Литературные теории в поэтическом мире джона китса


ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВТЫҢ «ТАҢҒАЖАЙЫП ДҮНИЕ» РОМАНЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ



бет12/77
Дата15.12.2022
өлшемі1,4 Mb.
#57447
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   77
Байланысты:
СТАТЬИ ВСЕ

ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВТЫҢ «ТАҢҒАЖАЙЫП ДҮНИЕ» РОМАНЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Ақберді Ж.Е. - Қт-21-1 тобының студенті


Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., аға оқытушы Баймыш Л.Қ.
ОАИУ

Резюме. В статье рассматриваються историческая происхождения романа «Прекрасный мир» автора Қабдеш Жұмаділова


Summary. This article considers about the origin of novel «Wonderful world » by Kabdesh Zhumadilov

Жазушы болу - жан азабы. Жазушы болу - ұлы мұрат жолында үлкен жауапкершілік сезімін арқалау, айта берді, ел мен жер алдында азаматтық арыңа ақау түсірмей өту. Егер осының барлығын өз жүрегіңізден өткізе алсаңыз, ғұмырлық ұстанымыңызға адал бола алсаңыз ғана шын жазушы бола алғаныңыз. Олай болмаса, киелі сөз тұлпары сізге жалынан да сипатпайды.


Өйткені ақиқатпен өмір бойы бетпе-бет келесің. Ал, бұл дегенің - қылыш жүзіңде ғұмыр кешу деген сөз. Негізі, шын жазушы мен жалған жазушының айырмасы да осында болса керек. Ақиқат, шындықты пір тұтып, адамгершілікті ту етіп, ұлттық мүддеге қызмет еткен жазушылардың қай ел, қай қоғамда болсын, тартқан тауқыметі мен арқалаған азабы ауыр болған. Өмірдің, қоғамның, адамның шындығын көркем әдебиеттің тілінде жеткізе айтып, жазуың керек. Оның аты көркем шындық деп аталады.
Қазақ көркем ойының көкжиегі кеңейіп, әлемдік өркениетке терезе ашқан тұсы - ол аумалы-төкпелі аласапыран оқиғаларға толы кешегі өткен 20 ғасыр. Дәл осы ғасырда қазақтың көркем әдебиеті барлық жанрда ірге жайып, озық елдер әдебиетімен терезе теңестіре алатын шын мәніндегі кәсіби әдебиет деңгейіне көтерілді. Қазақ әдебиетінің «алтын дәуірі» аталған осы кезеңде алабөтен мінез таныта келген «алпысыншы жылғылар» әдебиетте тұтас толқын әкелді. Айтып-айтпай не керек, осы толқынның қазақ әдебиетінде ұлттық сананың оянуы мен тарихи сананың жаңғыруына сіңірген еңбектері зор екені рас. Осы буыннан кейін сең бұзған тұтас толқын ақын-жазушылар тәуелсіздікке дейін де, тәуелсіздіктен кейін де болған жоқ. Сондығынан болар, өздері шеттерінен «мінезді» келеді.
Қабдеш Жұмаділовтің өмір жолы бұралаң-бұлтарысты, тіпті қатерлі кезеңдерден тұрды. Алпысыншы жылдар Кеңес Одағында демократияның лебі ескен жылымыққа толы болса, Қытайда, керісінше, Мао Цзе Дунның қызыл терроры миллиондаған адамдардың тағдырын ойрандаған өмір мен өлім белдескен арпалысты кез болатын. Сондай сұрапыл қанды қырғыннан сәтімен жол тауып шыға білген болашақ жазушы, енді сол өзі көзбен көрген трагедияны жазуға мықтап бел буды. Өйткені тағдыр оның иығына сондай ұлы миссияны жүктеген болатын. Бұл қаншалықты қиын да азапты болғанымен, тек Жұмаділовтің ғана маңдайына бұйырған бақыт еді. Себебі, азамат үшін өзіңнің туған еліңнің, жұртыңның, ұлтыңның алдында абыройлы қызмет атқарудан артық қандай бақыт болсын[1.126]
Қабдеш Жұмаділовтің жазушылық жолы да тақтайдай түзу болған жоқ. Империялық саясат, қасаң идеология, қырағы цензура, қызылкөз белсенділер жазушының жолына кедергі жасаудай-ақ жасады. Соның бәрінен де жазушылық таланты мен қайсарлығының арқасында жеңіп шығып отырды. Ресми билік қасақана елемегенімен, қарапайым оқырман қауымның жазушыға деген ықыласы ерекше жоғары болды. «Соңғы көштің» жарыққа шығуы жазушы есімін дүйім дүниеге мәшһүр етті. «Соңғы көш» социалистік реализм қалыбына сыймайтын шығарма болғандықтан, бұл роман әдеби сыннан да, ресми билік тарапынан да өз уақытында әділ бағасын ала алмады. Бұл туралы жазушы Әкім Тарази 1989 жылы «Жазушы» баспасынан жарыққа шыққан Қабдеш Жұмаділовтің екі томдық таңдамалы шығармалар жинағына жазған алғы сөзінде былай дейді: «Қабдеш творчествосында «Соңғы көш» дилогиясының алатын орны ерекше. Осы күнге дейін әділ бағасын ала алмай келе жатқан бұл шығарма - шынайы толғақтан, нағыз жан мен тәннің жарасынан туған асыл дүние. Жазушының жаны мен тәніне түскен жаралардың тыртығы ақ қағаздың бетін ғана тырнап қойған жоқ, оқырманның жүрегін де осқылады. Дилогияны оқыңыз, қайталап оқыңыз, сонда сіз Қабдештің талантына ғана бас иіп қоймайсыз, оның төтенше тағдырына да тәнті боласыз. Соншалықты алапат, сұрапыл сәттерді автордың өз басынан кешіргеніне күмәніңіз қалмайды. Өз басым, оқырман ретінде «Соңғы көшті» қазақ әдебиетінің мәуелі бағында оқыстан бой көтерген, бізге бейтаныс та, құнарлы топырақтан нәр алған зәулім шынар деп қабылдаймын. Бұл дилогия тек автор талантының ғана өресін танытатын шығарма емес, ол - бүгінгі әдебиетіміздің төбелер, жоталар, таулар жүйесінде беделді ориентир шыңдардың бірі». Өте әділ айтылған пікір. Жалпы, «Соңғы көш» туралы қазірге дейін осыдан асырып ешкім айта қоймаған сияқты. Ресми билік «Қазақ-совет әдебиетінің төл шығармасына жатпайды», - деп, әдейі жолын кескенімен, халықтың ықыласына шектеу қоя алған жоқ. Шын жазушы үшін ең үлкен сыйлық та, баға да биліктен емес, халықтан келеді.
Қабдеш Жұмаділов - Қазақстанның халық жазушысы. Бұл атақты оған биліктен бұрын халық берді. Өзге халық жазушыларынан оның есімінің бөлектеу аталатыны сондықтан. Олай дейтініміз: Жұмаділов қаламынан туған қай шығармасын алсаңыз да, елдік, ұлттық мүддені мұрат еткенін аңғарасыз. Он екі томдық «Таңдамалы шығармалары» мен кейінгі шыққан жаңа әңгіме- повестер топтамасын оқып отырғанда, оның қаламына қанат бітіріп, өлмес өміршең шығармалардың дүниеге келуіне себеп болған құдіретті күш, ол тек өз ұлтына деген шынайы махаббат екеніне көзіңіз жетеді. Әлемде ұлы жазушылар көп болғанымен, шынайы ұлт жазушыларының аз болатыны жазушы бойында ұлттық рухтың жетіспеуінен, өз ұлтының өткен тарихын терең зерделемеуден, ұлттың қуанышы мен шаттығын, қайғысы мен қасіретін жан жүрегімен сезіне алмаудан болады. Қабдеш Жұмаділовтің өзге әріптестерінен оқ бойы озықтығы оның шығармаларында ұлттық рухтың басымдығында. Сол «Соңғы көштен» бастап, «Қыл көпірге» дейінгі романдарында тек қана ұлт тағдыры сөз болады. Ал, бұл дегеніңіз - шынайы ұлт жазушысының ғана қолынан келетін ерлік.
Қабдеш Жұмаділовтің өзі бір сөзінде «Ұлттан тыс тұратын жазушы болмайды», - деген еді. Осы сөздің ақиқатын жазушының он екі томдық таңдамалы шығармаларын зейін қойып оқыған адам жақсы түсінеді. Ал отар елде өмір сүріп, ұлттың мұңын мұңдап, сөзін сөйлеп, тұтас шығармашылық ғұмырын сол ұлы мақсатқа бағыштап өту - нағыз қас таланттардың қолынан ғана келетін ерлік. Қабдеш Жұмаділовтің жазушы ретіндегі бақыты, міне, осында.
Егер «Соңғы көшке» қайсыбір кеңестік идеологияның сойылын соққан сұрғылт роман-трилогияларға жасалған насихаттың жартысы бұйырғанда, қазақ әдебиетіне үлкен олжа әкелген болар еді. Бірақ шын жазушы үшін өзгенің емес, өз ұлтыңның жүрек төрінен жол табудан артық не бар? Сондықтан да ол жалған атақ қуып, «Әлемнің әлдекімі...» болғаннан, «Қазақтың Қабдеші» болғанды артық көрді.
Тәуелсіздік жылдары Жұмаділов қаламының қарымы тіптен асқақ естілді. Тәуелсіздіктен бергі кезеңде жазушы қаламынан «Дарабоз» роман- диология, «Прометей алауы», «Қыл көпір» романдары мен тағы қанша әңгіме, повестер туды. Мұның сыртында тәуелсіздікті бекемдеу жолында ел мен жер, ұлт тағдырына арналған тұтас бір том мақалалар жазылды. Сол бір том мақаланың әрқайсысы - бүгінде билік тұтқасында отырған ресми идеологтардың қиялына кіріп шықпаған дүниелер және барлығы да өз уақытында жазылғаны қуантады. Қазіргі кезде біреулер жарапазан айтқандай жалаулатып жүрген ұлттық идеология туралы алғашқы болып айтқан да, жазған да Жұмаділов болатын. Бірақ соны кезінде тыңдаған ешкім болған жоқ. Ол туралы жазушы бірде былай деп жазды: «Сенің жазғаныңнан ештеңе өзгермейді, соны біле тұра, кейде өзіңнің арың үшін жазатын кез болады. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осы мәселе талқыға түскенде, Жұмаділов те өмір сүріп еді ғой. Ол кісі бұған қалай қарады екен?» - деп біреулер сұрайтын секілді. Сондай кезде ұрпақ алдында аруағымыз күңіренбесін дейміз». Бұл ретте айта кетер бір жайт: Қабдеш Жұмаділовтің тәуелсіздік шежіресін көркем әдебиетте бірінші болып жасаған қаламгер екені дау тудырмайды. Тек тәуелсіздіктен кейінгі кезең емес, жалпы қазақ халқының жауынгерлік, ұлттық тарихының төрт ғасырлық шежіресін жасай білді. Дәлел керек пе? «Дарабоз» - он сегізінші ғасыр, «Тағдыр», «Прометей алауы» - он тоғызыншы ғасыр, «Соңғы көш», «Атамекен», «Көкейкесті», «Сарыжайлау», «Таңғажайып дүние» романдары мен тағы қанша әңгіме, повестер - жиырмасыншы ғасыр.
«Қыл көпір» романы кейінгі жылдары жазылған тұтас үлкен екі томды құрайтын әңгіме, повестер жаңа жиырма бірінші ғасыр оқиғаларын арқау еткен. Осы аталған шығармалардың барлығы - тек қазақ ұлтының басынан кешкен тауқыметті, тарихын сөз ететін шыншыл реализм туындылары. Бір жазушы үшін осынша дүние жазудың толағай табыс екені - дау тудырмас ақиқат. Жазушы еңбегі ресми билік тарапынан да ескерусіз қалмады. Бәрібір мойындалды. Бүгінде ол - М.Әуезов атындағы республикалық сыйлықтың, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың және тәуелсіз «Тарлан» платина сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы «Парасат» орденінің иегері. Осы атақтардың барлығы - жазушының мемлекет пен халық алдында сіңірген ұзақ жылдарға созылған шығармашылық еңбегіне берілген баға. Жұмаділов өзге біреулер секілді атақ қуған жоқ. Атақ оның өзін іздеп тапты.
Қабдеш Жұмаділов шығармашылығының негізгі бір арқауы диаспора тақырыбы екені қазақ оқырманына жақсы таныс. Ол - бұл тақырыпты алғаш ашқан жазушы. Бүгінде бұл салада Жұмаділовше жазатын жазушылар пайда бола бастады. Нақтырақ айтқанда, қазақ әдебиетінде Қабдеш Жұмаділов мектебі қалыптаса бастады. Бұл әсіресе шекараның арғы бетінен келген жазушылардың жазу мәнерінен айқын аңғарылады. Ал «Дарабоздың» сыңарындай болып келетін жасамыс және егде жазушылардың қаламынан туған романдар да жоқ емес. Оны аз десеңіз, «Дарабоздағы» жазушы қиялынан туған кейіпкерлер мен ойдан қиыстырылған оқиғаларды сол қалпында көшіріп, кітап жазған жазушылар да кездесті.
Бір айта кететін жағдай: Жұмаділов шығармаларын мұндағы оқырман мен шекараның сыртындағы оқырманның қабылдауы - екі басқа. Жетпісінші жылдары жарық көрген «Соңғы көш» Шыңжаң қазақтарына күні бүгінге дейін толық жеткен жоқ. Жазушы үшін бұл да - бір өкінішті жағдай. Бірақ роман шығар-шықпаста-ақ шамкөс Қытай билігінің үстінен бомба түскендей тулағандары белгілі. Жетпісінші жылдардың орта шенінде Шыңжаң өлкелік партия комитетінің арнайы қаулысымен роман маман аудармашылардың ұжымдық аударуында жедел түрде қытай тіліне аударылады. Бұл кез Қытайда атақты мәдени революцияның ең шырқау шегіне жеткен кезі болатын. Дәл сол тұста Мао Цзе Дунның қызыл терроры салтанат құрған Қытай қоғамын жіліктеп талдап, жеріне жеткізіп әшкерелеген «Соңғы көш» секілді кең тынысты эпикалық роман Қытайдың өзінде де, өзге жерлерде де жазылған жоқ. Тек мәдени революция аяқталып, Мао өлген соң, қытай жазушысы Бәй Хуаның «Өкініш» деп аталатын киноповесі қытай қоғамын әшкерелеген шығарма ретінде ресми билік тарапынан қатты сынға алынып, шетелде біраз дабыра тудырды[1.88]
Миллиондаған тағдырларды ойрандаған, тарихи деспотизм жайлаған қатыгез қытай қоғамы мен оның озбыр билеушілерін әлем алдында масқара етіп әшкерелеген сол кездегі небары 34-35 жастағы жас қазақ жазушысы бүгінде жетпіс бес жастың жотасына көтеріліп отырған қазіргі қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Қабдеш Жұмаділов болатын. Егер Жұмаділов осы «Соңғы көштен» кейін ештеңе жазбаса да, қазақ әдебиетінің классигі болып қалатын еді. Сол тұста Қытайдың қорғаныс күштерінен тыс, ауыл шаруашылығымен айналысады деген жалған желеумен, құрылысшы он дивизияны Шыңжаңға әкеп орналастырған Қытай билігі көршілес Кеңес Одағынан қатты сескенетін. «Шыңжаңға басты қауіп Совет одағынан, соның ішінде Орталық Азиядан» дейтін Маоның қанатты сөзін Құран тәпсіріндей көретін Қытай билеушілері «Соңғы көшті» оқып шыққаннан кейін Қабдеш Жұмаділовтің бұл «қылмысын» кешіре алмады. Қажет десеңіз, күні бүгінге дейін солай. Ал қазақтан шыққан шолақ белсенділер қазір де Жұмаділовті су ішкен құдығына түкірген, арттағы елге топырақ шашқан деп қыжыртады. Ондай өркөкірек топастар осы күні Қазақстанда да бар. Тәуелсіздік жылдары шекара асып келген ағайынның арасында да Жұмаділовтің Қытайдағы аз ұлттардың көрген қиянатын, қытай отаршылдарының озбыр саясатын әшкерелеп шығарма жазуын «отанға жасаған опасыздық» деп білетін, «отаншыл патриоттар» Жұмаділовке қарсы күрес ашқандарына да біраз болды. Арғы бет пен бергі беттің батыраш-қотыраштары тізе қосып, тіресіп-ақ жатыр. Бірақ арам тірліктерінен ештеңе шықпай-ақ қойды.
Қазақ топырағы әлі талай дарындарды тудырар, бірақ Қабдеш Жұмаділов қазақ әдебиетінде бір өзі бүкіл бір ұрпақтың жүгін жалғыз арқалап, төңкеріс жасаған дарабоз дарын ретінде Хан Тәңірі биігіндей боп мәңгі қалады. Ол қазақ әдебиетінде ұлы Әуезовтің мектебін жалғастырды. Жұмаділов шығармашылығынан өзге мін таба алмаған қызылкөз ағайын оны Әуезовше жазасың деп кінәлайды. Әуезовтің алдын көрген шәкірттері қазақ әдебиетінде, құдайға шүкір, баршылық. Бірақ солардың арасында Әуезовке бір табан жақын тұрған - Жұмаділов қана. Оның ең үлкен бақыты да сонда. Әуезовті бойына сіңіре білмеген, оның телегей-теңіз сөз дариясынан қанып ішпеген базбір жазушылардың шығармаларын оқып отырғанда, сіңір шайнағандай боласың. Иә, бір жазушының екінші бір жазушыға ықпалы болатыны - әлем әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де бар мысал. Орыс әдебиетінде Толстой мен Достоевскийден үйренбеген жазушы бар ма? Тіпті сол ұлы орыс әдебиетінің арғы жағында француз әдебиеті тұрған жоқ па? Гогольдің шинелінен шыққан қаншама орыс жазушысы бар. Оны аз десеңіз, бүгінгі әлемді аузына қаратып отырған жер шарының нөмірі бірінші абыз жазушысы саналатын Гавриил Гарсия Маркес те Франс Кавканың жалғасы емес пе. «Құбылуды» оқыған соң, осылай да шығарма жазуға болады екен-ау деп, жазушылықтың жаңа жолына түстім демейтін бе еді». Демек, ұстаз Әуезов пен шәкірт Жұмаділов арасындағы өзара үндестікті осы тұрғыдан қарастырған дұрыс. Бұл ретте Әуезовті қалай қадір тұтатынын Қабекең өзі де талай рет айтып, жазды да.
Жұмаділов - досы да, дұшпаны да шартсыз мойындаған жазушы. Осыдан бес-алты жыл бұрын «Қазақстан» телеарнасында «Шынның жүзі» дейтін бір жақсы хабар болатын. Сол хабарға қатысып отырып, марқұм жазушы Сәкен Жүнісов ағамыз журналистің: «Қазіргі Қазақстандағы ең мықты жазушы кім?» - деген тосын сауалына ойланбастан: «Қабдеш», - деп жауап берген еді. Кейін Астанадағы өз пәтерінде Сәкен ағамызбен оңаша отырып, екеуара сағатқа жуық әңгімелескеніміз бар. Алғашқы, әрі соңғы кездесуіміз де сол болды. Сол жолы жоғарыдағы сөзін есіне салған едім. Сонда Сәкен Жүнісов: «Қазақстанда үш-төрт мықты жазушы бармыз, Қабдеш - соның ішіндегі мықтысы», - деді. Бүйенінде шынтақ айналмайтын қызылкөз қызғаншақ, іштерінде ит өлген ағайын еш уақытта олай айта алмайды. Ал Сәкендердің жөні басқа. Өзі айтқандай, қазақ дейтін халықтың маңдайына біткен үш-төрт классик жазушысының бірі сол Сәкен Жүнісов ағамыз еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», - дейді атамыз қазақ. Қабдеш Жұмаділовтің ұлт алдында көрсеткен мына бір-екі азаматтық ерлігін айта кеткеніміз орынды секілді. Бүгінде қазақ оқырманы жақсы таныс, жақында ғана дүниеден озған Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, классик жазушы Қажықұмар Шабданұлының қашан өмірден озғанша жоқшысы болып келген де, өзге ешкім емес, Қабдеш Жұмаділов екенін иісі қазақ жақсы біледі. Бұл енді - Аллаға да, адамға да аян ақиқат. Егер Жұмаділов бел шешіп кіріспегенде, алты томдық «Қылмыс» және «Пана» романдары Қазақстанда жарық көрмей қалуы да мүмкін еді. Азаматтық кісілік деп осыны айтар болар. Біреулер беттері бүлк етпестен: «Бар беделімізді салып жүріп, біз шығардық», - деп мақтанатын көрінеді.
Ал екінші ерлігі - атажұртқа көш бастап өткендігі. 1962 жылы көктемде Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағынан босып өткен 200 мыңға тарта қазақтың саны бүгінде миллионның үстіне шығып кетті. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бастарын қатерге тігіп жүріп істеген осынау ерліктерінің арқасында сол ұлы көш атажұрт Қазақстанға құт болып дарыды. Бұл - ешкім жоққа шығара алмайтын ақиқат. Сол көшті сонау Кремль мен Алматыға қайта-қайта хат жазып жүріп, ұйымдастырған санаулы азаматтардың бірі Жұмаділов екенін оның кешегі жауларының өзі ашық мойындап, елді бүлдіруші «бунтарь» деп келгені ондағы елге жақсы таныс. Базбір ағайындар бұл күнде ол көшке Жұмаділовтің ешқандай қатысы жоқ деп байбалам салады. «Сонда ол көш аяқ астынан қалай болды?» - деген сауалға жауап жоқ. Ал енді біреулер Хрущев пен Мао Цзе Дунның екеуара келісіп істегені», - дейді шімірікпестен. Сонда қалай? Егер шынымен екі империя көсемдері шашылған қазақтың басын қосуды алдарына мұрат етіп қойса, қазақ халқына сондай жанашырлық танытқан болса, онда оларға арнап Астана мен Алматыдан зәулім ескерткіш қою керек шығар. Содан соң, тағы бір күлкілі жері - неге ондағы елді тұтас көшірмей, тек Шәуешек жұртына ықыластары ауды екен алып елдің алпауыт басшыларының. .[1.130.] Атажұртқа бет алған ұлы көшті ұйымдастырғандар да - қазақтың өз қайраткер ұлдары. Солардың қасқа маңдайында Қабдеш Жұмаділов те бар. Демек, Қабдеш Жұмаділов жай жазушы емес, ол - ұлттық ойдың басында тұрған қайраткер жазушы.
Иә, қазақ көші отыз жылдай уақыт үзіліп қалғанмен, тәуелсіздік таңы атқан сәттен бастап, қайта қозғала бастады. Бір кездері балаң жігіт Жұмаділовтер бастаған ұлы көш қазір де жалғасын табуда. Атажұртқа қарай бет алған қазақ көші әлемнің шартарабынан андыздап болса да, келіп қосылып жатыр. Ал Алаш арыстары негізін қалаған, ұлы Әуезовтер бастаған кейінгі толқын ұлт жазушылары жалғастырған қазақ әдебиетінің ұлы шалқар көші жиырма бірінші ғасырда да қазіргі өркениетті әлемнің ең озық әдебиеттерімен қара таласып, болашаққа бұйда созып барады. Көш басында - қазақтың дарабоз жазушысы Қабдеш Жұмаділов! Қазақ прозасы тарихында өшпестей із қалдырған қаламгерлер қатарында Қазақ­станның халық жазушысы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділов те бар. Оның қаламынан туған «Сары­жай­лау», «Бір түп тораңғы», «Сәйгүліктер», «Қа­р­ауыл», «Бір қаланың тұрғындары», «Тұл дү­ние» сияқты повесть-хикаяттары мен «Кө­к­ей­кесті», «Соңғы көш», «Тағ­дыр», «Про­­метей алауы», «Қылкөпір», «Ата­мекен» атты ро­мандары оқырман қауымға етене таныс.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жазылған екі томдық тарихи романы «Дарабоз» туралы Ш.Елеукенов, Т.Сыдықов, М.Хамзин, Ж.Дәдебаев, А.Егеубаев және т.б. белгілі ғалымдар кезінде баспасөз беттерінде жылы-жылы лебіз білдіргені де өзі­мізге белгілі десек, бұл мақалаларда ро­манға әр қырынан аналитикалық талдаулар жасалған болатын. Сондай-ақ, бұл роман бо­йын­ша 2007 жылы академик Р.Бер­ді­бай­дың жетекшілігімен Д.Болатханұлы «Қ.Жұ­маділовтің «Дарабоз» дилогиясы (жанр және поэ­ти­ка)» деген тақырыпта канди­дат­тық диссертация да қорғады. Аталмыш ғылыми еңбекте ғалым: «Шығарма тікелей отбасы эпизодынан емес, хан кеңесі эпизодынан басталуы роман-эпопеяның шарттарына сай келмейді деген пікір тудырмауы керек. Сөз жоқ, Л.Толстойдың салып кеткен эпо­пеяның жекелеген адамдар әрекетін, от­ба­сы қатынастарын суреттей отырып, тарих сырларын ашу деген формуласы кейінгі эпопеяларда да, соның ішінде М.Әуе­зов­тің туындысында да берік сақта­лады. Қ.Жұ­маділовтің романы сол дәуірдің басты тарихи жағдайы баяндалумен ашылып, тек кейінгі бөлімде ғана түбегейлі отбасыға қарай ойысады. Бұл автордың өзіндік шешімі толстойлық формулаға бағынбаған­мен, эпопеяның негізгі міндетінен ауыт­қы­­майды, тарихтың ішкі мәнін жеткізуде, тарихи ойды ашуда жасалған тың әдіс», дей келе әдебиеті­мізге қосылған тың еңбек, сүбелі үлес екендігін ашып айтып, еңбектің жанрлық сипаты мен поэтикалық ерекшеліктеріне де жан-жақты талдау жасау арқылы өз ойын дәлелдеп шығады.
Х.Оралтайдың «Елімайлап өткен өмір», А.Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Б.Ті­ле­геновтың «Тұйық өмірдің құпиясы», Ә.Нұр­шайықовтың «Өткелдер», Р.Тоқтаровтың «Бі­теу жара», М.Мағауиннің «Мен» ро­ман­дарымен бірге Қ.Жұмаділовтің «Таң­ға­жайып дүние» шығармасы да өмір­баян­дық романдардың алдыңғы шебінен орын алған шығармалардың бірі. Әдебиеті­міз­дегі бұл жанрдың өзіндік қорына олжа салу үшін кез-келген қаламгерге өмірлік бай тәжірибе мен суреткерлік диапазон кең­ді­гі қажет. Бұл жүрдек уақыттың безбеніне түсіп, небір қым-қиғаш жолдан өткеннен кейінгі ой таразысына елес түсіретін дү­ние­лердің жаңғырығы іспетті. Әрі қазақ әде­биетінің қорына ұшан-теңіз туынды әкелген қаламы қанатты Қ.Жұмаділов сияқ­ты жазу­шылардың әрбір кейіпкерінің ішкі әлемін­дегі психологиялық құбылыстарға терең бой­лау үшін де бұл керек. Кейінгі жас ұр­паққа ғұмырбаяндық шығармалардың берер өнегесі де осы тұрғыдан өлшенсе игі.
Соңғы жылдары жазылған «Мәңгілік май­дан», «Найман-Ана ескерткіші», «То­зақ оты», «Абылайдың ақырғы батыры», «Аралға түскен аққулар» атты тарихи хи­каяттары да белгілі бір кезеңнің тарихи шындығын ашуға бағытталған.
«Тарихи романшылар кезеңі» аталатын 1960-1990 жылдардағы повестерін қос­паған­да, қазақ прозасының қоржынына «Көкей­кес­ті» мен «Соңғы көш», «Тағдыр» сияқты қомақты романдарды салған Қ.Жұмаділовтің кейінгі жылдары жазған бү­гінгі қоғамның әртүрлі мәселелерін қам­ти­тын әңгімелерінің өзі бір төбе. Атап айт­қанда, «Зауал», «Мерген», «Аманат», «Емен мен қайың», «Әм­бе­бап әйел», «Ол да бір қызық дәурен-ді», «Бәс, немесе қарагер аттың хикаясы», «Есі ауысқан адамдар», «Күйеу бала», «Абақты», «Кешірім», «Бір шөлмек сыра», «Фәни мен бақи дүние арасы», «Тоқымқағар», т.б. әңгі­ме­лері – соңғы он жылдағы жазушы жетістігі. Мұның барлығы да баспасөзде жария­ла­нып, оқырмандарына жазылған .Қ.Жұмаділов шығармаларының ерекшелігі сонда, ол адам болмысы мен ұлт болмысын бірлікте, тұтас дүние кеңіс­ті­гін­де қарастырады. Ұлы Абайдың «Ата­ның бала­сы болма, адамның баласы бол» деуі, одан кейінгі Алаш зиялыларының ең алдымен адамдық принципті бәрінен жо­ғары қоюы қазақ этносының атадан бала­ға мирас болып келе жатқан «адам болу – жақсылық жасау» деген көзқарасын меңзейді.
Қ.Жұмаділов шы­ғар­малары­ның көтер­ген та­қы­рыбы мен идея­лық маз­мұны қазіргі ұлы держава­лардың ұсақ елдерді жұ­тып қоюға бағыт­тал­ған жа­һан­дану (глобализация) кезінде тіпті қажет­тілікке айналуы керек. Се­бебі, ұлы держава­лар­дың жұмы­ры­на жұқ болып кетпеу үшін кө­кі­рек көзіңді аша­тын «тү­зу тарих­қа» (А.Бай­тұр­­сынов) лайық жа­зыл­­­ған көр­кем­дік қуаты күш­ті шы­ғармалар аса қажет. Бұл тұр­ғы­дан алған­да, оның туындылары өткеннен сабақ алуға ғана үйретіп қой­май­ды, өткенің арқылы мақ­та­ну­ға да үй­ретеді. Абылай хан мен Қабанбай батыр өмір сүр­ген ке­зең­нен бастап, тәуелсіздік ал­ғанға дейінгі қазақ халқының азаттық жо­лын­дағы ерлікке толы кезеңдері тап Қ.Жұ­маділов шығармаларында көрсетіл­гендей еш жерде жазылмаған. Отарлау кезеңдерінің қат­парлы саясатын тарих­шы­лардың өзі әлі күнге дейін белгілі бір жүйеге түсіріп бере ал­май отырғанда, Қ.Жұма­ділов­тің бұл та­қы­рыптың тереңіне бойлап кеткен том-том ро­мандары мен тарихи хикаяттары те­рең тал­дау­ға зәру екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.Қ.Жұмаділов 1936 жылы көкек айы­ның 24-жұлдызында Тарбағатай тауының күнгей бетіндегі Шәуешек шаһарынан елу шақы­рым жердегі Малдыбай бұлағын­дағы қазақ­тың киіз үйінде дүниеге келген. Шығыс хиссасы негізінде қойылған Арнұрашит деген ағасына ұйқастырып, алғаш азан шақырғанда оған Қабдырашит деген ат қойылған екен. Бірақ ата-ана, ағайын-туған, ауыл-аймағы еркелетіп Қаб­деш атандырған.
1944 жылы Малдыбай қыстауына жақын Сібеті деген жердегі әкесі Жұмаділ салдырған төрт сыныптық бастауыш мектепке сегіз жасынан барғанымен, емтихан ал­ған­да әліппені тақылдап оқып, қисса, дастан­дарды жатқа соққан баланы бірден екінші сыныпқа қабылдайды. Үшінші сы­нып­тан бастап дін сабағын да қосымша оқы­тады. Сөйтіп, Сібеті мектебін 1947 жы­­лы үздік бағамен бітіріп, ары қарай оқу­ды 1949 жылы Шәуешек қаласында жал­ғас­тырады. Тұрсын, Шәкен, Сейітбек, Дәуіт­бек, Үркінші сияқты жетекші мұға­лім­дер­ден дәріс алады. Кейін осы адамдар жазушы шығармаларының қаһарман­дары­на айналады.
Қ.Жұмаділов – әдебиетке өлеңмен келген қаламгер. Болашақ жазушының «Шың­­жаң» газетіне жіберген алғашқы шығар­ма­сын сол тұстағы газет қызмет­кері, қазіргі белгілі ақын Оразақын Асқар ұнатып, газетке дайындап береді. Тұңғыш жария­лан­ған осы өлеңнен кейін аймақтық «Тар­ба­ға­тай» газеті мен өлкелік «Шұғы­ла» жур­на­лына үзбей өлеңдері жарияла­нып тұра­ды. Ал тұңғыш прозалық шығар­масы 1956 жылы «Шұғыла» журналының бірінші санында жарияланған «Жамал» атты әңгімесінен басталады. Оның Қа­зақ­стан­дағы алғашқы шығармашылық қа­да­мы да өлеңмен басталыпты. 1957 жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінің поэзия бөлімі­нің бас­тығы, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қарт ақын Мұзафар Әлімбаевтың көмегі­мен болашақ жазушының бір топ өлеңі республикалық газеттің бетіне жарқ ете қалғанда, сол тұстағы әдеби орта мен студенттер арасында болашақ жазушының беделі бірден аспандап шыға келеді. Бұ­дан кейін көп өтпей өлеңдері «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне, «Пионер» журналына жарияланады. Қ.Жұ­ма­діл­овтің тұңғыш кітабы да 1966 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көр­ген «Жас дәурен» атты өлеңдер жинағы екен.
1956 жылы шет елге оқуға жіберу үшін Шәуе­шек қаласына екі орын бө­лінеді. Со­ның бірі үз­дік оқу­шы бо­лғандықтан Қ.Жұ­­маділовке бұйыра­ды. Сөйтіп, арнайы өкі­мет жолдамасымен сол кездегі Қазақ­стан­ның ас­танасы Алматыға келіп, оқуға түседі. Қа­зіргі әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факуль­теті­нің 2-кур­­сын аяқ­таған бетте 1958 жылы елдегі науқанға бай­ланысты шетелдегі студенттерді де Қытай өкіметі қайта шақыртып алады. 1955 жылға дейін «кері төңкеріс­шіл­дерді бастық­ты­ру», «жер арендасын кеміту», «помещиктерді тәр­кі­леу», «үшке қарсы, беске қа­р­сы» деген сияқты қозғалыстар кезінде пролетариат дик­татурасы өзінің ең өткір қаруын жергілікті жердегі ел бас­қар­ған тұл­ғалар мен белгілі ақын-жазу­шы­ларға бағыт­та­ды. «Оңға бейім элем­ент» және «жергілікті ұлтшыл» деген екі бірдей «атаққа» ие болып үлгерген Қ.Жұ­маділов «барлық гүлдер ашыл­­сын, барша бұл­бұл сайрасын» атты «Ашылып–сайрау» нау­қа­ны­ның көкпарына айналады. Арада көп уақыт өтпей, «Сайра­ған­ның бәрі бұл­бұл емес, шешек атқанның бәрі гүл емес… Бұл­бұл­дан – қарғаны, гүлден – арам шөп­ті ажы­ра­туымыз керек!» деген ұранмен «стиль түзету» нау­қаны шығады. Қызу нау­қан кезінде болашақ жазу­шы өзіне жа­былған жала­ның бәріне дә­лелді жауап айтса да оны «ең­бекпен өзгерту лагеріне» жібереді. Сөй­тіп, жазу­шы өмірі 1958-1962 жыл­­дары қуғын-сүргінге айналады. 1961 жыл­ғы көк­темнің ба­сы­нан оны «төменге түсіріп», Тар­ба­ғатай ай­ма­ғына жібереді. Бі­рақ Қ.Жұма­діловтің «идея қалтасы» деген қосым­ша құ­жа­ты уақы­тында жіберілмей, не жергілікті жерден жұ­мыс тауып бермей, оны тоғыз айға жуық сан­далтады. Алматы­дан оқып келген әжептәуір атағы бар азаматты тіпті мектепте маман жетіспей жатса да, жұмыс­қа қа­был­дамайды. Ақы­ры аталас ағайыны, Сібеті мек­тебінің директоры Нұр­тай Қожа­беков жауапкершілікті өз мойнына ала отырып, бола­шақ жазу­шыны бастауыш сыныпқа мұғалім етіп қа­был­дайды. «Сөйтіп мен 22 жа­сым­да «ұлт­­шыл» атандым. Бұл – менің им­пе­риялық өкімет берген тұңғыш атағым еді. Әуелде құлаққа түрпідей тигенімен, келе-келе етім үй­реніп, бұл аттан онша үрік­пей­тін болдым. Тіпті, мақтаныш етуге де болатындай. Алаяқ, сат­қын, ұры-қары, қарақ­шы атанбай, ұлтшыл атан­ғаныма мың бір тәуба! Әрине, кейін абы­ройға жетіп, елге та­нылған кезімде халық берген, үкімет бекіткен басқа да атақ-дәреже­лерім бар. Сол қатарда жастай тағылған «ұлт­­шыл» деген айдарды да далаға тастағым келмейді. Тегінде, қай елде болмасын, отар­шыл өкімет­тің «халық жауы» дегендерін – «Халық қа­һар­ма­ны», «ұлтшыл» деп атаған­да­рын «елін сүй­ген патриот» деп ұқсақ қате­леспейміз», – дейді жазу­шының өзі. Отан­шыл, халық­шыл деген сөздер жақсы бол­ған­да «ұлт­шыл» деген сөз­дің құбыжық құсап көрінуі әуелде Ке­ңес өкі­меті­нің Алашорда қайрат­керлерін осы­­лай атап, бұл сөз әлі күнге дейін өзінің «қор­қы­нышты» сипаты­нан арыл­май келе жат­қандығын Қ.Жұма­ділов «Таң­ға­жайып дүние» атты өмір­баян­дық кітабында жеріне жеткізе жазады.
Кейiн мәлiм болғанындай, жоғарыда айтылған бес заставадан өткен 200 мың қазақ (арасында бiрлi-жарым ұйғыр мен татар да бар) Қазақстанның шығысындағы төрт облысқа (Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Алматы облыстарына) бытырай жайғасыпты. Жер ыңғайына қарай, Ақшоқы, Жаманты, Ергейтi тұсынан өткен Шәуешек жұрты Семей мен Шығыс Қа­зақстанға орналасыпты да, төменгi Емiл, Шағантоғай, Барлық тұсынан өткендер Алакөл маңына, Талдықорған мен Алматы облыстарының кейбiр аудандарына жайғасыпты. Бiздi, яғни Шәуешек тұсынан өткендердi жүздеген машинамен тасып әкелiп, Аягөз өзенi бойында төрт-бес күн аялдатты да, одан ары аудандарға таратып әкетiп жатты. Шәуешектiң негiзгi жұрты – жетi болыс (зәңгi) төртуыл тайпасы Тарбағатайға сонау Абылай заманында, Х VIII ғасырда барып қоныс­тан­ған ғой. Сондықтан да оларды Қазақстанда күтiп тұрған туыстары жоқ болатын. Соны ескерген төртуылдар әр ауданнан адам алуға келген кiсiлермен келiсiп, табыл­ған орынға таңдамай тарай берiптi. Аласапыран көш жөнекей кiмге ие боласың, бiр Күдерi әулетiнiң жарымы Жармада қалса, тағы бiр жартысы Ақсуат ауданына барыпты. Бұл күнде төртуыл тайпасын жаңа аталған төрт облыстың бәрiнен де табуға болады. Кiмге өкпелейсiң, маңдайға жазылғаны сол болса... Аңыз бойынша, Төртуыл бабамыз түсiнде қысырақтың үйiрiн бiр жерге жинай алмай, шаршап жатып ояныпты, оның түсiн жорыған Төлегетай атасы “Қап, балам-ай, ұрпағың бытыраңқы болады екен-ау” деп өкiнiптi. Сол бабалардың болжамы дәл келдi. Бұрын төртуылдың орыс пен қытай жерiне қақ бөлiнiп қалғаны ойыншық екен. Ендi, мiне, атажұрт Қазақстанға келгенде, әр совхозға 50­60 үйден бөлiнiп, шашырап кеттi… Осыны ескерiп, менiң құрбы-құрдасқа айтқ­ан мынадай әзiлiм бар. - Жiгiттер, мен сендер сияқты рушыл емеспiн. Маған рушылдық жат. Себебi, мен өз руымды бөлектемей, саналы түрде қазақ ұлтына әкелiп қосып жiбергенмiн! – деп сөзден ұтқан едiм...
Әйткенмен, маған қарайлап, түпетегiмнен ұстаған 120 отбасы Аягөз көпiрi маңында, ең соңында қалып қойыпты. Олар “Осында қалғандарымыз ендi ешқайда бө­лiн­беймiз. Қайда барсақ та бiр жерде боламыз” деген талап қойды. Бұ­ларды қайда апарсақ болар екен? Таяу маңдағы аудандар қажеттi адамдарын алып, кекiрелеп тойып отыр. Ақырында, бұдан кейiнгi тiршiлiк үшiн темiржол бойынан тым алыстап кетпеудi ойладық та, бiздiң Сiбетiден келген 120 шаңырақты Жарма ауданының iргелес жатқан екi совхозына (“Скотовод” және “Михайловка” совхоздарына) алпыс үйден бөлiп орналастырдық. Әр совхозда төрт­тен бөлiмше бар екен. Әлгiлер, амал жоқ, он бес үйден тағы бөлiнетiн болды. Совет одағының аса қуатты, бай мемлекет екенiне осы жолы тағы бiр рет көзiмiз жеттi. Қазақстан өзiне бiр мезгiлде келiп қосылған 200 мың адамды шыбын шаққан құрлы да көрген жоқ. Көшiп келе салысымен, үй басы бiр-бiр қаптан ұн мен қант түсiрiп, бiр қойдан “ерулiк” берудiң сыртында, әр үйдiң желiсiне бiр бұзаулы сиыр байлады. Несiн айтасың, аштықтан бұралып келген жұрт кәнi болды да қалды. Басқа аудандарды бiлмеймiн, бiз қоныстанған Жарма ауданының сол кездегi басшылары шетiнен ұлтжанды, бауырмал, саналы адамдар болып шықты. Аупарт­ком хатшысы Тортаев, аудандық оқу бөлiмiнiң бастығы Хадес Жақсыбаев, “Скотовод” совхозының директоры Күнсiлам Мұсажанов, партком хатшысы Тоқан Жоламановтар көшiп келгендерге оң көздерiмен қарап, қолдан келген көмектерiн аяған жоқ. Жаңа келгендердi бiр айға жеткiзбей түгел жұмысқа орналастырды. Жарма ауданы малшыға зәру екен, бiздiң адамдар ондай олқылықты бiрден толтырды. Бiздiң арамызда жетi-сегiз мұғалiм бар едi, мамандықтары бойынша олар да мектептерден орын алды. Оқушы балалар аудан орталығындағы мектеп-интернатқа орналасты.
Мұқаң Абай топырағын тым асыра мақтап жiберiптi ғой. Барсақ, романда суреттелген сұлу көрiнiстердiң бiрi жоқ... Әлгi Тоғжанның ауылынан қайтқанда, Абай мен Ерболдың өгiзге мiнгесiп әрең өтетiн Қарауыл өзенi қазiр көзi жылтырап, зорға ағып жатыр! – деп сонда барғандарына өкiнiп жүрдi. Бұл арада жазушының кiнәсi жоқ екенiн, дәл iргесiндегi ядролық сынақтар Абай жерiн қырық жыл бойы дүмпiгенiн, бастау-бұлақ атау­лы жер астына түсiп, құдықтардың құрғап қалғанын, сөйтiп, Абай қоныстарының сиқы кеткенiн кейiн келгендер қайдан бiлсiн?! Әрине, арада бiраз жыл өткен соң, босқындар келген жерiне ба­уыр басып, кiрiгiп кеттi. Терезесi теңелген екi жақ бiрiн-бiрi жатырқау­ды қойған. Мұндайда атасы бас­қаны жақындастыратын – құдалық қой. Көп кешiкпей-ақ екi ел арасында ерсiлi-қарсылы қыз алып, қыз берiсу басталған. Арада бiраз жыл өткенде, Үрi­жарда тұратын менiң аталас аға­йыным Жұмабек Сұлтанаев Абай ауданына құдалыққа барыпты. Құдасы – Арқаттағы мамайлар болса керек. Қайтып келген соң сарқыт дәметкен көршiлерi “Құдаларыңыз қандай екен?” деп сұрамай ма. Сонда Жұмабек ағамыз қолына домбырасын алып:
Тобықты – құда болдық Мамайменен,
Таныстық ауыл-аймақ маңайменен.
Олар да бiз сияқты жандар екен,
Жалғыз-ақ мақтанбаса Абайымен, – деп, басталатын бiрнеше шумақ өлең айтыпты. Байқайсыз ба, осында Жұмабек ағам ұлы Абайға ғана бас иедi. Ал қалғандарымен “олар да бiз сияқты жандар екен” деп, өзiн тең ұстайды. “Ел кенелдi, төл теңелдi” деген осы емес пе?! Иә, жоғарыда айтқанымыздай, 1962 жылғы ұлы көшке биыл – 50 жыл. Оның ұлы болатыны, қылышынан қан тамған империялар шекарасын қақырата бұзып өтуiнде. Ол да – ұлт рухынан тасыған бiр жылы болар. Онда бiздiң де жас кезiмiз. Арман жоқ, ойхой жиырма бесiмiзде көш бастап, қамал бұзыппыз! Көш барысында ағайынның шырқы бұзылса, рулар бытырап кетсе, сол үшiн халықтан кешiрiм сұраймын! Ол көш те ерiккеннен емес, ұлт қамын күйттеуден туған. Жалпы, бiз ұтылған жоқпыз, алға кеткен атажұртқа қосылып, бiрден жарты ғасыр аттап түстiк. Менiң руластарым – төртуылдар да кешiрер. Бiз кiшiрейген жоқпыз, үлкейдiк. Бiр сәтте рудан – ұлтқа бiр-ақ секiрдiк. Қазiр әрқайсымыз – үлкен ұлттың өкiлiмiз. Егер қазақ ұлты гүлденсе, соның iшiнде бiз де бармыз. Соған шүкiршiлiк етейiк, – деп Қабдеш Жұмаділов бекер айтпаса керек.
Пайдаланылатын әдебиеттер.
1. Қабдеш Жұмаділов. Таңғажайып дүние» – Алматы: Атамұра, 2005.
2. Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Оқулық. –Алматы: Білім, 1993.
3. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. –Алматы: Санат, 1975.
4. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Оқулық. –Алматы: Санат, 1997.
5. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. Оқу құралы. –Алматы: Санат, 1994.
УДК 81-139


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   77




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет