Мәтіннің лексика-фразеологиялық құрамын мәтін мазмұнымен байланыстырып талдау: тура/ауыспалы, көп мағыналы, синоним, антоним, омоним сөздер; көркемдегіш-бейнелегіш құралдар (метафора, метонимия, синекдоха, теңеу, шендестіру, гипербола, литота т.б.); мәтіндегі көнерген (архаизм, историзм), диалект, жаргон, варваризм сөздер; тұрақты сөз тіркестерінің, мақал-мәтелдердің қолданылу мақсатын контекспен байланыстырып түсіндіру.
Мәтіндегі тура/ауыспалы мағыналы сөздер. Мәтіндегі тура мағыналы сөздер заттың атын, түр-түсін, сын-сапасын, санын, іс-қимылын білдіреді. Мысалы: қара торы, орта бойлы, тұмсық, мұрт, шүңірек, көз, жігіт, жас, жиырма, жетеу, ат, бас, барқыт, бай, кедейлеу, бол т.б. Бекболаттың портретін жасауда қошқар (тұмсық), түлкі (мұрт), табан (аяқ киім), ал тоқалдың сипатын беруде бауырсақ (мұрын) сөздері ауыспалы мағынада қолданылған. Мәтіндегі 15 қара тіркесіндегі қара сөзі сиыр атауының орнына жұмсалған.
Осы мәтінде көркемдегіш-бейнелегіш құралдардың бірі – эпитеттер ерекше қызмет атқарып отыр. Олар кейіпкерлердің сыртқы кескін-келбетін сипаттауға қатысқан (қошқар тұмсық, түлкі мұрт, бауырсақ мұрын).
«Аяғымда көнелеу қисық табаным бар» деген сөйлемдегі табан сөзін қазіргі қазақ тіліндегі мағынасымен байланысты қарастырсақ, бүтіннің орнына қолданылып, синекдоха қызметін атқарып тұр.
Мәтінде метонимия кездеседі. Үйдің ортаншы баласымын дегенде баспана емес, сол үйде тұратын адамдар, отбасы мағынасы ұғынылады. Оқырман контекст арқылы Бекболаттан басқа да бауырларының бар екенін түсінеді және бұл ақпарат мәтіннің кейінгі бөлігінде ағасы мен інісін сөз ету барысында айқындала түседі.
Эвфемизмдер.Осы роман жазылған кезде туберкулез халық арасында құрт ауру атауымен танымал болғандықтан, автор оқырманның қабылдауын ескеріп, осы тілдік бірлікті қолданған. Қайтыс болу эвфемизмі –автор тарапынан кейіпкер анасының өлімін жұмсартып, сыпайылап жеткізу мақсатында жұмсалған оралым.
Мәтінде қазіргі тілімізде пассив қабатқа жататын төмендегі сөздер кездеседі:
жекей - түрлі аңдардың терісінің қалдығынан істелген бұйым; жекей тымақ – сәнді тігілген бас киім; сафиян - кірме сөз, ешкі я қой терісінен иленген жұмсақ, жұқа көн;
жарғақ далбағай - көне сөз, жүні тақырлап алынған, илеп, өңделген теріден жасалған, күннен, жауын-шашыннан қорғайтын бас киім;
кездік – пышақ;
шеттік - ердің алдыңғы қапталындағы қайыс бау;
шарқы/шарық – шама, күш, мұрша мағынасындағы парсы сөзі, қазіргі тілдік қолданыста дербес қолданылмайды, шама-шарық, шама-шарқынша қос сөздерінің құрамында кездеседі;
елубасы – тарихи сөз,елу сарбаздың басшысы;
ауылнай – тарихи сөз, төңкеріске дейінгі ең төменгі әкімшілік лауазым, ауыл басшысы;
би – тарихи сөз, ел ішіндегі әділ қазы, төрелік жасаушы.
Бұл сөздер романда суреттелетін тарихи кезеңнен, халықтың сол уақыттағы тұрмыс-тіршілігінен хабардар ету, кейіпкерлердің өз заманына сай бейнесін шынайы ашып көрсету мақсатында қолданылған. Осы көркем шығарманың 1927 жылы жарияланғанын ескерсек, берілген атаулардың сол кезеңде сөздік құрамның актив қабатынан орын алғанын аңғаруға болады.
Пенжек - пиджак (ағылшын, нидерланды сөзі) варваризмі кейіпкердің киім киісіндегі ерекшелікті көрсетуде ұтымды алынған.
Мәтіндегі Бекболат, жігіт, ортаншы бала сөздері бірі екіншісімен мағыналас болып келгендіктен, контекстік синоним ретінде алынады. Олар сөздердің орынсыз қайталанбауын және мәтіндегі лексика-семантикалық байланысты жүзеге асырады.