Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы



Pdf көрінісі
бет5/29
Дата03.01.2017
өлшемі1,99 Mb.
#1046
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

Наймандар мен керейлер. Наймандардың, керейлердің ертерек-
тегі мемлекеттері Орталық Азияның шығысында — Қазақстанға 
шектесіп жатқан Монғолия аумағында пайда болса да, олардың 
тарихының Қазақстан тарихына тікелей қатынасы бар.
XII ғасырда керейлер мен меркіттер қосылған Наймандар конфе-
дерациясы Орталық Азиядағы ірі мемлекеттік құрылым болды. 
Ғалымдар “найман” терминінің мəні  моңғол тілі тұрғысынан алғанда 
конфедерацияға енген тайпалар санына қарап “сегіз” деген сөзді 
білдіреді деп болжам жасайды. Сондықтан наймандардың шығу тегі 
мен ертедегі тарихы туралы мəселе əлі күрделі. Зерттеушілердің ара-
сында бұлардың тілі туралы əртүрлі пікірлер бар. Кейбір ғалымдар 
бұл тайпаларды моңғол тілдес десе, екінші ғалымдар оларды түркі 
тілдес дейді. Олардың этникалық құрамы аралас болуы да ықтимал, 
бірақ  ғылыми əдебиеттегі жаңа мəліметтер олар түркі тілдес болды 
дегенді дəйектейді.
 Найман тайпалар одағы VIII ғасырдың орта шенінде Жоғарғы 
Ертіс пен Орхон аралығында сегіз-оғыз деген атаумен пайда 
болған. Сегіз-оғыздар Хангайдың батысынан Тарбағатайға дейінгі 
жерлерді алып жатқан. Кейінірек наймандар да сол араны жайлаған. 
Наймандардың батыс жағында Ертіс бойын мекендеген қаңлылар 
мен қыпшақтар, солтүстігінде Енисей қырғыздары, шығысында 
Шығыс Моңғолияда көшіп-қонып жүрген керейлер, ал оңтүстік 
жағында Орталық Азияның басқа да көптеген тайпалары мекен-
деген. Осы тайпалармен жəне ұйғырлармен көрші ретінде қарым-
қатынас жасап тұрған. Наймандар, əсіресе, қаңлылармен өте тығыз 
этникалық-саяси жəне мəдени байланыста болған. Қаңлылар мен 
қыпшақтардың кейбір жеке топтары наймандардың жеріне келіп 
қоныстанады. X ғасырда сегіз-оғыздар Қидан мемлекетінің қол 
астына алынған кезден бастап, олар “найман” деген атпен белгілі 
болған. Наймандар Бұйрық жəне Беткін деген екі үлкен тайпалардың 
бірлестігінен құралған.
 Наймандар мен керейлерде ертедегі феодалдық қатынастардың 
орнығуы, ұлыстардың құрылуымен қатар жүрді. “Ұлыс” деген сөз 
ол кезде “халық” деген ұғымды білдірді, əрбір ұлыс белгілі бір 
жерлерді алып жатты. Оны белгілі бір рудың өкілі — хан басқарды. 
Хан ордасы, ұлыстың өздеріне меншікті жазғы жайылымы, қысқы 
қыстауы болған. Əрбір ұлыстар ондық бірліктер бойынша, əскери 
жүйемен сарбаздар жасағын құрған. 
Ұлыстарды басқару жəне оның ішкі жұмыстарын, салық жинауды 
арнаулы шерби атағы бар адамдар жүргізген. Арнаулы іс жүргізетін 
адамдар да болған. Іс ұйғыр жазуымен жүргізілген. Жарлықтар 
ханның мөрі басылған жағдайда ғана бекітілген.
Наймандар XІ ғасырдың бас кезінде христиан дінінің нестори-
ан бағытын ұстанған. Бұл наймандардың ерте феодалдық кезеңде 
басқа мемлекеттермен жəне халықтармен этно-мəдени байланы-
ста болғандығын дəлелдейді. X ғ. басында Солтүстік Маньчжу-
рия мен Моңғолияда қиданның Ляо мемлекеті құрылғаннан кейін 
(907—1125 жж. құрылып, өмір сүрген), наймандар оның құрамына 
кірген, бірақ Елюй-Даши өлімінен кейін тəуелсіздік алып, өздерінің 

46
47
билеушісі етіп Инанч-Білге Буху ханды тағайындады. XII ғасырдың 
аяғы — XIII ғасырдың басында Найман хандығы екіге бөлініп, оны 
Инанчтың екі ұлы: Даян хан мен Бұйрық хан басқарды. 1204 жылы 
моңғолдар Даянханды, 1206 жылы Бұйрық ханды талқандады. 
Даянның ұлы Күшілік хан найманның қалған əскерін жинап, Қидан 
мемлекетіне барып, бас сауғалады. Қидан билеушілерінің тілін 
таба біліп, наймандардың шашырап кеткен əскерінің басын қайта 
біріктірген Күшіліктің қуаты тез күшейді. Осы кезде Хорезмшах 
Мұхаммедтің əскерінен жеңілген қидандар өлкеде нақты биліктен 
айырылды. Осыны пайдаланып, Күшілік хан 1211 жылы қалған 
қидандарды тізе бүктіріп, өзінің ордасын Жетісуға көшірді. Күшілік 
1213 жылы Алмалықтағы мұсылмандар иеліктеріне қарсы əскери 
қимыл-əрекетін бастады. Күшіліктің əскері Алмалықты алғанымен, 
моңғолдардың  жақындап  қалуына  байланысты  кері  шегінді.  1218 
жылы моңғолдар наймандарды талқандап, қашып кеткен Күшілікті 
ұстап алып, Бадахшанда өлтірді. Сөйтіп, XIII ғасырдың басын-
да бүкіл Шығыс Түркістан мен Жетісу моңғолдардың қол астына 
кірді.
Керейлер (Керейттер). Керейлер туралы жазба деректердегі ең 
ерте мəліметтер Х ғасырдың бас кезіне жатады. Керейлер конфедера-
циясының этникалық құрамы біртекті болмаған. Олар түрік тілді 
жəне моңғол тілді жұрттан құралады. Керейлердің батысында — 
наймандар, солтүстігінде — меркіттер, шығысында — татарлар, 
оңтүстігінде — таңғұттар тұрады.
Керей тайпаларының екі ордасы болған, солтүстік ордасы Орхон 
өзені  бойындағы  Қатынбалық  қаласында,  ал  оңтүстік  ордасы  Ху-
анхе өзені бұрылысының теріскейінде тұрған. 1007 жылы керейт-
тер наймандармен бірге христиан дінінің несториандық тармағын 
қабылдайды. Керейттер белгілі дəрежеде ұйғыр мəдениетінің 
ықпалында болған. 
ХІІ ғасырдың 50-жылдарында керейлердің Қытаймен арадағы 
қатынасы шиеленісті. Қытайларға қарсы керейлердің күресін 
бастаған Маргуз хан тұтқынға түсіп, азаптап өлтірілді. Одан 
кейін елді Худжар Бұйрық хан биледі. 1171 жылы хан тағы оның 
баласы Тоғырылға көшті. Тоғырыл хан тұсында Керейлер ұлысы 
солтүстікте — Селенганың жоғарғы бойынан, оңтүстікте —  Хуан-
хеге дейінгі; Батыста — Хангай тауынан, Шығыста Халкин Голге 
дейінгі жерлерді жайлаған. Керейлер найман, қаңлы, ұйғыр, меркіт, 
моңғол, қарақытай, таңғұттармен тығыз саяси жəне этникалық-
мəдени байланыс жасап тұрған.
Тоғырыл ханның бай жиһазды сарайында дала тайпаларының 
болашақ билеушілері — Темучин (Шыңғыс хан) мен Жамуха — 
тəрбие алып, саяси жəне елшілік өмірден хабардар болған. Керей 
билеушісі Тоғырыл хан сарай қызметіне қаңлы ақсүйектерінің 
өкілдерін кеңінен тартқан. 1180 жылдары Тоғырыл Темучинге қолдау 
көрсетіп, 1183 жылы керейлер мен моңғолдар Қытаймен одақтаса от-
ырып, татар əскерін талқандады, сол үшін Тоғырыл хан Қытайдың 
Ван титулын иеленді. Бұл егеменді құқығы ресми мойындалған пат-
ша дегенді білдіреді. Сондықтан Тоғырылды тарихта Ван хан деп 
те атайды. 1203 жылы керейлер мен бұрынғы одақтасы моңғолдар 
арасында соғыс өрті бұрқ ете түсіп, ол керейлердің жеңілісімен 
аяқталды. Тоғырыл мен оның ұлы Сангум қаза тапты. Керейлердің 
бір бөлігі қолбасшы Қайранбайдың бастауымен Солтүстік-Батысқа, 
яғни Ертіс өзенінің орта ағысына қарай қашты. Ал басым бөлігі 
Моңғол мемлекетінің құрамына енді. 
Жалпы алғанда, моңғол шапқыншылығы Орталық Азияның 
этникалық процесіне үлкен əсер етті, соның салдарынан көшпелі 
халық орасан зор аймаққа көшіп-қонды. Моңғолдардан жеңілген 
наймандар мен керейлер біртіндеп қалыптасып келе жатқан 
түркі халықтарына, оның ішінде қазақ халқына араласып кетті. 
Наймандардың қазақтар құрамындағы үлесі едəуір еді. Моңғол 
дəуірінде олардың басым бөлігі Сырдарияға, яғни қазақтың кең да-
ласына көшті, сөйтіп қазақ этносының қалыптасуында белсенді рөл 
атқарды. Ал керейлердің бір бөлігі батысқа, Еділ бойына ұмтылды, 
онда олар өздерінің керей этнонимін сақтап қалды, кейін осы атау-
мен олар өзбектер мен қырғыздар құрамына енсе, аз бөлігі қазақтар 
құрамына кірді. Олардың (керейлердің) көпшілігі Солтүстік 
Қазақстанда қалып, Орта жүз қазақтарына Керей (Қара — Керей, 
Абақ — Керей) атауымен енді, сөйтіп бұрынғы “Кереит” деген этно-
ним атауындағы “т” жалғауы алынып қалды.
Керейлер мен наймандар əлеуметтік-саяси дамудың бір деңгейінде 
тұрған. Олар дербес мемлекеттік құрылым — ұлыстар болып 
ұйымдасып, ал ұлыстар болса, хандар əулеті бастаған бүкіл этносты 
біріктіріп, рулық-тайпалық институт атаулының бəрінен де жоғары 
тұрған. Əрбір ұлыстың өз аумағы болған. Оның шекарасының ең 
маңызды жерлері күзетке алынып отырған. Ұлыстарда хан қосының 
басқару орындары, əскері мен жасауылы бар басқару аппараты 
жұмыс істеген. Сонымен туысқан тайпалардың əлеуметтік жіктелуі 
мен бірігуі ерте феодалдық мемлекеттердің, яғни Керейлер мен 
Наймандар ұлысының құрылуымен аяқталады. 

48
49
Қыпшақ хандығы (ХІХІІІ ғ. басы). “Қыпшақ” атауы ең алғаш 
рет 760 жылы ежелгі түріктің руникалық ескерткішінде жазылған. 
Мұсылман деректерінде қыпшақтар тұңғыш рет араб географы Ибн 
Хордабектің 846—847 жылы жазған “Жолдар мен провинциялар 
кітабында” қарлұқтар мен қыпшақтарды VIII ғасырларға жататын 
түрік тайпаларының тізімінде келтіреді.
656 жылы Батыс түрік қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының 
солтүстік жағы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтар Кимек 
қағанатының құрамына кірген еді, ал ХІ ғасырда Кимек қағанаты 
құлағаннан кейін,  кимек, қыпшақ жəне куман тайпаларының бұрын 
жайлаған жерлерінде əскери саяси жетекшілік қыпшақ хандарының 
қолына көшеді.
Қыпшақтың  өкімет  басына  келген  ақсүйектер  əулеті  Оңтүстік 
жəне Батыс бағыттарында белсенді қимыл-əрекеттерге кірісіп, Орта 
Азия жəне Оңтүстік Шығыс Еуропа мемлекеттерімен тікелей байла-
ныс жасауға кіріседі.
ХІ ғ. екінші ширегінде қыпшақ тайпалары оғыз тайпаларын Сыр-
дарияның орта жəне төменгі бойларынан, Арал мен Каспий өңірі 
далаларынан тықсырып қуып шығады. Қыпшақтар билігінің Арал 
өңірі мен Сырдария бойындағы аймақтарға таралуына байланысты 
этникалық-саяси жағдайдың өзгеруіне орай, Х ғ. екінші ширегінде 
“Оғыздар даласы” (Мафазат əл-гуз) деген атаудың орнына “Дешті 
Қыпшақ” (Қыпшақтар даласы) деген атау пайда болады. Маңғыстау 
мен оған жақын жатқан аймақтарды қаратып алған қыпшақтар 
Хорезмнің теріскей шебіне дейін жетеді.
ХІ ғ. орта кезінде қыпшақ тайпалары Еділден көктей өтіп, батыс 
жаққа жылжып, Орыс жəне Қара теңіз өңірі далалары мен Визан-
тия, Венгрия шекараларына дейін қоныс аударады. Еділден Днеп-
рге дейінгі қыпшақтар қоныстанған аумақ орыс жылнамаларында 
половцылар, “Половецтер өлкесі” деп атала бастайды. 1071 жылы 
қыпшақтар Кіші Азияға жетіп Анатоли қаласын жаулап алады, 
сөйтіп, османдық түріктердің негізін қалады, осы жылдары Транс-
илвания арқылы Молдавияға өтеді. Қазіргі Венгриядағы мадиярлар, 
Молдавиядағы гагауыздар қыпшақтарға жатады. Осылайша Батыс 
Еуропа деректерінде қыпшақтар «коман» деген атпен мəлім бола-
ды.
ХI ғ. басында қыпшақ бірлестігі мейлінше күшейеді. Өріс-қонысы 
шығыста Ертістен, батысында Орал тауына, Доннан жəне Қара теңізге 
дейінгі ұлан-ғайыр алқапты алып жатқан шығысындағы бөлігі Ел-
бөрілі руынан шыққан хан əулеті билеген Шығыс қыпшақ қағанаты, 
Кавказ, Қырым өңірін жəне одан əрі батысқа қарай созылып жатқан 
басында Тоқсоба рулық əулеті тұрған Батыс қыпшақ бірлестігі бо-
лып екіге бөлінеді. Қазіргі Қазақстан аумағының көп бөлігі Шығыс 
қыпшақ ұлысының билігінде болды. Қазақстан жеріндегі қыпшақ 
этникалық қоғамдасуын үш кезеңге бөліп қарауға болады.
Бірінші кезең: қыпшақтардың қимақ тайпалық одағында болуы 
— VІІ ғ. екінші жартысынан VІІІ ғ. соңына дейін.
Екінші  кезең:  VIII  ғ.  аяғынан  —  ХІ  ғ.  басына  дейін.  Бұл  кезде 
қыпшақтар Алтай жəне Ертістен Орал таулары жəне Еділ бойына 
дейін қоныс тепті. Қыпшақ тайпалық одағының құрамына Мұғалжар 
жеріндегі кумандар жəне қимақ тайпалары кіреді.
XI  ғасырдан  ХІІІ  ғ.  басына  дейін  қыпшақтардың  дамуының 
үшінші  кезеңі  жүрді.  Бұл  кезде  қыпшақ  хандарының  мəртебесі, 
күш-қуаты өсіп, олардың этникалық құрамы өзгеріп, қимақ, куман, 
ежелгі башқұрт, оғыз т.б. тайпалар кірді. Сондай-ақ қыпшақтардың 
этнос болып қалыптасуына түрік тілді қаңлылар, ұрандар, шығыс 
Түркістаннан келген баяттар, түргештер, қарлұқтар, шігілдер əсерін 
тигізді.
Бұл кезде қыпшақ хандары өз жерлерін оңтүстікте Тараз қаласына 
дейін жеткізіп, қарахандықтармен шектесті. Олардың арасындағы 
шекара — Балқаш көлі жəне Алакөл ойпаты болды. ХІІ ғ. қыпшақ 
тайпалары Алтайда, Ертістің жоғарғы жағында наймандармен, 
қаңлылармен, керейттермен шектесіп, солтүстікте қырғыздар жəне 
хакастармен көрші болды.
ХІ—ХII ғғ. Қазақстан аумағында тұрған қыпшақтар екі қанатқа 
бөлінді. Бірінші қанаты — оң қанат Торғай даласын, Жем, Жайық, 
Еділ өзендерінің бойын, сондай-ақ Маңғыстау түбегін мекендеді, 
оны елбөрі руынан шыққан хандар басқарды. Ал, ордасы — 
Сарайшық қаласы болды. Торғай өңірінде жоғарғы ханның ордасы 
болса керек.
Екінші қанат — сол қанат Орталық жəне Шығыс Қазақстанды, 
Сырдариядан Ертіс пен Есілге дейінгі аралықтағы жерлерді 
қамтиды. Орталығы Сығанақ қаласы болды, оның ханы ұран тай-
пасынан шыққан. Оң қанат екіншісінен күштірек болған. Əскери 
ұйымдар мен əскери əкімшілік басқару жүйесіне айрықша маңыз 
берілген, өйткені ол көшпелі өмірге мейлінше сай, мейлінше 
қолайлы болған.
Қыпшақ хандарының өкімет билігі мұрагерлікпен əкеден балаға 
қалдырылып отырған. Хандар шығатын ең əулетті ру елбөрілі 
еді. Орда деп аталатын хан қамалында ханның дүние-мүлкі мен  

50
51
əскерінің ісін жүргізетін басқару аппараты болды. Əскери-əкімші-                         
лік басқару жағынан Қыпшақ хандығы көне түрік дəстүрлерін 
сақтаған. Қыпшақ тайпаларының басында хан, тархан, басқақ, бек 
пен байлар тұрды. Қыпшақ қоғамы əлеуметтік жəне жіктік жағы-
нан да тең болмаған. Мүліктік теңсіздіктің негізі — малға жеке 
меншік болып табылады. Негізгі байлық жылқының саны болған, 
жеке меншікті бұзған адам қатал жазаланған. Хисапсыз көп малы 
бар ақсүйектер жеке меншігін заң жолымен бекітіп берілмесе де, 
мал жайылатын өрістің бəрін меншіктенген. Жайылымдарды бөліп 
беруді, көші-қон мəселелерін реттеп отыруды қыпшақ хандары 
мен тайпа тектілері уысынан шығармаған. Қоғамның қатардағы 
мүшелерінің басым көпшілігі еркін де ерікті болған. Сөйтіп, 
Қыпшақ хандығы қалыптасқан феодалдық мемлекет болды, ол көне 
түрік мемлекетінің дəстүрін дамытып, жалғастырды.
Қыпшақтардың саяси жағдайына келсек, 1065 жылы селжұқтардың 
билеушісі Алып Арсылан қыпшақтарға қарсы Маңғыстауға шабу-
ыл жасайды. Қыпшақтарды жеңіп бағындырғаннан кейін, ол Жент 
пен Сауранға жорыққа шығып, қыпшақ тайпаларының бір бөлігін 
Хорасан селжұқтарына тəуелді етті. Алайда, XI ғасырдың соңғы 
ширегінде де қыпшақтар Маңғыстау мен Каспий теңізінің шығыс 
жағалауында бұрынғыша өз билігін жүргізіп тұрды. 1096 жылы  
қыпшақ бірлестігінің тайпалары Хорезмге қарсы жорық ашады, 
бірақ ол сəтсіздікпен аяқталды. 
XI ғ. аяғы мен XII ғ. бас кезінде Жент, Янгикент, Сырдарияның 
төменгі ағысындағы тағы басқа қалалар қыпшақ көсемдерінің 
қолына қарағанымен, XII ғ. алғашқы жартысында осынау қалалар 
қыпшақ хандары мен соларды қайтсе де басып алғысы келген Орта 
Азияның мұсылмандық əулеттері арасындағы қиян-кескі ұрыс 
алаңына айналады. Хорезм шахы Атсыз Жентті жаулап алады, со-
нан соң солтүстікке қарай бет алып, өз қарауына Маңғыстауды 
да қосады. 1133 жылы Жент қаласынан Дешті Қыпшақ даласына 
тереңдеп жорық жасаған Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңеді. Тап 
осы кезден бастап Қыпшақ хандығының ыдырауы басталады. Оған 
себеп болған негізгі жəйттер: қыпшақ тайпалары ақсүйектерінің 
арасында Хорезмге бейімдеушілердің көбеюі, қаңлылардың аса ірі 
бірлестігінің құрылуы, өкімет билігі үшін өзара əулетті қырқыстың 
күшеюі еді.
XII ғ. екінші жартысынан, əсіресе, Текеш (1172—1200 жж.) биле-
ген кезден бастап, Хорезм қыпшақ ақсүйектерімен жақындаса түсуді 
мақсат еткен  саясат жүргізеді. Қаңлы, қыпшақ, имек, ұран тайпала-
ры топтарының жетекшілерін Хорезм шахтары əртүрлі қызметтерге 
тартады. Бұдан басқа туысқандық үшін қалыптасқан дəстүрге 
сай Хорезм билеушілері əйелдерін қаңлы мен қыпшақтардың хан 
əулеттерінен  алып  отырған.  Мысалы,  XIII  ғ.  бас  кезінде  Хорезм 
шахы Ала ад-дин Мұхаммед қаңлылардың басшысы Əмин Мəліктің  
қызына үйленген. Осының арқасында Əмин Мəлік Хорезм шахтар 
сарайында маңызды рөл атқарған.
Хорезм  шахы  Мұхаммед  /1200—1220  жж./  өз  мемлекетінің 
құрамына XIII ғ. бас кезінде Сығанақ жерін қосып алады. Сығанақ 
иелігінен айырылып қалғанына қарамастан қыпшақ хандары Хо-
резмге қарсы қажырлы күресін жалғастыра берді. Бұл кезде Хо-
резмшахы Мұхаммед Дешті қыпшақ еліне бірнеше рет жорық жа-
сайды. 1216 жылы қыпшақ билеушісі Қадырханға қарсы аттанған 
əскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетеді. Осы кезде 
ол Торғай даласында қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді 
қуып келе жатқан Шыңғысхан қолымен соқтығысып қалады. Бұл 
монғолдардың Қазақстан жерінде алғаш рет болуы еді, сөйтіп, бұдан 
кейін монғол басқыншылығының дəуірі басталады.
3. Орта ғасырлық мемлекеттердің экономикасы
мен мəдениеті
Мал шаруашылығы. Қазақстан жеріндегі орта ғасырлық мемле-
кеттер шаруашылығы отырықшы егін шаруашылығымен тығыз бай-
ланыста болған көшпелі жəне жартылай көшпелі мал шаруашылы-
ғына негізделген еді. VI—XII ғасырлардағы мемлекеттердің басты 
шаруашылығы мал өсіру болған. Орта ғасырлық қоғамда малға 
жеке  меншік  қалыптасып  дамыды,  сөйтіп  ақсүйек  байлар  тобы 
бөлініп шықты. Малға жекеменшіктік теңсіздіктің негізі болған. 
Бай ақсүйектермен біріге қауымның қатардағы мүшелері: кедейлер 
мен құлдар бұқарасы тіршілік еткен.
Орта ғасырлардағы жазба деректердің мəліметтеріне қарағанда 
феодалдық  мемлекеттердің  жылқы,  қой,  сиыр,  өгіз  жəне  түйе 
өсіргенін білеміз. Көшпенділердің малының құрамында қыста 
жаюға неғұрлым бейімделген жылқы мен қой басым болды. 
Олардың шаруашылығында ет пен май қорын тез толтыратын 
қой шаруашылығының маңызы зор. Сондай-ақ қойдың жүні 
мен терісінен жылы киім дайындалды. Жылқы көшпелі тұрмыс 
жағдайында алыс жайылымдарды игеруге мүмкіндік беретін 

52
53
ерекше шыдамдылығы мен төзімділігі, соғыста жəне аң аулауда 
пайдаланатындығы арқасында аса бағалы жануар деп есептелді. 
Сондықтан көшпелілер тек қана тебіндеп жайылатын жылқы 
өсіруге ерекше көңіл бөлген. «Бұл даланың ерекшеліктері мынада: 
оның шөбі малға арпаның орнына жүреді, басқа елдерде мұндай 
ерекшелік жоқ. Онда малдың көптігі де сондықтан»,— деп атап 
өткен араб саяхатшысы Ибн Баттута.
Жылқы санының көп болуы əрқашанда байлықтың өлшемі, 
малшы билігінің экономикалық негізі болған. Кейбір жазба 
ескерткіштерде қыпшақтар елінде он мың  жылқы иеленгендердің 
көп болғаны жөнінде мəліметтер бар. Түріктердің жылқысы кли-
маты қатаң, жергілікті табиғи жағдайларға жақсы бейімделген еді, 
сонымен қатар сүтінің мол жəне еті мен майының сапасы жақсы бо-
луымен  ерекшеленді.  Түріктер  сиыр  жəне  қой  етінен  жылқы  етін 
артық көретін, ал бие сүтінен тамаша, шипалы сусын — қымыз дай-
ындайтын.
Жазба деректердің мəліметтеріне қарағанда асыл тұқымды 
жылқыларды өсіруге зор көңіл бөлген. Түріктер қой, жылқы 
шаруашылығымен бірге ірі қара өсірумен де айналысты, бірақ саны 
жағынан ол əлдеқайда аз болды. Сиырлар мен өгіздер көшкен кез-
де алыс қашықтықта көп жүрісті көтере алмайды. Мұның өзі түркі 
тайпаларының белгілі бір топтарының тұрақты қыстаулары бар жар-
тылай көшпелі тұрмыс салты болғанын көрсетеді. Этнографиялық 
зерттеулер көшпелілердің негізінен ең кедей бөлігі сиыр ұстағанын 
көрсетеді. Ірі қара көбіне жеуге пайдаланылды. Көшпелілердің Ба-
тыс Қазақстанға ілгерілеуіне қарай олардың жекелеген топтары 
түйе шаруашылығымен де айналысқан. Құмды жəне шөпсіз жерлер-
де түйе ең пайдалы да қолайлы үй жануары болды. 
Көшпелілерде аң аулау қосалқы кəсіп болды. Əл Джахиз «Көшпелі 
түріктер аң аулағанда, əсіресе қарақұйрықтар мен құландарды қуған 
кезінде ғажап төзімді»,— деп көрсетеді. Аң аулаған кезде  садақ пен 
жебеден басқа олар аңға құс салған, қоянды, түлкіні, тіпті қасқырды 
да итпен ұстаған. Аң аулаумен қатар өзен жағасында тұратындар 
балық аулаумен де айналысқан. Жалпы алғанда, аң аулау дербес 
сала болмай, шаруашылықтың негізгі түрі — мал шарушылығына 
көмекші ғана болған.
Егіншілік.  Қалалардың  өсіп  өркендеуі,  сауданың  дамуы,  ауыл 
шаруашылығы өнімдеріне сұранымды арттырған. Мұның өзі 
егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына себепкер болды. 
Жауын-шашынның аз болуына байланысты Қазақстанда егіншілік 
көбінесе суармалы негізде дамыды. Егін шаруашылығы елдің 
оңтүстігінде, Сырдария, Арыс, Бадам өзендері алқабында, Жетісуда, 
Іле өзені бойында біршама жақсы дамыды. Орталық Қазақстан 
егіншілікпен судың тапшылығына байланысты тек өзен алқаптары 
мен тау баурайларындағы жерлерде ғана шұғылданды. Елдің барлық 
жерлерінде егіншілік кəсіптері мал шаруашылығымен ұштасып 
жатты. 
IX—XII ғасырларда Отырар өңірі суармалы егіншіліктің орта-
лығы болды. Мұнда егістік көп тармақты суландырмалы жүйемен 
жабдықталды.  Су  жолы  Арыс  өзеніндегі  су  қоймасы  арқылы 
жүргізіліп, оның бір саласы Отырар қаласына келді, екінші саласы 
Құйрық төбе, Алтын төбе, Жалпақ төбе, Марданкүйік қалаларына 
барды. Отырарға баратын су жолы төңіректегі рабадтарды сумен 
қамтамасыз етіп, сонымен бірге қаланың солтүстігіндегі алқапты 
суландырған.  Ал  Сырдариядағы  су  жолы  Сауран  мен  Сығанақты 
жəне сол жағалаудағы Сүткентті, Аркөкті, Аққорған жəне Үзкентті 
сумен қамтамасыз еткен. Талас жотасының тау бауырларындағы 
жерді суландыру үшін Бадам, Сайрамсу, Арыс, Ақсу өзендерінің 
суы пайдаланылған. 
Жер кетпен тəрізді темір шоттар жəне темір, не шойын ұштары 
бар, жер жыртатын құралдармен /омаш/ өңделіп, егін темір орақпен 
орылған. Дəнді ұнтақтау үшін тас диірмендер қолданылған. 
Қолдан суару негізінде Жетісу тұрғындары астық өсіріп, жүзім 
шарушылығымен жəне шарап жасаумен айналысты, бақша жəне бау 
дақылдарын екті. Таудың төменгі етектерінде Талғар, Есік, Қаскелен, 
Үлкен жəне Кіші Алматы, Бақанас, Көксу, Лепсі өзендерінің орта 
жəне төменгі ағыстарының бойында да суландыру құрылыстары 
болған. Талас өзенінен Тараз қаласына тартылған су каналы арқылы 
қаланың айналасындағы бау-бақшалар суғарылған.
Қолөнер кəсібі. Қазақстан жерінде халықтар өздерінің даму 
дəрежесіне қарай қолөнер кəсібімен де шұғылданды. Құмыра 
жасаушылардың, ұсталардың, ағашқа, сүйекке, тасқа өрнек салушы-
лардың істеген заттарына халықтың сұранымы күшті болды. Саз 
балшық бұйымдар өндірісі ерекше дамыды. Отырар алқабында жəне 
Қаратаудың баурайларындағы қалаларда керамиканы өркендетудің 
қалыптасқан түрлері сақталған. Сырдарияның төменгі бойындағы 
қалалардан табылған саз балшықтан жасалған заттарда əсем 
өрнектер басым болды. Керамикадан кесе, тостаған, аяқ-табақтар, 
тағы да басқа ыдыстар жасалынып, сырты оюланып, неше түрлі 
қызыл, жасыл, сары, қоңыр түсті бояулар жалатылды. Аңдар мен 

54
55
құстар бейнеленген құйма ыдыстар тобы ынта қоярлық. Мəселен, 
Тараз қазбалары кезінде арыстан бейнеленген тамаша табақша 
шықты. Отырарда өсімдік ою-өрнегімен əшекейленген құмыра та-
былды. 
Орта ғасырдағы қалалық мəдениет. Қазақстан жерінде ежелден 
отырықшылық тарихи-мəдени ірі аймақтар, ал ортағасырдың орта-
сында қалалық мəдениет дамыды. Олардың бірі Оңтүстік Қазақстан 
мен Жетісу еді. Оңтүстік Қазақстанда Исфиджаб (Сайрам), Газгирд, 
Шараб, Будухкет, Отырар, Шавгар жəне Сауран тəрізді ірі қалалар 
бой көтерді. Исфиджаб сауда жолы өтетін орталық болды, мұнда 
көптеген тауарлар өндірілді, бұл жерден маталар, қару-жарақтар, 
мыс пен темір тасылды. «Исфиджаб,— деп жазды ортағасырлық 
авторлардың бірі,— Түркістан шекарасындағы Мəуераннахрдың 
үлкен де, ірі қалаларының бірі. Ол Азия елдерінің өркендеген жəне 
керемет қалаларының бірі, жері құнарлы, ағаштары көп, суы мол 
жəне ғажайып бақтары бар».
Талас алқабында ірі қала Тараз пайда болды. Ол VI ғасырдың 
өзінде-ақ белгілі болды. Тап осында Түрік қағаны Иштеми 568 
жылы  Земарх  бастаған  Византия  императоры  Юстиниан  II-нің 
дипломатиялық елшілігін қабылдады. Шежірешілер Таразды 
саудагерлер қаласы деп атаған. Ол түргештердің, сосын қарлұқтар 
мен қарахандардың астанасы болды. ХІ ғ. бірінші ширегінде ақша 
айналымының қалыптаса бастауына сай Қазақстандық екі теңге 
сарайы — Тараз жəне Испиджаб қалаларында болды. Қалалардағы 
ішкі сауда айналымында мыс (қола) теңгелер жүрсе, ал күміс теңге 
қалааралық ірі товар айналымын қамтамасыз етіп, қаржы жинаудың 
құралы қызметін атқарды. ХІ ғасырдың 70-жылдарынан кейін күміс 
құю тоқтатылып, айналымда оның орнына алтын қолданылды. 
Талас, Асса өзендерінің бойында, Тараз маңында Төменгі Барысхан, 
Жамукат, Жекіл, Бектөбе, Дех-Нуджикес, Адахкет, Текабкет, 
Шельджи, Жувикат жəне т.б. қалалар мен мекендер созылып жатты. 
Талас алқабынан Шуға дейінгі жолда Ақыртас, Құл-Шуб, Жұл-Шуб, 
Құлан, Мерке, Аспара, Нүзкет тəрізді қалалар орын тепкен. Тек VI-
XIII ғасырларда Шу алқабында соғдылар, сириялықтар, түріктер, 
парсылар мекендеген ірілі-ұсақты 25 қала болған. Бұл Харанжуан, 
Жұл, Навакет, Бунджикет, Құрмырау, Суяб, Баласағұн, Жоғарғы 
Барысхан қалашықтары. Іле алқабының ірі қалаларының қатары 
Тальхиз (Талғар), Қойлық, Дунгене, Алмалық (Алматы), Ілебалық, 
Көк-Тума сияқты қалаларды жатқызуға болады. 
VII—XIII ғғ. қала мəдениеті тек оңтүстікте жəне оңтүстік-
шығыста ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де дамыды. 
Сырдарияның төменгі ағысында Асанас, Янгикент, Сығанақ, Жент, 
Барлышкент жəне т.б. қалалар орналасқан. Орталық жəне Шығыс 
Қазақстанда, оның ішінде Торғай, Жыланшық, Кеңгір, Нұра, Жезді, 
Сарысу өзендерінің бойында жетпіс сегіз қаланың орны табылды. 
Нұра алқабында Ақсикент деп аталатын мейлінше ірі қала болған, 
Сарысу жағалауында Жұбаныш пен Ұлыбағыр, Торғайдың төменгі 
сағасында — Қаңлыкент, Қарақорым, Борсық қалалары болғаны 
белгілі. Ертіс өзенінің алқабында он алты қимақ қаласы кездессе, 
оның ішінде Хакан мен Хакан-Қимақ қалалары қағанаттың 
астанасы болған. Сол кезде қалалардың дамығанын сəулетті 
құрылыстардың болуы дəлелдейді. Тараз маңындағы Бабаджа-
хатун (X—XI ғғ.), Айша-бибі (XI—XII ғғ.) кесенелері, Тараздағы 
Қарахан кесенесі, Сырдарияның төменгі сағасындағы Сырлытам, 
Орталық Қазақстанның Домбауыл кесенесі ортағасырлық сəулеттік 
ескерткіштерге жатады. Қазақстан қалаларының сəулеті бұрынғы 
өткен заманның сəулет өнерімен тығыз байланысты. Үйлерді 
салуға  шикі  кірпіш,  құм,  ағаш  қолданылды.  Ірі  ғимараттар  мен 
бекіністердің сыртқы қабырғасы көбінесе күйдірілген сары саздан 
жасалған плиткалармен қапталды. Сөйтіп, орта ғасырда Қазақстан 
аумағында тек көшпелі өркениет қана дамып қойған жоқ, сонымен 
бірге отырықшылық, егін шаруашылығы, мал шаруашылығы мен 
қалалық мəдениет те дамыды, олар бір-бірін толықтырып, бір-бірін 
байытып, бір-біріне үлгі болған. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет