6-параграф. Архивтік құжаттардың түпнұсқасын қайтару тәртібі 435. Ақталған адамдар және олардың мұрагерлері тоқтатылған қылмыстық және әкімшілік істерде сақталған шығармашылық сипаттағы архивтік құжаттарды – қолжазбаларды, фотосуреттерді, хаттарды және басқа да жеке құжаттардың түпнұсқаларын (паспорттарды, әскери билеттерді, қызметтік куәліктерді және басқа да ресми құжаттарды қоспағанда) жазбаша өтініші бойынша СТК-ның немесе архивтің сараптау комиссиясының шешімі негізінде архив басшысының рұқсатымен алады. Жеке тұлғалар өздерінің архивте сақталған еңбек кітапшаларын, Кеңес Одағының Коммунистік партиясының мүшесі билеттерін СТК-ның немесе сараптау комиссиясының қорытындысы негізінде архив басшысының рұқсатымен жазбаша өтініштері бойынша алады. 436. Алынған архивтік құжаттардан істерге тігілетін көшірмелері жасалады. Архивтік құжаттардың алынғаны, сондай-ақ олардың көшірмелермен ауыстырылғаны туралы істердің куәландыру парақтарында, істердің, құжаттардың тізімдемелерінде көрсетіледі. 437. Архивтік құжаттардың қайтарылуы көрсетілген құжаттарды істен алу туралы актімен ресімделеді. Архивтік құжаттардың қайтарылуы туралы акт және солардың негізінде архив құжаттарын қайтару жүргізілген басқа да құжаттар және оларды алған тұлғаның қолхаты қордың ісіне қосылады.