Лекция: 10 Тақырып Адам және саясат. Жоспары: 1.Тұлға – саясаттың субьектісі мен обьектісі.
2.Жеке адамның құқығы мен бостандықтары.
3.Жеке адамның құқықтарының жіктелуі.
Саясаттың субьектісіне әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер, саяси партиялар, қозғалыстар жатады. “Тұлға”,”субьект”,”обьект” деген терминдер нені білдіреді ?
Тұлға деп қоғамдық өмірдің нақтылы тарихи жағдайлары қалыптастырған, саналы іс- әрекет ете алатын, өз жүріс-тұрысына жауап беретін, еңбек етіп, қарым қатынас жасаушы, айналадағыны танып-білуші жеке адамды айтады.
Субьект (латынның негізінде жату деген сөзінен) деп белсенді іс-әрекет жасаушы, сан мен жігері бар жеке адам немесе әлеуметтік топты айтады.
Обьект (латынның қарсы қою деген сөзінен) деп субьектінің танымдық және басқа іс-әрекеті неге бағытталса, соны айтады.Басқа сөзбен айтқанда,обьект-- зерттелген зат.Сонда саясаттанудың обьектісіне саясат, саясат әлемі жатады. Саясаттың субьектісі деген де өз мүдделеріне байланысты саяси өмірге белсене араласып, басқалардың санасына, іс-әрекетіне, жағдайына ықпал ететін, саяси қатынастарға белгілі өзгерістер енгізетін, саясатты жасайтын адам, ұйм не әлеуметтік топты айтады.Саясат субьектісінің құрамы іс-әрекеттерінің түрлері мен тәсілдері,көздеген мақсат-мүдделері және т.б. қоғамның нақты,тарихи жағдайымен айқындалады.
Кәдімгі, қарапайым, демократиялық жолмен дамыған елде саясат адам үшін және адам арқылы жасалады..Себебі әлеуметтік топтар,қоғамдық ұйымдар,қозғалыстар қаншалықты маңызды орын алғанымен солардың бәрі адамдардан,олардың іс-әрекетінен тұрады. Олай болса, саясаттың бас субьектісі адам дейтініміз содан.
Адамдарды саяси жұмысқа итермелейтін негізгі себеп мұқтаждық пен мүдде. Мұқтаждыққа өмірде керек,бірақ қолда жоқ зәрулік жатады. Ол табиғи және әлеуметтік болып екіге бөлінеді.Табиғи зәрулікке тамақ ішу, киім кию, баспана және т.с.с мұқтаждықтар жатады. Әлеуметтік мұқтаждық қоғамда пайда болады. Оған еңбек ету, басқа адамдармен қатынаста болу, қоғамдық өмірге араласу және т.б.қажеттіктер жатады.Мұқтаждықты адам сезініп,оны өтеуге тырысса,ол –мүддеге айналады.
Қандай адам болмасын белгілі бір әлеуметтік топқа, тапқа, ұлтқа, мемлекетке жатады. Осының өзі де өмір жағдайы мен жүріс- тұрысына, саясатқа араласуына әсер етпей қоймайды. Таптың , топтың және т.б. өкілі ретінде жеке адам саясатқа жанама түрде тартылады. Сонымен қатар ол басқаларға қарап еліктеп,белгілі амал, әрекет жасайды, оны өзінше дәлелдейді.Сөйтіп, ол саясатқа тікелей қатысады, саясаттың субьектісіне айналды.
Тұлғаның қоғамдық- саяси өмірге белсене араласуының жан-жақты маңызы бар.мұндай қатынас арқылы адамның барлық қабілетін дамытуға мүмкіндік жасалады. Азаматтық қоғам мен саяси институттардың арасында тығыз байланыс орнайды.Қоғам мүшелері мемлекет істерін басқару арқылы өз мүдделері қанағаттандыруға, мемлекет істерін басқару арқылы өз мүдделерін қанағаттандыруға, мемлекет құрылымдарының қызметіне бақылау жасауға, олардың бюрократияланып, шектеншықпауына әсер етеді.
Саясатпен кәсіби айналыспайтын “орташа” адам саясаттың толық субьектісі болуы үшін ол әлеуметтік мұқтаждықтар мен мүддені, ондағы қайшылықтардың неден туғанын және оларды жою жолдарын өз басының пайдасы әлеуметтік мүдденнің мүмкіншілігімен қаншалықты сәйкес келетінін білу керек. Сонымен қатар ол саяси “ойындардың” ережелері мен тетіктерінен хабары болуы керек.Бұл “ойында” оның қандай орында болғысы келеді және оған қандай мүмкіншілігі бар, қандай мақсат қойып, оны қандай әдіспен жүзеге асыруға болатынын білуі тиіс.
Жеке адамдардың саяси белсенділігі мен ететін ықпалы әр түрлі.Саясатқа қатысу шамасына қарай оларды мынадай түрлерге бөлуге болады: а) саясатқа айтарлықтай әсер етпейтін, оған селқос қарап, белсенділік білдірмейтін қоғамның қатардағы қарапайым мүшесі;ә) қоғамдық ұйымға, қозғалысқа кіретін, бірақ саяси жұмысқа тура араласпайтын (шешімдер қабылдамайтын) азамат; б) саяси ұйымдардың (партияның және т.б.) мүшесі болып есептелінетін, саяси өмірге саналы түрде, өз еркімен тікелей араласатын адам; В)қоғамдық, әсіресе саяси қайраткер; г) саяси қызметтің арқасында күн көріп, табыс тауып, оны өмірінің мақсатына айналдырған кәсіби саясатшы; д) ұйымдастырушы, идеялық, ресми не бейресми, абырой, бедел, ең” соңғы саты” болып саналатын саяси басшы, көсем.
Жеке адамның саяси белсенділікке қатысу мүмкіндігі молайып, биіктеген сайын, оның қоғамдағы орны да жоғары да болады. Адамның әлеуметтік және саяси мәртебесі оның саяси субьектілігінің негізгі өлшемі болып саналатын азаматтық құқықтық заңда айқындалады.
Адамның саяси өмірге қатысуға мүмкіндік беретін құқығы конституциялық сипаттағы қарапайым демократиялық еркіндікке (бірлестіктер құруға, дінгекіруге, өз көзқарастарын ашық айтуға, жиналыстар мен демонстрациялар сияқты жұрт алдында манифестация жасауға, сайлауға және тағы сайлануға т.с.с. құқылыққа) тікелей байланысты.Мұнда мемлекет мекемелерінің, сот ұйымдарының және т.б. қызметін тексеруге жанама кепілдік беретін құқық та жатады.Бұл құқықтардың сырт (формалдық) кепілі--- заңдар мен сот практикасы.Ал негізгі материалды кепіліне құқықтық ттәртіпті бұрмалауға жол бермейтін саяси және қоғамдық ұйымдардың қызметі жатады. Сонымен бірге мұнда, бірінші жағынан, әлеуметтік топтар мен азаматтардың арасындағы тұрақты өзара байланысы және екінші жағынан, олардың жоғарыда көрсетілген ұймдармен байланысы кіреді.
Тұлғаның саяси өмірге белсенді араласуы үшін материялдық, әлеуметтік-мәдени, саяси-құқықтық алғышарттар қажет. Ең алдымен, адамның ішер тамағы, киер киімі, жатар орны, тұрмыс жағдайы, белгілі бір дәрежеде білімі, кәсібі, дайындығы саяси мәдениеті болуы керек. Шетелдің зерттеушілерінің анықтағанындай, қоғам бай болған сайын, ол демократиялық дамуға бейім келеді екен. Мемлекеттің жақсы тұрмысы оны демократиялық негізде тиімді басқаруға керекті көпшілікке жоғары білім, кәсіби дайындықты қамтамасыз етеді. Білімдіадамның мәдениеті де жоғары болады.Бұлармен қатар саясатқа белсенді қатысуға саяси-құқықтық алғышарттар да әсер етеді.Оған қоғамдағы демократиялық саяси тәртіп, жоғары саяси мәдениет, билік құрылым дарының қалыптасуында, саяси басқару шешімдерін қабылдап,іске асыруда қоғам мүшелерінің қатысуы және т.б. жатады.Егер жоғарыдағылардағыдай алғышарттар болмаса, тұлғаның саяси өмірге белсене қатынасып,оның нағыз субьектісіне айнала қоюы қиынға түседі. Сондықтан шын демократиялық мемлекет өз мүшелерінің жалпы мәдениетін ,оның ішінде саяси сауатын көтеруге тырысады.