1. Лекция тақырыбы: Нұрмағанбет Баймырзаұлы, Балуан Шолақ (1864-1919) өмірі мен шығармашылығы
2. Лекция жоспары: Балуан Шолақ Баймырзаұлының әншілік дәстүрі мен шығармашылығы.
Балуан Шолақтың өмірін көп зерттеген жазушы Сәбит Мұқанов
«Ащылы-айырық», «Балуан Шолақ», «Дікілдек», «Көкшетау», «Қосалқа» т.б. әндері
3. Лекцияның мақсаты:Нұрмағанбет Баймырзаұлы, Балуан Шолақ өмiрi, шығармашылығынан деректер бере отырып, шығармаларының идеялық-көркемдік ерекшеліктерін айқындау, шығармашылығының зерттелуін, қазақ әдебиеті тарихында алатын орнын түсіндіру, игерту.
4. Лекцияның мазмұны: XIX ғасырдың екінші жартысындағы көрнекті тұлғалар Ақан сері, Біржан салдай әнші-ақындар дәстүрін дамытып, ән мен сөзін қатар шығарып, оны өзі орындап, халыққа таратқан ақын, әнші композитор, жамбасы жерге тимеген балуан, әрі ат бауырында ойнаған спорт шебері Балуан Шолақ (шын аты Нұрмағамбет) Баймырзаұлы (1864-1919) халқы сүйген өнерпаз, ел еркесі атанын өмір сүреді.
Сүйіктім деп, ардақтап, еркелеткен,
Мен халқымның Балуан Шолағымын, —деп әндетеді. Балуан Шолақтың қоғамдағы тағдыры қатарлас замандастары - ақын-әншілер Жаяу Мұса, Мәди, Иманжүсіп, Тәуке, Құрманғазы, Батақтың Сарысы тәрізді тарландардың тағдырымен сабақтас, мұңдас көрінеді. Олардың бәрі де ән айтып, күй тартып, салдық құра сайрандауға шамалары келмей, қоғамдағы елеулі оқиғаларға араласып, әлеуметтік теңсіздікке арашашы болуды көксеген «бүлікшілер» (бунтари) еді. Соның салдарынан түрмеге жабылып, қуғын- сүргінге ұшырайды.
Балуан Шолақ та сол кезде қазақ даласына жаппай қоныстана бастаған орыс шаруаларының әрекеттеріне наразылығын білдіріп, астыртын күрес ұйымдастырады. Оған өшіккен кулактар тұңғыш ұлын оққа жығады. Мұндай қасірет бүлікшіл ақынның ыза-кегін қайнатып, орыс кулактарының малын айдап әкетіп базарға сату, кезегі келгенде халыққа үлестіріп беру сияқты қылмысқа ұрындырады.
Мен Шолақ атқа мініп жалындадым,
Орысқа, қазақ түгіл жалынбадым.
Мәстектің мен отыздан сатсамдағы,
Бір тиын ақша салып жарымадым.
Пәтер ап Атбасарда жатқаным-ай.
Дәл жиырма, қызығыңа батқаным-ай.
Сол кезде мәстек иттен картоп қымбат,
Тұяғын жеті сомнан сатқаным-ай, —деп жырлағанындай, Балуан Шолақ бойына біткен күш-қайратының арқасында бірді-бірге соғыстырып, мал табудың жолына түседі. Бірақ қандай қиын-қыстау жағдай төніп тұрса да Балуан Шолақ өзі сүйген ән, жырын тастамайды, басынан кешірген өмір тағдырын өлеңге қосып, тарих бетіне таңба сала береді.
Балуан Шолақтың әндерін тұңғыш нотаға түсіріп, жариялаған музыка зерттеушісі А.В.Затаевич. Ол өзінің «Қазақ халқының 1000 әні» (1925) жинағында «Балуан Шолақтың әні» деген атпен төрт әнін жариялады. Осы жинақтың 39-ескертпесінде этнограф: «Балуан Шолақ - әнші, автор, ақын, шыққан тегі қара қырғыз. Оң қолындағы жалғыз саусағымен шолақ атанса да күреске келгенде үлкен табыстарға ие болған. Балуан Шолақтың мен жазып алған әндерінің ішіндегі тамашасының бірі «Сарын». Бұл өзінің виртуоздығымен, көсілмелі айтылатын қасиетімен ерекшеленеді», - дейді.
Алайда, А.В.Затаевичтің пікіріндегі ағат кеткен жері - Балуан Шолақты қара қырғыз деуі. Әрине, бұл фольклоршыға деректер берушілерден туған жаңсақ, негізсіз бұрмалау.
Қазақтың жүздеген әнші, күйшілерінің өмірін егжей-тегжейлі зерттеген музыка зерттеушісі, профессор Ахмет Жұбановтың жазғандарына жүгінейік: «Хан тауын мекен еткен Ұлы жүздің Дулаттан тараған Сәмбет деген руы болды. Сол Сәмбет ішінде Баймырза деген кісіден 1864 жылы Шолақ туды. Оның азан айтып қойған аты Нұрмағамбет. Кейін қолының басы отқа күйіп, саусақсыз қалады. Нұрмағамбет өзінің бір өлеңінде:
Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ,
Оң қолым отқа күйіп болдым олақ, -дейді. Сонымен шолақ атанып кетеді. Ал, «Балуан» деген Шолақтың күшіне байланысты халықтың өзінің қосқаны. Баймырза Шолақтың бала кезінде Көкшетауға көшіп барады.
Сонда ұсақ кәсіпшілік етеді. Ағаштан түйін түйетін шебер болады».
Осы айтылған деректерден көріп отырғандай, Балуан Шолақтың туысқан қырғыз елінен емес, қазақ екенін білеміз.
Әннің бір қасиеті болып саналатыны – өлең текстері. Сондықтан да ән мен өлеңді бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. Әрбір әннің өзіне лайықты өлеңі бар десек те, оның идеялық-мазмұнын ән толығымен ашып беретінінде болуға тиіс. Ән мен өлең қашаннан-ақ бірін-бірі толықтыра отырып, қатар өмір сүретіні белгілі. Бұдан жүздеген жылдар бұрын пайда болып, біздің дәуірімізге жеткен халық әндерінің қыры мен сырын көбіне сөздеріне қарап айырамыз. Ән текстерінде сол шығарманың иесі, шыққан ортасы, белгілі бір оқиғаға арналғандығы, басқа да толып жатқан ерекшеліктері туралы мағлұматтарды қамтиды. Сол өлеңдердің арқасында ән туындысының тарихына қатысы бар фактілерді табамыз. Мұндай жағдай, әсіресе, жоғарыда айтылғандай, ерте кезде пайда болған ән фольклорының түп-төркінін анықтауға едәуір қолғабыс тигізеді. Өйткені қазақтың әнші-ақындарының өздері шығармаларында аты-жөні, ру-тегін қосып айтуды дәстүрге айналдырған ғой.
Атақты «Ғазиз» деп аталатын әннің:
Файзолла әкем аты Ғазиз атым,
Демесең шала қазақ арғы затым, -
немесе:
Атандым Ғазиз ақын бала жастан,
Ақын жоқ Қараөткелде менен асқан, -
дейтін жолдарынан әншінің аты-жөні, мекені тайға таңба басқандай айқындалып тұр. Сондай-ақ, белгілі «Ақбет» әнінің:
Бүркітбай әкем аты, Мұстафа атым,
Етейін оның баян хикаятын.
Ішінде Жаңқозының мен Төлебай,
Сүйіндік сұрасаңыз, арғы затым, -
деген өлең шумақтарынан туындының кімдікі екенін аңғару тіпті қиын емес. Қазіргі уақытта бұл ән «Бүркітбай» деп орындалып жүр. Мұндай мысалдар қазақтың ән әлемінде жиі ұшырасып, қағазда қалмаған мәліметтерді менен табасың деп тұрғандай.
Балуан Шолақ та өлеңінде өз руын, ататегін айтуды ұмытпайды:
Нұрмағамбет Баймырзаұлы, менің атым,
Бар елге мағлұм болған асыл затым.
Нағашым жалпақ Қанай деп айтады,
Болады Ұлы жүздік арғы затым.
Халық әнші-ақындарының баға жетпес тапқырлығының бір сыры осында ма дейміз.
Балуан Шолақтың әндерін жинап, зерттеуде музыка зерттеушісі Б.Г.Ерзаковичтің еңбегі өте зор. Ол 1931-1937 жылдары Алматыда қазақ радио комитетінде редактор қызметін атқарып жүрген кезінде-ақ көптеген халық әншілері тәрізді Балуан Шолақтың әндерін де нотаға түсіре бастайды. 1938-1940 жылдары Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы экспедициялық сапарларында Балуанның Бәтен деген қызымен, сондай-ақ, Балуан Шолақты көрген адамдармен әңгімелесіп, халық композиторы туралы тың деректерді хатқа түсіреді.
Осы сапарында Б.Ерзакович Балуан Шолақтың әндерін Тұрғын Жантеміров, Молдахмет Тырбиев, Илияс Шаймерденов, Нұғыман Әбішев, Қосымжан Бабақов, Темірболат Арғынбаев, Мақан Қалапбергенов сияқты белгілі әншілердің айтуынан жазып алады.
«Балуан Шолақтың әндерін сақтаушы» деген естелігінде Б.Ерзакович былай сыр шертеді: «1952 жылдың шілдесінде Қазақтың Ғылым академиясының өнертану секторында жұмыс істеп жүрген кезімде академияның вице президенті
Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев мені үйіне шақырып алып, сол жерде қонақта отырған әрі ақын, әрі әнші Кенен Әзірбаевпен таныстырды. Кененнің әндері халық арасында кеңінен тарағанын, енді сол әндерді жазып, жинақ етіп жарыққа шығару, зерттеу мәселесін түсіндірді. Кенен туралы өмірбаяндық мәліметтерді кейінірек беретінін айтты. Осы кеште Кененнің айтқан бірнеше әндерін тыңдадым, олардың әуендік ерекшеліктері, күмістей сыңғырлаған әдемі дауысы мені қатты қызықтырды. Келесі күні Кененнің 40 әнін жазып, қабылдауға келісім шарт жасалып, оның шығармашылық қызметін зерттеу жоспарлары жасалды.
Келісім шартты орындау мақсатымен Кенен анда-санда, екі-үш күнге Алматыға келіп, біздің үйде әнді нотаға түсіреміз, содан кейін үйге қона кететінді. Ол уақытта магнитофон болмағандықтан әнді есту арқылы нотаға түсіру көп уақытты алатын. Кенен әндерінің әуені, әсіресе, төңкеріске дейінгі мезгілдегі шығармаларының интонациялық және ырғақтық құрылымы өте күрделі болғандықтан және де күндізгі тіршілік қамымен жүгіріп жүріп, кешке қарай шаршап қалатынбыз. Мұндай қарқынмен жұмыс істеп өндірмейтінімізді сезген Кенен әнді жазу үшін өзі тұратын Отарға баруды қалады. Сауранбаев Кененнің өтінішін қанағаттандырып, тез арада іс-сапармен Отарға жүріп кеттік.
Міне, он бес күндей Кененнің балшықтан жасалған кішкене үйінде жатып, ертеңнен түске дейін, содан аздап тынығып алғаннан соң түнге дейін керосин шамның жарығымен жұмыс істейміз. Келісім шартта көрсетілгендей, жұмыстың аяқталуына жақындағанда, Кенен аяқ астынан Балуан Шолақтың әндерін жазып алуды өтінді. Мұндай жағдай мені қатты таңдандырды, өйткені Жетісудан әлде-қайда алыс өлкеде өмір сүрген композитор болғандықтан, мен Кененнен Балуан Шолақты қайдан білесіз деп сұрадым. Ол мынаны айтты: «Мен 15 жасқа толып. Жаңадан ән айта бастаған кезімде Балуан Шолақ келді. Үлкендердің кеңесімен, дәстүр бойынша Кенен Балуанның алдына бір тізерлеп отырып, үлкенге деген сый-құрметтің белгісін жасап:
Мен келіп сәлем бердім батыр аға,
Атағың көп жайылған Сарыарқаға.
Бала едім жаңа талап, іздеп келдім,
Өзіңнен сұрайын деп ақыл, аға, -
деп, «Балуан Шолақпен кездескенде» деген ән-өлеңін қоя береді.
Жас ақынның көрсеткен өнеріне риза болған Балуан Шолақ тағы да ән айтқызады. Кенен өзінің «Бозторғай», «Көкшолақ» әндерін жайып салады. Балуан өзіне қатты ұнаған баланы өзімен бірге алып жүруге ұйғарады. Сөйтіп, біраз жылдай Кенен Балуан Шолақпен жиі араласып, бірге болады, неше түрлі жиын-тойларға, ақындар айтыстарына қатысады. Жаз жайлауда болсын, қыс қыстауда киіз үйде отырып, Балуан Шолақ өзінің басынан өткізген оқиғаларын ұзақ айтып, көпті аузына қарататындығын, әңгіменің соңында Кенен өзін Балуан Шолақтың, Сарыбастың, Жамбылдың шәкірті екендігін мақтанышпен айтып берді» (Қолжазба).
Естелікте айтылғандай, осы жылы Кененнің орындауынан Балуан Шолақтың «Дікілдек», «Жай қоңыр», «Қос алқа», «Кенже қоңыр», «Құлан кісінес», «Қос перне», «Сұрша қыз», «Шолақтың желдірмесі», «Өткен өмір» тәрізді бұрын естілмеген әндерді қағазға түсіреді. Сонымен қатар, Кененнің аузынан Балуан Шолақтың өміріне қатысты қызықты деректерді қамтиды. Атап айтқанда, Балуан Шолақтың Жетісуға келіп, екі жылдай жүргенінде онымен ілесіп бүкіл Жетісу елдерін аралайды. Бұрын өзі көрмеген ақын, әншілермен кездесіп, үлкен тойларда, жиындарда өнер көрсетіп, оның көптеген әндерін үйреніп, репертуарына қосады. Балуан Шолақтан бата алады. Кененнің әншілік өнеріне Балуан Шолақтың игі әсері тиеді. Мұндағы тағы қызық фактілердің бірі -Балуан Шолақ Жетісуға келгенде Кенен 15-16 жаста екен. Бұл шамамен 1900 жылдар болса керек. Бұл кездері халық әншісінің басына ауыр күндер туып, дұшпандары соңынан шырақ алып қуған заман еді. Сол себепті Балуан Шолақ Жетісуға бас паналап, екіншіден туған жерінің топырағына аунап кетуді мақсат етеді. Кейбір зерттеушілердің ол Жетісуға 1914 жылдары келіпті-міс деген деректері бар.