Тұрақты тіркестер мәтіндегі ойды көркем, бейнелі жеткізуге қатысады.
Мысалы, «отау болу/отау тігу» тұрақты сөз тіркесі кейіпкер ағасының өз алдына жеке шаңырақ болғанынан хабардар етеді. Ал «енші алу» фразеологизмі үйленген ағасына мал-мүлкін беріп, бөлек үй етіп шығарғанын білдіру үшін жұмсалған.
«Бата бұзу» тұрақты сөз тіркесі Бекболат әкесінің біреуге атастырылған, уәделескен қалыңдығын, «батаны бұзып» өзіне әйелдікке алған іс-әрекетін бейнелейді.
«Мойнына мініп алу» тұрақты сөз тіркесі «басыну, ойына келгенін жасау» деген мағынада тоқалдың бейнесін ашу және кейіпкердің оған деген жағымсыз көзқарас-пікірін, әкесінің қазіргі шарасыз күйін білдіру үшін қолданылған.
Мәтіннің фонетикалық-интонациялық ерекшелігін талдау: дыбыс үндестігі, дыбыстардың қайталануы (аллитерация, ассонанс); дыбыстардың ұйқас құрудағы қызметі; әуен, әуез, тембр, қарқын, кідіріс сипаты.
Автор мәтінде сафиян (сафьян), пенжек сөздерін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне лайықтап беруді көздеген.
Аллитерацияға мысал ретінде ж,б-ның қайталануы жатады: Жасым жиырманың жетеуіне шығып тұр. Бұрын бір байдың, осы күнгі орта шарқы үйдің ортаншы баласымын. Дыбыстардың қайталануы мәтінге экспрессия үстейді.
Мәтін құрамындағы сөйлемнің бірыңғай мүшелері әрқайсысы бір синтагманы (синтаксистік қатынасқа негізделген интонациялық-мағыналық бірлікті) құрайды. Мысалы: қара торы – 1 синтагма; орта бойлы - 1 синтагма, қошқар тұмсық – 1 синтагма, түлкі мұрт – 1 синтагма, шүңірек көз жігітпін – 1 синтагма. Әр синтагма айырым кідіріспен көмкерілетін әуенмен айтылады. Синтагма соңында үн (тон) көтеріледі, қарқыны, ұзақтығы молаяды. Бірыңғай мүшелердің әуені біркелкі, көтеріңкі болып келеді. Бірыңғай мүшелердің соңғы синтагмасында интонация төмендейді, қарқындылығы да азайып тоқтайды. Мысалы:
Қара торы //, орта бойлы //, қошқар тұмсық //, түлкі мұрт //,
шүңірек көз жігітпін.
Мәтіндегі хабарлы сөйлемдер тиянақты интонемамен айтылады. Тиянақты интонема сөйлем соңында болады және оның аяқталғанын білдіреді.
Жекелеген сөйлемдер арасындағы кідіріс онша көлемді болмайды. Ал абзацты көмкеретін, соңғы сөйлемнің аяғындағы кідіріс көлемді, себебі ол абзацтың аяқталғанын білдіреді.
Фонетикалық, интонациялық жағынан ұйымдасқан мәтін оқырманның қабылдауына, мәтінді түсінуіне ықпал етеді.
Мәтіннің морфологиялық сипатын мәтін мазмұнымен байланыстырып талдау (сөз таптарының арақатынасы, әр түрлі мағыналық реңк тудыратын грамматикалық тұлғалардың жұмсалуы (кішірейту, еркелету мәнді жұрнақтар т.б.).
Мәтінде Бекболаттың портретін, басқа да кейіпкерлердің сыртқы кескінін, атқарған қызметін, жүзеге асырған іс-әрекеттерін, орын алған жағдайды мазмұндауда, негізінен, зат есімдер, сын есімдер, сан есімдер, етістіктер қатысқан.
Жалпы зат есімдер: жігіт, жас, ат, бас, барқыт, елтірі, жекей, тымақ, пенжек, шалбар, шапан, сафиян, күміс, белбеу, аяқ, табан, далбағай, кездік, дабыл, шеттік, бай, үй, бала, қой, жылқы, сиыр, түйе, мал, әке, елубасы, ауылнай, би, ел, адам, аға, отау, іні, шеше, жыл т.б. Нақты деректі ұғымды білдіретін зат атаулары көркем шығармадағы баяндалған нәрсенi оқырманның елестету арқылы жеңіл қабылдауына әсер етеді.
Жалқы зат есімдер: Бекболат, Семей. Бұл сөздер кейіпкер атын, іс-әрекет жүзеге асқан кеңістікті нақты жеткізуге қатысады.
Дара сын есімдер: шүңірек, қара, орысшалау, сұр, сары, көнелеу, қисық, шашақты, өткір, ұзын, өнерсіз, орта, ортаншы. Сындық ұғымды білдіретін бұл сөздер Бекболаттың бейнесін ашуға қатысқан.
Күрделі сын есімдер: қара торы, орта бойлы, қара ала, сары қынды, мүйіз сапты (Бекболатқа қатысты қолданылған сөздер), ақ құбаша (тоқалға қатысты).
Сан есімдер: жиырманың жетеуі кейіпкердің нақты жасын білдіреді; бес жүз, екі жүз, алпыс, жиырма сөздері – кейіпкер әкесінің мал санын, сол арқылы оның байлығын көрсетеді; төрттен бірі – әкесінің малының азайғанын; он бес сан есімі тоқалды қанша мал беріп алғанын нақтылап жеткізу үшін қолданылған. Сан есімдер мәтінге нақтылық мәнін үстейді.
Етістіктер: шығып тұр, тыстаған, жапқан, байлайтын, бол, жеткен еді, енші алып кетті, оқуда, қайтыс болған, беріп қойған, бата бұзып алып еді, мойнына мініп алды. Етістіктер кейіпкерді сипаттауда және оның үй-ішіне қатысты оқиғаларды әңгімелеуде қолданылған.
Есімдіктер: мен, осы, бір, сол, неше, бұл. Мәтін 1-жақтан баяндалғасын мен жіктеу есімдігі Бекболаттың орнына; осы, бұл сілтеу есімдігі күн, неше сұрау есімдігі жыл сөздерімен тіркесіп келіп, мезгілдік ұғымды білдіру үшін, бір белгісіздік есімдігі бай атауымен тіркесіп келіп, белгісіздік мәнін үстеп тұр.
Модаль сөздер: бар, жоқ.
Мәтіндегі сөз таптарының арақатынасын саралайтын болсақ, зат есімдер көбірек қолданылып, мәтін мазмұнын беруде белсенді қызмет атқарып тұр.
Мәтіннің синтаксистік ерекшелігін айқындау: жай, құрмалас сөйлемдердің мәтін мазмұнын жеткізудегі қызметі, мәтіннің жай не құрмалас сөйлемге құрылуы, сөйлем мүшелерінің орын тәртібіндегі ауытқуларды (инверсия), оқшау сөздер мен бірыңғай сөйлем мүшелерінің қолданылу мақсатын, төл сөздің берілу жолдарын айқындау. Синтаксистік параллельділік, парцелляттар қолданысын талдау. Риторикалық сұрақтардың берілу жолдарын анықтау.
Мәтін 13 сөйлемнен құралған. Оның екеуі құрмалас (көп компонентті салалас (7-сөйлем), мезгіл бағыныңқылы сабақтас (12-сөйлем), қалғандары жай сөйлемдер. Кұрмалас сөйлемдер мәтіндегі күрделі ойды жеткізуге қатысады. Ал бірыңғай мүшелі жай сөйлемдер көркем шығармада сөз етілетін белгілі бір нысанға, оқиғаға қатысы бар бөлшектерді тұтастай қамтуда ерекше қызмет атқарады.
7-сөйлемді өз ішінен 2 сөйлемге бөлуге болады, себебі құрмалас құрамындағы 1 және 2-компоненттің арасында логика-семантикалық байланыс әлсіз.
Бұрын бір байдың, осы күнгі орта шарқы үйдің ортаншы баласымын, бұрын қой бес жүзге, жылқы екі жүзге, сиыр алпысқа, түйе жиырмаға жеткен еді, осы күні сол малдың төрттен бірі де жоқ.
|