М. Мұқановтың “Жас ерекшеліктер және педагогикалық психология” кітабына шолу



Дата07.01.2022
өлшемі100,86 Kb.
#17074
Байланысты:
Жайна Алимова ҚТӘ-21

М.Мұқановтың “Жас ерекшеліктер және педагогикалық психология” кітабына шолу


Қазіргі кезде жасына, әлеуметтік жағдайына, білім деңгейіне, мамандығына қарамай-ақ, адамдардың психология ғылымына назар аударуы, қызығушылық танытуы айқын аңғарылады. Бұл қоғамның ізгілікті бағытта, адамдардың рухани ділінің дамуын қамтамасыз етуде психологияның маңызды рөл атқаруы тиіс екендігінен шығатын болуы керек. Әрі психологиялық білімнің осы заман адамдарының әрқайсысының күнделікті өмірі мен іс-әрекетінде шешуші орын алатыны көпшілікке мәлім. Әсіресе, қазіргі кезде жастарға, жалпы кез-келген тұлғаға іс-әрекет пен қарым-қатынасты субъект ретінде жетілдіруі үшін психологиялық даярлықты жоғары дәрежеде танытуы қажетті шарт.

Десек те, біз үшін «психология», «психолог» ұғымдары таныс болса да, осы психология ғылымының нені зерттеу керектігін тіпті жоғары білімді адамдардың өздері дәлме-дәл анықтай алмай шатасып жатады.

Барлық дерлік психология оқулықтарында адамның да, жануардың да психикасын зерттейтін ғылымды «психология» деп анықтайды. Нақты айтсақ, психологияның зерттеу нысаны психика болады. Ал психиканың өзіне берілетін ғылыми анықтамаларды сөзбе-сөз келтіріп, талдамай-ақ, оларды былайша жалпылап түсіндірейін: адам психикасының дамып, жетілуі ең алдымен мидың даму деңгейімен, мидың қызметімен байланысты болса, екіншіден, адамның қоғамдағы қатынастар жүйесімен, яғни алған тәрбиесімен, білім деңгейімен, мәдениетті меңгеруімен анықталатын күрделі, біртұтас құбылыс болып табылады. Осыған орай адам психикасы оның іс-әрекеті, ортамен өзара әрекеттестігі, өзіне және басқаларға деген қатынастары, мінез-құлық пен жүріс-тұрыстарының барша көріністері арқылы танылады. Сондықтан, психология әлбетте адам баласының жас ерекшелігіне байланысты психикалық даму белгілерін; психикасындағы оңды және теріс өзгерістерді; бұл өзгерістердің себептері мен салдарларын; тұлғалық жеке-дара қасиеттері, танымдық процестері және психикалық жай-күйі туралы психологиялық деректерді талдап, психологиялық дамудың заңдылықтарын тағайындайды, осы дамудың психологиялық механизмдерін анықтап, зерттейді.

Психология адам өміріндегі көкейтесті психологиялық мәселелерді шешуге бағытталады. Психология ғылымының теориясы мен тәжірибесіндегі озық жетістіктерді қолдану арқылы адам баласы өз өмірінің сценаристі, режиссері және актері ретінде дамуын, оның зияткерлік және тұлғалық дамуын қамтамасыз етудің мүмкіндігі артады.

Алайда, қазіргі жаһандану заманындағы қоғамда адамдардың жан күйзелісін басу үшін ғылыми-әдіснамалық негізі жоқ, түрлі бақсы-балгерлік әдіс-тәсілдердің ықпалынан оңалмас зиян шегу жайттары да аз кездеспейді. Сондықтан психология ғана адам баласының тұлға, маман ретінде психологиялық сауаттануын қамтамасыз етіп, оның психологиялық құзіреттілікке жетуіне, психологиялық мәдениетті игеруіне ықпал етеді.

Жалпы психология ғылымдар жүйесінде жас ғылыми сала болып табылады. Ал қазақстандық психология ғылымының негіздері өте ертедегі даналардың ұлағатты ойлары мен тағылымы мол еңбектерінен, қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі психологиялық мазмұннан бастау алғанмен, оның ғылым ретінде орнығып, қарқынды дамуына көп уақыт бола қойған жоқ. Психология өте көп ғылыми салалардан тұрады. ХХ-ғасырдың орта тұсында ресейлік танымал ғалым К.К. Платонов оның 100-ге тарта салаларын ажыратып, жіктеген еді. Одан бергі қаншама 7-8 онжылдықта бұл сан еселеп артқан шығар. Осы салалардың арасында педагогикалық психология ерекше орын алады. Себебі дәл осы педагогикалық психология саласындағы зерттеулерге байланысты Қазақстанда ғылыми психология пайда болып, қазір де қарқынды дамуда деуге болады.

Ана тілімізге психологиялық ұғымдардың кірігіп, қордалануы үшін, жастардың психологиялық сауатын ашып, олардың даму процесін жеделдету мақсатында Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев көшбасшылық танытып, жанкештілікпен зор еңбек еткені мәлім. Мәселен, Жүсіпбек Аймауытов алғаш рет қазақ тіліндегі «Психология», «Жан жүйесі мен өнер таңдау» кітаптарын 1926 жылы-ақ жарыққа шығарған.

Қазақстанда психологияның жеке ғылыми сала болып шығуына негіз, тұғыр болған педагогикалық психологияның жаңа бір қарқынмен дамуға беталысы ХХ-ғасырдың екінші жартысында болды. Бұған республикада 1946-жылы тұңғыш психология кафедрасының қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде ашылуы, жоғары мектеп оқытушыларының психология-педагогика ғылымдары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуі, оқулық, оқу-әдістемелік құралдар дайындауы орасан ықпалын тигізді.

Педагогикалық психология бойынша құнды еңбектерімен, жоғары мектептегі озық іс-тәжірибелерімен – Ш. Әлжанов, Ә. Асылбеков, Т. Тәжібаев, А. Темірбеков, Ә. Сыдықов, С. Балаубаев, Е. Суфиев, М. Мұқанов, А. Алдамұратов, Р. Қарамұратова, Қ. Рақымбеков сияқты талай тұлғалар ғылыми қорды байытып, тарихта есімдері қалды.

Республикада педагогикалық психологияның дамуына академик Төлеген Тәжібаев елеулі үлес қосты. Ол түрлі деңгейдегі аса жауапты басшылық қызметтер атқара жүріп, Қазақстанда алғаш рет психолог-педагог маман дайындау ісіне бастамашы болған-ды. Т.Т. Тәжібаев білім беруде психология мен педагогиканы үйлестіре отырып, педагогикалық психология аясында зерттеу жүргізген, К.Д. Ушинскийдің психологиялық көзқарастарын талдап, қарастырған.

Қазақстанда жоғары мектеп психологиясының дамуына академик Т. Тәжібаевтың шәкірті Мәжит Мұқанұлы Мұқановтың қосқан үлесі зор болды. М.М. Мұқанов республикада тұңғыш психология ғылымдарынан докторы ғылыми дәрежесіне ие болған ғалым еді. М.М. Мұқанов оқу-тәрбие психологиясына, білім берудің жас ерекшелікке байланысты психологиялық астарларына қатысты «Педагогикалық психология очерктері» (1962 ж.); «Жас және педагогикалық психология» (1982 ж.) сияқты көптеген осы кезге дейін теңдесі жоқ 200-ден астам еңбектер жазған. Сонымен қатар, М.М. Мұқановтың өзі адамның тұлға және маман ретінде дамуын зерттеп, жетілдіруге үлес қосқан талай шәкірт дайындаған.

Жоғары мектепте психологиялық білім беруге арналған қазақ тіліндегі оқулықтар дайындау республикада психология ғылымының дамуымен астасатыны анық. Осыған байланысты, 1966 жылы А. Темірбеков пен С. Балаубаевтың педагогикалық институттар мен университеттердегі студенттерге арналған «Психология» атты қазақ тіліндегі алғашқы оқулықты дайындап жарыққа шығаруы, психологияның дамуында ерекше рөл атқарды.

Өз егемендігімізге қол жеткізгеннен кейін елімізде психология ғылымының қарқынды даму беталысы айқын аңғарылады. Оны республикада тек педагогикалық психология емес, этнопсихология, тұлға психологиясы, жас ерекшелік психологиясы, әлеуметтік психология, заң психологиясы, әскери психология сияқты қоғам дамуында маңызы зор психологияның бірқатар салалары бойынша әріптестерімнің зерттеулер жүргізіп, әлемге танымал баспаларда еңбектерінің жариялануы дәлелдейді.

Алайда, ғылым қашанда объективтілікті талап етеді. Сондықтан, біздің елдегі психологияның теориялық та, тәжірибелік те жақтарының дамуында кештеу қалған тұстарымызды да айта кету керек. Барлығын тізбелемей-ақ, мына жайды атап кетейін.

Психологияның ғылым ретінде қалыптасуына ХIХ ғасырдың екінші жартысындағы неміс ғалымдарының зерттеулері себепкер болды. Неге психология ғылымның отаны Германия болды? Себебі, Германия үкіметі ХIХ ғасырда психология ғылымының дамуына ерекше назар аударып, оқу орындарында психологиялық зертханалар мен психологиялық көмек көрсету орталықтарының ашылып, жұмыс істеуіне орасан қаржы құяды. Ал бізде әлі күнге дейін психологиялық зерттеу жүргізу шын мәнісіндегі күрделі мәселе болып табылады. Атап айтсақ, осы уақытқа дейін біздің еліміздің бірде-бір ғылыми мектебінде толымды психологиялық эксперимент жүргізуге керекті арнайы құралдармен жабдықталған психологиялық мекемелер, орталықтар тұрмақ, бір бөлмелі зертхана да жоқ. Сондықтан, зертханасыз-ақ, психологиялық диагностикада, зерттеулерде қолданылатын әдістемелермен зерттеу жүргізіп жатқан жайымыз бар. Бірақ осы әдістемелерді мемлекеттік тілде сөйлейтін адамдарды психологиялық зерттеуге қолданудың өзіндік талап-шарттары бар. Осы талаптарды басшылыққа алар болсақ, басқа тілдегі әдістемелер күрделі бейімделу, стандартталу сатыларынан өтіп, әр әдістеме бір-бір докторлық диссертация деңгейінде зерттеліп, қазақ тілінде қолдануға лайықталуы керек. Сонда қазіргі кезде толымды, барлық талап-міндеттерге сай психологиялық зерттеу жүргізіп, психология ғылымын дамыту еліміздегі осы саладағы ғалым-зерттеушілердің белсенділігіне, бастамашылығына, ерен еңбегі мен жауапкершілігіне ғана арқа сүйеп отыр. Бірақ, бұл тұлғалық сапалар – психология ғылымының даму мәселесін шешуге қажетті бір ғана шарт.

Қазір жоғары оқу орындарында дәріс оқып, ғылыми-зерттеу мектептерін құрған ғалымдар Қазақстандағы психология ғылымдарының сан саласын дамытып келеді. Олардың жоғары мектеп психологиясының дамуына қоғам талабына сай маман дайындау, психологиялық білім берудің оқу-әдістемелік негізін нығайту, студенттердің, магистранттардың, докторанттардың зерттеу жұмыстарына ғылыми жетекшілік жасау арқылы атқарып отырған еңбектері орасан зор. Қазақстанда психология ғылымының әрқашан көкейтесті болатын мәселелерін зерттеу арқылы республика аумағында ғана емес, әлемдік психология-педагогика ғылымдарының қордалануына себепкер болған ғалым-тұлғалар баршылық. Сондықтан, республикадағы психологияның өсіп-өркендеуі Р.Б. Қарамұратова, С.М. Жақыпов, Қ.Б. Жарықбаев, Ж.Ы. Намазбаева, Х.Т. Шерьязданова, В.К. Шабельников сынды белгілі психолог-ғалымдардың есімдерімен тікелей байланысты.

Мәселен, маған студент кезімде білім берген ұстазым, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, психология ғылымдарының кандидаты Раиса Башибайқызы Қарамұратованы педагогикалық эмпатия бойынша республикада ең алғаш зерттеу жүргізген, болашақ мұғалімдерде педагогикалық эмпатияның қалыптасу заңдылықтарын тұжырымдаған ғалым екендігін үнемі мақтанышпен айтамын. Ұстазымның ғылыми еңбектеріне Ю.Б. Гиппенрейтер сынды мүйізі қарағайдай ресейлік ғалымдардың берген жоғары бағасы, жасаған сілтемелері қаншама. Сонымен қатар, М.М. Мұқановтың шәкірті болған Раиса Башибайқызы Грузиядағы белгілі К.Д. Узнадзенің психологиялық ғылыми мектебінде диссертациясын қорғаған қазақ қыздарының тұңғышы еді. Раиса Башибайқызынан білім алып, кейін оқытушылық қызмет таңдаған Ж.Қ. Әубәкірова, Н.Д. Унарбекова, М.Д. Ауренова, А.З. Теңкебаева сияқты психолог-оқытушылардың психологиялық зерттеулері де бірегейлікпен, аса өзекті мәселелерді жан-жақты қарастыруымен ерекшеленеді.

Қазіргі кезде интернет болмаған заманда қалай өмір сүрдік деп таңданамыз. Заманауи байланыстардың бар түрін қолданып, жұмыстарымызды көзді ашып-жұмғанша бітіріп те жүрміз. . Бірақ кей жастар әлеуметтік желілерде ғана өмір сүре алатын жағдайға душар болды. Тіпті қазіргі кезде ғылымда «компьютерлік аддикция» ұғымы орнығып, Батыста «компьютерлік аутизм» термині қолданыла бастады. Талай зерттеулер желіде отырған адамның шынайы ойы мен жазғаны, өзін сипаттауы мен нақты тұрпаты бір-біріне сәйкес келмей қалатынын, біртіндеп адамда тұлғалық қосақтың (раздвоение личности) қалыптасатынын дәлелдеді. Күні-түні желіде отырып, ұйқы-күлкіден айырылып, жындыханадан бір-ақ шығып жатқандар да кездесуде. Сондықтан әлеуметтік желіге тәуелді болу әсіресе жастардың психологиялық дамуындағы теріс жағдай. Жастық шақ – «қыз ғұмыр», тым жылдам өте шығады. Ал адамның зияттылығының, танымының, әлеуметтік белсенділігінің, психофизиологиялық жетілуінің оптимумдық даму деңгейі тек жастық шаққа ғана тән болады. Жастық шақ – адам баласының бақытты өз қолымен жасауына, жетістіктерге жетуіне, өзін танытуына, өзгені тануына Жаратушының ерекше әлеует, күш-қуат беретін алтын кезеңі. Осы кезеңді, біздің қазақ жастары босқа өткізіп алып, кейін депрессияға ұшырап, психолог іздемесе екен деп тілеймін. Жастар үшін психолог болашақта тек қана сүйемелдеуші, қолдаушы қызметін атқарушы болсын деп ойлаймын.



Назарларыңызға рақмет!

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет