Сонымен қатар тәрбие – адамдарды қоғамда еңбекке және басқа да пайдалы әрекеттерді орындауға, көптеген әлеуметтік қызметтерді атқаруға дайындаудың табиғи заңдылық процесі. Н.К.Крупская «Тәрбие» атты мақаласында «Тар мағынада алып қарағанда, «тәрбие» деген сөз арқылы балалар мен жеткіншектердің мінез құлқына әдетте, ересек адамдардың алдын ала ойластырылған және жүйелі түрде жасайтын белгілі бір ықпалы», ал кең мағынасында «қоғамдық мекемелер, айналаны қоршаған бүкіл жағдай, бүкіл қоғамдық құрылыс тәрбиелейді» - деп түсіндіреді. Осы жағдайға байланысты К.Д.Ушинский «мектеп тәрбиеші және ұстаздар – адамның тіпті жалғыз ғана тәрбиешілері емес, оның сонша күшті, ал мүмкін және әлдеқайда күшті әдейі тәрбиешілері: табиғат, отбасы, қоғам, халық және оның тілі болады», - деген осы мәселеге қатысты тұжырымдамасы тәрбие жайындағы ұғымның мәні зор екенін дәлелдейді. Олай болса, тәрбие көптің ісі. Тәрбие мәселесімен қоғамдық ұйымдар, мекемелер және жұртшылық болып айналысқан жағдайда ғана ол нәтижелі болмақ. Соған сай тәрбие туралы ұғымға тар мағынада емес, кең мағынасында, бір жақты емес, кең көлемде, яғни табиғат және әлеуметтік ортаның, мектеп пен ата – аналардың жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына мақсатты түрде ықпалы, өзара әрекетінің нәтижесі ретінде қараған жөн. Сондықтан да тәрбиенің мәнісі, біріншіден, қоғам үшін саналы, белсенді, ізгіленген, іскер азаматты қалыптастыру болса, екіншіден жеке адам үшін – оны өмір сүре білуге, өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасай білуге үйрету. Олай болса тәрбие процессі деп – қоғамның талап-тілектеріне сай әрбір жеке тұлғаның ақыл-ойын, сана – сезімін, ерік –жігерін, мінез-құлық ерекшеліктерін жүйелі түрде қалыптастырып, дамытудағы тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара бірлескен әрекетін айтамыз. Тәрбиенің қоғамдағы атқаратын қызметіне орай өзіндік ерекшеліктері бар. Тәрбие – қоғамдық құбылыс. Себебі қоғамның материалдық жағдайының өсуі, идеологиясының өзгеруімен байланысты тәрбиенің мақсат-міндеттері, мазмұны мен ұйымдастыру тәсілдері де толығып, жаңа жағдайға байланысты жақсарып отырады. әрине адам жеке тұлға болғанымен, қоғамнан тыс өмір сүрмейді. Ал қоғам дегеніміз – адамдардың тіршілік ету, өмір сүру үшін топтасқан ортасы. Тәрбие мақсатты – процесс. Тәрбие мақсаты айқын әрі нақты өмір жағдайына сай белгіленсе ғана өз нәтижесін дұрыс береді. Оны тәрбиешілердің өз қалауымен анықтауға болмайды. Себебі тәрбие мақсаты қоғамның, мемлекеттің әл- ауқаты және оның саясатымен әрқашанда тығыз байланысты болады. Тәрбие – біртұтас процесс. Себебі тұлға жеке адам ретінде тәрбиеленеді. Сондықтан жеке тұлғаның кісілік қасиетін қалыптастыру жеке – дара атқарылмайды, керісінше бір мезгілде, бірыңғай жағдайда жүзеге асырылады. өйткені тұлғаның қалыптасып, дамуы тұтас процесс. Тәрбие – ұзақ әрі күрделі процесс. Жеке адамның қалыптасуы бүтіндей бір ұзақ дәуірді қажет етеді. Адам баласы туғаннан бастап, есейіп ержеткенге дейін тәрбиенің ықпалында болса, кейінгі уақытта ол өзін өзі тәрбиелеу процесімен жалғасып отырады. Екіншіден, тәрбиелеу барысында қойылған мақсаттың нәтижесін көбінесе жуық арада байқауға болмайды. өйткені әрбір жеке тұлғаның мінез- құлқында дара ерекшеліктері, қабілеттері, дұниетанымы бірыңғай қалыптасып дамымайды. Оған ықпал ететін ішкі және сыртқы факторлардың да әсері мол. Тәрбие – көпжақты процесс. Жасөспірімдерді азамат етіп тәрбиелеу, қоғамдық пайдалы еңбекке әзірлеу процесі қоғамның барлық азаматтарының міндеті, отбасы, мектеп пен жұртшылықпен бірлесіп атқаратын ортақ мақсаты. Дегенмен де ата-аналар мен жұртшылыққа әрекетін қадағалап, бағыт – бағдар беріп, олардың бала тәрбиесіндегі жұмыстарын бірыңғай бағытта ұйымдастырып отыратын ол – ұстаздар тобы. Оның орталығы – мектеп. Тәрбие мақсаты — педагогика ғылымының өзекті категориясы. Оны нақтылау, жобалау, дайындау — педагогикалық тұжырымдар жасаудың арқауы №4. Лекция