Лекциялар курсы Редакциясын басқарған



Pdf көрінісі
бет11/29
Дата03.01.2017
өлшемі1,82 Mb.
#1102
түріЛекция
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   29

                                                    алуының басталуы 
 
1. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын  қабылдауы   
    және оның салдары.  
2. Абылай ханның қазақ хандығын нығайту жолындағы қызметі. 
3. Кіші жүз қазақтарының патша үкіметінің отарлау шараларына қарсы  
    күресі. 
  
1. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын  қабылдауы  
             және оның салдары. 
 
Қазақ халқының тарихында XVІІІ ғасырдың басы аса бір ауыр кезең болды. Тәуке хан 
1718 ж. қайтыс болған соң қазақ жүздері арасындағы саяси және шаруашылық байланыстар 
әлсіреп,  билеуші  топтар  арасындағы  алауыздықтар  барған  сайын  үдей  түсті.  Тәуке  хан 
тұсында  бір  орталыққа  бағынған  Қазақ  хандығы  саяси  бытыраңқылыққа  ұшырады.  Белгілі 
орыс  тарихшысы  –  ғалым  А.И.Левшин  өзінің  “Описание  киргиз  –  казачьих  или  киргиз  – 
кайсацких орд и степей” деген еңбегінде  Қазақ хандығын Тәуке хан билеген кезеңді былай 
сипаттайды: «Тәукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. 
Қазақ  ордасының  Ликургы,  Драконты  –  сол  адам.  Тәуке  ала  ауыз  болып,  қырғынға  бөккен 
елді сабаға түсіріп, ру мен рудың арасындағы талай жылғы қантөгісті тоқтатты, ақылы мен 
әділдігінің  арқасында  жұрттың  бәрін  өзіне  мойынсұндыра  білді,  әлсіз  рулардың  басын 
қосып,  әулетті  дұшпанға  қарсы  қоя  алды,  күштілерді  тізеге  салып,  тәубәсіне  келтірді, 
баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты». 
Тәукеден  кейін  Қазақ  хандығы  іс  жүзінде  жеке-жеке  хандықтарға  бөлінді.  Жүздердің  
әрқайсысы жеке хан сайлауға көшті, ал ұлыстарды басқарып отырған сұлтандар сол хандарға 
тікелей бағынды. Жолбарыс Ұлы жүздің  (1720-1740 жж.), Қайып  (1716-1719 жж.),  сосын  
Сәмеке  (1719-1734  жж.)  Орта  жүздің,  Әбілхайыр    (1718-1748  жж.)  Кіші  жүздің  хандары  
болды.  Тәукенің  тағына  отырған  оның  баласы  Болаттың  (1718-1726  жж.)  Ұлы  хан  деген  
атағы  ғана  болды.  Саяси  тұтастығынан  айырылған  мемлекеттің  экономикасы  да  әлсірей 
бастады.  Жүздердің  арасындағы  шаруашылық  байланыстар  және    сыртқы  сауда-саттық  
үзіліп  қалды.  Қолөнер  мен  сауданың  орталығы  болған  Оңтүстік  Қазақстандағы  қалалар 

 
66 
құлдырады. Көшпелі және жартылай көшпелі аймақтармен отырықшы халықтың арасындағы 
байланыстың  әлсіреуі  халықтың  әлеуметтік,  мәдени,  психологиялық,  демографиялық 
жағдайын төмендетті.  
Осы  кезеңде  Қазақ  хандығының  сыртқы  жағдайы  да  шиеленісе  түсті.  Жоңғар 
шапқыншылығы  күшейді.  1690-1697  жж.  болған  Қытай  –  Жоңғар  соғысы  кезінде  ойраттар 
(жоңғарлар) біраз жерінен, адамынан (50 мың), малынан айырылды. Қытайға қарсы күресуге 
күші  жетпеген  Жоңғар  мемлекеті  соғыста  айырылған  байлықтарын  (адам,  жер,  мал)  Қазақ 
хандығының есебінен қайтаруға тырысты. Ал орыс мемлекеті болса Кіші жүз қазақтарының 
көш-қоныс  жерлеріне  жақындады.  Ұлы  жүз  бен  Орта  жүз  қазақтарының  жеріне  Орта  Азия  
хандықтары,  Еділ  бойындағы    қалмақтар,  башқұрттар  мен  Сібір  казактары  да  үздіксіз 
шабуыл жасап отырды.  
ХҮІІІ  ғасырдың  20-шы  жылдарының  соңы  мен  30-шы  жылдардың  басындағы 
жеңістердің  нәтижесінде  жоңғарлар  қазақтың  біраз  жерін  босатуға  мәжбүр  болады.  Әрине, 
қазақтың  барлық  жері  түгел  азат  етілмесе  де,  бұл  үлкен  жетістік  еді.  Қазақтар  осы 
шайқастарда  біріксе  ғана  біртұтас  күш  ретінде  елі  мен  жерін  қорғауға  шамасы  жететінін 
көрсетті.  Алайда,  Ұлы  хандық  билік  үшін  күрес  қазақтарды  тағы  бөлшектеді.    Ұлы 
хандықтан  үміткер  Кіші  жүзден  -  Әбілқайыр,  Орта  жүзден  -  Сәмеке    өздерін  елеусіз 
қалдырды  деп,  Аңырақайдағы  жеңістен  соң  шайқас  алаңын  тастап    кетіп  қалды.  Осы  ішкі 
алауыздықтарды,  қырқысуларды  пайдаланған  жоңғарлар  қазақ  жерлерін  басып  алу  үшін 
қайтадан  батысқа  қарай  жылжыды.  Осындай  қиын–қыстау  жағдай  Әбілқайыр  ханды  Ресей 
мемлекеті сияқты одақтас іздеуге мәжбүр етті.  
1730 жылы  жазда Әбілқайыр Уфа наместнигі арқылы Петербургке Сейітқұл Құндағұлы 
мен  Құтлымбет  Қоштайұлын  елші  етіп  жіберіп,    Ресей  империясының  бодандығына  
қабылдауды  өтінеді.  Тұтас  алғанда  Кіші  жүздің  Ресей  бодандығын    қабылдауының  
объективті    негіздерін жоққа  шығармай,    Әбілқайырдың    алысты  көздейтін    жеке  басының  
менмендігін,    оның  барған  сайын    айқын  көріне  түскен    қара  басын  ойлаған    мүдделерін 
естен  шығармау  керек  екенін  атап  өтеміз.    Хатында  Әбілхайыр  хан  Орта  және  Кіші  жүз 
қазақтарымен түгел Ресей бодандығын қабылдайтынын атап көрсетті.  
Еділ қалмақтарын, Қабарда княздігін, Грузин билеушілерінің жерлерін Ресей  құрамына 
қабылдау Сыртқы істер алқасы дипломатиялық қызметінің өрісін едәуір кеңейтті. Бұл жолы 
да Әбілхайыр ханның елшілігіне барынша құрмет көрсетілді. Оның Құтлымбет Қоштайұлы  
бастаған 7 адамнан тұратын елшілері құрметпен қабылданып, бағалы сыйлықтар тартылды. 
Әбілхайырдың өтінішін қабыл етудің себебі орыс патшасы І Петрдің  XVІІІ ғ. басында Қазақ 
хандығы  туралы  айтылған  пікірінен  белгілі.  Ол:    «…барлық  Азия  елдері  мен  жерлеріне 
кірудің  кілті  мен  қақпасы  дәл  сол  орданың  (Қазақ  хандығының)  өзі  ғана,  осы  себептен  де 
солар  арқылы  барлық  Азия  елдерімен  қатынасатын  жолымыз  болуы  үшін  қазақ  ордасы 
Ресейдің қол астында болу керек» деген еді. 
Осы  мақсатта  ол  қазақ  жеріне  1713-1720  жж.  бірнеше  экспедициялар  жібереді. 
Алғашқысын 1713 ж. кінәз Александр Бекович-Черкасский басқарды. 1715 ж. И.Д. Бухгольц 
экспедициясы  жасақталды.  І  Петрдің  И.Д.  Бухгольцке  арнаулы  жарлығында  оған  Тобылға 
бару  және  онда  аталған  губернатордан  1500  әскери  адам  алып,  солармен      Ямышев  көліне 
бару, онда қала жасап, аталған адамдарымен жаңадан салынған бекініс пен оның маңайына 
орналастыратын  жерге  жету  міндеттелді.  Осы  әскери  экспедиция  үшін  адамдар  Томскіден, 
Түменнен, Тарадан және төңіректегі қыстақтардан жинап алынды. Деректерге қарағанда, 70-
ке  жуық  әртүрлі  зеңбіректер  алынған.    И.Д.Бухгольцтің  қырдағы  жүрісінен  ойраттар  
қауіптенбеу  үшін  қонтайшы  Цеван-Рабтанға  алдын-ала  Сібір  губернаторының  арнаулы 
өкілдері  жіберілді.  1715  жылы  1  қазанда  экспедиция  Ямышев  көлінің  жағасына  жетіп,  сол 
жерде бекініс салды. 1716 ж. Омбы бекінісінің іргесі қаланады. 1717 ж. полковник П.Ступин 
экспедициясы  Ямышевск  бекінісінің  іргесін  одан  әрі  бекітеді,  1718  ж.  П.Северскийдің 
отряды Железинск бекінісін салады, ал В.Чередов басқарған екінші отряд Семей бекінісінің 
іргесін қалайды, 1720 жылы И. Лихарев экспедициясы Үлбі өзенінің Ертіске құятын жерінде 
Өскемен  бекінісінің  негізін  салады.  Ресей  мемлекеті  үшін  Қазақ  хандығы  «Азияға  кіретін 

 
67 
кілт  пен  қақпа”  ғана  емес,  ол  бірнеше  мың  халықтың  бейбіт  жолмен  империяға  қосылуы, 
Ресейдің  оңтүстік-шығыс  шекарасында  тыныштықтың  орнауы  еді.  Сонымен  бірге  Ресей 
қазақтар  арқылы  жоңғарлар  мен  башқұрттарға  күш  көрсетуге  немесе  әлсіретуге  мүмкіндік 
аламыз және Орта Азия халықтарын бағындыруға жеңілдік туады деп есептеді. 
1731  жылы  19  ақпанда  Ресейдің  патшасы  Анна  Иоановна  қазақтарды  Ресей 
бодандығына  қабылдау  жөніндегі  құжатқа  қол  қойды.  Бұл  құжатта  былай  жазылған: 
біріншіден, қазақтар патшаға берік болса және де салық төлеп тұруға уәде берсе, екіншіден, 
Ресей  азаматтары  қазақтарды  ренжітпесе,  қорлық  көрсетпесе;  үшіншіден,  қазақтарға 
біреулер шабуыл жасаса, Ресей империясы оларды өз азаматтарындай қорғаса, төртіншіден, 
тұтқынға  түскен  орыс  азаматтарын  қайтарып,  башқұрт  және  де  қалмақтармен  тату-тәтті 
боламыз деп қазақтар уәде беріп отырса, біз оларды Ресей империясының қол астына аламыз 
да, оның боданы деп есептейміз. Ал қазақтар, империяның боданы болған соң, өз жерлерінде 
Ресей бодандарына ешқандай қиыншылық жасамай, ренжітпей, тату-тәтті болуы қажет. 
Осы  грамотаны  қазақтарға  жеткізу  үшін  1731  жылдың  31  сәуірінде  Ресей  Кіші  жүзге 
Сыртқы  істер  коллегиясының  тілмәші  А.И.Тевкелев  бастаған  арнайы  елшілік    жіберді. 
Патша  үкіметі  А.И.Тевкелевті  қырғыз-қайсақ  ордасын  Ресей  бодандығына  келтірудегі 
міндеттері  белгіленген  Мемлекеттік  сыртқы  істер  алқасының  12  тармақтан  тұратын  
нұсқауымен  жабдықтады.    Бұл  құжат  дипломатиялық  миссия  үшін  іс-қимыл  бағдарламасы 
болды.  Онда Ресей елшісіне тек Кіші жүз қазақтарын ғана емес, бүкіл қазақ хандығын түгел 
бодандыққа өткізу  міндеті қойылған еді. Нұсқауда Ресей бодандығын қабылдау мәселесінде 
хан  төңірегінде  алауыздықтар  анықталған  жағдайда  дипломаттың  еркін  нұсқаулар  таңдау 
мүмкіндігі болды.   
Империяның  ішкі  губернияларына  неғұрлым  жақын  орналасқан  Кіші  жүзге  дипломат 
жібергенде үкіметте ол жөнінде жеткілікті ақпарат болған жоқ, тек Қазақстанның солтүстік-
батыс аудандары туралы Сыртқы істер алқасының кеңсесінде бәрі алдын-ала алынған, үзік-
созық  сипаттағы  мәлімет  болды.  А.И.Тевкелев  дипломатиялық  тәжірибені  қазақ  жерінде 
жүріп  жинақтады.  Нұсқауда    оған  қырғыз-қайсақтар  туралы  мәліметті  жазып  алу,  елдің 
орфографиясын,  халыққа  бодандықтың  ұнайтын-ұнамайтынын,  оның  көршілерінің  кімдер 
екенін,  өздері  зеңбіректер  құя  білетін-білмейтінін  зерттеу  міндеті  жүктелді.  Осы  нұсқау 
негізінде  А. И.Тевкелев күнделік–журнал жүргізген. 
Белгілі  тарихшы  Н.Маев  150  жыл  өткен  соң,  өзі  жинаған  деректер  негізінде  даладағы 
істің  жайы  туралы  да,  халықтың  салты  туралы  да,  тіпті  оның  тілектері  туралы  да  сенімді 
мәліметтері болмай, жорамалмен әрекет еткен үкіметтің көзқарасын сын көзбен бағалады.  
1731 жылы 5 қазанда А.И.Тевкелев Ырғыз өзеніндегі хан ордасы орналасқан Майтөбе 
сайына  келді.  Атақты  мейманды    бастап  жүруді  Әбілхайыр  хан  үлкен  баласы,  тәжірибелі 
жауынгер,  әкесінің  қызметін  түгелдей  қолдаған  Нұрмұхамед  Әли  Баһадүрге  (Нұралыға) 
тапсырды.  Алайда  Ұлы  даланың  тілі  де,  әдет-ғұрпы  да  жақын,  түсінікті  болған  бұрынғы 
татар мырзасының күрделі дипломатиялық мансабының алғашқы қадамдарының өзі көрнекті  
ақсақалдардың,  сұлтандардың зор  қарсылығына ұшырады. Олар  орысқа бодандық туралы 
естігілері де келмеді, «ханды соқыр тиын сияқты да көрмеді” тіпті  оны өлтіруге тырысқаны 
туралы  дерек  бар.  Осы  жағдай  Әбілхайырдың  Ресей  патшасына  елшілерді  билеуші 
топтармен  және  халықпен  ақылдаспай    жібергендігін    дәлелдейді.  Ал  Тевкелев  болса  өз 
басының  пайдасын  ойлап  келген  адам,  сондықтан  ол  өз  мақсатын  орындау  үшін  қазақтың 
кейбір  ақсақалдары  мен  билеріне  мол  сыйлықтар  беріп,  алдап-сулап  әрен  көндірген  деп 
жазады тарихшы С.Асфендияров. А.И.Тевкелев  күнделігіне 2 жылға жуық уақыт бойы үнемі 
өлім  қаупіне  бас  тіге  жүріп,    аштыққа  шыдап,  бүкіл  қабілетін  жұмсап,  бүкіл  орданы 
көндіргенін жазды. 
Бірінші болып бодандыққа Әбілхайыр хан ант берді, оған Бөкенбай ақсақал, содан соң 
Есет  батыр  қосылды.  Сол  арада  адалдыққа  27  ақсақал  ант  берді.  Сонымен  қазіргі  кейбір 
басылымдарда жазылып жүргендей бастапқыда антты 27 емес, ханнан басқа 29 адам бекітті. 
Бодандықты  қабылдаған  Әбілхайыр  Ресей  империясының  шығыс  шекарасын,  орыс 
көпестерінің  сауда керуендерін  қорғауға, орыс мемлекетіне әскери көмек көрсетуге, бағалы 

 
68 
терілерден    салық  төлеуге    уәде  берді.  Бірақ  бұл  уәделердің    бәрі  толық    орындалған  жоқ.  
Сонымен қатар Әбілхайыр патша өкіметінен  өз ұрпағында хандық биліктің қалуын,  іштен 
және  сырттан  қиындықтар  туа  қалған  жағдайда,    өзіне  тірек  және    қорған  болатын    Ор 
бекінісін  салуды  талап  етті.  Әбілқайырдың  бұл  талаптарына    патша  өкіметі  үлкен  мән 
бермеді,  себебі жоғарыдағы талаптар патша үкіметінің шығыс шекарасындағы  мүдделеріне  
қарсы келмеді.  Тіптен Хан ордасы  мен шекаралық аймақта  бекініс салу  Ресей үшін хандық 
бодандықты  нығайтуға  тиімді еді.  
1731  жылы  Кіші  жүз  бен  орыс  мемлекетінің  арасындағы  қарым-қатынас  осы  жылы 
Ресей  империясының  протекторатын  қабылдау  туралы  құжатқа  қол  қойғаннан  бастап  іс 
жүзінде  бекітілді.  Бұл  сонда,  қандай  қарым-қатынас?  «Протекторат  немесе  қамқорлық 
қатынастар  -  бастапқыда  күшті  және  әлсіз  мемлекеттердің  арасында  ерекше  хұқықтар  мен 
өзара міндеттемелер белгілейтін шартқа негізделген қатынастар. Оның  мәнісі  –  алғашқысы 
кейінгісін  қорғаса,  ал  кейінгісі  алғашқысына  егемендігін  сақтай  отыра  белгілі  қызмет 
көрсетеді”  дейді  Мұхтар  Құл-Мұхаммед  өзінің  «Орыс  энциклопедияларындағы  қазақ 
шежіресі»  деген  еңбегінде.  Протекторат  –  қорғаушы,  қамқоршы,  тірегі,  демеушісі. 
Протекторатын  қабылдау  –  күшті  мемлекет  әлсіз  мемлекеттің  қорғаушысы,  қамқоршысы, 
демеушісі,  арқа  сүйегіші,  тірегі  болады,  ал  әлсіз  мемлекет  сол  үшін  белгіленген  (келіскен) 
міндеттер  атқарып  отырады.  Басқаша  айтқанда,  Ресей  империясы  Қазақ  мемлекетін  (Кіші 
жүзді) сыртқы жаулардан қорғап, ішкі саясатына араласпай, қазақтардың егемендігін сақтап 
қалуға  мүмкіндік  жасауға  тиіс.  Әбілхайыр  ханның  Ресей  патшасына  жазған  хатына,  Анна 
Иоановнаның  қазақ  халқына  берген  грамотасының  мазмұнына  қарап,  бұл  тарихи  процесті 
Қазақстанның өз еркімен Ресей империясына кірді деп айтуға болмас. Кіші жүз басшылары 
Ресей  империясының  протекторатын  қабылдауы  немесе  оның  «боданы»  болуын  сұрауы 
тарихи  факт.  Алайда    «бодан»  (подданный)  қосылу  емес.  Ол  тату  болу,  бейбіт  қарым–
қатынас жасау, одақтасу, адал болу деген ұғымдарды білдіреді. 
Әілхайыр хан Ресеймен татулыққа жету арқылы таққа талас мәселесін шешуді ойлады, 
яғни  өзінің  билікке  жетуінің  бірден-бір  жолы  деп    үміттенді.  Екіншіден,  халықтың  ұзақ 
соғыстан  шаршағанын,  экономиканың  қансырағанын,  орыс  бекіністерінің  қаптауын,  орыс-
казак  станицаларының  салынуын    және    жоңғарлар  мен  Еділ  қалмақтарынан,  Орта  Азия 
хандықтарынан,  Қытайдан  келетін    қауіп-қатерлерді  ескере  отырып,  ол  Ресейден 
бодандықты  сұрауға  мәжбүр  болды.  Дәл  осы  сәтте  хан  тағына  лайықты  адам  «соғыс 
тәжірибесі  мол,  атағы  да,  абыройы  да  зор,  өктем  мінезді,  өркөкірек  Әбілхайыр  …»  болды 
дейді тарихшы Ж. Қасымбаев. Ал М. Мағауиннің пікірінше:  «… үш жүздің әскерлерінің бас 
қолбасшысы сайланып, өзінің ұйымдастырушылық дарын, қабілеті, жеке басының ерлігімен 
аты  шыққан,  оның  үстіне  тәжірибесі  мол…Әбілхайырдың  аға  хандықтан  үміт  етуіне  негізі 
бар  еді  …».  Тарихшы-ғалым  М.Қ.  Қозыбаевтың    пікірі  де  осы  мағынамен  ұштасады.  Ол: 
«Сол  бір  сәтте  төре  әулетінде  Әбілхайырдан  басқа  жан  жоқты.  Алайда  бақ  таласы,  тақ 
таласы,  жүздік  талас  нәтижесінде  бұл  мақсат  іске  аспады.  Әбілхайыр  хан  халық  бірлігін, 
оның болашақ тірлігінің өзіндік жолын іздеді …» дейді. 
Сонымен қатар Ресей патшалығы қазақ хандықтарын түгел өзіне қарату мақсатында бұл 
өлкеге бірнеше  экспедиция жасақтады. 1734 жылы  мамырда қырғыз-қайсақ экспедициясы 
құрылды. Көп кешікпей оны Орынбор экспедициясы деп атады. Ол экспедицияны сенаттың 
обер  хатшысы  И.  К.  Кириллов  басқарды.  Ол  өлген  соң  1737  жылы  Н.  Татищев  келді.  Бұл 
экспедициялардың  мақсаты  Кіші  жүз  және  Орта  жүздегі  ықпалды  Шыңғыс  ұрпақтарының 
бодандығын  нығайту  болды.  1740  жылы  Орынбор  бекінісіне  олар  қазақтың  беделді 
сұлтандарын  шақырып,  Ресейге  өздерінің  бодандығын  мойындауды  талап  етті.  Осы  жолы 
орта жүздің біраз сұлтандары Ресей бодандығын қабылдады.  Алайда, айта кету керек,  бұл 
жерде бодандық қабылдау тұралы  құжатқа қол қою рәсімі болған жоқ. Осыған байланысты  
айта  кететін  жәйт,  қазақ  билеуші  топтарының    бодандық  туралы  мәселеге    өте  селқос 
қарауында. Оған патшалық Ресей империясының қазақ билеуші топтарынан  ант алу рәсімін  
жиі қайталауы себеп болды. Мысалы: Әбілқайырдың өзі  үш рет ант берген. Әбілқайырдың 

 
69 
1742 жылы тамыздың  20-жұлдызында берген антының  1731, 1738 жылдардағы анттарының 
мәніндей құны болмаған.  
1740 жылы Қытаймен бейбіт бітім жасасқан жоңғарлар 1741 ж. Орта жүз қазақтарының 
жеріне  басып  кіреді.  Күтпеген  соққыны  қазақтар  қайтара  алмай,  Кіші  жүз  жеріне  қарай 
шегінуге мәжбүр болады. Әбілхайыр хан дереу Ресейден әскери көмек сұрайды. Бірақ Ресей 
империясы  көмек  көрсетпейді,  өз  азаматтары  (подданныйы)  ретінде  санап,  сыртқы  жаудан 
қорғамайды.  Бұл  жерде  Ресейдің  екіжүзді  саясаты  көрінеді  және  де  Орта  жүздің  Ресей 
протекторатын қабылдауы жай ғана сөз жүзінде қалып, ешқандай саяси мағынасы болмаған 
деп айтуға болады. Ресей империясы қазақ хандығының күшеюін немесе біртұтас болғанын 
қаламады. Себебі, ондай мемлекетті  бағындыру қиын болатынын түсінді. Сондықтан Ресей 
қазақ  билеушілерін  бір–біріне  айдап  салу  және  түрлі  сыйлықтар  мен  атақтар  таратып  өз 
мақсаттарына  пайдалану,  қазақ  жерін  Ресей  империясының  отарына  айналдыру  саясатын 
ұстанды.  Ресей  Әбілхайыр  ханды  патша  үкіметіне  түгелдей  тәуелді  ету  үшін    оның  ұлы 
Қожахметті  аманатта  ұстады.  Тарихшы  С.  Асфендияровтың    пікірі  бойынша  патшалық 
үкімет  Қазақстанға  достық  және  бодандық  туын  желеу  етіп,  жыртқыштық,  тонаушылық 
саясатты ұстанды.  
Патша  үкіметінің  Кіші  жүздегі  өз  ықпалын  күшейтуге  бағытталған  шаралары 
Әбілхайыр  ханды  қарсылыққа  мәжбүрледі.  1744  жылы  ол  қарақалпақтарды  шауып, 
Астраханнан Хиуа мен Бұқараға тауар алып бара жатқан көпестерді тонайды, 1746 ж. Ресей 
қарамағындағы қалмақтарға, сосын орыс шекараларына шабуыл жасайды. Жоңғар хандығы 
әлсіреген  кезеңде    қазақ  жеріне  орыстар  билігінің  таралуына  орай  бұл  мәселелер 
Әбілхайырдың  Орынбор  әкімшілерімен  жиі  өткізілген  қиын  келіссөздердің  нысанасына 
айналып,  егес,  күтпеген  түсініспеушіліктер  туғызды.  Осы  жағдай  Әбілхайыр  ханның  Ресей 
жағына  қатысты  бұрынғы  адал  және  ізгі  ниетті  көзқарасының  салқындауына  себеп  болды. 
Әбілхайыр  ханның  Ресей  билеушілеріне  қарсылық  көрсеткені  төмендегіден  көрінеді.  1748 
жылы  Әбілхайыр  ханды  Орта  жүздің  Барақ  сұлтаны  өлтіргенде  Ресей  империясының 
шенеуніктері  былай  деп  жазған:  «Әбілхайыр  хан  қаншалық  қиянат  жасаса  да,  басқаларға 
қарағанда бірінші болып императордың ұлы мәртебесінің қол астына кірген еді».  
Осы  жылы  патша  үкіметі  Кіші  жүздің  хандығына  Әбілхайырдың  баласы  Нұралыны 
бекітті  және  ол  Петербордан  Орынборға  әкелген  сыйлықтарға  ие  болды.  Патша  Анна 
Иоанновнаның  атынан  келген  тартулар    атап  айтқанда,  «татар  және  орыс  тілдерінде 
жазулары бар қылыш, бұлғын тон, қара түлкілі екі бөрік, мәуіті тон …», - дей келе, сонымен 
бірге  қасындағы інілеріне, анасына, старшын, бий т.б. сыйлықтарға «жалпы 3000 руб. ден де 
көп  қаржы  жұмсалды  …»,  -  дейді    В.  Витебский  «Неплюев    және  1758  жылға  дейінгі 
бұрынғы  құрамдағы  Орынбор  өлкесі»  деген  еңбегінде.  Ресей  мемлекетінің  бұл  ісі  қазақ 
мемлекетінің  ішкі  саясатына  араласуға  жағдай  жасау,  яғни  мемлекетті  бостандығынан, 
тәуелсіздігінен  айыруға  жол  бастау  еді.  Бұл  жерде  Ресей  империясының  дипломатиялық 
корпусы  үлкен  рөл  атқарды.  Мысалы:  Бекович–Черкасский,  Тевкелев  тәрізді  басқа  ұлт 
өкілдерінің  қазақ  жеріндегі  әскери–зерттеу  миссиясы  Ресейдің  қазақ  жеріне  ендеп  кіруіне 
мүмкіндік туғызды.  
ХVІІІ  ғасырдың  30-40  жылдары-ақ  Кіші  жүз  және  Орта  жүз  қазақтарының  Ресей 
протекторатын қабылдағанына  қарамастан, олардың бағынуы нақты болмады. Себебі, қазақ 
билеушілері  бұл  кезде  жоңғар  жаулаушыларымен  қырғи-қабақ  соғыста  еді.  Оның  үстіне 
Қазақстан  шекарасында  күшті  Цин  империясының  пайда  болуы  күрделі  саяси  жағдайдың 
тууына    және  қазақтардың  Ресей  ықпалынан  шығып  кету  қаупіне  әкеліп  соқты.  Жоңғар 
басқыншыларының  қазақ  жеріне    әлсін-әлсін  шабуылын  Ресей  үкіметі  тиімді  пайдалануға 
тырысты. Осыған орай Қазақстанның осы аймақтарын Ресей бодандығында ұстау шекаралық 
өкімет орындарының негізгі міндетіне айналды.  Ресей әскери күштері Қазақстанмен шекара 
аймақтарында  бекіністер  салуды  үдетті.  Ресей  империясы  ХVІІІ    ғасырдың  30-40  жылдары 
Қазақстанның  солтүстік-батыс  шекарасында  Верхнеяицкіден  Звериноголов  бекінісіне  дейін 
созылып  жатқан  Үй  бекініс–шебін  салды.  Оның  ұзындығы    770  шақырым  болды.  1752 
жылдың  жазында  генерал  С.В.Киндерманның  басшылығымен  11  бекіністен  тұратын 

 
70 
Новоишим бекіністі шебін салу басталды. Оның жалпы ұзындығы 662 шақырым болды. Осы 
бекіністі шептің ең бастысы Есілдегі Петропавл болды. Бекіністі шептің басты мақсаты Үй 
және Ертіс шептерін  жалғастыру болатын. Осы шептердің салыну салдарынан қазақтардан 
ені 50 шақырымнан 200 шақырымға дейін  жететін жер көлемі алынды. Ресейдің Қазақстан 
территориясына  экспанциясы  нәтижесінде  1752  жылдан  бастап  Ертістің  жоғарғы 
ағысындағы Үлбі,  Бұқтырма және Нарын бойындағы жерлердің Ресейге қосылғаны туралы 
ресми түрде жарияланды.  
Ресей  империясы  қазақ  жерін  отарлау  саясатын  барған  сайын  күшейтті.  Шекаралық 
өкімет билеушісі И.И.Неплюевтің “бөліп ал да билей бер“ принципіне негізделген идеялары 
мен  жоспарлары  қолданысқа  кірді.  Қазақ  руларының  Жайыққа,  Жайық  қалашығы  мен 
бекіністерге    жақын  жерлерде  көшіп  жүруіне    тиым  салу  туралы  1742  жылы  19  қазанда 
жарлық  шықты.    Кейін  ол  1756  жылы  толықтырылып,  түгел  Жайық  пен  Еділ  арасында 
қазақтарға көшіп-қонуға тиым салынды.  
1760  жылы    Өскемен  бекінісінен  Телец  көліне  дейін  бекіністер  салына  бастады.  1761 
жылы Өскеменнен Зайсанға дейін Бұқтырма шебінің бекіністері пайда болды. Осы алынған 
жерлерді  шаруашылықпен игерген кезде ғана бекітіп алуға болатынын түсінген шекаралық 
өкімет  орындары  бұл  аудандарға  ел  қоныстандыруға    белсене  күш–жігер  жұмсады.  ХVІІІ  
ғасырдың    60-жылдарында-ақ  Алтайға  Тобыл  губерниясынан  2  мың  шаруа  мен  әртектілер 
көшіріліп  әкелінді.  Сонымен  бірге  шекаралық  өкімет  органдары  қазақтарды  шекаралық 
аудандардан ығыстырып тастау жөнінде шаралар қолданды. 1755 жылы Сыртқы істер алқасы 
Сібірдің  өкімет  орындарына    қазақтар  “бұлайша  еркін  өту  олардың  дағдысына  айналмау 
үшін Ертістің оң  жағына өткізілмесін” деген нұсқау  берді. 1764 жылы қазақтардың Ертіске 
10  шақырымнан  және  орыс  бекіністерінен  30  шақырымнан  жақын  жерде  көшіп  жүруіне 
мүлде  тиым  салынды.  Осылай  1730-1740  жж.  Кіші  және  Орта  жүз  билеуші  топтарының 
Ресей  бодандығын  қабылдауы  нәтижесінде  солтүстік–батыс  Қазақстан  жері  Ресей 
империясының отарына айналды. 
 
2. Абылай ханның қазақ хандығын нығайту жолындағы қызметі. 
 
Абылай хан туралы көптеген дастандар, аңыз-әңгімелер, өлең–жырлар, тарихи деректер 
мен зерттеулер бар. Абылай ханды еске алғанда біз оны батыр, Орта жүздің сұлтаны, сосын 
Орта жүз және де бүкіл қазақ халқын біріктіріп, қазақ хандығын біртұтас мемлекет ретінде 
сақтап  қалып,  оның  Ұлы  ханы  болып,  өзіне  қазақтың  барлық  хандары    мен  билерін–
сұлтандарын  бағындыра  алғанын  және  де  саяси  қайраткер,  ақылды  қолбасшы,  дарынды 
мәлімгер, күйші екенін айтқанымыз жөн. 
Абылай  хан  бүкіл  өмірін  қазақ  халқы  (қазақ  елінің)  бостандығы,  егемендігі  үшін 
арнады.  Шоқан  Уәлиханов  «Қазақ  жерінде  Абылайдың  даңқы  аса  зор.  Абылай  заманы 
оларда  қазақтың  ерлік  заманы  болып  саналады»  деп  жазған  еді.  Абылайдың  шын  аты  - 
Әбілмансұр. 1711 жылы әкесі Көркем Уәли Түркістанға сұлтан болып тұрған кезде дүниеге 
келген.  Бұл  кезең  қазақ  халқы  үшін  өте  қауіпті,  ауыр  кезең  еді.  Үш  айдаһардың  (Жоңғар, 
Қытай,  Ресей)  ортасында  қазақ  мемлекетінің  жойылып  кету  қаупі  төніп  тұрды.  Қытай  мен 
Ресей жоңғарларды қазақ жеріне айдап салып отырды. Ауыр «Ақтабан шұбырынды, алқакөл 
сұлама» жылдары Абылай 12 жасында жауынгерлердің қатарына қосылады да, 22–де батыр, 
қолбасшы ретінде танылады. 
XVІІІ ғасырдың орта шенінде қазақ елін жаулардан қорғау үшін Абылай Ресеймен және 
Қытаймен  татулық,  достық  қатынас  сақтап,  олардың  қолдауы  арқасында  жоңғар 
басқыншылығын  талқандауды  жөн  көрді.  Ең  ірі  қауіп  жоңғарлардың  басқыншылығы 
екендігін түсінді. 1740 жылғы шайқаста Абылай қазақ жауынгерлерінің тікелей қолбасшысы 
болды. Қазақ әскері жоңғарларға қатты соққы берді. Жоңғарлар көп шығынға ұшырап, кейін 
шегінуге  мәжбүр  болды.  Абылай  қазақ  әскерлерін  ұйымдастырып,  жауға  қарсы  көтеріп, 
басын біріктіріп, негізгі әскери күшті жинап көрші мемлекеттерге қазақ хандығы біртұтас ел 
екенін  көрсетті.  Абылай  сұлтан  бұл  кезде  қазақтарды  біртіндеп  жоңғар  шабуылдарынан 

 
71 
құтқарып, елдің тыныштығын, халықтың тұтастығын, мемлекеттің егемендігін, тәуелсіздігін 
сақтап  қалуды  мақсат  еткен.  Бұл  мақсатты  іске  асыру  барысында  ол  Ресей  империясының 
1740  ж.  Орынборда  (тамыздың  28-і)  сұлтан  Абылай  «верным  добрым  и  послушным  …  и 
подданным  быть  …»  деп  Ресей  империясының  өкіметіне,  кейін  Қытай  мемлекетінің 
бодандығын  қабылдауға  мәжбүр  болды.  Тарихшы  –  ғалым  Н.  Мұхаметқанұлы  «XҮІІІ 
ғасырдағы Чин патшалығы мен қазақтардың қарым-қатынасы» атты мақаласында былай деп 
жазады:  «1755  ж.  Орта  жүз  ханы  Абылай  Чин  хандығының  елшілерін  күтіп  алған  кезде, 
оларға Чин хандығына бағынышты болу ниетін білдірді: «Ұлы мәртебелі патшаның орталық 
ойпатты  билеп  отырғанын  бұрыннан  естуші  едім,  арада  асқар  тау,  алып  өзендер  көп,  жер 
шалғай  болғандықтан  тарту-таралғы  апара  алмадық.  Міне,  бүгін  патшаның  құдіреті 
шалғайды  шарлап,  Ілені  сапырып,  Лама  дінін  көркейтті.  Қазақтар  мен  жоңғарларға 
тыныштық орнатылды деп қуанып отыр. Мен шын ниетіммен мәртебелі патшаға қараймын». 
Ал  бұл  туралы  А.Левшин  былай  деп  жазады:  «Жауын  сұсымен  де,  күшімен  де  сескендіре 
отыра, ол өз қалауымен біресе Ресейдің, біресе  Қытайдың бодандығын қабылдауға мәжбүр 
болғанымен шын мәнінде ешкімге де бой ұсынбаған тәуелсіз басшы болды».  
Екі  ірі  мемлекетпен  дипломатиялық,  сауда  қарым–қатынастарын  орнатып,  кезінде 
жоңғарлар  басып  алған  Алтай,  Тарбағатай  өңіріндегі  қазақ  қоныстарын  қайтарып  алды. 
Қазақтар  жаппай  ата-мекендеріне  орала  бастады.  Жоңғарлармен  күресте  халықтың  басын 
біріктіруде  ерекше  рөл  атқарды.  Абылай  сұлтан  өзінің  шебер  саясаткерлігінің  арқасында 
Ресей  мен  Қытай  сияқты  ірі  империяларды  өз  саясатымен  санасуға  мәжбүр  ете  отырып,  іс 
жүзінде елдің дербестігін, жерінің тұтастығын сақтап қалды. 
Абылай  өткір  ойлы,  терең  білімді  шешен  адам  болған.  Бірнеше  түрік  халықтарының 
және де парсы, қытай, орыс тілдерін жетік білген. 1741 жылы Абылай сұлтан жоңғарлардың 
қоршауында  қалып,  тұтқынға  түседі.  Тұтқында  болған  екі  жыл  ішінде  олардың  тілі  мен 
жазуын  үйреніп,  жоңғар  хандығының  ішкі  саяси  жағдайын  жіті  бақылап,  бұл  мемлекеттің 
күштілігі  –  мықты  орталықтанған  билікке  бағынуында  және  де  халықтың  бірлігінде  екенін 
түсінеді.  Абылай  сұлтан  және  де  бірге  болған  серіктері,  барлығы  отыз  бес  адам  қалмақ 
тұтқынынан  1743  жылдың  5-і  қыркүйегінде  елге  қайтып  оралады.  Абылайдың  тұтқындағы 
екі  жылдай  уақыт  ішінде  өзінің  қадыр–қасиетін  жоғалтпай  жоғары  ұстауы,  сөз  жүйесіндегі 
тапқырлығы мен батылдығы жауларын таңқалдырған. Қалдан Церен Абылайдың даналағына 
бас иіп, оған жоғары мәртебелі сый–сыяпат көрсеткен және де «ол (Абылай) заманынан жүз 
жыл  бұрын  ерте  туды,  бүкіл  әлемді  билеу  қолынан  келеді»  деп  тегіннен–тегін  айтпаған 
болар.  Осы  мәселеге  байланысты  орыс  деректерінде  былай  жазылған:  «Он,  Аблай,  от 
зюнгарцев  с  великим  награждением  отпущен,  а  именно:  дана  ему  палатка,  шитая  золотом 
шуба,  крытая  парчою  золотою,  палатка  железная  складная,  панцырь  и  прочее».  
Жоңғарлардың  қонтайшысы    Қалдан  –  Церен  «менің  ұлымды  өлтірген  сен  бе?»    -  дегенде 
Абылай  былай  жауап  берген  екен  «…  балаңды  өлтірген  мен  емес,  халық,  менің  қолым 
халықтың бұйрығын орындаушы ғана». Бұл оқиға туралы Үмбетей жырау «Бөгембай өлімін 
Абылай ханға естірту» атты жырында былай дейді: 
  «Өлтірем деп Қалдан хан 
  Орайына Шарыштың, 
          Сөзіне қарсы сөз айтып
          Жауаптастың, қарыстың. 
          Қапияда тұтылдың, 
          Қалмаққа бітеу жұтылдың,  
          Шешендік жолын тұтындың,  
          Үш ауыз сөзбен құтылдың …» 
ХҮІІІ ғ. 50-шы жылдары Жоңғар мемлекеті саяси дағдарысқа ұшырап, әлсіреп, ыдырай 
бастады. Бірақ, Абылай хан ол елді қырып шапқан жоқ. Себебі Қытай империясымен Қазақ 
елінің  арасында  буферлік  рөл  атқарған  Жоңғар  хандығының  мүлдем  жойылуы  неге  әкеліп 
соғатынын  Абылай  жақсы  түсінген.  Сондықтан  да  ол  қалмақ  халқының  Қытай 
басқыншыларына  қарсы  ұлт–азаттық  күресін  қолдады.  Бірақ,  қалмақтар  ауыз  бірліктен 

 
72 
айырылды,  соның  нәтижесінде  1756-1757  жылдары  Цин  империясы  Жоңғар  мемлекетін 
жойып, халқын қырып тынды. 
XVІІІ ғ. орта кезінен бастап Абылай қазақ елінің ерікті, іргелі біртұтас ел  болуын, ата 
қонысына  жайғасып,  бейбіт  еңбек  етуін  қалады.  Ол  елді  отырықшылыққа  көшіруді,  Үш 
жүздің басын қосуды,  туған Отанын жаудан қорғауды  мақсат етті. Абылай хандық құрған 
кезде  ханның  жанында  Кеңес  болған.  Оған  барлық  жүздердің  өкілдері  қатысып,  маңызды 
мәселелерді қарайтын және де бүкілқазақтық Құрылтай шақырылып, соғыс пен бітім, қоныс 
пен жайылым, дау мен дамай, басқа халықтармен арадағы сауда мен дипломатиялық қарым – 
қатынас мәселелері қарастырылып отырды.  
Ташкент, Ходжент, Сайрам, Шымкент, Созақ, Түркістан қалалары азат болған соң, яғни  
қазақ  хандығына  қайтадан  қарағаннан  кейін,  Үш  жүздің  бірлігінің  көрінісі  ретінде  ежелгі 
Түркістан қаласы қазақ мемлекетінің астанасы болып белгіленді. 
Мемлекеттің  тәуелсіздігін  сақтау  үшін,  басқыншылардан  елін  қорғай  алатын 
жауынгерлік қабілеті бар әскери күш жинап, оларды басқаратын тапқыр әскер басшыларын 
өзінің  қасына  жинай  білген  және  де  өзінің  жоғары  дәрежедегі  қолбасшылық  қасиеті  бар 
екенін көрсете алған. Орыс казактары салып жатқан бекініс, қамал–қалалардың маңындағы 
жайылымды жерлерден айырылып қалмау үшін, орыс мұжықтарынан қазақтарға егіншілікті 
үйретуге әрекет етті.  
Ал сауда–саттық жүргізу ісіне көп көңіл бөлгені де орынды еді. Бұрын айырбас сауда 
тек  Орынборда  ғана  жүргізілсе,  енді  1760-шы  жылдары  Троицкіде,  Семейде,  Қызылжарда 
жүргізілетін  болды.  Ертіс  өзенінің  сол  жағын  бойлай  шығысқа  –  Қытайға  қарай  «Абылай 
жолы» атты сауда жолы салынды. Қазақ хандығы мен Қытай арасындағы сауда–саттық биік 
дәрежеге көтерілді.  Тарбағатай мен Құлжада жәрмеңкелер ашылып, олар қазақтарға малын, 
қолөнер бұйымдарын Қытай тауарларымен айырбастауға мүмкіншілік тудырды және Ресей 
мен Орта Азия мемлекеттеріне де Қытаймен сауда қарым–қатынасын  орнатуға жол ашты. 
1771 жылы үш жүздің өкілдері жиналып Абылайды бүкіл қазақтың ханы етіп сайлайды. 
Оның  хан  атағын  Қытай  императоры  да,  орыстың  ақ  патшасы  да  бекітеді.  Ресей  патшасы 
Екатерина  ІІ  Абылайды  хандыққа  бекіту,  әйтпесе,  оған  әлдебір  нұсқаулар  беру  үшін  оны 
талай  рет  Петербургке,  не  Орынборға  арнайы  шақыртады,  алайда    Абылай  хан  ол  
шақыртуларға: «Мені үш жүзге хан қылып халқым сайлады, ендеше бұған қоса айрықша бір 
куәлік  алудың  қажеті  жоқ»,  -  деп  жауап  берген.  Шын  мәнінде  де  Абылай  ханның  тұсында 
қазақ мемлекеті өзінің ішкі, сыртқы  саясатын ешкімге жалтақтамай дербес жүргізді. Ол өз 
мемлекетінің дербестігін бәрінен де жоғары санады. 
Сондықтан,  Цин  империясы  Жоңғар  мемлекетін  қырып-жойып,  шауып  тастағаннан 
бастап Абылай бірнеше елшілер жіберіп, Қытай мемлекетімен бейбіт саяси қатынас орнатуға 
тырысты.  Қытай  империясы  бірнеше  қайтара  шапқыншылық  жасап,  қазақ  жерін  жаулап 
алмақшы  болды.  Қытай  мемлекетін  жеңу  оңай  емес  екенін  түсінген  Абылай  хан  онымен 
бейбіт келісімге келіп, сауда–саттықа жол ашып, оны Ресей империясына қарсы қолданған. 
Қытаймен бейбіт қарым–қатынасты өрбіте отырып, Абылай Ресеймен де қалыптасқан саяси 
және  экономикалық  қатынасты  үзбеген.  Ресей  империясы  қазақ  жерінің  шекарасына 
бекіністер, қамал–қалалар салып, оларды орыс казактарымен толық  жайғастырып жатқанда 
және де Жайықтың, Ертістің тағы басқа өзендердің жағасына қазақтар малын жаюына тиім 
салу  жөніндегі  жарлықтарын  шығарғанда  Ресеймен  жағдайды  шиеленістіруге  бармай, 
мәселені  дипломатиялық  жолмен  шешуге  тырысты.  Ресей  патшалығының  отаршыл,  басып 
алу саясатының құрбаны болу қаупі тұрғанын сезді. 
XVІІІ ғ. 70-шы жылдары Түркістан аймағында тұратын қазақтарды қырғыздар шауып, 
мал-жандарын  айдап  әкетіп  отырады.  Қазақтар  Абылайдан  өздерін  қорлықтан  құтқарып, 
қорғауды  талап  етеді.  1779  жылы  Абылай  әскерлері  қырғыздарды  талқандап,  басшысы  – 
Садырбаланы  тұтқынға  алады.  Қырғыздар  келісімге  келіп,  бітім  жасауды  өтінеді.  Сосын, 
Түркістан,  Сайрам,  Шымкент,  Созақ  қалалары  босатылады,  ал  1781  жылы  Ташкентті 
бағындырады, оны алым–салық төлеп тұруға міндетті етеді. Абылай хан «… өзі әулет басы 
ретінде  рубасыларының  ғұрпы  бойынша  өмір  сүру  үшін  Түркістанда  қалды.  Сонда  1781 

 
73 
жылы  дүние  салып,  мүрдесі  Қожахмет  Яссауидің  мешіті  алаңына  жерленді»,  -  дейді    Ш. 
Уәлиханов. 
Абылай  хан  мемлекеттің,  қазақ  халқының  жағдайын  шұғыл  түзеді.  Абылай  кезеңі 
тарихта  ең  бір  елеулі  кезең  болды.  Жау  қуылды,  халық  өз  жерінде  емін  –  еркін  тұрмыс 
құрды,  бірлікке,  ұйымшылдыққа  негізделген  хандық  билігі  құрылды.  Солай  бола  тұрса  да 
Абылай  хан  көзі  тірісінде  Қазақ  елінің  мемлекетінің  тұрақты  болуының  тарихи  жағдайын 
жасап үлгермеді. 1781 жылы Абылай хан дүние салғаннан кейін еліміздің тұтастығы ыдырап, 
Қазақстан тәуелсіздігінен айырыла бастады. 
 
Абылай хан – XVІІІ ғасырдағы тарихымыздың аса ірі тұлғасы. Ол туралы орыс ғалымы 
А. Левшин былай дейді: «Абылай тәжірибесі, ақыл – айласы жағынан болсын, қол астындағы 
халқының  саны,  күші  жағынан  болсын,    сондай-ақ  өзінің  Ресей  патшалығымен,  Қытайдың 
боғда ханымен жүргізген тапқыр, шебер қатынастары жағынан болсын өз тұсындағылардың 
бәрінен де басым еді. Ол ұстамды, досына мінәйім мінезді, жауына қатал, қаһарлы кісі еді. 
Сондықтан жұртты өзіне тарта, ерте білетін еді».  
Бұл  жерде  Абылай  ханның  XVІІІ  ғасырдан  күйі  жеткен  санаулы  күйшілеріміздің  бірі 
екенін  айта  кеткен  жөн  болар.  Себебі  қазақ  қоғамында  күйдің  алар  орны  айрықша,  ең  мол 
дерек  көзі  күй  тілінде  және  күй  аңыздары  түрінде  сақталған.  Абылай  ханның  күйлерінің 
тақырыбы  нақтылы  өмір  құбылыстарына  арналған  және  де  ел  қамы  мен  халық  тағдыры 
жөнінде толғанған ойларын сипаттайды. Абылай ханның күйлері туралы Ш. Уәлиханов, А. 
Затаевич  сияқты  ғалым–зерттеушілер  кезінде  жазған.  Олар:  «Ақ  толқын»,  «Бұлан  жігіт», 
«Дүние  қалды»,  «Қайран  елім»,  «Қоржын  қақпай»,  «Жетім  торы»  т.б.  «Бұл  күйлердің  бәрі 
күні осы уақытқа дейін Абылай ұрпақтарына сонау бір даңқты кезеңдерді елестетеді» дейді 
Ш.Уәлиханов.  
Абылай  ханның  алға  ұстаған  саясаты,  мақсаты  –  қазақ  халқының  бостандығы  мен 
бірлігі, мемлекеттігі мен тәуелсіздігі еді. Алайда ол дүние салғаннан кейін қазақ мемлекеті 
қайта  бөлшектеніп  ыдырай  бастады.  Ресей  империясы  қазақ  жерін  отарлауды  қызу  қолға 
алды. Оны іске асыру  әр түрлі жолдармен  іске асты, яғни әскери шеп бекіністер салу, қазақ 
жерін тартып алу, хандық билікті жою, рухани отарлау және т.б.  
Абылай кезінде қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы жақсарды. Қазақ 
халқы бірлікке, тәуелсіздікке, бейбіт өмірге ұмтылды. Абылай сұлтан болған кезінде ақыл–
айласымен, сабырлы салмақтылығымен маңайына Төле би, Айтеке би, Қазыбек би, Байдалы 
би,  Сасық  билерді,  Қаракерей  Қабанбай,  Қанжығалы  Бөгенбай,  Шақшақұлы  Жәнібек, 
Шапырашты Наурызбай т.б.  батырларды, Бұхар жырау, Ақтамберді жырау, Үмбетей жырау 
сияқты  сыншы-жырауларды  топтастыра  білді.  Абылай  ел  арасында  аса  зор  беделге  ие 
болған. Қазақ халқының басқа халықтармен терезесі тең дамуы үшін жан аямай арпалысқан 
хан.  Көзі  тірісінде-ақ  аты  аңызға  айналған  Абылай  деген  ат  тәуелсіздік,  бостандық,  бірлік, 
ерлік, азаматтық, мемлекеттік тәрізді  ұғымдармен бірге айтылатын болды. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет