Мұқағали Мақатаев (1931-1976)


Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?



Pdf көрінісі
бет10/17
Дата27.01.2017
өлшемі2,31 Mb.
#2834
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17

Неңді сенің аңсаймын, бала шағым? 
       Неңді сенің аңсаймын, бала шағым? 
Бұлдыраған айналаң ала сағым. 
Ала сағым ішінде - болашағың, 
Болашағың болашақ алашағың. 
Сенің қандай аңсаймын «тамашаңды?» 
Соғыс келді:жүрекке жара салды, 
Шапан еттім төсенген алақанды, 
Қамқор тұтып, қауқарсыз қара шалды. 
Сағынам ба суық мен талқаныңды?! 
Суығынды, сүрқия қаңтарыңды. 
Әжем байғұс мезгілсіз ораза ұстап, 
Бізге беріп талқанын қаңтарылды. 
Сағынам ба түстерің, кештеріңді?! 

Жалаң аяқ таңғы шық кешкенімді. 
Өшкенімді білдірмей, өскенімді, 
Жүре бердім жамылып бөстегімді. 
Сағынбаймын, 
Сағынсам, мүңайтады... 
Мұңайсам, көңіл тағы лайтады. 
Әнуарды, Шәмшіні, Шәмілдерді 
Күн өткізген солай деп кім айтады?.. 
 
Ол шақты қайтем 
       Көлшікте, біздің іргеде, 
Бақаның хоры басталған. 
Күнде де, айлы түнде де, 
Сорғалап нұр тұр аспаннан. 
Қоңыр үй.Тозған.Қазақы. 
Болмайтын онда терезе. 
Тозбайтын еді ғажабы, 
Шаңырақ, уық, кереге. 
(Ол шақты қайтем мақтап құр) 
Ши ұстаушы едік есікке. 
Жамырап келіп аппақ нұр. 
Жармасар еді тесікке. 
Сандаған сығыр сәуледен, 
Панамыз тұрар жарық боп. 
Үміткер болып әрнеден, 
Маужыраушы едік қарық боп. 
Алаңсыз, бейқам өсіп ек, 
Бақалар хоры тербетіп. 
Өмірдің содан көшіне, 
Ілесіп кеттік ержетіп... 
 
Оралыңдар 
     Ауылда өскен бауырларым, қайдасыңдар сендер 
Туған жердің топырағы, шақырады белдер. 
Сендерді ойлап күрсінеді, күрсінеді таулар, 
Бұйығады бұлақтар да. шайқалады көлдер. 
Шабындықта бөденелер, шегірткелер ән caп, 
Жасыл тоғай жабығуда өздеріңді аңсап. 
Оралындар, оралыңдар, оралыңдар елге 
Біздер үшін неге керек атақ, даңқ, мансап! 
Шақырады шабындықтар, бұйра шашты талдар, 

Жолдарыңа көз тігуде кемпірлер мен шалдар! 
Туған жердің аспаны да азан салып жоқтап, 
Жұлдыздардың көздерінен отты жасы парлар. 
Сендерді аңсап жатыр, әне, жайлау менен қырман 
Сендерді аңсап, ән салады, тау самалы қырдан. 
Ата-баба зираттары оралыңдар деп тұр
Туған өлке әр шетінде қорған болып тұрған. 
Азаматтар, оралындар, оралыңдар елге, 
Туған жерсіз бақыт та жоқ, бола қалса сенбе! 
Қалай ғана оралмассың, бара алмассың, сендер, 
Кіндік қаның тамып қалған қасиетті жерге! 
Жібі тузу жан едің құрметтеген, 
Сен де ілесіп барасың дүрмекпенен. 
Саған деген көңілімде адалдық бар, 
Дүрмекпенен кетсем де кірлетпегем. 
Саған соны, жарқыным, біл деп келем, 
Ары таза деуші едім, жаны жақсы, 
Қалған көңіл, қайтейін, налымақшы, 
Қайда барып, жарқыным, жарымақсың?! 
Сүт іздеген түртіншек ақ лақсың, 
Сөйтіп жүріп, кімдерді жанымақсың? 
Томпаңдаған монтандай момын-ақсың, 
Сен де өзіңше намысты қорымақсың. 
Қасығыңды қалайы қолыңа апсың, 
Қайсы ауылдың қазанын торымақсьң? 
Жаңарта бер, ұштай түс жағынғанды, 
Жағындың да, жарқыным, бағың жанды. 
Таңдандыра білмеген басқаларды, 
Басқаларға ұнатар табынғанды. 
Жібі түзу, пендем-ау, құрметтеген! 
Қайда ілесіп барасың дүрмекпенен? 
Тіршілігің шамалы тірнектеген, 
Жібі түзу, жарқыным, біл деп келем! 
 
Орта жолда 
       Көңіл де пәс, пәс кеуде, 
Аэропортта даң.-дұңмен 
Затым кетті Мәскеуге, 
Ақтөбеде қалдым мен. 
Алдан шығып достарым, 
Тоса берді тостағын. 
Ұсынғасын тостағын, 

Сілтеп-сілтеп тастадым. 
Адал ас пен көңілін 
Қалай қиып кетерсің. 
...Айхай, менің өмірім, 
Армансыз-ақ өтерсің! 
Маған жоқ-тың жат, дұшпан 
Бәрі бауыр, тұстасым. 
Қалып қойдым ақ құстан, 
Ақтөбеде  қысқасы. 
Көңіл, неге мұздадың? 
Асықпа әлі, жетерсін, 
Қазағыңның тұз-дәмін 
Қалай қиып кетерсің?! 
Қарсы алар ма бір адам, 
Сонау алыс шалғайда. 
Мына көңіл, мына дәм 
Бола ма алда, болмай ма?! 
Бірге күліп жыласқан,. 
Пәк көңілдер бір жүрсін 
...Мына дала, мына аспан 
Қимай тұр ма, кім білсін?! 
Өкінгенмен өнбейді, 
Ақылынды тауыспа! 
Жібергісі келмейді 
Далаң сені алысқа. 
Ерте тұрып, қам жаса, 
Сапарыңды жалғауға. 
Өкінбегей, алдаса, 
Өкінішті арманға. 
Опық жеме, арланба, 
Орта жолда қалғанға! 
Жаным неге күйзелді?! 
Жаздың таңы ата гөр. 
...Жусан менен өзенді 
Иіске де, жата бер... 
 
Оспанхан Әубәкіровке 
         Жүр, досым, аяңдайық баққа қарай, 
Күн көзін тұман тағы қаптағаны-ай! 
Аяз Атаң тәттісін үлестіріп, 
Ащысын екеумізге сақтағаны-ай! 
Тұрғызбастай тұмшалап қаралықты, 

Жердің бетін ақ ұлпа қар алыпты. 
Кеше біздер жылатып тастап кеткен, 
Ойнатып жүр сәбилер балалықты. 
Toп шымшық тал басына үймеледі, 
(Көрінген сауысқаннан именеді.) 
Бір орында бір биді мың қайталап, 
Секектеп олар қашан билегелі... 
Аяңдайық ауылымыз жаққа қарай 
Қайың да ақ, терек те ақ, ақ қарағай, 
Пай, пай, шіркін! Демін-ай жігіт-қыстың! 
Қарғыма-ау, күйдіре ме-ау, от па, қалай?.. 
 
Отан 
        Отан!! 
Отан! 
Сен болмасаң, не етер ем? 
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем, 
Өмірден бұл өксуменен кетер ем. 
Құс ұясыз, 
Жыртқыш інсіз болмайды. 
Отансыз жан өмірінде оңбайды. 
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды. 
Тірі адамға - сол қайғы! 
Күн көреді, 
Әкесіз де, анасыз, 
Өмір сүрер. 
Әйелсіз де, баласыз, 
Ал Отансыз - 
Нағыз сорлы панасыз? 
Білесің бе, 
Отанның сен не екенін? 
(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.) 
Екі Отан жоқ. 
Жалғыз Отан - мекенің! 
 
Отан туралы 
       Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем, 
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем, 
Мен оның қасиетті тілін сүйем, 
Мен оның құдіретті үнін сүйем. 
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған, 

Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған 
Жаным менің, 
Кеудемді жарып шық та, 
Бозторғайы бол оның шырылдаған! 
Отан! 
Отан! 
Бәрінен биік екен. 
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем. 
Отанды сүймеуің де күйік екен, 
Отанды сүйгенің де күйік екен... 
 
Отыз бесінші көктемім 
         35 жыл. 
Уақыт қой көп-көрім. 
35 жыл қуарып, 
35 жыл көктедім. 
35 күз, 35 қыс, 35 жас, 
Осал өмір емес қой отыз бес жас... 
35 жыл. 
Өмірді кезіп келем. 
Және 35 бола ма? 
Сезіктенем... 
Әкем менің есімде, шам түбінде 
ВКП (б) тарихын ежіктеген. 
Және бір сәт есімде ақпандағы, 
Әкем отыр майданға аттанғалы. 
Бәрі есімде 
Дала, егіс, ауыл, мектеп, 
Ұстаздар, интернаттың қатқан наны... 
Бәрі есімде - далам да, тұрағым да, 
Тек есте жоқ, күлдім бе, жыладым ба... 
Балалық шақ жарбиып жүретұғын 
Өгіз жеккен соқаның құлағында. 
Шаруаның баласы болғасын ба, 
Шаруамен айналдым он жасымда. 
Майдандағы әкеме оқ жібердім, 
Айырбастап күлшемді қорғасынға. 
Әжем есімде. 
Әрнеге қозбайтұғын, 
Әріден көп әңгіме қозғайтұғын. 
Темір керней есімде... 
Боран үрсе, 

Азалы үнін аңыратып боздайтұғын. 
Есімде жоқ. 
Бала боп өсіп пе едім?! 
Болсам неге жылы сөз есітпедім?! 
Есімде тек, 
Білемін жеңіс-құстың 
Біздің жаққа бір апта кешіккенін. 
Осылай өскемін. 
Мен - солдаттыц жандырып кеткен жалыны 
Сөнбедім де өшгіедім, 
Мен отыз бестемін. 
Мені жұрт: 
«Жақсыдан қалған көз» дейді, 
«Жақсыдан қалған сөз» дейді, 
Ақымақ болсам төзбейді: 
Хайуан дейді, ез дейді, 
Хақым жоқ жаман болуға, 
Мені жақсыдан қалған көз дейді. 
35 жыл. 
Бітпеген істерім көп. 
(Өткен өмір тәтті бір түс көрінбек) 
Арым аппақ. 
Айта алман, екінбен де, 
Өзгелерге қиянат істедім деп. 
Биік болса болғаны болашағым, 
Мен аласамын. 
Өмір сахнасына алған заңды билетім бар. 
Заңды орныма таласамын!!! 
35 жыл. 
Отыз бесінші шуағым 
35 жыл күлдім, 
35 жыл жыладым. 
Кім біледі, 
35 көктем, 
Енді қанша тұрамын?... 
35 күз, 35 қыс, 35 жаз 
Осал өмір емес-ау отыз бес жас... 
 
Отыздан асып барамын 
          Сұқтанып тұрып жанарың, 
Сұрыма неге қарадың? 
Солай да, солай, қарағым, 

Отыздан асып барамын. 
Шашымның санап әр ағын, 
Таңырқай берме, қарағым. 
Санаулы басқан әр адым, 
Отыздан асып барамын. 
Белгісі тұр ма ағаның, 
Бетіме неге қарадың? 
Бақытым тілеп баланың
Отыздан асып барамын. 
Қуанып кейде қаламын, 
Қуарып кейде қаламын. 
Аттанған ата-ананың 
Артынан қуып барамын. 
Әзілің қайда, қарағым, 
Әжімге несін қарадың? 
Артымда қалып аларым, 
Отыздан асып барамын. 
Солай да, солай, қарағым, 
Көңілдің таппай қалауын. 
Жастықтың жықпай жалауын, 
Отыздан асып барамын. 
 
Пай, пай! 
       Пай, пай! Пай! 
Сағындым-ау, сағындым-ау! 
Талықсып, тар төсекке таңылдым-ау! 
Қапыда қалтылдаған жаным мынау, 
Жаратқан, нағылдым-ау, нағылдым-ау?! 
Бал дәурен, бала дәурен, қайда қалдың 
Баяғы жылқы баққан сайда қалдым. 
Қоштастық қорасында Қойбағардың, 
Сен содан мені тастап қайда бардың? 
-Мен содан жастық деген желік қуып, 
Бір қызық бір қызықтан еліктіріп, 
Тапқан ем бір махаббат өліп тұрып, 
Өліп тұрып қоштастым, жеріп тұрып. 
-Махаббат, ақ махаббат, қайда ңалдың' 
-Сен өзің қорлап кеткен ойда қалдым. 
Биікті ұнатушы ең шыға алдың ба? 
Бойда - қаным, қайтейін, ойдағы - арым 
-Шығам деп бір биіктен бір биікке, 
Кездестім бір күйіктен бір күйікке. 

Сен-ақ бастау орнында тұнып қалған, 
Тұрғанын түсіне бер кім биікте... 
Білдім де артқа мойным бұрмасымды, 
Тауға да, тасқа да ұрдым бүл басымды, 
Сені еске алсам, келеді өмір сүрғім, 
От сөнді. 
Отауым жоқ. 
Жын басылды... 
 
Поэзия 
      Поэзия!менімен егіз бе едің? 
Сен мені сезесің бе,неге іздедім? 
Алауыртқан таңдардан сені іздедім, 
Қарауытқан таулардан сені іздедім. 
Сені іздедім кездескен адамдардан, 
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан. 
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан, 
Сені іздедім жоғалған замандардан. 
Сені іздедім досымнан, қасымнан да, 
Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да, 
Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда, 
Қызыл-жасыл шұғыла шашылғанда, 
Көкжиек пен көкжиек қосылғанда. 
Махаббаттан іздедім, сағыныштан, 
Арманымнан іздедім алып ұшқан! 
Сәттерімнен іздедім жаңылысқан, 
Сені іздедім жадырау, жабығыстан. 
Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен, 
Күннен, түннен, гүлдердің бүршігінен. 
Қуаныштан, түршігу-күрсінуден, 
Жүректердің іздедім дүрсілінен. 
Сені іздедім сезімге у шараптан да, 
Минуттерден іздедім, сағаттан да, 
Сені іздедім. 
Іздеймін тағат бар ма? 
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?! 
 
Пушкинмен қоштасу 
       Ал енді қоштасайық, сардар аға. 
Мен ертең кетем ұшып сардалама, 
Қыранның қырандығы - кең далада, 

Қыранның қырандығы - тауда ғана. 
Мен ертең кетем ұшып сардалама. 
Қош боп тұр, қош есен бол, сардар аға! 
Сөкпей де өкпелемей қал балаңа. 
...Ақынның ақындығы - атақта емес, 
Ақынның ақындығы - арда ғана. 
Айтатын арызым бар, аға, саған, 
Көңіл - кермек, бой - күйез тамашадан. 
Ақымақпын, кей-кейде арыма мен, 
Өз қолымен күйені жаға салам. 
Сен болған шақ бұлыңғыр, тұнжыр маған. 
Әйтсе де аямапты құрғыр заман. 
Болат Пушкин тіріліп кете ме деп, 
Тұғырыңды болатпен шынжырлаған. 
Қарадым сенің қола мүсініңе, 
Қоланы да болады түсінуге. 
Мені тәңірім жаратқан табынуға, 
Сенің мәңгі қақың жоқ кішіруге. 
Ортасына сауықшыл түсіп көптің, 
Мастандым да, масайрап ісіп кеттім. 
Мұң шаға келіп едім - ұш! -дедің сен, 
Өзің ұш деп тұрған соң ұшып кеттім. 
Ұшып кеттім тауларға бұлт басқан, 
Төңкеріліп теңізге тұныпты аспан. 
Теңіз бенен аспанның тыныштығын, 
Долы дауыл барады жұлып, қашқан. 
Хош бол, аға, әлемді тамсандырған, 
«Тас мейманға» табиғи жан салдырған. 
...Меніменен сайрандар жел жоқ, бірақ, 
Алатауым күтіп тұр қарсы алдымнан... 
 
Революция жаңғырығы 
     Екі дүние ерегісіп жатқанда 
Сұңқар құлап жартасқа, 
Дауыл тұрған шақтарда, 
Күшігендер ақпанда, 
Сай,жыраны паналап, 
Жемтік іздеп баққанда, 
Жұмыр жерді аралап, 
Кетті бір үн ғаламат. 
Ұшты ақнық Дауылпаз 
Қанатына жүк артқан. 

Қалды тобыр мұнартқан, 
Сұлулардың иісіне құмартқан 
Қалды небір кеселдер: 
Қорқақ. күншіл, мешелдер, 
Бола алмаған көсемдер, 
Көбік езу шешендер. 
Соқты дауыл үйіріп, 
Ұшты жасын, жай-оттар. 
Болаттан құрсау киініп, 
Шықты жалаңаяқтар. 
«Дауыл бұлтты тіледі...» 
Үндеген сонда кім еді? 
Ол - Данконың жүрегі, 
Ол - Еділдің ұлы еді. 
Революция байрағын 
Қанатына қыстырған 
Дауыл бұлтты серпеді! 
Жаратылған ұшқыннан 
Ол - алапат өрт еді. 
Құдіретіне Адамның 
Дауылпаз басын иеді. 
Горький - ұлы заманның 
Ұрпаққа тартқан сыйы еді. 
Горький - ойлар тартысы, 
Ақиқат пен ардың ұлы. 
Горький - революция жаршысы, 
Революция жаңғырығы! 
 
Реніш 
       Әй, балам-ай! 
Шамалы-ау түсінігің, 
Қандай болар, білмеймін, кісілігің... 
Жаңа ғана қайтқандай жерлеп мені
Жауар күндей қабағын түсіруін! 
Әй, балам-ай, шамалы-ау түсінігің!.. 
...Жоқ, балақай! 
Мен сендей боп өспедім! 
Мына мінез - мінезім емес менің. 
Адамдардан рахым алу үшін, 
He көрмедім, өмірде не кешпедім?! 
Аяры жоқ адуын жауыздықтан, 
Алып шықтым арымды тамыздықтан. 

Амалым не, жастықтың кер тұлпарын, 
Тасқа қамап тастадым ауыздықтап. 
Қиып түсер, қыршын ем, алмасы көп, 
Қидым бәрін сен өксіп қалмасын деп. 
Мінезің-ай, балам-ай, мінезің-ай! 
Кетпегей-ді мерт етіп, жарға сүйреп... 
 
Сабырханға 
      Қызылқұмда ізіміз қалар ма екен, 
Іздеген жан біздерді табар ма екен? 
Адасармыз, адассақ, қарамай-ақ 
Кел екеуміз кезейік жалаң аяқ. 
Қасиеттеп, қадірлі жерімізді, 
Қалдырайық,басайық мөрімізді. 
Әуестемей әлдекім салған ізді, 
Өзімізше сызайық таңбамызды. 
Адасармыз мықтаса құм шағылда, 
Тынығармыз Қызылқұм құрсағында. 
Тек ізіміз... 
Ізіміз өшпесе екен, 
Құйын тұрып,құм басып, көшпесе екен. 
Өшсе, өшер,өшкенге қарамай-ақ 
Қызылқұмды кезейік жалаң аяқ. 
Қызылқұмда ізіміз қалар ма екен, 
Іздеген жан біздерді табар ма екен?.. 
 
Сал-сал жырым 
     Сал-сал жырым, сал жырым, 
Ағытыл, алтын сандығым. 
Сен бар жерде баймын да, 
Сен жоқ жерде жарлымын. 
Сал-сал жырым, сал жырым. 
Тыпыршушы едің кермеде, 
Тындың да қалдың сен неге? 
Тымырсып барын біткенше, 
Өртеніп кеткін, өр неме! 
Өртеніп кеткін кеудеде! 
Қаршығам едің қағынды, 
Қағынбай қалдың нағылды? 
Тояттап тұрсаң ұша алмай, 
Жабулы ңазан жабулы, 

Бықсытпа менің жанымды. 
He болды саған, жолдасым? 
Қарайсың әзер, болмашы. 
Қарусыз сенсіз қалдым мен, 
Тұтқынға түскен қолбасы, 
He болды бізге, жолдасым?! 
 
Самал есті 
      Самал есті, даладан, сай жақтан ба?! 
Аппақ іңір тауларды ойлантқан ба? 
Аспанға сүт әлдекім қайнатқан ба?! 
Кілегей тұр меймілдеп қаймақтанған. 
Жайлау еді, 
Жайлы бір іңір еді, 
Жұлдыз тамып кетердей, кідіреді. 
Өзеніне асыққан өрім-бұлақ, 
Төмен қарай төскейден жүгіреді. 
...Қай тұста еді, құдай-ау, қай маңда еді?! 
Маған кұшақ сол жанның жайған жері? 
Алғаш біздер ақ гүлін таптап кеткен, 
Қай маңда еді, жастықтың сайран-белі?! 
Таулар да тұр, баяғы бұлақ та бар, 
Өзің жоқсың, бірақ та сыр ақтарар. 
Іздемей-ақ қояйын сол орынды, 
Аттанам ғой ақыры, жылап қалар... 
 
Санаулы менің сағатым 
     Санаулы менің сағатым, 
Санаулы менің күн, айым. 
Асығам қалмай тағатым
Асықпай қайтіп шыдайын. 
Шау тарта жаным бастады-ау, 
Айларды қуып жылдарым, 
Айтылмай қалса масқара-ау, 
Ашылмай жүрген сырларым. 
Күні ертең өліп кетердей, 
Жастыққа қорқа бас қойдым. 
Өмірім босқа кетер ме ей, 
Өруін таппай таспа ойдың?! 
Күндер-ау, күндер, көктемдер, 
Қасымнан менің кетпеңдер?! 

Әуелде неге жараттың, 
Көпсінсең мені көк пен жер?! 
 
Сап-сары жапырақтар 
     Сап-сары жапырақтар... 
Сал-сары жапырақтар... 
Саудырап құлап жатыр атырапқа. 
Біреудің жанарында, 
Біреудің табанында, 
Сап-сары жапырақтар жоғалуда. 
Қаусаған қаңқасы тұр ағаштардың, 
Жасыл бақ тоналуда, тоналуда. 
Естілмей құстың әні, 
Естілмей құстың үні, 
Жалғанның кетті сәні, ұшты; гүлі. 
Сырғасынан айрылған ақ қайыңның, 
Басына бар ғаламның түсті мұңы. 
Сап-сары жапырақтар, 
Сап-сары жапырақтар, 
Саудырап құлап жатыр атырапқа. 
 
Сарыжайлау 
      Жазира, жасыл кілем өрнектеген, 
Туған жерге, дариға, жер жетпеген! 
Кең өлкем, әлдилей бер сен деп келем, 
Аңсап келем, сағынып, шөлдеп келем. 
Қайырмасы: 
Саумал бұлақ - балдай дәрім, 
Салқын самал - баурайларың. 
Саялаған, беу, туған жер, 
Сағындырған Саржайлауым. 
Армысың, ата-қоныс, жасыл мекен! 
Ұланыңмын, мен сенің қасыңда өтем. 
Басқаның жерұйығын неғыламын, 
Жерұйығы - өзімнің қасымда екең! 
Қайырмасы. 
Жадырап жұтайыншы тау самалын, 
Осы еді ғой сағынып, аңсағаным. 
Гүлдерім, шыршаларым, аршаларым, 
Бәріңе арнап мен бүгін ән саламын. 
Қайырмасы. 

Жанымды жырға бөлеп, тан, атырған, 
Әкем едін, ақ таңда жаратылған. 
Төліңнен айналайын жаңа туған 
Айналайын еліңнен дара туған!!! 
 
Сахараның шұбырған түйелері 
        Түнде менің түсіме жиі енеді 
Сахараның шұбырған түйелері. 
Түйенің өркешінде жыр боталап, 
Түйенің боздауынан күй өледі. 
Ұқсамайды жасаулы керуенге, 
Көрікбейді серілер перілер де. 
Аспан, мұхит арқылы қатынасып, 
Керуеннен адамдар жеріген бе?! 
Көн табанын күйдірсін, өртесін не, 
Көнеді бәріне олар жер төсінде. 
Кім айтар алгебра туған жоқ деп, 
Осынау түйелердің өркешінде. 
Түйелер - алыс сапар жолдың басы. 
(Құмға оларды иесіз қор қылмашы?!) 
Түйе деген - көтергіш крандардың 
Көзі тірі көне бір формуласы. 
Сүтін ішіп, шудасын кие жүріп, 
Қастерлейік түйені сүйе біліп. 
Түйелер... 
Түйелерді тірі ұстайық, 
Бармаспыз болашаққа түйе мініп. 
Екіталай күндерде иелері, 
Азап-сорын атанға тиеп еді
Атанына арқасын сүйеп еді, 
...Атан байғұс несіне сүйенеді?! 
Сондықтан ба, түсіме жиі енеді 
Сахараның шұбырған түйелері. 
 
Саяхат 
        Сал-сал да күндер, сал күндер, 
Балалық атты бал күндер, 
Барайын баяғы ауылға, 
Жоқ кімдер, я бар кімдер. 
Барайын бастау, жылғаға, 
Қырға да, қызыл құмға да, 

Бал күнін қиып кете алмай, 
Жүр ме екен ойнап бір бала. 
Мынау бір шағын көл еді, 
Қыздардың жүрер жері еді. 
Біздердің мынау жағамыз, 
Қыздырған күнге денені. 
Бәрі орнында,көгерсін. 
Бірі жоқ қыздың, ұлдың да. 
Амалың қанша, не дерсің, 
Уақыт деген құрғырға 
He дерсің уақыт құрғырға, 
Біреулер кеткен жантайып, 
Оралмас мәңгі құрдымға. 
Біреулер қалған қартайып. 
Аттандым аз күн тұрдым да... 
 
Сағатым қайда, сағатым 
      Қалған ба тағы таң атып?! 
Жайған ба жасыл қанатын?! 
...Таусылмас менің тағатым 
Соқ, соқ, соқ, менің сағатым! 
Келген бе тағы күн шығып?! 
Күн шығып, 
Жерге құлшынып, 
Енген бе тағы тіршілік?! 
Армысың, асау тіршілік! 
Тұрмысқа қажет табатын, 
Беретін және алатын, 
Мезгіл де болып қалған ба, 
Алатын жерге баратын?! 
Таусылмас менің тағатым 
Соға бер, 
Соқ, соқ, сағатым! 
 
Сағым боп аққан сан жылдар 
      Сағым боп аққан сан жылдар, 
Сарпаңға мені салдыңдар. 
Тағдырлас маған, тағдырлар, 
Қай жаққа кетіп қалдыңдар? 
Сайрандап күнде келеті 
Саялы баққа бара бар

Сан етін ойып беретін, 
Қай жақта жүрсің, ағалар? 
Қанаттыға қақтырмай, 
Қамқоршым едің жем берер. 
Айдында жүзген аққудай, 
Қайдасың, қайран жеңгелер? 
Сотқар боп мені есірген, 
Қолымнан тізгін тартпадың. 
Сақалына орап өсірген, 
Қай жерде жүрсің, қарттарым? 
Мендегі қызық тағдырға, 
Жастарын сүртіп қараған. 
Қай жаққа кетіп қалдындар, 
Бір анам емес, бар Анам? 
Көп жылдар өтті, көп күндер. 
Халімді сұрамай бәрің, 
Қай жаққа ауып кеттіндер, 
Тауымның құралайлары? 
Жаныма жайғасыңдар, 
Жан сала шыңғырамын: 
О, қайда, қайдасыңдар! 
Тағдырлас құрбыларым? 
 
Сағындым ғой 
      Сағындым ғой, саялы тау арасы, 
Сағындым ғой, жанымды дауалашы! 
Көрсетпестен, көк шалғын, көміп таста. 
Қарағайлы қалың ну, қамалашы! 
Жапырағын жамылтып, гүлің төсеп, 
Бірің жастық болсаңшы, бірің төсек. 
Екеумізге, ерке өзен, жараспай ма, 
Тыным алмай күн бойы күбірлесек? 
Мұрша берме ойлауға, сарқырама, 
Қысыр ойды түгесші, сарқып ада. 
Тасқа біткен бір шоқ гүл, кеудеме біт 
Таста нең бар мейрімсіз, қалтырама 
Сағындым ғой тауымның көк белдері, 
Қанжығаңа байла да, бөктер мені. 
Құздар, мені мәңгілік тұтқыныңа ал, 
Асу берме, қияның өткелдері. 
Таулар, таулар,тауларым, тауларым-ай! 
Сағынысып қаппыз ғой, тарланым-ай! 

Таудағыдай еш жерде күн шықпайды, 
Түн болмайды еш жерде таудағыдай! 
 
Сағыныш 
     Шолпанға 
    Шолпапым - жырым, ақ балам, 
    Балапаным, баща оран! 
    Автор 
    Мәскеуде, 
Күз, қарда мынау, 
Өзіңдей қыздар да жүр-ау. 
Сен жоқсың орталарында 
Шолпаным, қызғалдағым-ау! 
Сағындым, қызғалдағым-ау! 
Думанды қабақтарда, 
Көзден жас боратқанда, 
Сен келіп оятасың, 
Мен қалғып баратқанда. 
Бұлыңғыр таң атқанда, 
Беймаза сағаттарда 
Сен тұрған сұрау белгі, 
Мен берген жауаптарға. 
Шолпаным, шоқ гүлім менің, 
Өзіңсіз жоқ күнім менің. 
Жанымды тұтандыратын 
Сен менің оттығым ба едің? 
Шоқ гүлім менің! 
Ақылдан жаңылғаным-ай 
Амалсыз таңылғаным-ай! 
Күн қайда ауылдағыдай, 
Түн қайда тауымдағыдай? 
Шолпаным, сағынғаным-ай! 
Алатау, сағынғаным-ай! 
Алматы, сағынғаным-ай! 
Аяулы қауымдарым-ай! 
Бауырларым-ай! 
Сағынғаным- ай! 
Сағынғаным-ай! 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет