Көркем мәтінді талдау үлгісі. Ж. Аймауытов «Ақбілек» романынан үзінді Бекболат Қара торы, орта бойлы, қошқар тұмсық, түлкі мұрт, шүңірек көз жігітпін. Жасым жиырманың жетеуіне шығып тұр. Атым – Бекболат. Басымда барқытпен тыстаған қара елтірі жекей тымақ, үстімде орысшалау пенжек, шалбар. Сұр шапан, сары сафиянға қара ала жапқан күміс белбеу, аяғымда көнелеу, қисық табаным бар. Белбеуімдегі жарғақ далбағайым, шашақты, сары қынды мүйіз сапты өткір кездігім, алдыңғы қапталдағы дабыл байлайтын ұзын қайыс шеттігім менің өнерсіз жігіт еместігіме айғақ болар. Бұрын бір байдың, осы күнгі орта шарқы үйдің ортаншы баласымын, бұрын қой бес жүзге, жылқы екі жүзге, сиыр алпысқа, түйе жиырмаға жеткен еді, осы күні сол малдың төрттен бірі де жоқ. Әкеміз неше жылдай елубасы, ауылнай, би болған. Бір ауылнай елдің басты адамының бірі. Ағам отау болып, енші алып кетті. Інім Семейде оқуда. Шешеміз жылқы жылы құрт аурудан қайтыс болған соң, әкеміз бір кедейлеу адамның ақ құбаша, бауырсақ мұрын жаңа өспірім қызын беріп қойған жерінен 15 қараға бата бұзып алып еді. Тоқал бұл күнде әкейдің мойнына мініп алды.
1-саты. Мәтінге тақырыптық-идеялық жағынан талдау жасау. Мәтін тақырыбы мен мәтін мазмұны арасындағы байланысты анықтап, тақырыптың қойылу себебін түсіндіру.
Мәтін – Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романынан алынған үзінді. Мәтінде романдағы басты кейіпкерлердің бірі, Ақбілекті айттырған Бекболат туралы сөз болғандықтан, осы бөлімшенің тақырыбы кейіпкер есіміне сәйкес «Бекболат» деп қойылған. Тақырыптағы Бекболат жалқы есімі мәтінде өзгеріссіз Бекболат (Атым – Бекболат.) тұлғасында қайталанып жұмсалып, тақырып пен мәтін арасында лексика-семантикалық байланыс орнаған.
Мәтіннің идеясын, мәтінде көтерілген негізгі мәселені айқындау. Сол арқылы автордың оқырманға айтпақ ойын түсінуге тырысу.
Автор тарапынан Бекболаттың сыртқы бейнесі мен ішкі жан дүниесі бір-бірімен байланыстырылып сипатталған: Белбеуімдегі жарғақ далбағайым, шашақты сары қынды мүйіз сапты өткір кездігім, алдыңғы қапталдағы дабыл байлайтын ұзын қайыс шеттігім менің өнерсіз жігіт еместігіме айғақ болар. Оның шыққан ортасы мен қазіргі жағдайы – бұрын бір байдың, осы күні орта шарқы үйдің баласы екені салыстырыла берілген. Сонымен қатар кейіпкердің бітім-болмысын толық ашу мақсатында автор Бекболаттың әкесі, ағасы, інісі, анасы туралы ақпараттарды да мәтінге енгізген. Осы бөлік оқырманға Бекболатты жақынырақ таныстыра түседі.
Мәтіндегі негізгі ой берілген бөлікті анықтау.
Тақырып «Бекболатқа» қатысты болғандықтан, мәтіндегі негізгі ой алғашқы абзацта қамтылған.