1. Мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік-экономикалық мәнін ашып беріңдер. 2. “Мемлекеттік бюджет” ұғымының қысқаша анықтамасын тұжырымдаңдар және оның көріну нысандарын атаңдар. 3. Қоғамдық ұдайы өндірісте мемлекеттік бюджеттің рөлі неде? 4. Мемлекеттің бюджет жүйесі дегеніміз не және оның құрамы немен анықталады? Бюджет жүйесінің негізіне қандай қағидаттар қойылған? 5. Қазақстанның республикалық бюджетінің кірістері мен шығыстарының құрамы мен құрылымын сипаттап беріңдер. 6. Бірыңғай бюджеттік сыныптама дегеніміз не және оның маңызы қандай? 7. “Бюджет балансы” ұғымы және онымен байланысты бюджеттің жай-күйі нені білдіреді? 8. Бюджет тапшылығын қандай факторлар тудырады? Бюджет тапшылығын қаржыландырудың жолдарын атап шығыңдар. 9. Бюджет тапшылығымен байланысты бюджеттік саясаттың қандай тұжырымдамалары бар? 10. Бюджеттік үдеріс дегеніміз не және ол қандай стадияларды қамтиды? 11. Бюджетаралық қатынастар деп нені түсінеді және олар қандай әдістермен реттеледі? 12. Республикалық бюджеттің түсімдері мен шығыстарын бөлуді баяндаңдар. 15-тарау. Жергілікті қаржы
Жергілікі қаржы – ақшалай нысандағы қоғамдық өнімнің бір бөлігін жергілікті басқару органдары өздеріне артылған функцияларға сәйкес жасау, бөлу, пайдалану үдерісіндегі қаржылық қатынастардың жүйесі. Жергілікті қаржы мемлекеттің қаржы жүйесінің маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Ол жергілікті бюджеттерді, арнаулы бюджеттен тыс қорларды және басқарудың жергілікті органдарының қарамағындағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысын кіріктіреді. Жергілікті қаржылардың құрылымы мен бағыты биліктің жергілікті органдары басқарудың – мәслихаттардың (депутаттар жиналыстарының), жергілікті әкімшіліктің және жергілікті өзін-өзі басқарудың функцияларымен айқындалады.
Жергілікті қаржы отандық экономика үшін біршама жаңа ұғым. Бүкіл жергілікті бюджеттер елдің мемлекеттік бюджетінің бірыңғай жүйесіне енгізілген 1938 жылдан бастап жергілікті қаржы дербес категория ретінде өзінің өмір сүруін тоқтатқан болатын.
Бүгінде, рыноктық қатынастар және елімізде басталған өкілетті дәйекті орталықсыздандыру жағдайларында жергілікті органдар қызметінің сферасы кеңейе түсуде, олар әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, демографиялық сипаттағы проблемаларды шешуде едәуір дербестікке ие бола бастады.
Қазіргі кезде орталықтан өңірлерге берілген функциялар мен құзырлар жергілікті атқарушы және өкілетті органдарды күшейтіп, жергілікті өзін-өзі басқару органдары ретіндегі мәслихаттардың рөлін арттырды.
Жергілікті қаржының әлеуметтік-экономикалық мәні жалпымемлекеттік қаржыға ұқсас.
Басқарудың жергілікті органдарына мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша маңызды міндеттер жүктелінген.
Халыққа қызмет көрсету бойынша шараларды қаржыландыру негізінен жергілікті қаржылық ресурстар есебінен жүзеге асырылады. Әлеуметтік тұрмыстық инфрақұрылым салалары халыққа қызметтерді басым бөлігінде бюджеттік қаражаттар есебінен қалыптастырылатын қорлар есебінен береді.
Жергілікті буында қаржылық қатынастар «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңмен, Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексімен, республикалық бюджет туралы заңмен және шаруашылық пен қаржылық қызмет туралы басқа заңдармен реттелінеді.
Жалпы жергілікті қаржының жай-күйі әрқашанда, біріншіден, елдің жалпы экономикалық жағдайына, екіншіден, тиісті аумақтардың экономикалық әлуетіне, үшіншіден, билік пен басқарудың жергілікті органдарының құқығы мен міндеттерін белгілі бір дәрежеде реттеп отыратын мемлекеттік заңдардың деңгейіне, төртіншіден, биліктің жергілікті органдары құзырының дәрежесіне байланысты болады.
Өркениетті батыс елдерінде жергілікті қаржы мемлекеттің қаржылық ресурстарын қалыптастыру мен пайдалану үдерісінде едәуір рөл атқарады. Оның үстіне жергілікті бюджеттердің айтарлықтай дербестігі болады және батыс елдерінде олар мемлекеттік бюджеттің жалпы жүйесіне кірмейді.
Жергілікті қаржыда ұлттық табысты аумақтық тұрғыда қайта бөлуге мүмкіндік жасайтын және билік пен басқарудың жергілікті органдарының қаржы базасын жасауды қамтамасыз ететін экономикалық қатынастардың жиынтығы ретіндегі жергілікті бюджеттерге маңызды рөл беріледі.
Жергілікті бюджеттерді қалыптастыру мен пайдалану өндіріс пен айырбасқа қатысушылар арасындағы, атап айтқанда: кәсіпорындар мен мемлекет арасындағы, меншіктің барлық нысандарындағы макроэкономиканың өндірістік және қызметтер көрсету салаларының кәсіпорындары, ұйымдары мен мекемелері арасындағы, бюджет жүйесінің буындары арасындағы, мемлекет пен халық арасындағы қоғамдық өнім құнының қозғалысын білдіреді.