Мұқағали Мақатаев (1931-1976)



Pdf көрінісі
бет17/17
Дата27.01.2017
өлшемі2,31 Mb.
#2834
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

Ұқсастық 
       Босанған Ана. 
Көктемде дала бусанып, 
Біріне-бірі болар ма ұқсас мұншалық. 
Толғатып дала, 
Есен-сау Ана ұл тауып
Бара жатады көктемнің көкшіл бұлты ауып, 
Тершиді Ана, 
Тершиді дала қымтанып. 
Тамыры иіп,тәтті бір ұйықтап алғасын, 
Ана шайыңа, 
Дала нөсерге қанғасын, 
Далаға - диқан, 
Анаға адал жолдасы, 
Тыңайтпақ болып, 
Даярлап жатыр қалжасын. 
Өскенде сәби Анадан таусап қорегін, 
Далада тәй-тәй саусағын жаяр көк егін. 
Жерді - Анама, 
Анамды жерге теңедім, 
Екеуінен де егіз ұқсастық көремін. 
Қапелімде байқамай жүргемін бе? 
Қанат бітіп келеді күннен-күнге. 
Мына өмірден бір кетіп, бір келдім бе 
Түсі бөлек баяғы гүлдердің де, 
Кімдердің де, күн менен түндердің де 
Осы, мен... 
Әлде басқа түрге ендім бе?' 
Бал арадай шықпайтын айналамнан 

Бауыр, жолдас, дос, құрбы қайда қалған 
Қысылтаяң кездерде пайдаланған, 
Жоқты қуған, қайдасың, 
Қайран арман? 
Армысың! 
Есі дұрыс, мият-Күнім! 
Өліп қайта тірілген сияқтымын 
Жарқын өмір, жан өмір, жасыл шуаң, 
Алдарыңда сендердің, ұяттымын.. 
Алып ұшып барады қанаттарым, 
Күнді ұзатып, күтемін таң атқанын. 
Дәл осындай сәтіңнен адастырмай, 
Адастырма, өтінем, жаратқаным! 
 
Әбділдаға 
      Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайым, 
Мен қалай,Әбе, сені жат санайын. 
Абыржып асаңды ұстап отырғаның, 
Ашулы Грозный патшадайын. 
Сөйлесең,Бурадайын лықсып-тасып, 
Жаралы жауынгердей сылтып басып, 
Әбігер боп жүргенің қашан көрсем, 
Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып. 
Бой түзеп,Босқа кетпей сауықпенен, 
Боз қырау босағасын тауыпты өлең. 
Жаман жыр жазғанымда 
Ақ таяғың -Арқамда ойнай ма деп қауіптенем... 
Туады, туады әлі нағыз ақын, 
Нағыз ақын бал мен у тамызатын. 
Жесірдің айырылмас сырласы боп
Жендеттің көзінен жас ағызатын. 
Туады, туады әлі нағыз ақын! 
Жыр сөздері жай болып атылғанда, 
Атылғанда, аспаннан оқылғанда, 
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп, 
Жанар пайда болады соқырларға. 
 
Әйелдер-ай 
     Әйелдер-ай! 
Әйелдер! 
Қандайсың?! 

Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың. 
Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың, 
Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың. 
Әйелдер-ай! 
Әйәйлар-ай, қандайсың?! 
Әйелдер-ай! 
Әйәйлар-ай, қулар-ай, 
Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай! 
Біле тұра бүйректерің бүлк етіп, 
Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай. 
Әйелдер-ай! 
Әйәйлар-ай, қулар-ай! 
...Әйелдерді еркектерден көп дейді. 
Ойбай, 
Ойбай!.. 
Бола берсін көп, мейлі! 
Әйел деген әдемі ғой, әдемі, 
Әдемілік бізге көптік етпейді... 
 
Әке 
       Әке, сенің жасыңнан асып барам. 
Кезі-кезі келгенде тасып та алам, 
Кезі-кезі келгенде жасып қалам, 
Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң. 
Құры алақан емеспін қуаныштан, 
Қуаныштар алдымда құрақ ұшқан. 
Бір арыстан өмірден өткенімен, 
Өмір сүріп келеді тірі арыстан. 
Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын, 
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным. 
Ұрпағың бар, ел менен ер намысын, 
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын. 
 
