11 тақырып
Ясауи дүниетанымы
Аллаһқа ғашық болу. Ясауидiң сопылық дүниетанымында Аллаћқа бағынуға, оны тануға көп мән берiлген. Себебi, Аллаћты тану – көңiл көзiн ашудың негiзгi кiлтi. Сондықтан сопылық жолдың кезек күттiрмейтiн басты өзегi – Аллаћты тану (мағрифату-л-лаћ).
Сопылық дүниетаным бойынша әлем мен әлемдегі барлық жаратылыстарды Аллаћ ғашықтығының әсері ретінде қарау және сүю негiзгi мәселе ретiнде қарастырылады. Құран Кәрімде: “Шын сенгендерге жер жүзінде көптеген ишараттар (белгілер) бар. Тағы да өз болмыстарыңда белгілер бар. Еш көрмейсіңдер ме? (50;20-21)” - деп, адамның болмысы, дене құрылысы Құдайдың бар екендігін, осы тәріздес жаратылыстар әлем иесінің кемшіліксіз көрінісі екендігін дәлелдейді.
Құдайдың құдіреті мен шеберлігі кездеспейтін ешбір дене, мақұлық жоқ. Сондықтан жаратылған барлық болмыс құдайдың жаратқан өрнегі, Аллаћтың ауызбен айтып жеткізуі мүмкін емес шеберлігінің белгiсi болып табылады. Құран осы ақиқатты былай деп түсіндіреді: “Қайда қарасаң Аллаћтың жүзі (рақымдылығы, қайрымдылығы, құдіреті) сонда” (Бақара-115).
Ахмет Ясауи - осы ақиқатты түсінген ұлы ойшыл. Оның пікірі бойынша әлем мен әлемдегі бүткiл жаратылыстар ұлы Жаратушының құдіреті шексiз екендiгiн көрсетедi. Ұлы бабамыздың көзқарасы бойынша дүниедегі барлық жаратылыстар Аллаћтың ұлы, кеңпейіл, мейірімді де рақымды екенiн дәлелдейдi. Жаратылысқа өмір берген де, бейне берген де тек ол ғана. Ол - шексіздік (мұтлақ) қайнары.
Белгілі ғой сенің барлық істерде,
Сен кемелсің, сен мейірлі, О, Ғафур.
Кемелсің ғайыптан пайда болған,
Сен кемелсің, сен мейірлі, О, Ғафур.
Тағы:
Ғайыптан ол жоқтан бар жаратты,
Он сегіз мың ғалам түгел қайран болар.
«Қалу бала» деген құлдарға үлес таратты,
Бейғам құлдың діндері ойран болар.
Хақ Тағала иман сыйлап берді бізге,
Ол Мұстафа Хақ елшісі деді бізге.
Мадақ айтсаң қуат берер дініңізге,
¤йтпесе қылғандарың жалған болар.
Міне, осылай әлемнің жаратылысына ой жүгірте отырып, Аллаћты танығаннан кейін, оған ғашық болуға жол ашылады.
Мұсылмандық сопылық дүниетанымы бойынша жаратылыстың жаралуына “ғашықтық” себеп болған. Осы тақырып бойынша ардақты Пайғамбардың бір құдси хадисінде ұлы Жаратушымыз былай дейді: “Мен құпия бір қазына едім, білінуді қаладым (ұнаттым), мені білсін деп әлемді жараттым”.
Жоғарыдағы құдси хадисте баяндалып отырған ғашықтық (ұнату, қалау) Құдайдан бастау алған және бүкіл әлемнің жаралуына себеп болған. Хақтан (құдай) бастау алған ғашықтық пен сүйіспеншілікті ұғынған кемеңгер бабамыз әлемнің иесіне осы жолмен қайта қауышуды таңдаған.
Сонымен қатар мына әлем және ондағы бүткіл жаратылыстар мен мақұлықтар өте әсем шеберлікпен жаратылған, әрі бүткіл жаратылыстар мен мақұлықтардың және адамдардың өздеріне тән әсемдігі, сұлулығы бар. Демек, сұлудан сұлу жаратылатыны сияқты және мұсылманның атақты ойшылы Мұхиддин әл-Араби: «Біз Аллаћты сүйеміз, өйткені ол сұлу»- демекші, өте көркем, асқан сұлу мына әлемді, ондағы жаратылыстар мен мақұлықтарды жаратқан Аллаһ та сұлу, көркем. Сондықтан ғашық болуға, әрі құл болып табынуға лайық тек - Аллаћ.
Аллаћқа ғашық болу – нәпсілік қалауларды тәрбиелейдi және көңiл кiрлерiнен арылтады, адамның көңiлiне жақсылық, сұлулық, нәзіктік ұрығын себедi, жүрек көзiн ашады және көңiл сарайын кеңейтедi. Махаббат адамның менмендігін, ішіндегі қатiгездігін, кек пен жек көрудің тiптi қалдықтарына дейiн күлiн көкке ұшырып, нәзіктікке, сүйіспеншілікке, рақымдылыққа, әділдікке бастайды.
Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын,
Алла аты көңіл кілтін ашар, достар.
“Астағфиралла», «истиғфарды» тынбай айтқын,
Шайтан малғұн тәннен шығып қашар достар.
Шайтан малғұн сізге дұшпан, әзір болғын,
Кеште Алла, күндіз Алла айтып өлгін.
Тар лахатқа кірер кезде нұрға толғын,
Періштелер Алла нұрын шашар, достар.
Алла нұры қабір ішін жарық қылғай,
Періштелер өңірінен сәуле құйғай.
Мұсылмандар оны көріп қайран қалғай,
Бұл ғаламның жарығынан безер, достар.
Ұлы ойшыл бабамыздың көзқарасы бойынша Аллаћқа деген ғашықтығы мен сүйіспеншілігін жүректеріне, көңілдеріне және ақылдарына тоқымаған адамдар - құрғақ сенім мен құлшылықта жасағанмен рухани жетіле алмаған адамдар. Тіпті аталмыш адамдардың имандары да жоқ деп түсіндіреді.
Абид болма, заћид болма ғашық болғыл,
Ғашықсыздың жаны да жоқ әрі иманы.
Түркі ойшылы өзінің Аллаћқа деген ғашықтығын былай суреттеген:
Ғашық қылды шейда мені, жүмле әлем білді мені,
Қайғым сенсің түні-күні, маған сен-ақ керек сен.
Сөйлесем мен тілімдесің, көздесем мен көзімдесің,
Көңілімде ћәм жанымдасың, маған сен-ақ керек сен.
Ғалымдарға кітап керек, сопыларға мешіт керек,
Мәжнүндерге Ләйлә керек, маған сен-ақ керек сен.
Надандарға дүние керек, ақылдыға ұқба керек,
Уағызшыға мінбе керек, маған сен-ақ керек сен.
Қожа Ахмет-дүр менің атым, түні-күні жанар отым,
Екі жићанда үмітім, маған сен-ақ керек сен.
Тағы да ғашықтық жайлы:
Ғашық жолында пана болар құдай бар,
Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.
Қолым жайып, дұға қылам, уа, Жаббар,
Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.
Ғашық болсаң күйдіреді жан мен тәнді,
Ғашық болсаң ойран қылар дүние, малды.
Ғашық болмай танып болмас, Алла, сені,
Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.
Ғашық жыры сыймас достың көкірегіне,
Барлық ғашық жыйылып барғай хұзырына.
Жеті тозақ мұрсат бермес қас қағымда,
Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.
Шын ғашығың көрмес маған риза болай,
¤ліп- өшіп Зәкәриядай зікірші болай.
Әййюбтай келген бәлеге сабыр болай,
Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.
Ғашық дертін көтердім, дәрменім жоқ,
Ғашық жолында жан бергеннің арманы жоқ.
Осы жолда жан бермеске амалым жоқ,
Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.
Қайдан табам, ғашық еттің амалым жоқ,
Алланы мақтап күні-түні қоярым жоқ.
Дидарыңнан өзге жерге барарым жоқ,
Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.
Ғашық базары ұлы базар, сауда харам,
Ғашық жанға сенен өзгені ойлау харам.
Ғашық жолына берілгенге дүние харам,
Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.
Ғашықтықты дауға салып жүре алмадым,
Нәпсіден безіп әміріңді қыла алмадым.
Надан болдым, Хақ бұйрығын қыла алмадым,
Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер.
Құл Қожа Ахмет ғашықтан өткен бәле болмас,
Боянғанмен ғашық дертіне дауа болмас.
Көз жасыңнан өзге ешкім куә болмас,
Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігер. (27-х.)
Ахмет Ясауидің көзқарасы бойынша Аллаћ адамның көңілінде, жанында орын тепкен. Адамның көңілін Аллаћ үйі Қағбаға теңеген Қажы Бекташ Уәли де Қожа Ахметтің осы пікірін қуаттайды. Қажы Бекташ Уәли “Аллаћ үйі Қағбаға аяғымен қажылыққа барған адамға Құран жолдас, ал адамның көңіліне тәңір жолдас” дей отырып, Құранның: “Біз оған (адамға) күре тамырынан да жақынбыз (Қаф-16), - деген аятын назарымызға ұсынады және аталған түркi дәруiшiнiң жоғарыда баяндалған ойы Қожа Ахметтiң мына бiр өлең жолдарымен сабақтасып жатыр:
Алла, Алла жаным Алла, ділім Алла,
Сенен өзге қорғаушым жоқ Олла, Билла.
Жылап келдім дергаћыңа байлығым Алла,
Достар қожам мені пендем дегей ме екен.
Достарыңызбен бөлісу: |