- білім алушыларға олардың оқуының сапасы туралы;
- мұғалімдерге білім алушылардың ілгерілеуі туралы;
- ата-аналарға оқу нәтижелерінің жетістік деңгейі туралы;
- басқару органдарына ұсынылған білім беру қызметінің сапасы туралы ақпаратты беру;
8. Электрондық журналды жинау үдерісін оңтайландыру және ақпараттар ұсыну үшін қолдану;
9. Әр білім алушының, жеке мектептің, барлық аудан, облыс және мемлекет деңгейіндегі мектептердің бөлім және тақырыптар аясында оқу бағдарламасын меңгеру мониторингін қолдану;
10. Стандарттарды, оқу бағдарламаларын жетілдіру үшін талдау жүргізу және басқа да басқарушылық шешімдер қабылдау.
Критериалды бағалаудың қағидаттары Критериалды бағалау төмендегідей қағидаттарға (принциптерге) негізделеді:
• Оқыту мен бағалаудың өзара байланысы. Бағалау оқу бағдарламасындағы мақсаттармен, күтілетін нәтижелермен тікелей байланысты оқытудың ажырамас бір бөлігі болып табылады. Демек, неге және қалай оқытады, білім алушының қажеттілігі қандай және бағалау тәжірибесінде жүзеге асыруға қажетті нәтижелерге жетуге қалай көмектесуге болады деген сұрақтарға жауап іздеу.
• Шынайылық, анықтық және валидтілік. Бағалау дәл және сенімді ақпаратты ұсынады. Қолданылатын критерийлердің, құралдардың оқу мақсаттарына жетуге, күтілетін нәтижелерді бағалайтынына сенімділік бар. Объективтілік, анықтық, валидтілік жиынтығы бағалаудың сапасын анықтайды. Барынша мазмұнды сипаттаманы бағалауды қаншалықты дұрыс өткізетінімізді және нақты нені өлшейтінімізді бағалаудың валидтілігі ұсынады. Аталған қағидатты жүзеге асыру:
- нені бағалау қажеттігін нақты түсіну және анықтауды;
- бағалау критерийлерін құрастыру және негіздеуді;
- тапсырмаларды құрастыру және рәсімдерді жоспарлауды көрсетеді.
• Ашықтық және нақтылық. Бағалау түсінікті, айқын ақпараттарды ұсынады, сондай-ақ, барлық оқу үдерісіне қатысушылардың қызығушылығын, жауапкершілігін арттырады. Аталған қағидат мақсаттар мен бағалау рәсімдерінің түсінікті, нұсқаулықтың анық және нақты, нәтижелердің пайдалы және қолжетімді болуын болжайды. Бағалау үдерісінде оның мақсаттылығы мен дұрыстығы еш күмән тудырмауы тиіс. Өз кезегінде білім беру үдерісіне қатысушылар арасындағы өзара әрекет пен сенімге қол жеткізу олардың қызығушылығын арттыру және оқу нәтижесіне оң әсер етуге ықпал етеді.
• Үздіксіздік. Бағалау білім алушылардың оқу жетістігінің ілгерілеуін дер кезінде және жүйелі қадағалап отыруға мүмкіндік беретін үздіксіз үдеріс болып табылады. Бағалау үдерісінің тұрақтылығы рәсімдер арасындағы өзара байланысты негіздейтін және бірыңғай білім беру жүйесін құратын қалыптастырушы бағалау, балл қою кестесі механизмін қолдану және жиынтық бағалаудың кестесін белгілеу әрекеттері арқылы қамтамасыз етіледі.
• Дамытуға бағыттылық. Бағалау білім алушылардың, мұғалімдердің, мектептің, білім беру саласының даму бағытын анықтайды және ынталандырады. Бағалау білім алушылардың қандай білім мен дағдыларды меңгергені туралы ақпараттарға талдау жасауға және жинақтауға негізделген білім беру үдерісінің алдағы уақыттағы қадамдары туралы негізгі шешімді қабылдауына мүмкіндік береді.
Критериалды бағалау жүйесінің тұжырымдамалық негіздері оқыту және бағалау үрдісінде оқушы тұлғасының когнитивті, аффективті және әлеуметтік салаларының даму ерекшеліктері есебін (тіркеуді) қарастырады 2-кестеде бағалау үрдісіне әсер ететін теориялық негіздер сипаттамасы берілген.
1-сурет. Критериалды бағалаудың қағидаттары
1-кесте. Критериалды бағалау жүйесінің негізгі идеялары