Әке аманаты 
    (Еске алу) 
     Аттанарда алыс жолға, 
Тапсырды әкем аманатын. 
Серт етіп мен де алдым қолға, 
Әкемнің берген «асыл затын» 
Сұстандырған суық лебі, 
Соғыс жылы, қыстың кезі. 

Әкем сонда аймалап мені, 
Аманат еткен мынау еді сөзге 
«Тыңда, балам, тыңда, күнім 
Болуға жара қолқанат! 
Кәрі анаң, сәби інің, 
Барлығы саған аманат! 
Мен де сенің он жасыңда, 
Атадан жетім қалғанмын. 
Аса ақылды болмасам да, 
Аманатын алғанмын. 
Санамда сіңіп, сақталып, 
Әкеңнің сөзі өлмеген. 
Болғанша кашан ақталып, 
Тұратын бел боп көлденең. 
Талпын өмір шыңына, 
Жетіп те мүмкін қаларсың! 
Анаңның ауыр мұңына 
Сергіткіш себеп боларсың! 
Сен жас буын, жаңа тал, 
Гүлің де өсіп шашырар. 
Сарылып оқып, білім ал, 
Сөнгенше сәулең асырар» 
Деп жан әкем аттанып 
Кетті қайта айналмай. 
Тек сол сөзі жатталып, 
Жүрегімде қалғандай. 
 
Әке сөзі 
      Бұл дүние не боп кетті? 
He боп кетті? 
Ой! Балам!.. 
Қызығым-ау, бұзығым-ау, 
Отқа түсіп, ойнаған. 
Жатсам, тұрсам тағдырыңды 
Тағат таппай ойланам, 
Қайда кетіп барасың сен? 
Қой, қой, балам! 
Қой, балам! 
Құландайын, құлындайын 
Еркін өскен тентегім, 
Барлығымыз ардақтаған үйіміздің көркі едің. 
Құрып тұрмын түсіне алмай, 

Түсіне алмай мен сені, 
Бүлінбесе жарар еді. 
Бүгінің мен ертеңің. 
Досыма да, қасыма да мерт еттің ғой сен мені, 
Қандай қиын, қапелімде қара бұлттың төнгені. 
Бұзығым-ау, бұрылсаңшы, 
Бұрылсаңшы, кел бері! 
Сейілтсеңші торып тұрған қара бұлтты 
Бұл дүние не боп кетті? 
He боп кетті? Әй! Балам!.. 
He боп кетті?.. 
He боп кетті! 
Үйім, түзім - айналам?! 
 
Әкеме 
       Сонымен құладың ба, тас қамалым, 
Қалмады күйініштен басқа амалым. 
Зиратың аяқ асты болмасын деп, 
Бұзылған қорғанымнан тас қаладым. 
Шынымен құладың ба, шым қорғаным, 
Шынымен өртендің бе, нулы орманым. 
Әке, сенің өміріңді жалғамасам, 
Құрып кетсін жер басып, ұл болғаным! 
 
Әулие 
      Сілелеп, құртып мұршаны, 
Саят қып тауда жүргенде. 
Сая ғып қалың шыршаны
Кетіппін ұйықтап бірдемде. 
Оянсам бірде әлденіп, 
Жамбастан көктің сызы өтіп, 
Аққудай аппақ шал келіп, 
Тұр екен мені күзетіп. 
Көзіме сенбей таңданам, 
Өңім бе, әлде түсім бе?! 
Қайдан жүр мына шал-бабам?! 
Иесіз таудың ішінде. 
Сәлем де бере алмадым, 
Өзінше сөйлеп тұр бабам. 
Қылығын айтып жандардың 
Байлығын таудың ұрлаған. 

- Сен-дағы қару қолға алдың. 
Атарсың таудың киігін... 
Бірақта, байғұс орманның, 
Басарсың қайтіп күйігін?! 
Ормансыз тауың жетімек, 
He керек тақыр өркеші. 
Барады, балам, сетінеп, 
Орманның жасыл көрпесі. 
Киіктер безген бұл жерден, 
Іздеме, балам, таппайсың... 
Асқасын мынау бір дөңнен, 
Үйге кеп дәм-тұз татқайсың. 
Көлеңке маған түсірген, 
Көк шырша сергіп, таранды. 
Әулие дедім ішімнен, 
Бел асып кеткен бабамды... 
Алдында құлдық ұрып, ақталмаймын, 
Астында аяғыңның тапталмаймын. 
Біраз күн сені есімнен шығарды рас, 
Жаныма батқан дертім, батқан қайғым. 
He күйде жүргенімді көресің бе? 
Мен сөніп баратырмын, сенесің бе? 
Қай майданнан оралған жауынгермін, 
Жарадан сау-тамтық жоқ денесінде. 
Басымды бұлт алған бүгінде сен. 
Жүрекке ине қадап, бүлінбе сен! 
Әлсіреп, әзер жанған шырақпын мен, 
Сөнемін де қаламын бір үрлесең... 
 
Өзімнің есебімше... 
        Өзімнің есебімде, 
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде. 
Кім біледі... 
Ендігі қалған өмір, 
Неше жылға жетерін, 
Неше күнге 
Ұмыт болып есебің де, өсегің де, 
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, 
Қырықтың бесеуінде. 
Адал едім,Артынан «арам» болдым, 
Адам едім, 
Ақыры «надан» болдым. 

Жиылып бұл жалғанның жамандығы, 
Ақыры маған қонды. 
Жаман болды.... 
Айтыңдар,, 
Қайсысың бар ардақтаған? 
Таразыға тең қойып, салмақтаған. 
Басылған маңдайыма қарғыс таңба,, 
Қарауға жан батпаған. 
Жапалақ емеспін мен жалбақтаған, 
Қыранмын екі көзін. қан қаптаған!. 
 
Өзеніне асыққан бұлақтайын 
      Өзеніне асыққан бұлақтайын, 
Енесіне жүгірген лақтайын, 
Жайқалайын жаныңда құрақтайын, 
Енді мен де саған кеп тұрақтайын. 
Асқар тауға соғылған дауылдайын, 
Ақтарылған аспаннан жауындайын, 
Дамылдайын, саған кеп дамылдайын, 
Ауа бермей аулаққа сағымдайын. 
Өзімменен сапарға бір аттанған, 
Құрбылардың бәрі де тұрақтанған. 
Ақ үмітті үздейін бір кездегі, 
Ұмыт болып жұртымда жылап қалған. 
Өз орнында, өзгермей тұр ақ қайың, 
Тұрақтайын, мен де енді тұрақтайын. 
Ар үміті - жоғалған ақ үмітім, 
Табайын да, сені енді жылатпайын... 
 
Өкінбеймін 
        Өшем деп өкінбеймін, жыламаймын, 
Жыласам да жұбат деп сұрамаймын. 
Қыранның құдіретін қимасаңдар, 
Қайтейін, тағдырын бер құралайдың. 
Тағдырын бер, тағдырын құралайдың, 
Қашан атып алғанша құламаймын. 
Сусындатып тұп-тұнық тау бұлағы, 
Жанарымда жайнаған тұнады айдын. 
Сайраңдаймын сайларда, қырды асамын, 
Сыңсыған ну орманмен сырласамын. 
Қарауылға ілексем, ілігейін, 

Құзғынға ұқсап келмейді мың жасағым. 
Өшем деп өкінбеймін, қайғырмаймын, 
Өткен өшті. 
Енді оған қайрылмаймын. 
Қыран да, құралай да болмақ емен, 
Атымнан адам қойған айрылмаймын. 
...Арпалысып жүргенде өмірменен, 
Қай-қайдаға әкетпес көңіл деген. 
Өлсем өлем, өзімнің жерімде мен. 
Қалсам қалам, өзімнің елімде мен! 
Жыламаймын, сондықтан көңілденем. 
 
Өкпелетті дей алман өмір мені 
      Өкпелетті дей алман өмір мені
Кейбір ойым ұшқанда көңілдегі. 
Салауат боп, сал денем жеңілдеді. 
Қуантты да дей алман өмір мені, 
Кезбе бұлттай кей ойлар көгімдегі 
Нөсерлетіп, қайтейін, төгілмеді. 
Өкпелетті дей алман өмір мені, 
Барды-жоқты бөлістім елімдегі, 
Соны көрдім, көрсе егер, елім нені... 
Қуантты да дей алман өмір мені, 
Көп несібем құныға желінбеді, 
Жалтақ-бақыт жалт етіп көрінбеді. 
 
Өкпелеттім... 
        Өкпелеттім... 
He дейін, өкпелеттім, 
Өкпелетіп қалайша көктемекпін. 
Сенің қойған межеңнен аттадым да 
Шекараңнан шықтым да, шетке кеттім. 
Өкпелеттім, амал не, өкпелеттім. 
Қарашы әне, келеді таң сарғайып, 
Сыртқа жүрші, қойшы енді, томсармайық!.. 
Аңдуым-ау, тамаша таң алдында, 
Қырсықтың қытығына қол салмайық. 
Ақылдым-ау, неге сен қарамайсың?! 
Кейде өзің де қызыңсың... баладайсың... 
Күш-сезімді күрес деп санамайсың, 
Сонда қалай? 

Қалай деп бағалайсың? 
Жүрші сыртқа, қарашы таң нұрына, 
Табынайық табиғат паңдығына. 
Таң атады, кетеді базаршы-күн, 
Қазынасын жинап ап сандығына. 
Сергиікші малынып таң нұрына, 
Өкпелейсің несіне тағдырыңа... 
 
Өледі кімдер, туады кімдер 
      Өледі кімдер, туады кімдер, 
Батады күндер, шығады күндер. 
Семеді гүлдер, өседі гүлдер, 
Келеді күндер, көшеді күндер. 
Өмірде қымбат асылдар - күндер, 
Өмірде қилы ғасырлар - күндер. 
Өмірге керек бақыттар - күндер, 
Өткізген сәтті уақыттар - күндер. 
Өмірдің мәңгі қосағы - күндер. 
Өмірді мәңгі тосады - күндер. 
Күндер... 
Күндер... 
 
Өлең деген тумайды жайшылықта 
          Өлең деген тумайды жайшылықта, 
Өлең деген тулайды қайшылыңта. 
Ақын болсаң жарқыным, алысқа аттан, 
Күнделікті тірлікке бой суытпа. 
Айшылық жол... 
Шөлдейсің, зарығасың, 
Армандайсың, аңсайсың, сағынасың. 
Жол азабын көресің, көресің де 
Ашынасың, біресе бағынасың. 
Даламенен жүресің, тау асасың, 
Сезесің биігін де аласасын. 
Кенезең кепкенде бір, лай суға 
Кез келген мақұлықпен таласасың. 
Сапар ұзақ. 
Тағы да аяңдайсың, 
Алыпқашпаң басылып, баяулайсың. 
Ел шетіне жетесің, жетесің де 
Көргеніңнің бәрісін баяндайсың. 

Міне, осылай өлеңнің кілті деген, 
Құйттай жүйең қалмайды сілкімеген. 
Аттанам деп алысқа, айдалада 
Адаспайтын болғай-ды шіркін өлең. 
 
Өлең керек 
       Сая болып жаныңа емен, терек, 
Жетер енді жатқаның көлеңкелеп. 
Өгейсінбей өзі боп қалу үшін, 
Өнер керек ұрпаққа, өлең керек! 
Есіңде ме, түндерің көз ілмеген? 
Кезуде ойың өмірді, кезуде өлең. 
Арғы атасы адамның - сезім болса, 
Адам емес, сезімді сезінбеген. 
Арғы атасы ақынның жырдан туған, 
Жыр жолында жанын да қылған құрбан. 
Жырлар тұнған хандардың сарайында, 
Жыр айтылған бесікте құлдар тұрған. 
Ұзатылып жат жұртқа барғанында, 
Жыр айтылған қыздардың жар-жарында. 
Жырлап, жылап, жыраулар жан тапсырған, 
Жыр мен күйі күйзеліп бармағында. 
Көкейкесті жырлар жаз жез киіктей, 
Мақтау, даттау, жәдігөй сөзді күтпей. 
Өлең, керек ұрпаққа, өзің мейлі, 
Көлеңкеде қалсаң қал, көзге ілікпей! 
 
Өмір дейтін 
      Өмір дейтін тайғанақ мұз-айдында, 
Жырлап кетем, алдымен жылаймын да. 
Сөредегі кермені кесіп өтсем, 
Маған әлі жетпейді құдайдың да. 
Мұң мен зарға ондайда шаң қаптырам, 
Қайғы дейтін қаншықты қан жаптырам. 
Ұры-уайым тиер деп қай жағымнан, 
Секем алған киіктей аңдап тұрам. 
Аттай жүріп өмірдің баспалдағын, 
Бірі менмін қайғыдан қашқан жанның. 
Көзім жасын көл етсем сөнер ме екен, 
Көмейімнен лапылдап, шашқан жалын?! 
Жоқ сөндірмен, сөндірмен, жыламан да, 

Қуаныштан мұң жуық тірі адамға. 
Дариясы өмірдің шайқалмайды, 
Дәрмені жоқ бір пенде жылағанға. 
Жүргемін жоқ қайғының жүгін артып, 
Ер сүрінсе еңкеймес, жығылар тік. 
Бөліп-жарған қайсыбір қуаныштан, 
Ойландырған оңаша мұңым артық... 
 
Өмір жайлы 
       Өмір жайлы сұрай берме сен менен, 
Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем. 
Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар, 
Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген. 
Жесір келін, бір нәресте көрмеген, 
Жетім шалды бала орнына тербеген. 
Өмір жайлы не түсінем мен деген... 
Өмір жайлы сұрай берме сен менен. 
Өмір жайлы білгің келсе қартқа бар, 
Өміріне кегі кеткен, өлмеген, 
Жалған айып таңылғанда көлденең, 
Ақиқаттың аппақ туын бермеген. 
Содан сұра, содан сұра өмірді, 
Нені көрді, нені сезді, не білді. 
Heгe ақылды ақымақтан жеңілді, 
Біреу жылап, біреу неге көңілді? 
 
Өмір сүрейік алмасып 
        Жапырақ-жүрек жас қайың! 
Жанымды айырбастайын. 
Сен адам бола бастасаң 
Мен қайың, бола бастайын. 
Келісесің бе, жас қайың? 
(Көрінер,мүмкін, кімге ерсі.) 
Өміріңді маған бір берші! 
Дүрбелең мына дүниені, 
Адам көзімен бір көрші. 
Қайың боп мен де бағайын, 
Орманнан орным табайын. 
Беймәлім маған өмірге, 
Қайың көзімен қарайын. 
Сен-дағы жерден нәр алдың, 

Мен-дағы жерден нәр алдым. 
Біреуден сен де жаралдың, 
Біреуден мен де жаралдым. 
Тілің жоқ, жанды қайың сен, 
Айырмашылығым - Адаммын. 
Мендегі бары бір жүрек. 
Беріпті жүрек саған мың, 
Сондықтан ұзақ жасайсың - 
Құрдасы келер заманның. 
Бар-жоғы менде бір жүрек, 
Ол өлсе мәңгі кеткенім. 
Сендегі: семсе мың жүрек, 
Келгенде жасыл көктемін 
Тірілер қайта дүруреп. 
Жапырақ-жүрек, жас қайың! 
Жанымызды айырбастайық? 
Адам боп жүрсең қасқайып, 
Қайың боп тұрам қасқайып, 
Тәуекел, айырбастайық. 
Өмірге-өмір жалғасып, 
Анамыз жерге жармасып, 
Бірде адам, бірде қайың боп, 
Сүрейік өмір алмасып... 
 
Өмірімді несіне жек көремін 
      Өмірімді несіне жек көремін, 
Ауыр-жеңіл болса да өткеремін. 
Өмір қашып барады құсқа мініп, 
Мен артынан жетем бе деп келемін. 
Тағдырыма несіне өкпелейін, 
Мойын бұрмай келіп ем, көпке дейін, 
О, өмір, ұстатпаған уың бар ма? 
Әкел, әкел, оны да жеп көрейін! 
 
Өтініш 
     Ескі көздер бара жатыр азайып, 
(Олар жайлы ойламаудың өзі айып). 
Ей, тірілер! 
Соларды бір еске алып, 
Тебіренейік, толғанайық, жазайық! 
Кетті олар. 

Келмеске енді жол алды
Қажымайтын солдаты еді қоғамның. 
Қасиетін паш етейік олардың, 
Қателігін кешірейік олардың... 
Тіршілікте көрінеміз өлместей, 
Тұра алмаймыз ерегеспей, белдеспей. 
Өтейікші бірімізді-біріміз. 
Өшіктірмей, өкпелетпей, сен деспей? 
 
Өтелер ме? 
     Аңсамаймын, 
Алмаймын көп өмірді! 
Білемін, көп өмірден көрерімді. 
Аларымды алған соң, ақысына 
Беріп кетсем болғаны берерімді. 
Мынау аспан, 
Мынау жер мекеніме, 
Есеп берер күн туар кетерімде 
Тоқсан жасап, жүз жасап неғыламын, 
He беремін жүз жылдың өтеуіне. 
Өтелер ме жылуы жарық күннің? 
Төленер ме қызығы мамық түннің? 
Жүз жыл емес, бір жылдың өтеуі жоқ, 
Ылаж құрып, мінеки налып тұрмын 
Нағып тудың, Анам-ай, нағып тудың? 
Күндерімді күйбеңмен жалықтырдым. 
Аңсамаймын, 
Алмаймын көп өмірді! 
Көріп жүрмін онсыз да көрерімді... 
Күндер батып, таңдарым атқан сайын, 
Күдіктенем, біле алмай не дерімді. 
 
Өткінші жаңбыр 
       Өткінші жаңбыр өрекпіл барып өткенде, 
Үздік те создық тырнаның үні жеткенде, 
Киіз үйлерге қараймын-дағы бөктерде, 
Ырза боламын осы бір ырғын көктемге. 
Тау бастарына тамаша бұлттар шөккенде, 
Ұшырып бұлтты ескек жел алып кеткенде, 
Қараймын-дағы мұрты өсіп қалған көктерге, 
Ырза боламын ырыс әкелер көктемге. 

Лайсаң болсын, оқыстан кейде қар жаусын, 
Абыр да сабыр шаруа қайта қамдансын
Адамдар, мейлі, алдамшы күнге таңдансын, 
Сонда да, көктем, сонда да маған армансың. 
Көктемнің күні көңілім менің тәрізді, 
Көктемнің аты - көктем ғой, досым, жаны 
Бүрін жара алмай бусанып жатқан жусаннан 
Шырылдап шығып, бозторғай әне ән үзді... 
Апыр-ау, мынау аңсатып жеткен көктем бе?! 
Аспан да, жер де, айнала тегіс көкпеңбек. 
Толассыз сағым толықсып ағып барады, 
Аймалап жерді, аймалап тауды бөктерлеп. 
 
Болады деп арманда 
      - Ал енді мен ақыл айтам, 
Ақыл айтам, таңданба. 
Қорлық үшін келген жоқсың мына өмірге, 
Жалғанға. 
Мына өмірде, жүрегіңде, 
Бойыңда ыстық қан барда. 
Болмысты да, болмасты да, 
Болады деп арманда! 
Ал енді мен ақыл айтам, 
Ақыл айтам таңданба! 
Мәзіріңе, әзіріңе әулекі боп, 
Алданба! 
Шығатұғын күндерге де, 
Ататұғын таңдарға, 
Үмітпенен қарағайсың, жүрегіңде жан барда. 
Өтер кетер, өтер кетер... 
Дейміз ғой біз мұңайып. 
Дейміз-дағы, жамаймыз кеп, бір айыпқа 
Бір айып. 
Отандастар, ойлайықшы, ойымызға лайық, 
Құласақ та, тек биіктен, 
Құзға барып құлайық! 
Бықсып жанған қоламта емес, 
Артымызда шоқ қалсын. 
Болашақтың ойнағында, 
Біз тұтатқан от жансын, 
...Ей, Болашақ! 
Ей, Болашақ! Ошағында от жансын! 

Мүмкін, бізді ұмытарсың.. 
Кім біледі?.. 
Жоқтарсың... 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет