Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы


-тақырып ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК



Pdf көрінісі
бет42/78
Дата31.12.2021
өлшемі1,99 Mb.
#21082
түріЛекция
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   78
Байланысты:
karazhan ks kazakstan tarikhy lektsiialar kursy

8-тақырып
ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК 
ТƏУЕЛСІЗДІГІНЕН АЙЫРЫЛУЫ.
ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ЖОЛЫНДАҒЫ КӨТЕРІЛІСТЕР
ХVІІІ ғасырдың соңы — ХІХ ғасырдың басындағы Қазақ 
• 
хандығы. Кіші жəне Орта жүздегі хандық биліктің жойылуы 
Ұлы жүз қазақтарының қоқандықтарға қарсы көтерілісі. 
• 
Қаратай, Арынғазы, Жоламан Тіленшіұлы бастаған  
көтерілістер
И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған көтеріліс 
• 
К. Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық соғыс 
• 
Патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды  жаулап алуы
• 
 
1. ХVІІІ ғасырдың соңы — ХІХ ғасырдың басындағы Қазақ 
хандығы. Кіші жəне Орта жүздегі хандық биліктің жойылуы
Абылай хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығы бытырап, 
əр жүзде жеке хандар сайланып, бұл хандар Абылай хан ұрпағы 
Уəли ханға бағынуға ниет білдірмеді. Əр жүздің өзіне тəн тарихи-
географиялық аймағы болды. ХІХ ғасырдың басында Кіші жүз Ба-
тыс Қазақстанның Сырдариядан батысқа Жайық пен Тобыл өзеніне 
дейінгі жерді алып жатты. Орта жүзге тəн аумақ шығыста Қытай 
шекарасынан батыстағы Торғайға дейін, Ташкенттен оңтүстік Сібір 
жеріне дейін қамтыды. Ұлы жүз Жетісу, оңтүстік-шығыс жəне 
оңтүстік Қазақстан аумағын мекендеді. 
Табиғи — климаттық жағдай шаруашылық өмірдің барлық   
қырынан байқалды. Ш.Уəлихановтың айтуы бойынша, “ер-
теден қазақтардың негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы 
болған. Біз өмірімізді мал шаруашылығының ыңғайына қарай 
бейімдеп отырдық”. Көшпелі мал шаруашылығының негізгі 
өзіне тəн айырмашылығы бір жерден екінші жерге көшіп-
қонып отыруы болды (жайлау, күздеу, қыстау, көктеу). ХІХ 
ғасырдың басына қарай жеке рулар арасында жайлау мен қыстау 
жерлеріне бөлініс басталды. Қазақтардың көшпелі-жайылымдық 
шаруашылығының негізгі жүйесі экстенсивті сипатта болды. ХІХ 
ғасырдың басында қазақтардың шөп шабумен айналыса бастауы 


134
135
мал шаруашылығының тұрақтанып, оның табиғаттың қолайсыз 
жағдайына қарсыласуына мүмкіндік əперді.
Қазақтардың шекара өңіріндегі орыс елімен сауда байланысының 
дамуында малдың жекеленген түрлері ерекше мəнге ие болды. Қой 
саудасы орыс жəне Орталық Азия көпестері тарапынан жоғары 
бағаланды. Ірі қара малдан ет, сүт, май өндіріп базарларға шығарып 
сата бастады. Түйенің көлік ретінде маңызы арта түсті. Бұхарадан 
Хиуаға бір жолғы жүк тасымалдау жағдайға қарай бір түйеге 35—50 
сомнан 100 сомға дейін жетті.
ХІХ ғасырда қазақтардың жер шаруашылығымен айналысуы да 
кең дами бастады. Ұлы жүз ежелден жер шаруашылығымен айна-
лысатын. ХІХ ғасырдың 30-жылдарында жер шаруашылығымен ке-
дейлерден басқа ауқатты  қазақтардың да бір бөлігі айналыса баста-
ды. Жетісуды, Балқаш көлінің жəне Ертіс өзендерінің жағасын ме-
кендеген қазақтар — бидай, сұлы, арпа егіп, суармалы жүйе арқылы 
жақсы өнім алатын болған.  ХІХ ғасырдың 40 жылдары шекара 
бойында тұратын Орта жүз қазақтарының бір бөлігі — жатақтар 
жер шаруашылығымен айналыса бастады. Əсіресе, олар Көкшетау, 
Ақмола, Баянауыл округі жəне Сырдария аудандарында байқалды. 
Жер өңдеу құрал-жабдықтары дөрекі темір кетпен, ағаш, жер тырма 
жəне сирек кездесетін темір соқалар болды. Сырдария, Торғай  жəне 
Ырғыз өзендері жағалауында тұратын қазақтар бау-бақша егумен 
айналысты. Онда қарбыз, қауын, пияз, сəбіз, асқабақ, жүгері жəне 
т.б. көкөніс түрлерін екті.
Қазақтар ертеден балық кəсіпшілігімен, сонымен қатар аң ау-
лаумен  де  (қасқыр,  түлкі,  қарсақ  т.б)  айналысты.  Аң  терілерін  өз 
қажеттеріне жұмсап жəне орыс саудагерлеріне сатып отырды. 
Қазақтардың негізінен кедей бөлігі — жатақтар мен егіншілер балық 
шаруашылығымен  айналысатын,  олар  балықты  ау  немесе  сүзгіш 
арқылы ұстады.
Қазақтардың шаруашылығында түрлі қолөнер де ерекше орын 
алды.  Тері  өңдеу,  оқ-дəрі  жасау,  ағаш  немесе  сүйектен,  темірден  
түрлі  заттар  жасау  дами  түсті.  Əсіресе,  киіз  үйдің  кереге,  уық, 
шаңырағын  жасайтын  шеберлер  ерекше  бағаланды.  Қазақтар  үй 
шаруашылығына керекті шалғы, соқа, орақ сияқты кейбір заттарды 
темірден жасаған. Зергерлер күмістен түрлі əшекей бұйымдар жа-
сап отырған. Суық қарудың барлық түрлерін, мылтықты да  жасай 
білген. Қазақ əйелдері текемет, киіз, сырмақ, тұмақтар, тондар, аяқ 
киім т.б. заттарды керемет жасаған.
Ұсталардың күмістен жəне теріден жасалған заттары ішкі базар-
ларда сатылып немесе өздерінің шаруашылығына қажетті заттарды 
көрші елдермен айырбас жасады. ХІХ ғасырдың бірінші жартысын-
да Ресеймен айырбас сауда қатынасы дамыды. Сауданың негізгі 
тіректері Орынбор, Троицк, Петропавловск бекінісі, Пресногорь-
ковск, Омбы, Семей жəне Орал болды. Ресейдің қазақтармен сауда 
қатынасы орыс тілін білетін саудагерлер немесе татар көпестерінің 
көмегі арқылы жүрді. Ішке тауар əкелу сыртқа тауар шығарудан 
басым болды. Сыртқа: мал жəне сүт өнімдері шығарылса, өздеріне 
қант, темекі, ыдыс-аяқ, шай, дəрі-дəрмек жəне т.б. заттар алып от-
ырды.
Біртіндеп ішкі сауда дами бастады, бірақ ол негізінен айырбас 
түрінде болды. Айырбас саудасы тек қана рулар арасында ғана емес, 
қазақ жүздерінің арасында да жүрді, ал кей жерлерде ақшаға да сау-
да жасалды. Айырбас сауданың дамуы барысында Қазақстанда не-
сие сауда қатынасы кең қанат алды. Көпестер мен Сібір казактары 
заттарды қазақтарға несиеге  əкеліп беріп, көп жағдайда оларды ал-
дап кетіп отырды. Қазақтар арасында арнайы сауда серіктестіктерін 
құрып, жоғары өсіммен несиеге ақша беріп отырған арнайы сауда-
герлер де пайда болды. 
Ақша-тауар қатынасының дамуы кедей-батрақтардың пайда 
болуына əкелді. Ақша табуға жұмысқа кеткен көптеген қазақтар 
балық аулаумен айналысты, шеп бойындағы бай тұрғындарға жал-
данып түрлі жұмыстар істеді. Қазақтардың тек аз бөлігі ғана тау-кен 
өндірістерінде (Баянауыл таскөмір өндіру, Қарқаралы қорғасын, т.б.) 
жұмыс істеді. Шеп бойындағы орыс шаруашылығына жалданған 
қазақтардың жағдайы өте нашар болды, олар көп жағдайда еңбек 
ақыларын да дұрыс ала алмай, өз қожайындарының қанауына 
түсті.
Елдің шаруашылық жағдайының өзгеруі қазақтардың əлеуметтік 
қарым-қатынасына əсер етпей қоймады. ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. ба-
сында қазақ қоғамында үстемдік құрушы ру старшындары мен би-
лер болды. Олар елге əдет-ғұрып заңдарын сақтаушы əрі түсіндіруші 
болып саналды. Билер хандар жəне сұлтандармен қатар сот істеріне 
араласып, түскен пайданы бөлісуге, қоғамдық жерлерді біріктіру 
үрдісіне қатысып отырды.
ХІХ ғасырдың басында ру басшылары мен сұлтандар рудың жақ-
сы  қыстауымен  жəне  шабындық  жерлерін  пайдалану  құқықтары-
мен ғана шектелмей жеке иеліктерді де басып алуға кірісті. Жақсы 
қауымдық  жерлерді  тартып  алумен  патша  өкіметі  де  айналысты. 
Мұның бəрі қазақ руларының дəстүрлі қалыптасқан көшіп-қону 
жолдарының бұзылуына əкелді, бұл дəстүрлі мал шаруашылы-


136
137
ғының дағдарысқа ұшырап, жайылымдық жерлердің құлдырап, 
шаруашылық құрылымының өзгеруіне себеп болды. Қарапайым 
қазақтар салық төлеуге міндеттелді. Егінді жерлерден «үшір» 
(жиналған өнімнің 10-нан бір бөлігі) салығын, «зекет» (жиналған 
малдың 40- бөлігі) ханға берілетін болған. ХІХ ғасырға дейін зекет 
жинау құқығы тек ханда ғана болса, ХІХ ғасырдың 20-жылдарында 
хандық билік жойылған соң сұлтандар мен билер жинайтын бол-
ды. ХІХ ғасырдың І жартысында осы екі салық түрі жиі жиналып 
тұруы жəне олар міндетті болды. Оған кейін мал шаруашылығына 
міндеткерліктер «соғым» жəне «сыбаға» т.б. сипаттағы салықтар 
қосылды.
ХІХ ғасырдың І жартысында бай туыстары мен казак-орыстар-
дан, орыс шаруаларынан жұмыс іздеуге мəжбүр болған кедейлен-
ген қазақтар саны өсті. И.Завалишин: “жатақтар байларға малшы 
болып жалданды, батрақтар шеп бойындағы казак-орыстарға, шеп 
бойындағы қалаларда олар тіптен топтарымен бір жапырақ нан үшін 
жалданып жұмыс істеді”,— деп көрсетеді. Кедей қазақтар атқарған 
істеріне қарай егіншілер, жатақтар жəне бақташыларға бөлінді.
Үстемдік етуші топқа мұсылмандықтың өкілдері қожалар мен 
молдалар да кірді, қожалар өздерін Мұхаммедтен тараған бірінші 
ұрпақтың тұқымдарымыз деп есептеді. Олар рухани лауазымның 
өкілдері ретінде салықтан босатылды жəне тек сұлтандар сотына 
тартылатын болды.
Мұндай артықшылықтарды тархандар да иеленді. Бұл атақты 
ХІХ ғасырда олардың мемлекет алдындағы ерекше қызметі үшін 
Ресей өкіметі мен Ішкі Ордада — хан беретін болды.  Алғашқы 
«тархан» атағын билер Ж.Сегирбаев жəне Ж.Саламысовқа «Хиуаға 
жасаған жорықтарда көрсеткен ерекше миссиясы үшін» 1821 əскери 
губернатор граф Эссен берді. 1743 ж. императрица Елизаветаның 
жарлығымен «тархан» атағы Жəнібек батырға берілген болатын. 
«Тархан» атағы жеке жəне мұрагерлікке берілу мүмкіндігі болды. 
ХІХ ғасырда «тархандардың» ерекше артықшылықтары болмады, 
олар тек салықтан босатылды. ХІХ ғасырдың 60-жылдарында тар-
хандар саны 20-дан аспады, тархандар институты жойылу шегінде 
тұрды. 
Қазақ  қоғамдық-саяси  өмірінде  ерекше  орынға  ие  болған  топ-
тың бірі батырлар болды. Алғашқыда батырлар тайпалар мен 
рулардың əскер басшылары болса, кейін жоңғарлармен жəне Орта 
Азиялық жаулаушылармен болған күресте батырлардың əлеумет-
тік рөлі ерекше жоғарылап ру ақсақалдары деңгейіне көтерілді. 
Ш.Уəлиханов: “Батырлар — қазақтарда рубасы сұлтандардан кейін 
атақты əрі маңызды адам ... Ол ел арасында ықпалды, берген кеңесі 
елде əрқашанда салмақты болды”,— деп көрсетеді.
ХІХ ғасырдың ортасында қазақ қоғамында тауар-ақша 
қатынасына байланысты жаңа əлеуметтік топ — байлар пайда 
болды. Қазақтардың арасында ірі сауда қатынастарын жүргізетін 
бірқатар байлар болды. Олар заттарды сатып қана қоймай, басқа 
адамдарға несиеге өсіммен ақша берді. Мысалға, Ахмет Жантөрин 
сауда жасап қана қоймай, белгілі бір табыс үшін қандай да бір ша-
руамен айналысамын деген қазақтарға несиеге ақша беріп отырған. 
Байлар сұлтандар мен рубасылар арасынан да, «қара сүйектер» орта-
сынан да шықты. Байлар белгілі келісім бойынша жұмысшыларды 
жалдап отырды. Байлар  керуендік саудамен де айналысқан. Кейде 
байлардың өзі керуенбасы болып қызмет етіп, қазақ даласында сауда 
жасаған, бірақ көбінесе түйелерін қарапайым қазақтарға белгілі бір 
ақыға беріп, олардан ақыны ақшалай, кейде заттай алып отырған. 
ХІХ ғасырдың басында байлардың шығуы қазақ қоғамында жаңа 
экономикалық құбылыс болды.
Егіншілер, жатақтар мен бақташылардың болуы ішкі қазақ 
қоғамында əлеуметтік теңсіздік патшалық Ресейдің Қазақстандағы 
отаршылдық саясатының белсенділігімен де күшейе түскен еді. 
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамында құл ретіндегі 
адамдар санаты да болды, бірақ олар маңызды рөл атқармады да, 
жойылып кету шағында тұрды. Құлдар негізінен соғыста қолға 
түскен жəне базарлардан сатып алынып отырған. Олар көбінесе үй 
шаруашылығына пайдаланылды. Кейіннен олар қоғамның толық 
мүшесі болды немесе төлеңгіттерге айналып отырды.
ХVІІІ ғасырда төлеңгіттер хандар немесе сұлтандардың 
əскери  қызметшісі  болды.  Олар  кейде  жауапты  дипломатиялық 
жұмыстарды да орындады. Төлеңгіттердің əлеуметтік жағдайының 
өзгеруі ХІХ ғасырда қазақ мемлекеттігінің жойылуымен байланы-
сты  болды.  Төлеңгіттер  енді  өз  қожайындарының  оққағары  неме-
се жасақтары ретінде қызмет етті. Төлеңгіттер сұлтандарды жəне 
олардың мүлкін қорғауға, жол сапарда бірге жүруге, шабармандық 
сияқты т.б. қызметтерді де атқарды. ХVІІІ ғасырда төлеңгіттерді тек 
қана «ақ сүйектердің» тұқымдары сұлтандар ғана иелене алса, ХІХ 
ғасырдың І жартысында сұлтандар бұл құқықтарынан айырылып, 
енді төлеңгіттерді билер мен старшындар да иелене алды.
Осылайша, ХVІІІ ғ. соңы мен ХІХ ғ. басында қазақ қоғамы екі 
қарама-қарсы топ — сұлтан, би, бай, батыр бір жағында болса, 
екіншісі — қарапайым шаруа, оның ішінде кедейленген егіншілер, 
жатақтар мен бақташылар болды.


138
139
Егер  бұрын  жасы  келген,  алдына  барып  ақыл  сұрайтын  адам 
— ақсақал атанса, енді ХІХ ғ. І жартысында билікке ие болған 
басшы-сұлтандар мен аға сұлтандар да ақсақал атанды. Əйелдердің 
ер  адамдармен  қатар  тең  құқылары  болмады.  ХVІІІ  ғ.  соңы  мен 
ХІХ ғ. басында мемлекеттік маңызды мəселелерді шешуде қазақ 
қоғамында рулық-патриархалдық қатынастардың сақталып қалуы 
қоғамның одан əрі дамуына, бірігуіне, орталықтандырылған мемле-
кет құруына тежеу жасады.
Қазақ хандығының ішкі жəне сыртқы саяси жағдайын жете 
білуге тырысқан патша өкіметі хандық билікті сақтай отырып, 
қазақтардың ішкі істеріне араласа бастайды. 1781 ж. Орта жүзге Уəли 
хан (1781—1819 жж.) болып бекітілді. Ресей əкімшілігі сұлтандар мен 
ру басшыларының өздерінің хандарына, оның ішінде Уəли ханға 
қатысты да өтініштері мен арыз-шағымдарын қарастыруға тыры-
сты.  Сондай-ақ  қазақтардың  саяси,  сот  жəне  рухани  өміріне    бай-
ланысты шараларды даярлаумен де айналысты. Мысалы:  ханның 
жанынан ақсақалдар Кеңесін  құру;  билер соты;  қазақ балалары 
үшін мектеп ашу; шекара жанындағы қазақтарды тікелей басқаруды 
ұйымдастыру; қазақ жерлеріне əскери-ғылыми-барлау экспедиция-
ларын жіберу т.б. Ал, 1819 ж. Уəли хан қайтыс болғаннан кейін Орта 
жүзде жаңадан хан сайланбады.
Ресей қазақ даласын отарлауды табанды түрде жүргізе оты-
рып, саяси сахнадан Əбілқайыр ханның ұрпақтарын ығыстырып, 
Кіші жүздегі хандық билікті жоюға əрекет жасады. 1797 жылы 
Ресей үкіметінің қолдауымен хан сайланған Айшуақтың халық 
арасында беделі төмен болатын. Оның тұсында ел ішіндегі қарым-
қатынас шиеленісіп, саяси билік қатты дағдарысқа ұшырайды. 
Ресей үкіметінің сенімін ақтамаған Айшуақтың орнына оның ба-
ласы Жантөре хан (1805—1809 жж.) сайланады. Осы кезде Орын-
бор губернаторы Жантөреге қатысты екіұшты саясат ұстанады. 
Ол бір жағынан халық өкілдері сайлаған ханмен санасуына тура 
келсе,  екінші  жағынан  оның  ел  арасындағы  беделінен  сескеніп, 
оған қарсы кейбір сұлтандарды жасырын айдап салып отырды. 
1808 жылдың соңына қарай Жантөре ханның жағдайы қиындай 
түсті. Кіші жүздің хандығы бұрынғы біртұтастығынан айры-
ла бастады. Біртіндеп билігі əлсірей бастаған Жантөре хан Ресей 
үкіметінен қолдау табу мақсатында Жайық шебіне жақындап ба-
рып қоныстанады. 1809 жылдың күзінде қарсыластарының бірі 
Қаратай сұлтан 200 жігітпен оның ауылына шабуыл жасап, ханның 
өзін өлтіріп кетеді. Жантөре өлген соң Ресей үкіметі оның орнына 
Əбілқайырдың тұқымы дарынсыз Шерғазыны хан тағайындайды. 
Бірақ, оны халық жиналысы мойындамайды да, орнына ел арасын-
да ықпалы күшті Арынғазы сұлтанды хан сайлайды. Арынғазы тез 
арада Кіші жүздегі билікті бір орталыққа бағындырады. Хандық 
билікті жоюға мүдделі патша үкіметі Арынғазының хандық билікті 
күшейту əрекетіне мүмкіндігінше кедергі жасауға тырысты. 1821 
жылы Санк-Петербургке келген Арынғазы ханды патша үкіметі 
қамауға алады да, Сібірге жер аударып жібереді. Бұдан кейін Кіші 
жүзде хан тағайындау ісі жүзеге асырылмады. “Игельстром рефор-
масы” жүргізілуі барысында қазақтар  Еділ мен Жайық өзендерінің 
арасындағы жерлерге көшіп-қонуға рұқсат алған соң, кейінірек, 1801 
жылы қосөзен аралығында екінші хандық — Бөкей Ордасы (Ішкі 
Орда) құрылған еді. Бұл жағдайдың барлығы Кіші жүздегі түрлі 
əлеуметтік топтардың арасындағы қатынастардың шиеленісуіне 
əкелді.
Осылайша,  ХVІІІ  ғ.  аяғы  мен  ХІХ  ғ.  басында  Орта  жəне  Кіші 
жүздің аумағы Ресей империясының ықпалында, Ұлы жүздің 
аумағы Қоқан хандығының қол астында болды. 
ХІХ ғ. 20—30 жылдары орыс-ағылшын бақталастығының 
шиеленісуіне  байланысты  патшалық  Ресей  Орта  Азия  мен 
Қазақстанда өз ықпалы мен билігін одан əрі нығайту басты міндеті 
деп санады. Қазақстанның Ресей мен Орта Азия хандықтарының 
жəне Қытай аралығында геосаяси орналасуы Ресей тарапынан қазақ 
даласын отарлау үрдісін тездетті. Осы мақсатпен Ресей империясы 
1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы», 1824 ж. «Орынбор қырғыздары 
туралы» Жарғыны қабылдады. Ресейдің хандық билікті жоюға 
асығуы соншалықты, олар əрбір мүмкіндікті пайдаланып, ел 
ішіндегі ықпалды адамдарды, хандарды, билер мен батырларды бір-
біріне айдап сала отырып, алдау, күш көрсету сияқты  шараларды 
қолданды.
1822—1824 жылдардағы Жарғының қабылдануымен Орта жəне 
Кіші жүзде хандық билік жойылды. Авторы Сібір əскери губерна-
торы М.Сперанский болған  «Сібір қырғыздары туралы» (1822 ж.) 
Жарғы бүкіл Орта жүздің жерін қамтыса, авторы Орынбор əскери 
губернаторы П.Эссен болған «Орынбор қырғыздары туралы» (1824 
ж.) Жарғы Кіші жүз аумағына таралды.
«Сібір қырғыздары туралы» Жарғы бойынша Орта жүз аумағы 
«Сібір қырғыздарының облысы» аталып Батыс Сібір генерал-
губернаторына бағынатын болды да орталығы алғаш Тобыл, 1839 
ж. бастап Омбы болды. Хандық билік жойылғаннан кейін Оңтүстік-


140
141
батыс Сібірде тұратын қазақтар ішкі округтерге біріктірілді, ал Орта 
жүздің  қалған  қазақтары  сыртқы  округтерді  құрады.  1838  жылға 
қарай 7 сыртқы округ құрылды: Қарқаралы (1824 ж.),  Көкшетау (1824 
ж.), Аягөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Баянауыл (1833 ж.), Құсмұрын 
(1834 ж.), Көкпекті (1838 ж.).
Əр округ болыстар мен ауылдарға бөлінді. Батыс-Сібір генерал-
губернаторлығын генерал-губернатор басқарды, оған сібір қыр-
ғыздарының облысы бағынды. Округтердің басшылығында 
округтік приказдар тұрды жəне оларды сұлтандар жиналысында 3 
жылға   сайланатын аға сұлтандар басқарды. Округке 15-тен 20-ға 
дейін болыс кірді. Болыстарды сұлтандар басқарды. Бір болыстың 
құрамында 10-нан 12-ге дейін ауыл болды. Ауылдарды ауыл 
старшындары басқарды, əр ауылда 50-ден 70-ке дейін үй болды. 
Қазақтарға тек қана өз округында ғана көшіп-қонуға рұқсат берілді, 
ал бір округтен екінші округке өту үшін жергілікті басшылардан 
рұқсат алуы керек болды.
Жаңа əкімшілік бөлініс қазақтардың дəстүрлі жер қатынасын 
күйретті де рулық қауым құлдырады. Сонымен қатар, оған аға 
сұлтандарға, болыс сұлтандарына, тілмаштарға, казактарға 
түрлі көлемде жер бөліп беру де əсер етті. Оларға өңдеуге, мал 
шаруашылығына, омартаға т.б. ыңғайлы жерлер бөлінді жəне егер-
де ол жерлер қойылатын талаптар бойынша дұрыс пайдаланылатын 
болса, онда оның иесі жерге меншік құқығын иеленуге де мүмкіндігі 
болды. Патша өкіметінің қарауы бойынша Орта жүз жері бөлініске 
түсіп, бір əкімшілік басқарудан екіншісіне өтіп жатты. Осылай-
ша, Омбы облысы Тобыл губерниясына кірді, Семей жəне Өскемен 
уездері Том губерниясына берілді.
1822 ж. Жарғы бойынша сот істеріне де өзгерістер енгізілді, ол 
өзгерістер бойынша сот үш санатқа бөлінді:
— қылмыстық істер (мемлекеттік сатқындық, ұрлық, барымта, 
билікке бағынбау);
— арыз-шағымдар («қазақтардың əдет-ғұрып заңдары» бойынша 
билер шешетін екінші кезектегі істер);
— облыстық басшыға берілетін арыздар бойынша (қазақтардың  
сұлтандар мен билерге, болыстарға т.б.).
Сонымен қатар Жарғы салық жүйесін енгізді, ол бойынша əр 
қожалық өкіметке 100 бас малдан 1 бас мал салық төлеуге тиіс бол-
ды. Жарғыны қабылдаған қазақтар бірінші бес жылда салықтан бо-
сатылды. Қазақтарға керуендерді, пошта жолдарын күзету, байланыс 
жолдарын қадағалау сияқты жəне т.б. міндеткерліктер жүктелді.
Жарғының арнайы бір параграфы аға сұлтандардың, болыс-
басқарушы  сұлтандардың  жəне    округтік  приказ  шенеуніктерінің 
мəртебесін жəне жылдық жалақысын белгіледі: аға сұлтандарға 
жылына 1200 сом,  тілмаштарға — 800 сом, болыс сұлтандарына — 
150 сом. 
Жарғы бойынша қазақтарға өз округтерінің ішінде жəне оның 
сыртында да тауарларын шығарып сатуға рұқсат етілді. Жарғының 
жеке баптары сауат ашу мəселесін қарастырды.
1838-1856 жылдары сібір қазақтарының облысын басқаруды рет-
теу үшін бірнеше «Ереже…» қабылданды жəне отаршыл əкімшіліктің 
қазақ даласына тереңдеп жылжи түсуіне мүмкіндік берді. Патша 
əкімшілігі шенеуніктерінің жергілікті жағдайды дұрыс білмеуі, 
əкімшіліктің Орта жүздегі хандық билікті жою үрдісін тездетуге 
ұмтылуы,  басқарудың жаңа құрылымын енгізуі қазақ қоғамының 
жікшілдікке ұшырауына жəне үкіметке қарсы көңіл-күйдің пай-
да    болуына  əкеліп  соқты.  Ол  қазақ  халқын  өз  мүддесін  қорғауға 
шығарып, Қазақстанның барлық аймақтарында ұлт-азаттық 
көтерілістер орын алды.
1824 ж. Орынбор генерал-губернаторы П.Эссен даярлаған 
«Орынбор қырғыздары туралы» Жарғы кіші жүзде жүзеге асырыл-
ды. Бұл реформа барысында Кіші жүздегі хандық билік жойылып, 
оның аумағы: Батыс, Орта жəне Шығыс болып үшке бөлініп, Орын-
бор генерал-губернаторлығына бағынды.  Бұл бөліктердің басында  
аға сұлтандар тұрды. Бірінші аға сұлтандар: Қаратай Нұралыұлы, 
Темір Ералыұлы, Жұма Құдаймендеұлы болды. Аға сұлтандардың 
жанына Ресейдің «көзі мен құлағы» саналған 200 адамнан тұратын 
казак-орыс отрядтары берілді. Сұлтандарға жылына 1200 сом 
жалақы төленді. 1824 ж. Жарғы бойынша құрамында төраға, төрт 
кеңесші жəне төрт ауқатты қазақтан тұратын шекаралық комиссия 
құрылды.
1822 ж. Жарғыдан айырмашылығы Кіші жүздегі ауыл стар-
шындарынан бастап аға сұлтандарға дейін сайланбайтын бол-
ды, оларды шекаралық комиссияның ұсынысымен Орынбор 
генерал-губернаторы тағайындады.  1831 ж. дистанциялар мен 
старшындықтар ұйымдастырыла бастады. Батыс бөлікте — 8, Орта-
да — 20, Шығыста — 28 дистанция құрылды. 1837 ж. 1 сом 50 тиын 
күміс ақшамен түтін салығы енгізілді.  Сұлтандар, старшындар 
жəне молдалар салықтан босатылды. 
1844 ж. «Орынбор қазақтарын басқару туралы ереже» қабылдан-
ды да, ол бойынша орыс шенеуніктерінен жергілікті əкімшілікті 


142
143
қадағалайтын «қамқоршылар» қызметі енгізілді. Қазақтардың ру-
тайпалық бөлінісі ескерілмеді, ауылдардың өз бетінше қарекет етуі 
мүмкін болмай қалды.
Осылайша, Ресей империясы Қазақстанды өз отарына айналды-
ру үшін хандық билікті, яғни, қазақ мемлекеттілігін жойып, орнына 
орыстың əкімшілік-территориялық басқару жүйесін енгізді. Алғаш 
Кіші жүз қазақтары шекаралық комиссия арқылы басқарылды, ал 
Орта жүз қазақтары шекаралық басқармаға бағынды. Кейін 1822—
1824 жж. Ресей империясы Орынбор жəне Сібір ведомстваларының 
территориясында тұратын Кіші жəне Орта жүз қазақтарын басқару 
туралы Жарғыларды қабылдады.  Осы жəне одан кейін жалғасқан 
ХІХ ғасырдың 30—50 жылдарындағы реформалар патшалық 
Ресейдің қазақ жерлерін одан əрі отарлау үшін жағдай жасады. ХІХ 
ғасырдың 60 жылдарының аяғына қарай қазақ даласы  тұтастай  Ре-
сей империясына бағынышты болды жəне жаңа заңдар қабылданып, 
Ресейлік басқару жүйесіне қарай жақындатылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   78




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет