А.СЕЙДІМБЕКТІҢ “АҚИЫҚ” ХИКАЯТЫНДАҒЫ ҚЫРАН
БҮРКІТТІҢ БЕЙНЕСІ
Жұмақан А.Қ. Қт-21-1 тобының студенті
Ғылыми жетекшісі: Ф.ғ.к., аға оқытушы Баймыш Л.Қ.
ОАИУ
Резюме: В статье раскрываются народные, национальные особенности рассказов Акселеу Сейдимбека.
Summary: The article reveals the folk, national features of the stories of Akseleu Seidimbek.
А.Сейдімбек “Ақиық” хикаятында қыран бүркітті ұстап баптау жайын әңгімелейді. Құсбегі Сыздықтың нағыз саятшыға тән, шын құмарлықтан туған сезім-күйлерін дәл суреттейді. Автор осы тақырыпты аса бір білгірлікпен әңгімелейді. Мәселен: “Қосбармақтың жапырағы ірі көксұр сырт жүні таңғы сәулемен астасып, болат сауытша қара барқым тартты. Мелжемді саусақтарымен иесінің білегін сығымдай түсіп, сергек отыр. Сырты шығыңқы иығын қомдап, қос шалғысын айқастыра ұстаса да, көлденеңі ауқымды көрінеді” деп, қыран бүркіттің өсіп-жетілу әрекетіне әбден көз қанықты болғанын дәлелдейді. Осы ретте баяндаудың да, кейіпкердің аузындағы сөзі мен іс-әрекеті де, ойлау, түйсіну формасы да әңгіменің композициясымен үндесіп жатуы керек дегенді есте тұтсақ, жазушының шығармаларынан осы қасиеттерді аңғаратынымыз анық. Тағы бір сәтті суреттеуге назар аударайық: “Қан шегір дер едім естілігі басым; собалақ дер едім бозбаладай жинақы екен; күңтабан дер едім саусақтары қышырлы жатыр; күйшіл дер едім түз тағысы ғой бапты көп тілемес; қанды балақ деуге де болар еді, бірақ өнерін көргенім жоқ қой. Сондықтан батырдың серпе тартқан садағына ұқсас берік тірсекті екен, осыныңды Садақсан деп атайыншы” [2,158-б]. Түз тағысының қасиетін соншалықты жетік білу, оны тіршілік иесі ретінде сезіну, қасиеттеу терең байқалады.
Аңшылық жайлы әңгімені кез келген қазақтың елеңдей тыңдайтыны ақиқат. Себебі, аңшылықты қызықтау - халқымыздың ежелден қанына сіңген әдеті. Ендеше, саятшылық жайында жазу қалам ұшқырлығымен бірге, бұл кәсіпті бүге-шігесіне дейін білуді қажет етеді. Мұндағы бүркіттің шебер мүсінделуі, дене бітімінің “садақша иілген серпінді сандарынан бастап бауыр сыртының жүні жаппай алтынның буына ұстағандай сарғыш тартуы, сүйірлене бітіп, мінсіз жымдасқан бой жүнінің жапырақтары сары бұйра мәрмәр тасынша жылтырап, әр талшығының жігін тауып тұрғаны” соншалықты дәлдікпен сипатталады.
Автордың қай шығармасы да туған ел, жерінің тарихын, салты мен аңызға бергісіз тағылымды оқиғаларын баяндаудан тұрады. Жер жағдайына жетік қаламгер әр тау-тастың жықпылынан әңгіме өреді. Этнографиясы бай қазақ тұрмысының түз суретін беруге шебер. Әсірес, алғыр, қыран құс тағдырын сипаттайтын шығармалары шебер-ақ. Солардың бірі - осы “Ақиық” хикаяты. Шығарма Бүркітті деп аталатын таудың айналасында сыңси өскен шөптерімен қоса, бауыр-беткейлерін паналайтын түлкі-қарсақ, борсық-күзенін суреттейді. Осы тауға бүркіттердің аялдағыш келетінін айтады. “Қызылту” совхозының кәнігі саятшысы Сыздықтың көңілі түз бүркітіне ауады. Өз бүркіті Қосбармақпен түз тағысын ұстайды. Сондағы екеуінің айқасы былай суреттеледі: “Төмен құлаған аш қыран қас қағымда келіп қалды. Аяғының астында жүрген құстың шеңгеліндегі қолғапқа ашқарақтана құдиған. Қаймығар да, қайтар да емес. Қосбармақтың үстіне сорғалай төніп келген түз бүркіті қанатын кере, төстие қайқайып, сопаң етті. Оның найзағай жылдамдығымен қимылдағаны сонша, жаңағы жұлдыздай аққан сәттегі ысылы көк жүзіне шаншыла көтерілгенде барып жердегілерге естілді [2,117-118-б]. Осы бүркітті қолға түсірген кездегі Сыздықтың көңіл-күйі былай беріледі: “Ол еш жасқаныссыз ат үстінен домалай түскен бетінде жалма-жан сеңсең ішігін шешіп жіберіп бүркіттердің үстіне жаба құлады. Қатты қарбаластан тынысы дірілдей шығып, құлаған бетінде қимылсыз отырып қалды. Өзгеше сезімнің қуаныш саусағы ет жүрегін сығып-сығып жібергендей ыстық қан отша шарпыды. Тіптен жүрелей отырған қалпында қарға тірелген жалаңаш қолынан ызғар өткенін де сезген жоқ. Бар зейіні осы бір құшағындағы қос қыранға ауып, сонан рақат тапқандай. Ішік астынан бүлк-бүлк білінген ашулы қимылды да тым тәтті қуанышпен елти сезінді. Осы сәтте ден қойған ісіне бүкіл болмысымен құлай берілген көңілі өзге дүниені ұмыттырған, тек қана қазіргі тірлігінен рақат кешкен күйде еді [2,119-б]. Сыздықтың соншалықты білгірлікпен түз тағысын қолға баулуы, оған өзімен қатарлас Файзолла, Рақыштардың тілектес болуы, бүркіттің Кәрім күзетшінің көк қаншығының көзін ағызып жіберуі, Сыздықтың түз тағысының жасын, ерекшелігін, күтіп-баптауын бес саусағындай біліп, соларын баппен жүзеге асыруы ерекше ыждаһаттылықпен суреттеледі. Осы тұста Абайдың “Қансонарда” өлеңіндегі құрал-жабдығын сайлап, алғашқы сонарды дегбірсіздене күткен аңшының бүркіті түлкіге түскен сәтін демін ішіне ала бақылап, оны тырнағына іліндіргендегі масайрағаны, “үйірімен үш тоғыз” айтқандарға риза көңіл білдіргені күйі еске түседі. Өмірінің бар қызығын саятшылық өнерге арнаған Сыздықтың өмірі көпке үлгі болардай. Оның түздің тағысын соншалықты ептілікпен күтіп-баптауы, мәпелеуі, адамға сөйлескендей есті қарым-қатынас жасауы қайран қалдырады. Он бес жылдай серігі болған құтты Қосбармағын құрдасы Файзоллаға берген кездегі көңіл-күйі аса шынайы беріледі: “Томағасын алған соң, он бес жылғы серігін жаңа көргендей үн-түнсіз, қимылсыз қарап қалған. Сол сәт оның түйіле қадалған аялы жанары құсының сымбатына таңданудан гөрі, қимас серігімен қоштасқандай күйде еді. Қоштаса тұрып, аяулы құсының әр тал қауырсынынан небір ғажайып ләззатты шақтарын қайта оқығандай болған. Сонан соң кәрі жүрегі боркеміктене егіліп, елжірей келіп, өзгеше бір ұлы мейірімімен ұзақ-ұзақ айналып-толғанған еді» [2,189-б]. Бұл шығарма адамдар арасында болатын мейірім мен жылылықтың табиғатқа да жат еместігін, құстар мен жануарларды да ерекше құрметтеп, жақын тұтуға, оны өмірдің мәніне айналдыруға болатынын дәлелдейді. Сол арқылы табиғаттың көп құбылысын жіті бақылап, қызығы мен кереметін мейілінше бақылаған, көреген халқымыздың ежелгі салтын құрметтеуге баулиды. Табиғаттың жомарттығына тәнті етеді.
Қазақ этнографиясы туралы көптеген еңбектер жазған Ақселеу Сейдімбек қазақ халқының асыл қасиеттерін жас ұрпақ бойына сіңіруге, әдет-ғұрып, салт-санамызды жетік білуге, бойына дарытуға, өзінің ой-пікірлері, айтылған әңгімелері мен бейнелеген кейіпкерлері арқылы өрелі ой толғайды.
А.Сейдімбектің тәрбиелік мәні бар очерктері өмірден алынған фактілерге негізделіп жазылады. Қоғам дамыған сайын очерктер де дамып, тақырыптары ауқымданып, пәрменділігі арта түседі. Очерктің ең үздік үлгілері өмірде болып жатқан өзгерістерге, жаңа құбылыстарға қолма-қол жауап беріп, көкейкесті мәселелерді дер кезінде көтере білуімен құнды. Очерк жанрының көркемдік, танымдық және әлеуметтік маңызы қай кезде де зор. Бұл үрдістің тоқтап қалмай, әрі қарай дамуы үшін, адам қоғамының рухани және материалдық мәдениетінің байып, үздіксіз өсуінің мысалдарын өмірден іздеу қажет, сонымен бірге, очеркші өмірде болып жатқан өзгерістерге жаңаша көзқараспен қарап, өзіндік баға беруге тырысады. Кеңестік очерктің қалыптасу тарихында түрлі қайшылықтардан туған жағымсыз құбылыстарды жуып-шаюшылық, жалған идеализацияға берілушіліктің бел алғаны да бар. Дегенмен, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді насихаттауды төл міндеті деп білген А.Сейдімбек тамаша дәстүр қалыптастыра алды. Қаламгер өмірді бақылау, халық мүддесіне барынша жақын болу, әлеуметтік мәселелерді батыл түрде алға қою сияқты дәстүрлерді орнықтыра алды десек артық болмас.
Сонымен, А.Сейдімбектің этнографиялық очерктерінде ұлттық салт-дәстүр, ұлттық өнер түрлері, ұлттық ойындар мен спорттың түрлері, ұлттық тағам түрлері, ұлттық мерекелер, тарихи ескерткіштер т.б. туралы кеңінен жазылады. Бұл очерктерде нақтылы этнографиялық деректерді молынан пайдалана отырып, публицистикалық көркем тілмен жазылуымен оқушы зердесін де қалып отырады.
Әдеби шығарманың құрылымында сюжеттің мәні ерекше. Біріншіден, ол оқиғалар тізбегін жүйелеп, бір арнада шашау шығармай бейнеленуін жүзеге асырса, екіншіден, көкем шығармадағы кейіпкерлердің жасалуына, мінез‑сипатының анықталуына әсерін тигізеді. Яғни, оқиға белгілі бір дәрежеде кейіпкерлер үшін “әрекет өрісі” болып, оқырмандар алдында барша қырынан ашылуына мүмкіндік береді.
Пайдаланылған әдебиеттер
Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. - 240 б.
Сейдімбек А. Аққыз. Пове стер мен әңгім елер. - Алматы, 2002.-288 б.
Сейдімбек А. Кеніш. – Алматы: Жалын, 1979. -240-б.
Cейдімбеков А. Серпер. - Алматы: Жазушы, 1982. – 320 б.
Сейдiмбек А. Сонар. - Алматы: Жалын, 1989. - 246-б.
ӘОЖ 821О-512
Достарыңызбен бөлісу: |