Салауатты өмір салты- салауатты ұлттың қалыптасу негізі Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары): 1."Салауатты өмір салты" деген ұғымның мәні. Денсаулық және салауатты өмір салтының (адамдық, әлеуметтік, психикалық, физикалық) негізгі компоненттері.
2.Салауатты өмір салты ұстанымының құрылымы. Жастар денсаулығы қазіргі қоғамның құндылығы.
3.Қазақ халқының салауатты өмір салты құрылымының ерекшеліктері. Қазақ халқының генофонының сақталу мәні ұлт денсаулығын сақтау негізі.Орта Азия медицинасының дамуында Абу Али Ибн Сина ілімінің іргелі бағыттыры. Орта ғасыр Европа елдерінде «Дәрігерлік ғылымның каноны» Ибн Сина еңбегінің рөлі. Аль-Фараби, Өтейбойдақ Тлеуқабылұлы, Жүсіп Баласағұни және т.б. салауатты өмір салты идеясының құрылымы.
Дәрістің қысқаша мазмұны: 1.Әр адамның денсаулығы жеке адам құндылығы ғана емес, ол әлеуметтік, қоғамдық құндылық болып табылады. Денсаулық өзгеше және маңызды жақтарын қысқа әрі біржақты сипаттауға болмайтын аса күрделі құбылыс. Бұл феноменді анықтау тәсілдерінің көптүрлілігі оның әлеуметтік және қоғамдық құндылығын дәлелдейді, халықта «ең бастысы – денсаулық, денсаулық – бұл барлығы емес, бірақ барлығы денсаулықсыз түк те емес» деген ақиқат ретінде қалыптасқан.
Ғылыми-педагогикалық, психологиялық және медициналық әдебиеттерді талдау нәтижесі денсаулықты бірнеше аспектіде қарастыруға болатындығын көрсетеді: физикалық денсаулық, психикалық денсаулық, адамгершілік денсаулық, әлеуметтік денсаулық және т.б. Адамның физикалық денсаулығы оның ағзасындағы барлық мүшелердің үйлесімді қызмет атқаруымен, тұрақты қорғаныс жүйесінің жұмысымен, дене және ақыл еңбегімен айналысуға қажетті күш-қуаттың жеткіліктілігімен сипатталатын организмнің табиғи жағдайы ретінде қарастырылады.
Адамның психикалық денсаулығы ойлау сапасы мен деңгейін, зейін, есте сақтау және ерік-жігердің дамығандығымен, кез келген жағдайда өз бетінше шешім қабылдап және оларды талдап бағалай алуын сипаттайтын адам миының дұрыс қызмет атқара алу қабілеті ретінде қарастырылады.
Адамның адамгершілік денсаулығы оның әлеуметтік өмірінің негізі болып табылатын, ақиқат шындықты іздегенде басымдықтарын дұрыс қоюға көмектесетін, еңбекке, ұлттық және жалпыадамзаттық мәдениетке, рухани байлыққа саналы және құнды қатынасын айқындайтын, қалыпты өмір сүруге қарама-қайшы келетін әдет-ғұрып пен дағдыларды белсенді қабылдамайтын адамгершілік қағидалармен анықталады.
Эмоционалды денсаулық адам азғасының ішкі күйімен, эмоционалды тұрақтылық дәрежесімен, оның тұлғалық қуану (күйзеліс) мен айналадағылармен бірге қуану сезімдерін сезіну біліктілігімен, басқа адамға қолдау көрсетуге талпынуымен сипатталады. Адамның эмоционалды денсаулығы – бұл өзінің эмоциясын дұрыс түсінуді және моторлы, биохимиялық, вегето-тамырлы, мимика, жест және т.б. сырттан байқалатын эмоцияны басқаруды, өзін қабылдауды қамтамасыз ететін күй. Адамның әлеуметтік денсаулығытұлғаның адамзат қауымымен жағымды қарым-қатынас орната білу, қоғамның басқа мүшелерімен өзара әрекеттесу қабілетін анықтайтын күйі.
Адамның денсаулық жағдайына мынадай объективті факторлар әсер етеді:
1. Қоршаған орта мен әлеуметтік ортаның әсері.
2. Тұқымқуалаушылықтың әсері. Генетика.
3. Денсаулық сақтау. Тұлғаның дамуына дене мәдениеттің әсері.
4. Салауатты өмір салты.
Адамның өмір сүру салты мен денсаулығының байланысын зерттей отырып, ғалымдар денсаулықтың 50 % адамның өмір тіршілігіне байланысты екендігін көрсетеді. Біріншіден, жоғары оқу орнына түскен студент меңгеретін оқу мен ғылыми ақпараттың тез көбейгенін түйсінеді, сонымен қатар жаһандық жүйе арқылы сан алуан ақпараттардың ретсіз ағымына тап болады, осының барлығынан психологиялық жүктемені сезінеді, ол тез шаршауына алып келеді және денсаулығына әсер етеді. Екіншіден, көптеген студенттерде остеохондроз, аллергия, сколиоз, жалпақ табандылық, семіздік, нервтік-психикалық жүйке жүйелерінің бұзылуы сияқты созылмалы аурулардың болуына байланысты жұмысқа қабілеттілігінің төмендеуі байқалады, ол жоғары оқу орны түлектерінің кәсіптік дайындық сапасына ықпал етеді. Үшіншіден, жоғары оқу орнына түскеннен кейін көптеген студенттер мектептегі жастық кезеңге қарағанда шешім қабылдауда салыстырмалы үлкен дербестік пен еркіндікке ие болады және тәжірибе көрсеткендей, әлеуметтік ұстанымдары айқын қалыптаспағандықтан, көптеген шешімдерде алаңғасарлық, жеңілтектік және ағаттық, ойланбаушылық (интернетклуб, кафе, бар және т.б.), өзінің денсаулығына жауапсыздық қатынасы (темекі шегу, спирттік сусындар ішу, наша мен токсинді заттарды қолдану, венерологиялық аурулар мен АҚТҚ-инфекциясын жұқтыру) байқалады.