Дiни төзiмдiлiк. Жер бетiндегi адамзат баласы бірдей етіп жаратылған кемел жаратылыс екендiгi жоғарыда баяндалған, бiрақ құдiреттi құдай адамзатқа сенiм еркiндiгiн берген. Сондықтан қазіргі жер бетіндегі адамдар әртүрлі нәрселерге сенеді, олардың бірі - мұсылман, бірі - христиан, бірі - буддист, тiптi бiрi құдайға сенбейдi. Ал біздің міндетіміз - адамдардың ар-намысына, азаматтық хұқығына қол сұқпау, оларды дініне қарай бөлмеу, алаламау және кемсітпеу, керісінше адам баласы кемелденiп жаратылған жаратылыс болғаны үшін сыйлауға, құрметтеуге мiндеттiмiз. Ал ол кәпір ме, мүшірік пе, мұсылман ба сол құл мен Аллаћ арасындағы өзара мәселесі. Міне бұл «дiни төзiмдiлiкке» жатады. Құран Кәрімде: «дінде зорлық жоқ» - дегенi сияқты әрбiр сенiм иесiне ақыл-кеңес берумен шектелу мiндеттелген.
Ахмет Ясауи де исламдағы дiни төзiмдiлiктi жақсы ұққан сопы. Оның пікірі бойынша жақсы мұсылман адам, бүкіл адам баласының кез келген қырынан ең кемелi болуы тиiс. Оның көзқарасы бойынша кәміл мұсылман адам ұлы Аллаћтың барлығына, бірлігіне иман етіп қана қоймай, барлық адамды бақытты қылатын турашыл, кемел, үлгі болатындай адам болуы керек. Дiни төзiмдiлiк әдiстi ұтымды қолданған кемеңгер бабамыз қандай нәсілде, қандай дінде, қандай ұлтта болса да барлығына Жаратушының пендесi ретінде қараған, тiптi дiни төзiмдiлiктi Мұхаммед пайғамбардың сүннетi деп бiлген.
Сүннет екен кәпір де болса берме зарар, Көңілі қатты тіл азардан құдай безер. Алла атынан ондай құлға тозақ даяр, Бұл сөзді даналардан естіп айттым міне.
Ер мен әйел теңдiгi.Аллаћ алдында ер мен әйел тең хұқылы, екеуіне де ақыл, көңіл, жүрек беріп, бірдей дәрежеде жаратқан. Бірақ, ислам діні әйелдің өз жаратылысына, нәзіктігіне, ердің өз жаратылысына, оның табиғатындағы қуаттылығы мен төзiмдiлiгiне байланысты өздеріне лайықты біршама міндеттерді белгілеген.
Әйел дегеніміз - ана, адамның алғашқы ұстазы, әрі Аллаћтан кейінгі ең жақын қамқоршысы. Сонымен бірге «жәннәт аналардың табанының астында» - деген Пайғамбардың хадисіне орай ислам діні әйел затына қаншалықты құрмет көресетінін байқау қиын емес. Ардақты Пайғамбар: «әрбір ер мен әйел мұсылманға ғылым іздеу парыз» - деп, екеуінің хұқығы исламда тең екендігін көрсеткен.
Исламға дейінгі түркі халықтарында да әйел қоғамда маңызды рөлдерді ойнаған. Тіпті, әйелдер қоғамдағы саяси мәселелерге араласып, елін қорғау үшін қолына найза алып, ерлермен бірге соғыстарға да қатысқан. Оның үстіне көшпелілер арасында әйел мен ерді бөлек ұстау мүмкін емес. Ахмет Ясауи түркілердің осы әдетін жалғастыра отырып, өзінің зікірлері мен сұхбаттарына әйел мен ерді бірге қатыстырған. Әрі бұл әдіс сопылық жол бойынша таптырмайтын нәпсі тәрбиелеу әдiсi болып табылады.
Ахмет Ясауидің бұл әрекетіне заманындағы ғалымдар қарсы шыққан екен. Диуани Хикметте сол ғалымдардың бірі Баба Машын жайлы былай делiнген:
Есітті Баба Машын сол заманда, Ахмет атты бір шейх шыққан екен Түркістанда. Сұхбат құран қыз-келіншекпен онда, Тыйым салғалы Түркістанға келді достар. Халық арасындағы аңыздарға қарағанда Ахмет Ясауидің софрасында ерлермен қатар әйел де бірге отырып сұхбаттасады деген қауесетті естіген Хорасан мен Мәуреннәћрдің ғалымдары Ясауидің бұл қылығын дұрыс деп таппай, Ясы қаласына сапарға шыққан екен. Қожа Ахмет те өзінің жоғарғы рухани қабiлетiмен олардың келе жатқанын сезіп, бір мүридіне аузы жабылған бір сиясауытты беріп ғұламалардың алдынан шығарады. Ахмет Ясауиді сынамаққа келе жатқан ғалымдар алдынан шыққан адамнан сиясауытты алып, аузын ашып қараса, сиясауыттың ішінде шоқ және шоқтың үстінде бір мақта тұр екен. Бірақ не шоқ сөнбеген, не мақта жанбаған екен. Ғұламалар Қожа Ахметтің «егер әйел мен ер Хақ жолында бір жерге топтасса, Аллаћ олардың көңілдеріндегі жаман сезімдерді жояды» – деген ғибретін түсініп, Ахмет Ясауиден кешірім сұраған екен, тiптi көпшiлiгi оған шәкірт болыпты.