Сара Тастанбекқызының өмірі мен шығармашылығы. Сара қазіргі Алматы облысы, бұрынғы Талдықорған облысында Ақсу өзені бойында дүниеге келген. Әкесі Тастанбек шаруа, ағаштан түйін түйетін шебер кісі болған деседі. Әкесі Сараның 3 жасар кезінде қайтыс болған. Сараның туған жылы зерттеу еңбектерде әртүрлі көрсетіліп жүр. «Бес ғасыр жырлайдыда» 1878 жылы туылып 1916 жылы қайтыс болған деп көрсетілсе, кейбір еңбектерде, 1854 жылы туылып, 1906 жылы қайтыс болған (энциклопедияда) деп жазылады. Дұрысы осы болса керек. Найманның матай ішіндегі Тастемір руынан. Шешесі Жаншөке. Ағасы Сақари әнші болған. Жайсаңбек немере ағасы. Деректерге қарағанда бұл ел сауықшыл болған сияқты. Атақты Молықбай, Түбектер осы елден шыққан.
Біржанмен айтысының болған кезі туралы да әртүрлі жазылып келеді. Біреуінде 1895 жылы десе, енді біреуінде 1871 жылы болған дейді. Олай болса Сонда Сара 17 жаста, Біржан 37 жаста болады.
Сараның жасында ағасы Сақари мен Жаншөкенің тәрбиесінде өседі. Әкесінің інісі Жайсаңбек балуан бұларға бас-көз болып жүреді, де кейінірек 1888 жылы Абдра бекетіне (Ақсу селосына) көшіріп алып кетеді. Маман Тұрлыбек қажы өгіз ұрлағаны үшін Жайсаңбекті түрмеге жаптырады. Сара жастан өлең-жырға жақын болып өсіп ағасы Сақаридан домбыра үйренеді.
Сара бой жеткен кезде Арнай болыс оны Жиенқұлға беру әрекетін жасайды. Жиенқұл ағайыны (Құлдар руынан) болатын. Осы кезде жалшылықта жүрген ағалары Сақари да (суықтан үсіп), Жайсңбек те тастан құлап қайтыс болады да, Тұрысбектің туысы, бірақ араздығы бар Есімбек болыс өз еліне көшіріп алады. Сара осы кезде өлеңдер шығара бастайды. Тұрмыстың тауқыметін көп тартса да өлеңін серік ереді.
Сара кейін Жиенқұлдан ажырасады. Бұл жағдайға Біржанмен қатар, Есімбек Мүсәпір батырдың да жәрдемі болады. Тұрлыбек те өзіне сын көреді. Ақешкі болысы да жоқтап ағайындары Алтынбектің Бекбай деген баласына алып береді. Той жасап келін етіп түсіреді. Сара Бекбайдан 3 қыз, 2 ұл сүйіп 1916 жылы қайтыс болады.
Сара «Жетісудың бұлбұлы» атанған ақын, әнші айтыскер. Айтыстары мен өзінің төл шығармаларында әлеуметтік теңсіздік мәселелерін көтеріп, кедейлердің ауыр тұрмысы мен ел әкімдерінің озбырлығын, қалың малдың құрбаны болған қазақ қыздарының тағдырын толғаған.
Біржан, Әріп, Арсалаң, Ниязбек, Тасыбек, Ермек ақындармен айтысқан. Бұл айтысқа кезінде С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Әуезов де назар аударып жоғары бағалаған.
Сара Тастанбекқызының өмірі мен шығармашылығынТәңірберген Қалилаханов зерттеп «Тордағы тоты» деген атпен өлеңдер жинағын шығарды.
Сараның поэмалары: «Тұзақ» 292 жол, 4 бөлімнен тұрады. 1-бөлмінде Абдра бекетінің табиғаты суреттеліп, өгізді әкелуі сөз болса, 2-бөлімінде өгіз ұрлаған Жайсаңбектің түрмеге қамалуы, 3-бөлімінде Сақаридың хабарсыз кетуі, «құлдардың» жағдайы, Жиенқұлға атастыруы негізінде Жайсаңбектің босатылуы сөз болады. 4-бөлімінде ой қорытындысы, анасымен кеңесі, анасының ақыл-кеңесі айтылады.
Сараның ендігі бір көлемді туындысы - «Жүрек», 164 жолдан тұратын, аңыз желісіне құрылған ұзақ өлеңі. Қалмақ ханының қызы Баянға оның батырлары Сайын мен Бөлек ғашық болады. Әкесі кедейсініп бергісі келмейді де қаша көшеді. Баян өзіне көр қазып, сонда өледі. Оны естіген Сайын, Бөлек батырлар да соны істейді. Шың басында хан да өледі.
Арасан суы жылы көз жасы, «Баянжүрек», «Сайын», «Бөлек», «Қоңтәжі» тау, шыңдары солардың моласы екен деген халық арасында аңыздар бар. Ақын өлеңіне осы аңыздарды енгіз етіп алады.
Сара шығармашылғында арнау, толғаулар да едәуір орын алады. Сара өлеңдерінің көбі бізге толық жетпеген сияқты. Сара «Ашындым» 126 жолдан тұратын өлеңінде өз басының азаттығы үшін күреске шыққанын, зар-мұңын халыққа айтқанын, жақындарының көмегінің арқасында ел қатарға енгенін, әйел теңсіздігін жырлайды.
Арсалаң алдында» өлеңінде Арнай болысқа өзінің зарын, Жиенқұлға қосуына қарсылығын білдіреді. «Жайлау» өлеңінде «Жоңғар» тауын, «Қара» өзенінің, «Қоңтәжі» тауының табиғат сұлулығын жырлай отырып, өзінің, халықтың мұңын, бостандық ұшқынын жырлайды. «Ортақ мұң», «Қарлығаш», «Аққу», «Торығу», «Шымылдық», «Қош бол, елім», «Көп сәлем Ыбаекеме, дұғай-дұғай» сияқты т.б. өлеңдері де Сараның ақындық өнерін танытатын, өмірінің сыр-сипатын танытатын туындылар болып саналады.