М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ 2. Түзелер қисық ағаш құрған тезбен,
Жара оңалар, тастаса орап бөзбен.
Ақымақты түзету қиын болар,
Насиқат, көркем айтқан жақсы сөзбен (91 б.).
3. Үлгі үйрен жолдас болып нұсқалыға,
Көзің сал сөзді сөзге қосқанына.
Наданның өз басына қылған ісін
Қылмайды ақылды адам дұшпанына (91-92 б.).
4. Күн сайын өзіңе-өзің жас баласың,
Жаспын ғой деп әр істен жасқанасың.
Піскен астан ішпейсің мезгілінде
Мезгілі өтіп кеткен соң аш қаласың (96 б.).
5. Көңілім дария болғанда, қолым-қайық,
Өз-өзімнен боламын Еділ-Жайық.
Айдын шалқар көл қайда қылар шабыт,
Құла түзде қу ілген,- мен бидайық (99 б.).
6. Тұқым салмай алар ма егін орып?!
Кім балалы болыпты бойдақ жүріп?!
«Еккен орар,- деген сөз,- берген алар»,
Бәйге алғанды көрдің бе қарап тұрып?! (100 б.).
Алғашқыда бірінші тармақ «көрінгеннің бәрі
жау» ел жоқ болуына арналса, екіншісі «айнала
сор, мал қонар көл жоқ» екеніне, демек шаруаға
жайсыздық өрістеуіне құрылған. Ал, сол ел, көл
жоқ болуына жалғаса, үндесе берілген «тілі жоқ»
ауыздар арқылы мүшкіл халді тұлғалантумен
шығарма аяқталған. Екінші үлгіде алдымен
қисық ағаштың «құрған тезбен» түзелетіні, ізінше
бөзбен ораса, жараның оңалатыны діттелсімен,
ақымақты «көркем айтқан жақсы сөзбен» икемдеу
нәтижесіздігіне, яғни қисық ағаш, жарадан да
ақымақты оң жолға түсіру қиындығына ден
қойғызумен шығарма тамамдалған. Үшінші нұсқа
да бас- аяғы жұмыр, композициялық құрылымы
жөнінен мінсіз келіп, төрт-ақ жолмен белгілі
бір ой сарапталуымен ерекшеленеді. Әсіресе
«наданның өз басына қылған ісін» ақылды
адамның дұшпанына жасамайтынымен шығарма
тынуы жетекші идеяға ерекше мән бергізіп тұр.
Төртінші үлгі «піскен астан» мезгілінде ішпей,
өмірде көп сыбағадан қалып жүргендерді шенеуге
арналған. Бесінші өлеңде лирикалық қаһарман өз
көңілін біресе дария ретінде санап, біресе өзін бір
кемелділік үлгісі Еділ-Жайыққа балап, ақырында
соның бәріне қарама-қарсы шабыт қылар «айдын
шалқар көл» таппай, «құла түзде қу ілген»
бидайықтың мүшкіл халін мысқылдаумен шығарма
аяқталған. Ал, соңғы туынды тұқым салмай егін
ору, бойдақ жүріп балалы болу мүмкін еместігі
тәрізді қарап тұрып бәйге алушы да жоқтығын,
демек әрекет керектігін әспеттеуге негізделген.
Мәшһүр-Жүсіп қазақ лирикасы дамуына
не үлес қосты дегенде, оның айтыс өлеңдерінің
өзіндік түрін тудырғанына назар аударған жөн. Бұл
туындылардың ерекшелігі- онда сөз таластырушы
екі адам, екі ақын емес, бірі лирикалық қаһарман
да, екіншісі не дерексіз шартты ұғым, немесе
адамша сөйлеуге тиісті емес жануар, құс түрінде
алынады. Демек бұл айтыстар өмірде орын
аларлық сөз таластырудан гөрі шартты қақтығыс
ретінде туып, ақынның лирика жанрында өмірді
бейнелеу аясын кеңейтуімен көңіл бөлгізеді.
Мәселен, «Мәшһүрдің ақындығымен қоштасқаны»
өлеңінде алдымен арыстан орнына қасқыр қалғаны,
«қарғалар көгершіннің зікірін» салғаны, «бас-
аяқ, аяқ барып бас болғаны», демек озықтық пен
қалыстық, жақсылық пен жамандық араласып,
соған лирикалық қаһарман торыққаны баяндалады.
Ақын қоғамда орын алған әділетсіздіктің түр-
түрін қадап айтып, қазбалау емес, оны жинақтап,
ишаратпен бейнелеу үлгісін қолданады:
Құс біткен қонағына кетті қайтып,
Осындай қыс боларын біздерге айтып.
Таусылып қызыл гүлдер, қалды тікен,
Сайрайды гүлстансыз бұлбұл қайтіп?
Осы бір шалқар шындық сыйып кеткен
төрт тармақтан аз сөзбен көп ойды қамтуды ту
еткен шығыс поэзиясы дәстүрін ақынның шебер
өрістетуін көреміз. Құс қайтуы, жылы жаздың,
яғни адамдар үшін жайлы кезеңнің, өткенін
бұлтартпай дәлелдесе, жаздан кейін келген қыстың
табиғаттағы қыс емес, заман қысы, қыспақ белгісі
екенін де аңғарамыз. Ал үшінші тармақтағы
«қызыл» гүлдердің таусылып, тікен қалуы да
бақыт символы гүлдің сап болуын, демек адамдар
арасында бақытсыздық үстемдік етуін әйгілейді.
Соңғы тармақтағы сауал:«Сайрайды гүлстансыз
бұлбұл қайтіп?»- бостандық, бақыт үшін күрескен
лирикалық қаһарман әрекет етерлік жағдай
өшкенін астарлауға арналған. Міне, осындай
жағдайда Мәшһүр-Жүсіптің ақындығы қаша
жөнелуі сөз болады да, лирикалық қаһарманның