Публицистикалық мәтінді талдау үлгісі. Бұл талдауда мақаладағы мәтін мен суреттің бір-бірімен байланысы назарға алынды.
«Саптыаяқ, саба, торсық» тақырыбындағы («Ана тілі» газеті, «Сөзтаным» айдары, №38(1348) 22-28 қыркүйек, 2016) мақала халқымыздың ұлттық танымына, дәстүріне байланысты мазмұнды білдіреді. Мақалада ұлттық салт-дәстүр, наным-сенім мәселесі қозғалады. Бүгінгі оқырманға түсініксіз жайттардың туралы баяндалады. Бұл өткенді ұмытпауға, келешекті бағамдауға, ұлттық рухты жаңғыртуға әсер ететін мақалаға жатады.
Бұл мысалдағы мәтіннің ерекшелігі – айдар тақырыбын көрсететін қаріптің суретпен ұштасып жатуы. Автор таңдаған қаріп белгілі бір дәрежеде экспрессивтік және символдық қызмет атқарып тұр. «Сөзтаным» айдарының «С» әрпі қоюланып берілген және ол қаламның ұшынан шыққан сиямен тығыз байланысып тұр. Бұл жерде сурет пен қаріптің бір коммуникативтік-прагматикалық мақсатта жұмсалғаны байқалады; айдар атауының бірінші әрпін қою қара түспен ерекшелеп, үлкейтіп беру (с) газет мәтіндеріне тән құбылыс.
Тақырыпқа қатысты фотосуретте қазақ халқының ұлттық ыдыс-аяқтары бейнеленген (саптыаяқ, саба, торсық, ожау, пиала, табақ). Оған қоса мақала мәтінінің ортасында үлкен қою қаріппен мақаланың «Саптыаяқ, саба, торсық»тақырыпаты жазылған. Автордың тақырыпқа қазақ халқының ыдыс-аяқ атауларын алуы және соңына «...» көп нүктені қоюы тағы да басқа ұлттық ыдыс-аяқ атауларының бар екенін аңғартып, оқырманның мақалаға деген ықыласын арттырады. Осы арқылы мақаланың прагматикалық ерекшелігі артады.
Мақала мәтінінде автор қазақтың ұлттық ыдыс-аяқ түрлерінің өз маңызы мен берер мағынасы бар екенін, олардың қандай заттардан жасалатынын, салт-дәстүрімізбен байланысын айта келе, әр ыдысқа нақты анықтама беріп, әр аймақтардағы атауы мен қолданысын және ыдыс-аяққа қатысты ырым-тыйымдарды оқырман назарына ұсынады. Соған сәйкес, мақала мазмұнында төменгідей тілдік бірліктер қолданылады:
Мақал-мәтел: «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп, асын іш».
Дәстүрлі наным-сенім: «Аузы жоғары қараған іші қуыс ыдыс-аяққа Тәңірі несібе бұйыртады».
Соныменқатар мәтіндедиалектологиялық анықтама берілген ыдыс атаулары да бар: астау, баспақ, бәкі, дағара, кепсер, көнек, қабақ, қалбыр, сапал, талыс, тас, тасаяқ, тастабақ, шанақ.
Ыдыс-аяққа қатысты ырым-тыйымдар: үйде сынық немесе кетік ыдыс-аяқтарды ырыс кетеді деп ұстамаған; ыдыс-аяқтарды қолданбаған кезде, әсіресе түнде бетін ашық қалдырмайды; ашық қалған ыдысты жын-шайтан аралап кетеді деп санаған; ас ішкен ыдысты төңкеріп қоймайды, төңкерілген ыдыс несібе осымен бітті дегенге меңзейді және т.б.
Публицистикалық стильдегі мәтін мен сурет бірін-бірі мағыналық жағынан ашып, толықтырады. Оқырманның назарын аудартып, ой-санасына ықпал етеді.