Жоспар: 1. Мектепке дейінгі білім беруде сапалы қызметті қамтамасыз етуде мектепке дейінгі жастағы балалардың біліктері мен дағдыларын дамытудың маңызы
2. Мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың даму деңгейлеріне мониторинг жүргізудің біріңғай жүйесі
Лекцияның мазмұны: Мектеп жасына дейінгі балаларды сапалы мектепке дайындауға бағытталған мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту мазмұнын жаңарту Қазақстан Республикасының білім беру саясатында айқындалған.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мектепке дейінгі білім беру саласындағы негізгі бағыттарының бірі мектеп жасына дейінгі балалардың біліктері мен дағдыларының дамуын қадағалау бойынша индикаторлар жүйесін жетілдіру болып табылады. Аталған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2017 жылы Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың білігі мен дағдысын қадағалайтын индикаторлар жүйесі әзірленіп енгізілетін болады.
«Индикатор» түсінігі Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында баланың даму деңгейінің көрсеткіші ретінде айқындалған. Баланың даму деңгейлерінің көрсеткіштері Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасында (бұдан әрі – Үлгілік бағдарлама) баланың бағдарлама материалын игеруінен күтілетін нәтижелер ретінде қарастырылған.
Мектеп жасына дейінгі балалардың даму деңгейі балалардың Үлгілік бағдарламаның білім беру салаларының мазмұнын игеру барысында қалыптасатын дағдыларға сәйкес анықталады және балалардың даму индикаторларына сәйкес өлшенеді.
Балалардың даму деңгейлерін қадағалау Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына (бұдан әрі-Стандарт) сәйкес баланың жетістіктерінің мониторингі негізінде 3 деңгейде жүзеге асырылады:
1-деңгей – бала белгілі бір қимыл мен біліктерді қайталай алады; 2-деңгей – бала не істеп жатқанын түсінеді, белгілі білім қорына ие;
3-деңгей – бала өзінің білетінін жасай алады, білімін өз бетінше шығармашылықпен қолданады.
Балабақшада диагностиканы ұйымдастырудағы негізгі мәселе оны жүргізудің ортақ тәсілінің болмауы болып табылады. Диагностиканы жүргізудің қолданыстағы әдістемесі мектепке дейінгі білім беру саласындағы жаңартылған нормативтік құжаттардың мазмұнының талаптарына сәйкес келмейді.
№2 Лекция