Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді кәсіптерінің тізбесін Үкімет белгілейтін жұмыскердің пайдасына салымшылар өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.
Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі ерікті кәсіптік жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт тараптарының келісімі бойынша белгіленеді, бірақ ол жұмыскердің ай сайынғы табысының 10 пайызынан жоғары болмауға тиіс. Бұл ретте ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын ай сайынғы табыс Үкімет белгілеген тәртіппен анықталады.
Жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы төлемдері дара зейнетақы шоттарында жинақталған зейнетақы қорланымдары бар алушыларға оның жеке басын куәландыратын куәлігі болған жағдайда төленеді.
Міндетті зейнетақы жарналары, жинақтаушы зейнатқы қорларынан ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақталған зейнетақы қорланымдарынан зейнетақы төлемдерін төлеуді жүзеге асыру ережесін Үкімет белгілейді.
Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры жинақтаушы зейнетақы қорларының меншікті капиталынқалыптастырады, бұл капитал оның міндеттемелерінің сомасы шегерілгеннен кейінгі жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің құны болып табылады.
Жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті капиталы мыналардың есебінен қалыптасады:
1) жарғылық капиталға салынған құрылтайшылар мен акционерлердің салымдары;
2) комиссиялық сыйақылар;
3) Қазақстан Республикасы заңнамасымен қарастырылған басқа көздер;
Зейнетақылық активтер – зейнетақы төлемдері мен аударымдарын, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларынан аударымдарды қамтамасыз етуге және жүзеге асыруға арналған ақша, бағалы қағаздар, өзге қаржылық құралдар.
Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақылық активтері кастодиандық келісімшартқа сәйкес банк-кастодиандарда шотта сақталынып, есептеледі. Кастодиандық келісімшарт банк-кастодиан, жинақтаушы зейнетақы қоры және зейнетақылық активтерді инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым арасында жасасылады. Егер зейнетақылық активтерді инвестициялық басқаруды жинақтаушы зейнетақы қоры өздігінше жүзеге асыратын жағдайда кастодиандық келісімшарт банк-кастодиан мен жинақтаушы зейнетақы қорының арасында жасасылады.
Жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақылық активтерді инвестициялық басқаруды зейнетақылық активтерді инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым немесе жинақтаушы қор жүзеге асырады. Шетелдің қатысуымен зейнетақылық активтерді инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның жиынтық жарғылық капиталы Қазақстан Республикасы зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын барлық ұйымдардың жиынтық жарияланған жарғылық капиталының 50%-нан аспайды.
Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым заңи тұлға, бағалы қағаздар рыногының кәсіпқой қатысушысы болып табылады және Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіппен акционерлік қоғам нысанында құрылады.
Жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақылық активтері тек мына мақсаттарға ғана жұмсалуы мүмкін: тізбесін уәкілетті органдар белгілейтін қаржылық құралдарға орналастыруға; зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға; зейнетақы қорланымдарын басқа жинақтаушы зейнетақы қорына не зейнетақы аннуитеті бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген тәртіппен сақтық ұйымына аударуға; қате есептелген зейнетақы жарналарын және өзге де қате есептелген ақшаны қайтаруға; Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес зейнетақы төлемдерін төлеуді және жинақталған зейнетақы қорланымдарын аударуды жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өтеуге.
2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанның зейнетақы қызметтерін көрсету рыногында 5496 миллион салымшыларды қамтитын 13 жинақтаушы зейнетақы қорлары жұмыс істейді, олардың республика өңірлерінде филиалдары мен өкілдіктері бар. Зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі реформа басталған кезден бастап жинақтаушы зейнетақы қорларынан қазіргі күнге дейін 201 миллиард теңгенің зейнетақы төлемдері төленді.
Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы қорларындағы шоғырландырылған зейнетақы қорланымдары 2008 жылмен салыстығанда 31%-ға өсіп, 2009 жылы 1,86 триллион теңгені немесе 12,5 миллиард долларды құрады, бұл ІЖӨ-нің 11,6 пайызын құрайды, ал 2010 жылы жинақтаушы зейнетақы қорларындағы азаматтардың зейнетақы қорланымдары 2,3 триллион теңгені құрады.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жұмыс нәтижесі осы қор қызметтерімен сипатталады. Салымшылардың міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың ЖЗҚ-дағы дара зейнетақы шоттарының саны 2010 жылы 8 миллионға жуық, ал олардың қорланымдарының жалпы сомасы 1821,7 миллиард тенге болған. Салымшылардың зейнетақы қорланымдары бір жылда 397,7 миллиард теңгеге немесе 21,4 пайызға өсіп, 2258,2 миллиард тенгеге көбейді. 2011 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша жинақтаушы зейнетақы қорланымдары небәрі 18,6 пайызға өсіп, 89,7 миллиард теңге көлемінде таза инвестициялық табыс алды.
Зейнетақы қорланымдарының сақталуы бойынша кепілдікті қамтамасыз ету аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін заңды түрде зейнетақы төлемдерін алушыларға оның зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған сәттегі инфляция деңгейін ескере отырып, жинақтаушы зейнетақы қорларындағы міндетті зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуына мемлекет кепілдігі жүзеге асырылуда. 2009 жылдың 1 желтоқсанындағы деректер бойынша, 50,2 мың салымшыға 1411,3 миллион теңге көлемінде мемлекеттік кепілдік сомасы төленді.
Зейнетақымен қамсыздандыру заңына сәйкес азаматтар сақтық ұйымымен міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақталған зейнетақы қорланымдарын пайдалана отырып сақтық төлемдерін өмір бойы жүзеге асыру туралы зейнетақылық аннуитет келісімшартын жасасуға құқылы. Бұл ретте сақтық ұйымынан төленетін ай сайынғы сақтық төлемдері зейнетақылық аннуитет келісімшарты жасасылған күнге Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмауы керек. Азаматтардың сақтық ұйымымен зейнетақылық аннуитет келісімшартын жасасқан жағдайда жинақталған зейнетақы қорланымдарын алуға құқы бар.
2011 жылдың 1 қаңтарынан 1,6 милионнан аса зейнеткерлердің зейнетақысы орта есеппен 30 пайызға арттырылды, нәтижесінде зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері 24047 теңгені, орташа зейнетақы мөлшері 36205 тенгені құрады. Ал зейнетақы төлемдерінің ең жоғарғы мөлшері 52 226 теңгеге дейін арттырылды. Зейнетақыны есептеу үшін ескерілетін табыс 32 еселенгеннен 39 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін көбейтілді.
Зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру бағытында іске асырылып жатқан шаралар әлемдік тәжірибедегі жоғалтқан табысты алмастыру (40 пайыз) стандартына жақындауға мүмкіндік беріп отыр. Стандартқа сай, еліміздегі алмастыру коэффициенті ынтымақтастық зейнетақы жүйесіндегі зейнеткерлерде 37,6 пайыз, ал жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қатысушылары болып табылатын алушыларда 41,6 пайызға тең. Бұл қаржылық дағдарыс жағдайында өте нәтижелі көрсеткіш.
2011 жылы зейнетақы төлемдерінің мөлшері 11 пайызға арттырылмақ. Бұл ретте 2011 жылға базалық зейнетақы төлемінің мөлшері күнкөрістің ең төмен деңгейінің 50 пайызын құрайтын болады.
Міндетті әлеуметтік аударымдар алымын жинауды және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болған асыраушысынан айырылған жағдайда, оның асырауындағы отбасы мүшелерін қоса алғанда, оған қатысты әлеуметтік қатер жағдайы басталған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға төлемақылар төлеуді жүргізуді заңи тұлға ретіндегі Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қоры (Қор) жүзеге асырады. Қор – акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым, оның бірден-бір құрылтайшысы мен қатысушысы мемлекет болып табылады. Ол азаматтардың еңбек ету қабілетінен, жұмысынан немесе асыраушысынан айырылуына, 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылуына әкеліп соқтыратын жағдайлар туындағанда, оларды әлеуметтік қорғау мақсатында құрылған. Жоғарыда айтылған әлеуметтік тәуекелдер туған жағдайда әлеуметтік төлемдер алуға олар үшін төлеушілер (жұмыс берушілер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар) әлеуметтік аударымдар жүргізген, жұмыс істейтін азаматтар құқылы. Бұл ретте Қордан төленетін әлеуметтік төлемақылар Қордан төленетін әлеуметтік төлемақыларға құқық туындаған күннен бастап тағайындалады. Бұл жүйе Қазақстанда 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған. Ол еңбеккерлерді әлеуметтік қорғаудың қосымша түрлерінің бірі болып табылады. Бұл жүйеге қосылған қызметкерлер үшін жарнаны негізінен жұмыс берушілер әлеуметтік төлем ретінде аударып отырады. Мұндай аударымдарды жинақтайтын Мемлекеттік әлеуметік сақтандыру қоры жұмыс істейді. Қорға аударылатын әлеуметтік төлемдердің мөлшері Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңымен белгіленеді. 2011 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша бұл қорда қазіргі күні 265,1 миллиард теңге қаржы жинақталған. Бұл көрсеткіш 2006 жылғыдан 19,8 есе көп екендігін айтқан дұрыс.
Рыноктық экономика жағдайындағы әлеуметтік қорғаудың қазақстандық моделінің ерекшелігі мемлекеттік базалық әлеуметтік қамсыздандырудың, әлеуметтік сақтандыру мен әлеуметтік көмектің бір-бірімен қиыстырылуы болып табылады. Мысалы, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік қатер туған жағдайда, мемлекеттік бюджет есебінен мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға (МӘЖ) қосымша еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы бойынша қор қаржысы есебінен ай сайынғы әлеуметтік төлемдер (ӘТ) алады.
Сонымен бірге, қордан еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша ӘТ алушылар санының өсу қарқыны, осы әлеуметтік төлемдер ұзақ мерзімді және еңбек ету қабілетінен айырылған кезеңге тағайындалатындықтан МӘЖ алушылармен салыстырғанда жылдам артып келеді.
Мұндай жағдай асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер төленген жағдайда да қалыптасып отыр, өйткені мұндай әлеуметтік аударымдар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың асырауында болған адамдарға олар кәмелет жасқа жеткенге дейін немесе ол оқытудың күндізгі нысанында оқыған жағдайда, жиырма үш жасқа толғанға дейін төленеді.
Ананы қолдауға қатысты Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес Қазақстан бойынша жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақылар сомасы 2007 жылы 7,4 млрд. теңгені құраған. 2008-2009 жж. үшін жүктілігі, босануы және жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылуы жағдайына Қордан жалпы сомасы 36,4 млрд. теңгеге әлеуметтік төлемдер жүргізілді.
2010 жылғы 1 қаңтарға әлеуметтік төлемдерді алушылар болып табылатын адамдарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылған және асыраушысынан айырылған жағдайларда тағайындалған әлеуметтік төлемдердің мөлшері 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап тоғыз пайызға арттырылды.
Қор өз қызметін Қордың активтерінен алатын комиссиялық сыйақы есебінен жүзеге асырады.
Комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасы мен оны пайдалану механизмін жыл сайын Үкімет белгілейді.